Біз осы зұлым дүниеде уақытша тұрғындармыз
“Бұлардың бәрі... өздерінің сол жерде жатжерлік әрі уақытша тұрғындар екендерін ашық айтты” (ЕВР. 11:13).
1. Иса шәкірттерінің осы дүниеге қатысты көзқарастары жайлы не деді?
ИСА шәкірттері туралы: “Олар осы дүниеде қалады”,— деді. Бірақ ол: “Менің осы дүниелік еместігім сияқты, олар да осы дүниелік емес”,— деп түсіндірді (Жох. 17:11, 14). Осылайша Иса шәкірттерінің Шайтан билеген “осы дүниеге” қатысты көзқарастары қандай болу керектігін анық көрсетті (Қор. 2-х. 4:4). Олар зұлым дүниеде өмір сүрсе де, оның бөлігі емес. Сондай-ақ мұнда олар “жатжерлік әрі уақытша тұрғындар ретінде өмір сүріп жүр” (Пет. 1-х. 2:11).
Олар “уақытша тұрғындар ретінде өмір сүрді”
2, 3. Неге Енох, Нұх, Ыбырайым және Сара “жатжерлік әрі уақытша тұрғындар ретінде өмір сүрген” деп айтуға болады?
2 Ерте заманнан бері Ехобаның адал қызметшілері өздерін құдайсыз дүниеден бөлек ұстап өмір сүріп келді. Топан суға дейін Енох пен Нұх “Құдаймен тығыз байланыста болған” (Жар. 5:22—24; 6:9). Екеуі де Ехобаның зұлым дүниеге шығарған үкімін батыл жариялады (Петірдің 2-хаты 2:5; Яһуда 14, 15 оқы). Шайтанның дүниесінде өмір сүре тұра, Ехобамен бірге жүргендерінің арқасында Енох “Құдайға ұнамды болған”, ал Нұх “замандастарының арасында мінсіз” болды (Евр. 11:5; Жар. 6:9).
3 Ыбырайым мен Сара Құдайдың айтқанын тыңдап, Халдей елінде орналасқан Ур қаласындағы жайлы өмірлерін тастады да, бөтен елде көшіп-қонып өмір сүрді (Жар. 11:27, 28; 12:1). Елші Пауыл былай деп жазды: “Сенімі болғандықтан Ыбырайым өзін Құдай шақырғанда, мойынсұнып, оның уәде еткен жеріне барды. Қайда бара жатқанын білмесе де, жолға шықты. Сенімі болғандықтан ол уәде етілген жерде жатжерлік сияқты өмір сүріп, Құдайдан дәл сондай уәде алған Ысқақ және Жақыппен бірге шатырларда тұрды” (Евр. 11:8, 9). Сондай-ақ Пауыл осы адал қызметшілер жайлы былай деді: “Бұлардың бәрі Құдайдың уәде еткендеріне ие болмаса да, сенімдерін жоғалтпай дүниеден өтті. Бірақ соларды алыстан көріп қуанды, сондай-ақ өздерінің сол жерде жатжерлік әрі уақытша тұрғындар екендерін ашық айтты” (Евр. 11:13).
Исраилдіктерге айтылған ескерту
4. Уәде етілген жерге қоныс теппей тұрып, исраилдіктерге қандай ескерту айтылды?
4 Ыбырайымның ұрпағы өсіп-өніп көбейді де, өз жері мен заңы бар халыққа айналды (Жар. 48:4; Заң. қ. 6:1). Исраилдіктер өздері тұрып жатқан жердің Иесі Ехоба екенін ешқашан ұмытпаулары керек еді (Леу. 25:23). Олар жер Иесінің талаптарын орындауға тиіс болатын. Бұған қоса, олар “адамның жалғыз нанмен ғана өзек жалғап өмір сүрмейтінін” есте ұстаулары және байлық қуып, Ехобаны ұмытып кетпеулері керек еді (Заң. қ. 8:1—3). Исраилдіктер уәде етілген жерге қоныс теппей тұрып, оларға мынадай ескерту айтылған еді: “Өзің тұрғызбаған үлкен әрі тамаша қалалары бар жерді әкелеріңе беремін деп Ыбырайымға, Ысқаққа және Жақыпқа ант бергендіктен, Жаратушы Ие өз Құдайларың сендерді сол жерге ертіп келген кезде және де іші өзің толтырмаған сан алуан байлықтарға толы және де сен қашап жасамаған, тастан өріліп салынған құдықтары, сен отырғызбаған және өзің жеп тойынатын жүзімдіктері мен зәйтүн ағаштары бар үйлерді өз иелігіңе алғанда, Жаратушы Иені ұмытушы болма” (Заң. қ. 6:10—12).
5. Неліктен Ехоба Исраил халқынан бас тартты және қандай жаңа халыққа шапағатын түсірді?
5 Бұл ескерту негізсіз емес еді. Нехемияның заманындағы кейбір леуіліктер Исраилдің уәде етілген жерде істеген іс-әрекеттерін еске түсіріп, ұяттан өртене жаздаған. Исраилдіктер ыңғайлы үйлерге қоныстанды және ас пен шараптың молшылығын көріп, “тамақтанды, тойды, семірді”. Сосын, олар Құдайға қарсы шығып, тіпті өздеріне жіберілген пайғамбарларды өлтірді. Сол үшін Ехоба исраилдіктерді жауларының қолына берді (Нехемия 9:25—27; Ошия 13:6—9). Кейінірек Рим билігінің кезінде опасыз яһудилер уәде етілген Мәсіхті өлтіруге дейін барды. Ехоба олардан бас тартып, жаңа халыққа — рухани Исраилге — шапағатын түсірді (Мат. 21:43; Ел. іс. 7:51, 52; Ғал. 6:16).
“Осы дүниелік емес”
6, 7. а) Ізбасарларының осы дүниеге қатысты көзқарасы туралы Исаның сөздерін қалай түсіндірер едің? ә) Неге шынайы мәсіхшілер өздерін Шайтанның дүниесінен бөлек ұстаулары керек еді?
6 Осы мақаланың басында айтылғандай, мәсіхшілер қауымының басы Иса Мәсіх ізбасарларының Шайтан билеген дүниеден бөлек екенін анық көрсеткен. Өлімінен аз уақыт бұрын Иса шәкірттеріне былай деді: “Егер осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, қайта, мен сендерді осы дүниеден таңдап алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді” (Жох. 15:19).
7 Мәсіхшілер көбейіп, жер-жерге таралғанда, әрі қарай да Исаның осы дүниелік болмауға қатысты өсиетін ұстанулары керек пе еді? Иә, олар өздерін Шайтанның дүниесінен бөлек ұстаулары керек еді. Мәсіхтің өлімінен 30 жылдай уақыт өткен соң, елші Петір Рим империясының жер-жеріндегі мәсіхшілерге былай деп жазды: “Жатжерлік әрі уақытша тұрғындар ретінде өмір сүріп жүрген қымбатты бауырластар, сендерді жандарыңмен айқасып жатқан тән құмарлығының жетегінде болмауға шақырамын. Осы дүниедегі адамдар арасында жүріс-тұрыстарың бұдан былай да үлгілі болсын” (Пет. 1-х. 1:1; 2:11, 12).
8. Алғашқы мәсіхшілердің осы дүниеге қатысты көзқарастарын бір тарихшы қалай сипаттады?
8 Рим империясының кезінде алғашқы мәсіхшілердің өздерін “жатжерлік әрі уақытша тұрғындар” ретінде ұстағандарын растап, тарихшы Кеннет Латуретт былай деді: “Алғашқы үш ғасыр бойы мәсіхшілердің қайта-қайта әрі қатты қуғын-сүргінге кезіккендері — тарихта белгілі жайт... Оларға сан алуан айыптар тағылды. Пұтқа табынушылардың салт-жораларына қатысудан бас тартқандары үшін атеистер деп аталды. Мейрамдары мен көңіл көтеру түрлері жалған нанымдар мен дәстүрлерге және өнегесіздікке толы деп, оларға қатыспай, өздерін қоғам өмірінен мүлдем дерлік шет ұстағандары үшін мәсіхшілерді адамзат баласын жек көрушілер деп санады”.
Осы дүниені толық пайдаланбау
9. Шынайы мәсіхшілер ретінде біз “адамзат баласын жек көрушілер” емес екенімізді қалай дәлелдейміз?
9 Ал бүгіндегі мәсіхшілер жайлы не деуге болады? “Қазіргі зұлым заманға” қатысты біздің көзқарасымыз алғашқы мәсіхшілердікі сияқты (Ғал. 1:4). Сол себепті көпшілік бізді түсінбейді, кейбіреулер тіпті жек көреді. Алайда біз “адамзат баласын жек көрушілер” емеспіз. Қайта, оларды жақсы көргендіктен, әрбір үйге барып Патшалық жайлы ізгі хабарды айтуға тырысамыз (Мат. 22:39; 24:14). Өйткені біз Ехобаның Мәсіх басқарған Патшалық арқылы кемелсіз адамдардың билігін тас-талқан етіп, әділ жаңа дүниені орнататынына кәміл сенеміз (Дан. 2:44; Пет. 2-х. 3:13).
10, 11. а) Біз осы дүниені қалай қолданып жүрміз? ә) Қырағы мәсіхшілер бұл дүниені қандай салаларда толығымен пайдаланбайды?
10 Ехобаның қызметшілері бұл дүниенің ақыры міндетті түрде келетінін білетіндіктен, қазір жайлы өмір сүретін уақыт емес екендігін түсінеді. Сондай-ақ олар елші Пауылдың келесі сөздеріне ден қояды: “Сендерге айтарым — уақыт аз қалды. Енді... сатып алғандар сатып алмағандай, осы дүниені пайдаланатындар оны толық пайдаланбайтындардай болсын, себебі осы дүниенің көрінісі өзгеруде” (Қор. 1-х. 7:29—31). Алайда бүгінгі мәсіхшілер осы дүниені қалай қолданады? Олар заманауи технологияның және байланыс құралдардың көмегімен Киелі кітаптағы білімді дүниенің төрт бұрышына жүздеген тілде таратады. Сондай-ақ өздерін асырау үшін ақша тапқанда, қажетті заттар сатып алғанда не әлеуметтік қызметке жүгінгенде, осы дүниені біршама пайдаланады. Бірақ олар бұл дүниені толық пайдаланбайды, яғни ақша, дүние-мүлік пен жұмыс олар үшін ең маңызды нәрселер емес (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10 оқы).
11 Қырағы мәсіхшілер жоғары білім алуға келгенде, осы дүниені толығымен қолданбайды. Бұл дүниедегі көптеген адам жоғары білімді атақ-даңқ пен дәулетті өмірге жетудің бірден-бір жолы деп біледі. Алайда мәсіхшілер бұл дүниеде уақытша тұрғындар ретінде өмір сүруде әрі көздеген мақсаттары басқа. Біз атақ-даңқ пен дәулетке ұмтылудан аулақпыз (Рим. 12:16; Ерм. 45:5). Исаның ізбасарлары болғандықтан оның келесі ескертуіне құлақ асамыз: “Байқаңдар, ашкөздік атаулыдан сақ болыңдар. Себебі адамның өмірі дүниесінің молдығына байланысты емес” (Лұқа 12:15). Сондықтан жас мәсіхшілер рухани мақсаттар қоя отырып, ертеңгі күні өздерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көмектесетін білімді ғана алуға талпындырылады. Сонда олар Ехобаға “шын жүректен, бүкіл жан-тәнімен, бар күш-қуатымен және барлық ақыл-ойымен” қызмет ете алатын болады (Лұқа 10:27). Осылай ете жүріп, олар “Құдайдың көз алдында бай болады” (Лұқа 12:21; Матай 6:19—21 оқы).
Тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алмасын
12, 13. Матай 6:31—33-гі Исаның сөздеріне құлақ асқанымыз бізді осы дүниелік адамдардан қалай ерекшелендіреді?
12 Құдайдың шынайы қызметшілерінің дүние-мүлікке қатысты көзқарасы бұл дүниедегі адамдардікінен өзгеше. Осы орайда Иса ізбасарларына былай деген: “Не ішіп-жейміз? Не киеміз?” деп ешқашан уайымдамаңдар. Себебі басқа ұлт адамдарының бар есіл-дерті осы нәрселерде. Ал бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ендеше Құдай патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосып беріледі” (Мат. 6:31—33). Көптеген бауырластарымыз көктегі Әкелері қажеттіліктерін қамтамасыз ететінін өз тәжірибелерінен біледі.
13 “Қолда барға қанағат етсек, Құдайға шын берілгендік зор пайданың көзі болады” (Тім. 1-х. 6:6). Алайда осы дүниедегі адамдардың көзқарасы бұған мүлдем кереғар. Мысалы, жастардың көбісі үйленгенде, жайлы үйге, қымбат көлікке және соңғы үлгідегі электроникалық құрылғыларға “дәл қазір” ие болғысы келеді. Алайда уақытша тұрғындар болып өмір сүріп жатқан мәсіхшілер ақылға қонымсыз және қолдарынан келмейтін нәрселерге ұмтылмайды. Кейбір материалдық игіліктерден бас тартып, уақыттары мен күштерін аямай, Ехобаға құлшыныспен қызмет етіп жүрген көп жариялаушы мақтауға тұрарлық. Басқа бауырластар ізашарлық, бетелдік, аралаушылық не миссионерлік қызметті атқарып жүр. Ехобаға шын жүректен қызмет етіп жүрген осы бауырластарды қаншалықты бағалаймыз десеңдерші!
14. Исаның диқан туралы астарлы әңгімесінен қандай сабақ аламыз?
14 Диқан туралы мысалында Иса осы заманның “уайым-қайғысы және алдамшы байлық” біздің бойымыздағы сөзді тұншықтырып, өнімсіз етуі мүмкін екенін айтты (Мат. 13:22). Бұл дүниеде уақытша тұрғындар болып, барға қанағат етіп өмір сүргеніміз осы тұзаққа түсіп қалудан сақтайды. Сондай-ақ бұл бізге тек бір нәрсеге ғана, яғни Құдай патшалығына көз тігіп, оның мүддесін бірінші орынға қоюға көмектеседі (Мат. 6:22).
“Осы дүние өтеді де кетеді”
15. Шынайы мәсіхшілердің осы дүниеге қатысты көзқарастарына елші Жоханның қандай сөздері әсер етеді?
15 “Жатжерлік әрі уақытша тұрғындар” болып өмір сүріп жатқанымыздың басты себебі — біз осы дүниенің ақырына дейін санаулы күндер қалғанына сенімдіміз (Пет. 1-х. 2:11; Пет. 2-х. 3:7). Осы көзқарасымыз өмірде қабылдаған шешімдерімізден, қалауларымыздан және мақсаттарымыздан көрінеді. Елші Жохан бір сенімдегі бауырластарына осы дүниені де, ондағы еш нәрсені де сүймеуге кеңес берді, өйткені дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді (Жох. 1-х. 2:15—17).
16. Құдай өзінің меншігі еткен халық екенімізді қалай көрсете аламыз?
16 Исраилдіктер мойынсұнған жағдайда Ехоба оларды “барлық халықтардың ішінде Өзінің ерекше меншігі” ететінін айтқан (Мыс. ш. 19:5). Олар адалдық танытып жүргенде өмір салттары мен ғибадаты өзге халықтардан ерекше болды. Сол сияқты бүгінде де Ехоба өз халқын Шайтанның дүниесіндегі адамдардан ерекше етті. Құдай бізді “оған ұнамсыз жүріс-тұрыстан және осы дүниелік құмарлықтардан бас тартуға, сондай-ақ осы заманда есті, әділ әрі оған шын беріліп өмір сүруге үйретеді”. Біз “керемет үмітіміздің ақталуын әрі ұлы Құдайдың және Құтқарушымыз Мәсіх Исаның салтанатпен көрінуін күте жүріп, осылай өмір сүруіміз керек. Бізді түрлі заңсыздыққа толы өмірден азат ету үшін және өзінің ерекше меншігі, яғни игі істерге ынталы халқы, етіп тазарту үшін Мәсіх өмірін қиды” (Тит. 2:11—14). Бұл “халыққа” майланған мәсіхшілер мен оларды қолдап, қолғабыс етіп жүрген Исаның миллиондаған “басқа қойлары” жатады (Жох. 10:16).
17. Неге майланғандар мен басқа қойлар осы зұлым дүниеде уақытша тұрғындар ретінде өмір сүргендеріне ешқашан өкінбейтін болады?
17 Майланғандардың “керемет үміті” — Мәсіхпен бірге көкте патшалық ету (Аян 5:10). Басқа қойлардың жерде мәңгі өмір сүру үміті орындалғанда, олар уақытша тұрғындар болмайды. Қайта, әрқайсысының жайлы үйі мен ас-ауқаты мол болады (Заб. 36:10, 11; Ишая 25:6; 65:21, 22). Олар исраилдіктерге ұқсап, мұның бәрін “бүкіл жер бетінің Құдайы” Ехобадан алып отырғандарын ұмытып кетпейді (Ишая 54:5). Майланғандар да, басқа қойлар да осы зұлым дүниеде уақытша тұрғындар ретінде өмір сүргендеріне ешқашан өкінбейді.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдайдың ежелгі қызметшілері қай мағынада уақытша тұрғындар ретінде өмір сүрген?
• Ертедегі мәсіхшілер осы дүниеге қатысты қандай көзқарас танытқан?
• Шынайы мәсіхшілер бұл дүниені толық пайдаланбайтындарын қалай көрсетеді?
• Неге біз осы зұлым дүниеде уақытша тұрғындар ретінде өмір сүріп жатқанымызға ешқашан өкінбейтін боламыз?
[18-беттегі сурет]
Ертедегі мәсіхшілер қатыгез әрі өнегесіз көңіл көтеру түрлерінен бас тартқан