“Антонға хат жазыңдар!”
● Антон есімді жасөспірім Куәгер Ставрополь өлкесінде (Ресей) орналасқан Щелкан ауылында өмір сүрді. Бала кезінде оған Дюшеннің бұлшық ет дистрофиясы деген нақтама қойылды. Бұл емі жоқ ауру адамның бұлшық еттерін бірте-бірте әлсіретеді де, науқас 20 жасқа келмей өледі. Антон тоғыз жасқа толғанда, өзі жүріп-тұра алмайтын болып қалды.
Евгений мен оның әйелі бір қауымға сапармен барғанда, Антонмен танысады. “Антон өте әлжуаз, бірақ рухани мықты еді”,— дейді Диана. Ағасы дәл осы аурудың кесірінен 19 жасында көз жұмғандықтан, Антон да көп ұзамай өмірімен айырылатынын білді. Десе де ол қуанышын еш жоғалтқан емес.
Диана мен оның күйеуі Евгений Антонды қызмет аясын кеңейтіп, шалғайдағы ауылдарда тұратын адамдарға хат жазуға талпындырды. 2005 жылдың ішінде Антон жақын маңдағы ауылдарға 500-дей хат жіберді. Алайда бірде-бір жауап алмағандықтан оның көңілі түсті. Соған қарамастан Антон хат жазуды доғармады, сондай-ақ Ехобадан өз жағдайында жемісті қызмет ете алуы үшін басшылық беруін сұрап, шын жүректен дұға ете берді.
Бір күні Антон газеттен ауруға шалдыққан әйелдің жұбанышқа мұқтаж екендігі туралы оқиды. Антон ол әйелге хат жазады. Әлгі газетте бұл хаттан келесі үзінді келтірілді: “Емі жоқ ауруға шалдыққаныммен, Киелі кітап оқығаным маған болашаққа үмітпен қарауға көмектеседі. Мен хат алуды өте жақсы көремін әрі оларды тағатсыздана күтемін”.
Хатты оқығанда жаны тебіренген әйел де газетке хат жазуды ұйғарады. Оның хаты “Антонға хат жазыңдар!” деп аталған айдардың ішінде жарияланады. Әйел Антонның хатындағы рухани ойлар үшін ризашылық білдірді де, соңынан былай деді: “Антонға көмектесейк, достар! Оған хат жазыңдар. Бұл жас жігіт жігерлі сөздерге сондай мұқтаж!” Мақалада Антонның мекенжайы да келтірілді.
Содан соң Антонның ауылында орналасқан кішігірім поштаға күніне 30 хаттан келіп түсетін болды. Бүкіл Ресейде, Балтикада, Германияда, тіпті Францияда тұратын газет оқырмандары хат жазды. “Антонның қуанышы қойынына сыймады,— деп есіне алады Диана. —Енді оның жүздеген адамға сенімі туралы хат жазуға мүмкіндігі болды”.
Антон бір жыл бойы өзіне жазған адамдармен хат алысып, Киелі кітап шындықтарымен бөлісті. Бірте-бірте қолдарынан әл кеткендіктен, ол хаттарының сөздерін тек ауызша айтып отыратын болды. 2008 жылдың қыркүйегінде Антон 20 жасында қайтыс болды. Тәні өте әлсіз, бірақ сенімі мен қызметке деген сүйіспеншілігі зор Антон жүздеген адамның өміріне әсер етті.