Қуанышпен берудің мүмкіндігін бағалайсың ба?
БІРІНШІ ҒАСЫРДА Філіпідегі мәсіхшілер шынайы ғибадатты жомарт қолдағандарымен белгілі болатын. Рухтың жетелеуімен жазған хатында елші Пауыл былай деді: “Сендерді еске алған сайын Құдайға әрдайым ризашылық білдіріп, үнемі барлығың үшін жалбарынамын, әрі мұны қуана істеймін, өйткені ізгі хабарды естіген күннен бастап оның таралуына үлес қосудасыңдар” (Філіп. 1:3—5). Лүдия мен оның үй ішіндегілері шомылдыру рәсімінен өтіп, Пауыл мен серіктерін қояр да қоймай қонақ болуын өтінгені олар үшін естен кетпес оқиға болды (Ел. іс. 16:14, 15).
Көп ұзамай Філіпіде жаңадан пайда болған қауым 160 шақырымдай жерде орналасқан Салоникадағы бауырластармен бірнеше апта қызметтескен Пауылды екі мәрте қажеттінің бәрімен қамсыз етті (Філіп. 4:15, 16). Бірнеше жылдан соң тапшылық пен “кедейшілікті” бастан кешіп жатқан філіпіліктер және басқа македониялық бауырластар Иерусалимде қуғын-сүргінге ұшыраған бауырластарының мұқтаждығы туралы естіп, оларға көмек көрсеткісі келеді. Пауыл бұл бауырластардың тіпті мүмкіндіктерінен артық бергендерін айтты. Сосын ол: “Олар жомарт сыйларымен қасиеттілерге қызмет етуге өз үлесін қосуға мүмкіндік беруімізді сұрап жалынып қоймады”,— деп қосты (Қор. 2-х. 8:1—4; Рим. 15:26).
Шындықты қабылдағандарына 10 жыл өткеннен кейін де філіпіліктер жомарттық рухын танытып жүрді. Пауылдың Римдегі түрмеде отырғанын естігенде, олар Епафродитті елшіге қажеттісін апаруға жіберді. Сөйтіп оған 1287 шақырым жол жүру керек еді. Осылайша філіпіліктер Пауылға, ол қамауда отырса да, бауырластарды әрі қарай да нығайтып, уағыздау ісін жалғастыруына көмектесті (Філіп. 1:12—14; 2:25—30; 4:18).
Бүгінде де шынайы мәсіхшілер Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне үлес қосу мүмкіндігін мәртебе санайды (Мат. 28:19, 20). Олар Патшалық мүддесі үшін уақытын, күшін және қаражатын жұмсайды. Мұның кейбір жолдары төмендегі қоршауда көрсетілген.
[22-беттегі қоршау]
САДАҚА ЖАСАУДЫҢ КЕЙБІР ЖОЛДАРЫ
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ІСКЕ АРНАЛҒАН САДАҚАЛАР
Көп адам “Дүниежүзілік іске” ерікті садақа беру үшін қаражатынан белгілі бір соманы бөліп отырады.
Ай сайын қауымдар бұл ерікті садақаларды жергілікті филиалға жіберіп тұрады. Ерікті садақаны өз аумақтарыңдағы филиалға тікелей жіберуге де болады. Мұндай жағдайда садақаның сый екені айтылған қысқаша хат салып жіберу қажет.
САДАҚАНЫҢ БАСҚА ДА ТҮРЛЕРІ
Қаржылай садақа жасаумен қатар, кейбір елдерде дүниежүзілік істі қолдаудың басқа да мүмкіндіктері бар. Олардың кейбірі төменде келтірілген.
Жылжымайтын мүлік. Сатуға жарамды жылжымайтын мүлікті бірден садақа етуге немесе өмірінің соңына дейін оны қолдану құқымен аманат етуге болады. Жылжымайтын мүлікті садақа ретінде беруге қажетті құжаттарды толтырмас бұрын, филиалмен байланысу керек.
Өсиет. Дүние-мүлікті не ақшаны заңға сай жасалған өсиет арқылы беруге болады. Бұл жағдайда өсиеттің көшірмесін филиалға жіберу керек.