“Мүгедекпін, бірақ мәңгілікке емес!”
Айтып берген: Сара Ван дер Монде
Адамдар маған жиі “Сара, сенің езу тартқаның сондай әдемі. Неге сен сондай бақыттысың?” деп жатады. Сонда мен оларға ерекше үмітімнің бар екенін айтамын. Осы үмітімді бір ауыз сөзбен былай дер едім: “Мүгедекпін, бірақ мәңгілікке емес!”
МЕН 1974 жылы Парижде (Франция) дүниеге келдім. Анам мені босанғанда қатты қиналды. Кейіннен маған церебральді сал ауру деген нақтама қойылды. Қол-аяқтарым еркін қимылдамайтын, әрі сөйлеген сөзімді түсіну мүмкін емес-тін. Бұған қоса талма ауруымен ауырдым, әрі ағзам жұқпалы ауруларға қарсы тұра алмады.
Екі жасымда отбасымызбен Австралияның Мельбурн қаласына көштік. Екі жылдан кейін папам мамам екеумізді тастап кетті. Сол кезде мен алғаш рет өзімді Құдайға жақын сезіндім. Мамам Ехоба куәгері еді және ол мені жиі қауым кездесулеріне апаратын. Онда мен Құдайдың өзімді сүйетінін және қамымды ойлайтынын білдім. Мұны білгенім, сондай-ақ мамамның сүйіспеншілігі мен жігерлі сөздері жағдайымыздың ауырлығына қарамастан, жантыныштығын сақтауға көмектесті.
Мамам маған Ехобаға дұға етуді үйретті. Негізі дұға ету сөйлеуден әлдеқайда жеңіл екенін байқадым. Дұға етіп жатқанда, мен сөзді дауыстап айтуға тырысып, қиналмаймын, қайта, сөздер ойымда өздері-ақ ағыла береді. Сөздерімді түсіну қиын болғандықтан, іштей айтсам да не қате-қате сөйлесем де, Ехоба мені жап-жақсы түсінетінін білгенім маған үлкен жұбаныш береді (Заб. 64:3).
Қиыншылықтарға төзу
Бес жасқа толғанымда одан бетер сал тартқандықтан, жүріп-тұруым үшін аяғыма ауыр темір таңғыш қолдану керек болды. Бірақ сонда да жөнді жүре алмадым. Ал 11 жасқа толғанда мүлдем жүре алмай қалдым. Уақыт өте төсекке өзім жатып-тұра алмайтын күйге жеттім. Сондықтан мені төсектен көтеріп, қозғалтқышы бар мүгедектер арбасына отырғызатын электр құрылғыны қолдана бастадым.
Кемтарлығым кей кезде көңілімді түсіреді. Бірақ ондай кезде мен отбасымыздың мына ұранын есіме түсіремін: “Өзгерте алмайтын нәрселер туралы уайымдама. Қолыңнан келетінді ғана ойла”. Осылай еткеннің арқасында мен атпен шабамын, кемені жүргіземін, каноемен жүземін, табиғатқа шығамын, айналдыра қоршалған жерде көлік айдаймын! Сондай-ақ жасампаздығым сурет салуға, тігіс тігуге, кесте тоқуға және керамикалық заттар жасауға талпындырады.
Мен мүгедек болғандықтан кейбір адамдар Құдайға қызмет етуді өзім саналы түрде шеше алатыныма күмән келтірді. 18 жасымда мұғалімім маған анамның дінінен “құтылу” үшін үйден кетуге кеңес берді. Ол тіпті тұратын жер тауып беретінін уәде етті. Алайда мен дінімді ешқашан тастамайтынымды, ал үйден кетуді өз-өзіме қарай алатын кезде ғана ойлайтынымды кесіп айттым.
Көп ұзамай мен Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өттім. Содан екі жыл өткен соң кішігірім пәтерге көштім. Бұл жерде қажетті көмек пен біршама тәуелсіздіктің рақатын көрудемін.
Күтпеген жерден сөз айтты
Өмірімде басқа да сынақтар болды. Бірде бірге оқитын жігіт маған ойда-жоқта өзіне тұрмысқа шығуды ұсынды. Ол да өзім сияқты мүгедек болатын. Бұл мені қатты таңғалдырды. Алғашында ұсыныс маған ұнады. Қыздардың көбісі сияқты мен де өмірлік серігімнің болғанын қалаймын. Алайда жағдайымыздың бірдей болғаны баянды отбасы өмірінің кепілі емес қой. Оның үстіне, ол жігіт менің діни көзқарастарымды ұстанбайтын. Нанымдарымыз, өмір салтымыз және мақсаттарымыз мүлдем өзгеше болатын. Сондықтан қалай бірге өмір сүрмек едік? Бұған қоса, мен Құдайдың бір сенімдегі адаммен ғана некелесу керектігіне қатысты талабын аттап кеткім келмеді (Қор. 1-х. 7:39). Сол себепті мен әлгі жігітке ұсынысын қабыл алмайтынымды ілтипатпен айттым.
Қазір мен сол кезде қабылдаған шешіміме өкінбеймін. Құдай уәде еткен жаңа дүниеде бақытты болатыныма кәміл сенемін (Заб. 144:16; Пет. 2-х. 3:13). Ал әзірше Ехобаға адал болып қалуды әрі бар жағдайды қанағат тұтуды шештім.
Мен мүгедек арбасынан атып тұрып, желдей зымырап жүгіретін күндерді асыға күтудемін. Сонда мен: “Мүгедек едім, бірақ қазір мәңгіге сауықтым!”— деп жар саламын.