“Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында өнегелі өмір сүріңдер”
“Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер: рухани бауырластарыңды сүйіңдер” (1 ПЕТІР 2:17).
1, 2. а) Бір газеттің тілшісі Ехоба Куәгерлері туралы не деді? ә) Неліктен Ехоба Куәгерлері әрқашан жоғары құлықтылық нормаларын ұстануға тырысады?
БІРНЕШЕ жыл бұрын Амарилло қаласында (АҚШ, Техас штаты) бір газеттің журналисі әр түрлі шіркеулерге барып, кейіннен олар туралы өзінің зерттеу жұмысын жазды. Ол бір ұйымға ерекше көңіл аударып, былай деп жазды: “Амарилло-сивик-центрдегі Ехоба Куәгерлерінің жыл сайын өтетін конгрестеріне үш жыл қатыстым. Мен Куәгерлердің арасында жүріп, ешқашан біреудің темекі шеккенін, сыра ашқанын немесе жаман сөздер айтқанын естіген де, көрген де жоқпын. Бірден осыншама көп, өте таза, өздерін тамаша ұстайтын, қарапайым киінген және жақсылық жасауға дайын адамдарды еш жерден кездестірген емеспін”. Ехоба Куәгерлері жайында осы сияқты нәрселер жиі жазылады. Неліктен Куәгерлердің нанымдарына сенбейтін адамдар оларды жиі мақтайды?
2 Әдетте Құдай халқын жақсы мінез-құлықтары үшін мақтайды. Барлық жерде құлықтылық нормалары құлдырап жатқанымен, Ехоба Куәгерлері жоғары құлықтылық нормаларын өздерінің ғибадатының бір бөлігі ретінде қарастырады. Олардың іс-әрекеті Ехоба туралы пікірлеріне және өздерінің мәсіхші бауырластарына әсер ететінін, сондай-ақ олардың лайықты мінез-құлықтары өздері уағыздап жүрген шындыққа жағымды көзқарас дамытатынын біледі (Жохан 15:8; Титке 2:7, 8). Сондықтан әрі қарай да Ехоба мен оның Куәгерлерінің жақсы атына кір келтірмеу үшін, біз қалай өзімізді лайықты ұстауымыз керек екенін және бұндай үлгілі жүріс-тұрыстың өзімізге қандай пайдасы болатынын қарастырайық.
Мәсіхшінің отбасы
3. Мәсіхшілердің отбасын неден қорғау керек?
3 Өзіміздің отбасындағы жүріс-тұрысымызға көңіл бөлейікші. Жаңа инквизиторлар: дін бостандығы және дінді көре алмаушылық” (The New Inquisitors: Freedom of Religion and Religious Envy) деген кітаптың авторлары Герхард Безир мен Эрвин Шойх: “[Ехоба Куәгерлерінің] ойынша, әсіресе отбасы қорғанышқа мұқтаж”,— деп жазды. Әділ айтылған. Шынында да бүгінгі күні отбасыларын көп нәрселерден қорғау керек. “Ата-аналарына бағынбайтын” балалар мен “бауырмалдығы жоқ [ЖД]” немесе “ұстамсыз” ересек кісілер де бар (2 Тімотеге 3:2, 3). Бүгінгі күнгі отбасыларында ерлі-зайыптылар бір-біріне зорлық жасайды, ата-аналары балаларын жәбірлеп қорлайды, немесе оларды қараусыз қалдырады, ал балалары болса ата-аналарын тыңдамайды, нашақорлықпен және өнегесіз қылықтармен айналысады немесе үйден қашып кетеді. Бұның бәрі — осы күнәкар дүниенің рухының әсері (Ефестіктерге 2:1, 2). Осы рухтан өз отбасымызды қорғауымыз керек. Қалайша? Ехобаның отбасы үшін берген ережелері мен басшылығына мойынсұна отырып қорғай аламыз.
4. Мәсіхші отбасы мүшелерінің бір-бірінің алдында қандай міндеттері бар?
4 Мәсіхші ерлі-зайыптылар бір-бірінің алдында эмоциялық, рухани және тәндік мұқтаждықтарын қамтамасыз ету міндетінің бар екенін біледі (1 Қорынттықтарға 7:3—5; Ефестіктерге 5:21—23; 1 Петір 3:7). Мәсіхші ата-аналардың балаларының алдында да маңызды жауапкершіліктері бар (Нақыл сөздер 22:6; 2 Қорынттықтарға 12:14; Ефестіктерге 6:4). Мәсіхші отбасындағы балалар да өсе келе өз міндеттерінің бар екенін түсінеді (Нақыл сөздер 1:8, 9; 23:22; Ефестіктерге 6:1; 1 Тімотеге 5:3, 4, 8). Отбасындағы міндеттерді орындау: күш салуды, батыл әрекет етуді, сүйіспеншілікті және құрбандықты қажет етеді. Отбасы мүшелерінің бір-біріне және қауымға пайдалы болуы, Құдай тапсырған міндеттерін өз еріктерімен қаншалықты орындап жүргендіктеріне байланысты. Ең бастысы, олар отбасының негізін Қалаушы Ехоба Құдайды мадақтайды (Жаратылыс 1:27, 28; Ефестіктерге 3:15).
Мәсіхшілік бауырластық
5. Мәсіхші бауырластарымызбен араласқанда қандай баталарға ие боламыз?
5 Мәсіхші ретінде біздің бір сенімдегілердің, тек өзіміздің қауымдағылардың ғана емес, сол сияқты ‘дүниенің төрт бұрышындағы бауырластарымыздың’ алдында да міндетіміз бар (1 Петір 5:9). Қауыммен қарым-қатынасымыз — өзіміздің рухани денсаулығымыз үшін өте маңызды. Бір сенімдегілермен кездесе отырып, сенімімізді нығайтамыз және ‘адал да саналы қызметшінің’ беріп отырған нәрлі рухани тамағын жейміз (Матай 24:45—47). Егер қандай да бір қиыншылыққа тап болатын болсақ, бауырластардан Киелі кітаптың принциптеріне негізделген парасатты кеңес беруін өтінуімізге болады (Нақыл сөздер 17:17; Екклесиаст 4:9; Жақып 5:13—18). Мұқтаждыққа тап болғанда, бауырластарымыз бізді тастап кетпейді. Құдайдың ұйымында болғанымыз — біз үшін үлкен бата!
6. Біздің өзге мәсіхшілердің алдында міндетіміз бар екенін Пауыл қалай көрсетті?
6 Дегенмен, жиналыстан біз алып қана қоймаймыз, береміз де. Өйткені, Иса былай деген ғой: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Беруге дайын болудың маңыздылығын елші Пауыл былай деп атап көрсеткен: “Мойындаған үмітімізді үзбей [“үмітімізді халыққа жариялауды”, ЖД], берік ұстанайық, себебі уәде берген Құдай сөзіне адал. Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық. Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік. Иеміздің қайтып келетін күнінің таяп қалғанын білесіңдер ғой” (Еврейлерге 10:23—25).
7, 8. Қауым мүшелеріне және өзге де мәсіхшілерге беруге дайын екендігімізді қалай көрсете аламыз?
7 Жиналыста түсініктеме беріп немесе қандай да бір бағдарламаға қатысу арқылы біз “өзіміздің үмітіміз жайлы жариялаймыз”. Сол арқылы бауырластарымызды жігерлендіретініміз сөзсіз. Олармен кездесудің алдында және соңында әңгімелесе отырып, жігерлендіреміз. Бұл — әлсіздерге қуат беріп, қамыққандар мен ауруларды жұбату үшін қолайлы уақыт (1 Салониқалықтарға 5:14). Осылайша бере отырып, шынайы мәсіхшілер сараңдық жасамайды, сондықтан да кездесулерімізге алғашқы келгендердің көпшілігін біздің арамыздағы сүйіспеншілік сүйсіндіреді (Забур 37:21; Жохан 15:12; 1 Қорынттықтарға 14:25).
8 Бірақ біздің сүйіспеншілігіміз өзіміздің қауыммен ғана шектелмейді. Бүкіл дүниежүзілік бауырластығымызды қамтиды. Мысалы, бұны әрбір қауымдағы Патшалық Сарайларының қоры үшін орнатылған жәшіктерден көруге болады. Тіпті біздің Патшалық Сарайымыздың күйі жақсы болса да, мыңдаған бауырластарымыздың кездесу өткізетін ыңғайлы орны жоқ екенін білеміз. Патшалық Сарайы құрылысының қорына құрбандыққа садақа бере отырып, жеке таныс болмасақ та, бауырластарымызға сүйіспеншілігімізді көрсетеміз.
9. Ехоба Куәгерлерінің бір-біріне деген сүйіспеншіліктерінің негізгі себебі не?
9 Ехоба Куәгерлері бір-бірін неліктен сүйеді? Оны оларға Иса тапсырған (Жохан 15:17). Олардың арасындағы сүйіспеншілік— Құдайдың киелі рухының жеке адамдарға да, бүкіл бауырластыққа да әсер етіп жатқандығының куәсі. Сүйіспеншілік — ‘Киелі Рух... жемісінің’ бірі (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Ехоба Куәгерлері Киелі кітапты зерттейді, мәсіхшілердің кездесулеріне қатысады, әрдайым Құдайға дұға етеді. “Көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кеткен” дүниеде өмір сүргендіктеріне қарамастан, олар үшін сүю болмысына тән қасиетке айнала бастайды (Матай 24:12).
Осы дүниеліктермен қарым-қатынас
10. Осы дүниеліктерге қатысты біздің қандай міндетіміз бар?
10 ‘Үмітімізді барлық халыққа жариялау’ керектігін айтқан Пауыл тағы бір міндетімізді есімізге салады. Барлық халықтарға жариялау дегеніміз ізгі хабарды әлі біздің мәсіхші бауырласымыз болмағандарға уағыздауды білдіреді (Матай 24:14; 28:19, 20; Римдіктерге 10:9, 10, 13—15). Уағыздау да беруді білдіреді. Уағыздау ісі уақытты, күшті, дайындықты, үйретуді және қаржы жұмсауды талап етеді. Пауылдың тағы не деп жазғанына көңіл бөлейікші: “Гректер мен басқа ұлттарға білімділер мен білімсіздерге Ізгі хабарды жариялау менің парызым. Сондықтан Римде тұратын сендерге де оны уағыздауға деген ықылас менде жетерлік” (Римдіктерге 1:14, 15). Сараңдық жасамай, Пауылдың үлгісіне еліктей отырып, біз де осындай ‘парызымызды’ өтеуге тиіспіз.
11. Осы дүниемен қарым-қатынасымызда Киелі кітаптың қандай екі принципін басшылыққа аламыз және нені мойындаймыз?
11 Бізбен бір сенімде еместерге қатысты басқа да міндеттеріміз бар ма? Иә, сөзсіз. ‘Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отырғандығын’ біз түсінеміз (1 Жохан 5:19). Иса өзінің шәкірттері жөнінде не айтқанын білеміз: “Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес”. Сонда да болса, біз осы дүниеде өмір сүреміз, өмірімізге қажетті қаржы табамыз және оның тұрмысымызға қатысты көрсеткен жеңілдіктерін қолданамыз (Жохан 17:11, 15, 16). Сол себепті, біздің осы дүниеге қатысты да міндетіміз бар. Ол қандай міндет? Бұл сұраққа елші Петір жауап берген. Иерусалим қирамастан сәл бұрын, ол Кіші Азиядағы мәсіхшілерге хат жазған. Сол хаттан алынған үзінді осы дүниемен қарым-қатынасымызда біздің де байсалды болуымызға жәрдемдеседі.
12. Қай мағынада мәсіхшілер “жат жерлік адамдар” және олар неден сақтанулары керек?
12 Алдымен Петірдің мына сөздеріне көңіл аударайық: “Қымбатты бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемін: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар!” (1 Петір 2:11). Рухани жағынан алып қарағанда, шынайы мәсіхшілер, яғни жат жерлік адамдар: олардың өмірі мәңгілік өмірге — майланғандар үшін көктегі, ал “басқа да қойлар” үшін болашақта жерде болатын жұмаққа деген үмітке негізделген (Жохан 10:16; Філіпіліктерге 3:20, 21; Еврейлерге 11:13; Аян 7:9, 14—17). Ал тәннің қалауы деген не? Оларға байлықты аңсау, қоғамда лауазымды орынға ие болуға тырысу, өнегесіз жыныстық қатынасқа деген құмарлық, сол сияқты “қызғаныш” пен “ашкөздік” жатады (Қолостықтарға 3:5; 1 Тімотеге 6:4, 9; 1 Жохан 2:15, 16).
13. Қалайша тәндік құмарлықтар ‘жанымызға ұдайы қарсы шығады’?
13 Бұндай құмарлықтар шынында да біздің ‘жанымызға ұдайы қарсы шығады’. Олар біздің Құдаймен қарым-қатынасымызды бұзады немесе біздің мәсіхші ретіндегі үмітімізге (біздің “жанымызға” немесе өмірімізге) қауіп төндіреді. Егер де біздің осылай өнегесіз нәрселерге деген құмарлығымыз арта беретін болса, онда біз өмірімізді “Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай” ете аламыз ба? Ал егер дүние-мүлік жинаудың соңына түсіп кетсек, ‘ең алдымен патшалықты іздей’ аламыз ба? (Римдіктерге 12:1, 2; Матай 6:33; 1 Тімотеге 6:17—19). Дұрысы — Мұсаның үлгісіне еліктеп, өз өмірімізде Ехобаға қызмет етуді бірінші орынға қойып, бұл дүниенің еліктірулерінен бас тарту (Матай 6:19, 20; Еврейлерге 11:24—26). Бұл — осы дүниемен қарым-қатынасымызда байсалды болуымыз үшін өте маңызды.
‘Өнегелі өмір сүріңдер’
14. Неліктен біз, мәсіхшілер, өнегелі өмір сүруге тырысамыз?
14 Тағы бір ең маңызды принциптің бірін Петірдің келесі сөздерінен көруге болады: “Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал [“өнегелі”, ЖД] өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола, Тәңір бізді құтқаруға келген күні олар Оны мадақтайтын болады” (1 Петір 2:12). Біз мәсіхші ретінде өнегелі болуға тырысамыз. Мектепте шын ықыласымызбен оқимыз. Тіпті біздің ойымызша басшылар дұрыс шешім қабылдамаса да, жұмысымызды бар ынтамызбен адал атқарамыз. Дінге деген көзқарастары әр түрлі отбасыларында Құдайға сенетін күйеуі немесе әйелі мәсіхшілердің принциптерін ұстану үшін өте көп күш жұмсайды. Бұл әрқашан оңай бола бермейді, бірақ біздің өнегелі мінез-құлқымыз Ехобаны қуантатынын әрі ол Куәгер еместерге жиі жағымды әсер қалдыратынын білеміз (1 Петір 2:18—20; 3:1).
15. Куәгерлердің өнегелі мінез-құлықтарының көпшілікке танымал екендігін біз қайдан білеміз?
15 Ехоба Куәгерлерінің көпшілігі жоғары құлықтылық нормаларын ұстанатындығын, олар туралы көптеген жылдардан бері ақпараттар бетіне жазып келе жатқандығынан білуге болады. Италияда шығатын “Темпо” деген газетте былай деп хабарланған: “Ехоба Куәгерлерін қызметтестері адал жұмысшылар дейді. Сенімдеріне шын берілгендіктен, кейде естері қатты ауып кеткендей болып көрінсе де, олардың жоғары құлықтылығы сыйлауға лайық”. Буэнос-Айресте (Аргентина) шығатын “Геральд” деген газетте былай делінген: “Міне, көптеген жылдардан бері Ехоба Куәгерлері өздерінің еңбекқор екендіктерін, парасатты, ұқыпты екендіктерін және Құдайдан қорқатындарын іс жүзінде дәлелдеп келе жатыр”. Ресейлік дінтанушы Сергей Иваненко былай деп жазды: “Ехоба Куәгерлері өздерінің заңды мүлтіксіз орындайтындықтарымен, әсіресе салықтарды уақтылы төлейтіндіктерімен бүкіл әлемге танымал”. Зимбабведе Ехоба Куәгерлері конгресс өкізген бір кешеннің бастығы былай деді: “Мен Куәгелердің шашылған қағаздарды теріп, дәретханаларды тазалап жатқанын көріп тұрмын. Сендерден кейін аула бұрынғысынан да тазарып қалды. Жастарыңыз өте тәртіпті. Бүкіл дүние жүзінде Ехоба Куәгерлерінің барынша көп болғанын қалар едім”.
Мәсіхші ретінде мойынсұну
16. Біз осы дүниелік билігі барларға қалай қараймыз және неліктен?
16 Петір біздің осы дүниелік басшылармен қарым-қатынасымыз қандай болу керек екені жөнінде былай деп жазды: “Сонымен, сендер Жаратқан Иенің меншігі болғандықтан, Ол тағайындаған әрбір билік иесіне мойынсұныңдар! Ел басшысы ретінде патшасына да, оның жамандық жасағандарды жазалап, жақсылық істегендерді мадақтауға бекітіп жіберген әкімдеріне де бағыныңдар! Құдай сендердің игілік істеулерің арқылы ақымақ адамдардың (сенушілер туралы) надан әңгімелерін тойтаруларыңды қалайды” (1 Петір 2:13—15). Петірдің нұсқауы бойынша, заңның бұзылмауын қадағалайтын үкіметке ризашылығымызды білдіре отырып, оның заңына мойынсұнып, салықтарды төлейміз. Біз құқық бұзғандарды жазалауға үкіметтің Құдай берген құқы бар екенін мойындаймыз, бірақ біз бұл дүниелік билігі барларға алдымен “Құдай үшін” мойынсұнамыз. Бұл — Құдайдың еркі. Бұдан басқа, егер біз заңды бұзғанымыз үшін жазаланатын болсақ, Ехобаның атына кір келтіреміз (Римдіктерге 13:1, 4—7; Титке 3:1; 1 Петір 3:17).
17. “Ақымақ адамдар” бізге қарсы шыққанда, не нәрсеге күмәнданбауымызға болады?
17 Өкінішке орай кейбір билігі бар “ақымақ адамдар” бізді қудалайды немесе қандай да бір жолмен бізге қарсылық көрсетуге тырысады. Мысалы, бізге жала жауып, масқаралайтын іс-әрекеттерді қолдайды. Алайда Ехоба өз еркіне сай шешім қабылдаған уақытта, бізге қарсы жала жауып, тағылған айыптың бәрінің беті ашылады және мұндай адамдардың ‘надан әңгімелеріне’ сенімді тосқауыл қойылады. Мәсіхшіге сай мінез-құлқымыз біздің кім екенімізді айтқызбай-ақ паш етеді. Сол себепті адал үкімет өкілдері бізді істеген жақсы істеріміз үшін жиі мақтайды (Римдіктерге 13:3; Титке 2:7, 8).
Құдайдың құлдары
18. Мәсіхші ретінде біз өз ерік бостандығымызды қай жағынан теріс қолданудан аулақ болуымыз керек?
18 Петір: “Рухани азатсыңдар, соған сай өмір сүріңдер! Дегенмен осы еркіндіктеріңді жамандық жасауға сылтау ретінде пайдаланбаңдар, қайта, Құдайдың адал қызметшілері [құлдары] болып өмір кешіңдер!” — деп насихат берді (1 Петір 2:16; Ғалаттықтарға 5:13). Бүгінгі күні Киелі кітаптағы ақиқат жөнінде білгендеріміз діни жалған ілімдердің шырмауынан босатады (Жохан 8:32). Оның үстіне, біздің ерік бостандығымыз бар және таңдауға еріктіміз. Бірақ өзіміздің бостандығымызды теріс қолданбаймыз. Кіммен араласамыз, қалай киініп, сәнденеміз, көңіл-күйімізді қалай көтереміз, тіпті не ішіп, не жейтінімізді таңдай отырып, шынайы мәсіхшілер ретінде өзіміздің жағдайымызды ойламай, Құдайдың құлы екенімізді есімізде ұстаймыз. Біз өзіміздің тәндік құмарлықтарымыздың немесе осы өмірдің жеңіл сән үлгілерінің құлы болмай, Ехобаға қызмет етуді қалаймыз (Ғалаттықтарға 5:24; 2 Тімотеге 2:22; Титке 2:11, 12).
19—21. а) Осы дүниелік басшыларға біз қалай қараймыз? ә) ‘Рухани бауырластарына сүйіспеншіліктерін’ кейбіреулер қалай көрсетеді? б) Қандай міндет барлығынан маңызды?
19 Әрі қарай Петір былай дейді: “Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер: рухани бауырластарыңды сүйіңдер, Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошыныңдар, патшаны қадірлеңдер!” (1 Петір 2:17). Ехоба Құдай адамдардың басшылығына жол беріп отырғандықтан, біз ол адамдарға лайықты құрмет көрсетеміз. Олардың қызметімізді тыныш атқарып, Құдайға деген сенімімізді сақтап қалуымыз үшін мүмкіндік беруін өтініп, тіпті олар үшін дұға етеміз (1 Тімотеге 2:1—4). Сонымен қатар біз ‘рухани бауырластарымызды сүйеміз’. Біз әрқашан мәсіхші бауырластарымызға жамандық жасау үшін емес, олардың игілігі үшін әрекет етуге тырысамыз.
20 Мысалы, бір Африка мемлекетінде этникалық қақтығыстар болған кезде, Ехоба Куәгерлерінің мәсіхшілерге сай іс-әрекеті көпшіліктің көзіне ілікті. Бір швейцариялық газет (Reformierte Presse) былай деп хабарлады: “1995 жылы “Африкалықтардың құқы” деп аталатын ұйым, [қақтығысқа] Ехоба Куәгерлерінен басқа барлық дін қатысқанын... дәлелдеді”. Сол қайғылы оқиға дүние жүзіне мәлім бола салысымен-ақ, Еуропадағы Ехоба Куәгерлері сол оқиға болған мемлекетте тұратын бауырластарына және басқа да адамдарға, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жөнелтті (Ғалаттықтарға 6:10). Олар Нақыл сөздер 3:27-де айтылған сөздерге құлақ асты: “Қолыңнан келіп тұрғанда, мұқтаж болғанға жақсылық істеуден бас тартпа”.
21 Бірақ біздің осы дүниелік басшыларды құрмет тұтудан, тіпті бауырластарымызға сүйіспеншілік білдіруден де артық міндетіміз бар. Әңгіме не туралы? Петір: “Құдайдан қорқыңдар”,— деген. Біз кез келген басқа адамдарға қарағанда Ехобаға көп борыштымыз. Неліктен? Құдай алдындағы борышымызды өтеу мен осы дүниедегі басшылардың алдындағы міндетімізді атқаруда қалай байсалдылық танытуға болады? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақаладан табамыз.
Естеріңде ме?
• Мәсіхшінің отбасындағы міндеті қандай?
• Беруге дайын екендігімізді қауымда қалай көрсете аламыз?
• Осы дүниеліктерге қатысты қандай міндетіміз бар?
• Біздің әдепті мінез-құлқымыз қалайша жақсы жемісін береді?
[19-беттегі сурет]
Мәсіхшінің отбасы қалайша қуаныштың бұлағы бола алады?
[20-беттегі суреттер]
Ехоба Куәгерлері неліктен бір-бірін сүйеді?
[20-беттегі суреттер]
Жеке таныс болмасақ та, бауырластарымызға сүйіспеншілік көрсете аламыз ба?