Әкеге қарап ұл өсер
“ӘКЕ, мұның бәрін қайдан білесің?” Ұлыңыздың осындай сұрақ қойып, сізге таңғалған кездері болған ба? Сондай сәттерде әке болғаныңызды мақтан тұтқан шығарсыз. Ал ұлыңыз айтқаныңызға құлақ асып, соның пайдасын көрген кездері, қуаныштан төбеңіз көкке жеткен боларa (Нақыл сөздер 23:15, 24).
Алайда ұлыңыз есейгеннен кейін де, сізді өнеге тұта ма? Әлде оның сізге деген құрметі азайғандай көріне ме? Ер жетіп келе жатқан ұлыңызға қалай жақын болып қала аласыз? Алдымен, әкелер кезігетін кейбір қиындықтарды қарастырайық.
Жиі кезігетін үш қиындық
1. УАҚЫТТЫҢ ЖЕТІСПЕУІ. Көп елде отбасындағы табыстың басым бөлігін отағалары табады. Бұл үшін олар жиі ертеден қара кешке дейін жұмыс істейді. Кейбір елдерде әкелер балаларымен тым аз уақыт өткізеді. Францияда жақында жүргізілген сауалнама барысында сонда тұратын әкелердің балаларына күніне шамамен 12 минуттан аз уақыт бөлетіні анықталды.
МЫНА ЖАЙЛЫ ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ: Ұлыңызбен бірге қанша уақыт өткізіп жүрсіз? Келесі бір-екі аптада күніне оған қанша уақыт бөлетініңізді неге байқап көрмеске? Нәтижесі сізді бейжай қалдырмас.
2. ЖАҚСЫ ҮЛГІНІҢ ЖОҚТЫҒЫ. Кейбір ер кісілер өз әкелерімен жақын араласпай өскен. Францияда тұратын Жан-Мари: “Әкем екеуіміз көп сөйлесе бермейтінбіз”,— дейді. Бұл оған қалай әсер етті екен? “Мен ешқашан ойыма келмеген қиындықтарға тап болдым,— дейді ол.— Мысалы, қазір өз ұлдарымды мәнді әңгімеге тарту қиынға соғады”. Басқа жағдайда балалары әкелерін өте жақсы білгенмен, олардың қарым-қатынастары тығыз болмаған. 43 жастағы Филипп былай дейді: “Әкеме маған жылулық таныту оңай емес еді. Осының салдарынан маған да өз балама сүйіспеншілік таныту қиынға соғып жүр. Бұл үшін көп күш салуыма тура келеді”.
МЫНА ЖАЙЛЫ ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ: Әкеңіздің сізге қалай қарағаны балаңызға қалай қарайтыныңызға әсер етіп жатыр ма? Әкеңіздің жақсы не жаман жақтарына еліктегеніңізді байқағансыз ба? Қай жағынан еліктейсіз?
3. ЖЕРГІЛІКТІ МӘДЕНИЕТТІҢ КЕРІ ӘСЕРІ. Кей елдерде әкенің бала тәрбиесіне үлес қосуы қажет саналмайды. Батыс Еуропада туып-өскен Лука былай дейді: “Мен өскен ортада “балаға қарау әйелдің ісі” деген пікір қалыптасқан”. Басқа елдерде әкелердің міндеті балаларын жақсылап жөнге салумен ғана шектеледі. Африкада туып-өскен Джордж есімді бір кісі былай дейді: “Әкелердің өз балаларымен бірге ойнауы — осы жердің мәдениетіне жат нәрсе. Жұрттың ойынша, бұл әкенің беделін түсіреді. Сондықтан да маған өз ұлыммен бірге уақыт өткізу қиын”.
МЫНА ЖАЙЛЫ ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ: Сіз тұратын елде әкелердің отбасындағы міндеті қандай? Баланы тәрбиелеу әйелдің ісі деп қарастырыла ма? Әкелердің ұлдарына сүйіспеншілік пен жылулық танытуы кәдімгі нәрсе ме, әлде әбестік санала ма?
Осындай қиындықтармен кезігіп жүрсеңіз, не істеуіңізге болады? Бірнеше кеңесті қарастырып көрейік.
Баланы жастан...
Ұл бала әкесіне еліктегіш келеді. Сондықтан оған кішкентай кезінен бастап үлгі-өнеге көрсеткен жақсы. Мұны қалай істеген дұрыс? Балаға көңіл бөлу үшін уақытты қайдан табуға болады?
Ұлыңызды күнделікті үй шаруаларына мүмкіндігінше көбірек қатыстырыңыз. Мысалы, ауланы сыпырып жатсаңыз, оған кішігірім сыпыртқы, ал жер қазып жатсаңыз, күрекше беріп қойыңыз. Үлгі тұтарлық көсемі — әкесіне көмектескені ұлыңызды зор қуанышқа бөлейтіні сөзсіз! Әрине, шаруаңызды бітіруге әдеттегіден көбірек уақыт кететін шығар, бірақ есесіне ұлыңызды еңбекқор болуға үйретесіз әрі онымен қарым-қатынасыңыз нығаяды. Ертеде әкелер Киелі кітаптағы заңға сай, балаларын күнделікті үй тірліктеріне қатыстырып, осындай сәттерде олармен сөйлесіп, тәлім-тәрбие берген (Заңды қайталау 6:6—9). Бұл заңның бүгінгі таңда да пайдасы зор.
Балаңызды еңбекке баулумен қатар, бірге ойнауға да уақыт тапқаныңыз жақсы. Мұның пайдасы көңіл көтерумен ғана шектелмейді. Зерттеулер көрсеткендей, әкелер кішкентай балаларымен ойнайтын болса, бұл олардың тапқыр, пысық әрі батыл болып өсуіне көмектеседі.
Бірге ойнау бұдан да маңызды нәрселерге септігін тигізеді. Мишель Физ есімді бір зерттеуші: “Бала мен әкенің еркін сөйлесуіне ойынның қосар үлесі көп”,— деген. Иә, мұндай сәттерде әке баласына сөзімен де, ісімен де жылулық танытып, оны да өз сезімдерін білдіруге үйрете алады. Германияда тұратын Андре есімді бір әке былай дейді: “Ұлым кішкентай болғанда, жиі бірге ойнайтынбыз. Мен оны құшағыма алатынмын, сонда ол да маған жылулық танытуды үйренетін”.
Ұлыңызға жақындай түсудің тағы бір мүмкіндігі — ұйықтар алдындағы уақытты пайдалану. Балаңызға әңгіме оқып беріп тұрыңыз, сондай-ақ оның сол күнгі қуанышы мен уайымына ортақтас болыңыз. Осылай еткеніңіз өсіп келе жатқан ұлыңыздың әрі қарай да сізге еркін жақындауына көмектеседі.
Бейімделе біліңіз
Әкелері сөйлескісі келгенде, кейбір жасөспірімдер бұдан тартынатындай көрінуі мүмкін. Сіздің ұлыңыз да сұрақтарыңыздан жалтарғандай көрінсе, бұл оның сізбен мүлдем әңгімелескісі келмейді дегенді білдірмейді. Балаңызға бейімделіп сөйлейтін болсаңыз, оның сізбен әңгімелесуге деген ықыласы артуы мүмкін.
Францияда тұратын Жак есімді бір әкеге ұлы Жероммен әңгімелесу кейде қиынға соғатын. Алайда ұлын бұған мәжбүрлеудің орнына Жак оған икемделіп, екеуі бірге футбол ойнайтын болды. Ол былай дейді: “Ойнап болғаннан кейін, біз шөпке отырып, демалатынбыз. Сол уақыттары ол көңіліндегісін ашық айтудан тартынбайтын. Екеуіміздің бірге болғанымыз және менің сол уақытты тек оған арнағаным бір-бірімізге етене жақын болуымызға көмектесті”.
Ал ұлыңыз спортпен шұғылдануды ұнатпаса ше? Андре ұлымен бірге түнгі аспанды тамашалаған уақыттарын қуанышпен есіне алып, былай дейді: “Түнде балам екеуіміз орындықтарды алып, ашық аспан астында отырушы едік. Жылы оранып, ыстық шай ішіп, жұлдызды аспанды тамашалайтынбыз әрі сол жұлдыздарды жаратқан Тұлға жайлы сөйлесетінбіз. Сондай-ақ жеке басқа қатысты мәселелерді, тіпті кез келген нәрсені сөз ететінбіз (Ишая 40:25, 26).
Алайда ұлыңыз әуестенетін нәрселер сізді қызықтырмаса ше? Мұндайда өз мүддеңізден бас тартуға тура келер (Філіпіліктерге 2:4). Оңтүстік Африкада тұратын Ян былай дейді: “Ұлым Вонға қарағанда, спортпен мен көбірек әуестенетінмін. Ал ұлым ұшақ пен компьютерге қызығатын. Сондықтан мен де осы нәрселерге мойын бұра бастадым. Ұлымды аэродромға алып барып, компьютерде ұшақ ойындарын ойнайтын болдым. Көңіл көтеретін істермен бірге айналысқандықтан, Вон ашыла түсіп, менімен еркін әңгімелесетін”.
Өз-өзіне деген сенімділігін арттырыңыз
“Әке, қара, қарашы!” Жаңа істі меңгерген кішкентай ұлыңыздың қуаныштан осылай айғайлаған кезі болған ба? Ол қазір жасөспірім болса, әлі де сіздің қолпаштап отырғаныңызды қалай ма? Бәлкім, солай етуден қалған шығар. Алайда байсалды адам болып өсуі үшін сіздің қолдауыңыз оған аса қажет.
Ехоба Құдайдың өзінің рухани ұлы Исаға қалай қарағаны — біз үшін керемет үлгі. Ол жердегі қызметін бастағалы жатқан Исаға риза екенін білдірген. Өмірінің осы бір маңызды кезеңінде Құдай оған жұрт алдында: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған разымын!”— деген (Матай 3:17; 5:48). Әрине, сіз ұлыңызға тәлім-тәрбие беріп, жөнге салып отыруға жауаптысыз (Ефестіктерге 6:4). Алайда оның айтқан не істеген жақсылықтарына разы екеніңізді білдірудің де мүмкіндіктерін жібермейсіз бе?
Кейбір ер кісілерге балаларына жылулық танытып, демеу көрсету оңай емес. Бәлкім, кезінде олардың ата-аналары мақтаудың орнына, қателіктеріне нұсқай берген шығар. Сіздің де жағдайыңыз осындай болса, ұлыңыздың өзіне деген сенімділігін арттыру үшін біраз күш салуыңыз қажет болар. Бұл үшін не істеу керек? Жоғарыда аталып өткен Лука 15 жасар ұлы Мануелмен бірге жиі үй шаруаларымен айналысады. Ол былай дейді: “Кейде мен шаруаны Мануелдің өзіне тапсырамын да, қажет болса көмектесетінімді айтамын. Көп жағдайда ол шаруаны өзі-ақ тындырады, әрі бұл оған қанағат әкеліп, өзіне деген сенімділігін арттырады. Тірлікті ойдағыдай атқарған кездері мен оны мақтаймын. Істегені ұлымның көңілінен шықпаса да, күш салғаны үшін риза екенімді айтамын”.
Ұлыңыздың өзіне деген сенімділігін арттырудың тағы бір жолы — үлкенірек мақсаттарға қол жеткізуге көмектесу. Алайда ұлыңыз қойылған мақсаттарға сіз қалағандай тез жетпесе ше? Ал оның мақсаттары негізінен жаман болмағанмен, сіздің көңіліңізден шықпаса ше? Мұндай жағдайда өз көзқарасыңызды өзгертуіңіз қажет болар. Жоғарыда пікірін білдірген Жак былай дейді: “Мен ұлымды қолжетерлік мақсаттар қоюға талпындырамын. Алайда бұл мақсаттардың менің емес, онікі болғанын қалаймын. Сондай-ақ ұлымның оларға өз қарқынымен жүріп отырып, қол жеткізуі керектігін жиі есіме салып отырамын”. Ұлыңыздың пікіріне ден қойып, жетістіктері үшін мақтап, кемшіліктерімен күресуге талпындырғаныңыз қойған мақсаттарына қол жеткізуге көмектесері сөзсіз.
Ұлыңызбен қарым-қатынасыңызда түсініспеушіліктер туындап тұратын шығар. Бірақ түбінде оның сізге жақын болып қалғысы келері шүбәсіз. Расында да, өзіне қолдау көрсететін адамға кім жақын болғысы келмейді?!
[Сілтеме]
a Мақалада әке мен ұлдың қарым-қатынасы жайлы айтылғанмен, мұндағы принциптерді әкесі мен қызына қатысты да қолдануға болады.