Жақсы әке болу үшін не қажет?
“Әкелер, балаларыңды кейітпеу үшін ызаландырмаңдар!” (Қолостықтарға 3:21 сілтемені қараңыз)
ӘКЕСІ баласын ызаландырудан қалай аулақ бола алады? Бұл үшін ол өзінің әкелік рөлінің маңыздылығын түсіну керек. Жан саулығы туралы бір журналда: “Әкенің рөлі жан-жақты әрі ерекше болып отыр, мұның балалардың эмоциясы мен ақыл-ойының жетілуіне тигізетін ықпалы орасан зор”,— делінген.
Ендеше, әкенің рөлі қандай? Көптеген отбасында оған, негізінен, жазалаушы деп қарайды. Мысалы, көп аналар бұзықтық жасаған баласына: “Әкең келсін, сазайыңды береді!”— деп жатады. Әрине, балалар есті болып өсу үшін жөнімен жазалап, ақылға қонымды шамада қаталдық таныту қажет-ақ. Алайда жақсы әке болу бұдан да көп нәрсені талап етеді.
Өкінішке орай, кезінде әкелердің бәріне бірдей жақсы үлгі көрсетілмеген. Кейбіреулері әкесіз өскен. Ал қатал, суық әкенің қолында тәрбиеленгендер өз балаларына да солай қарауға бейім. Алайда олар қалай бұдан аулақ болып, жақсы әке бола алады?
Киелі кітап — жақсы әке болуға көмектесетін пайдалы әрі сенімді кеңестер жазылған мәлімет көзі. Онда отбасына қатысты ең жақсы кеңестер бар. Бұл кеңестер құр сөздер ғана емес. Олар тек пайдамызға асады. Киелі кітаптағы кеңестер оның Авторы — отбасына бастау берген Ехоба Құдайдың даналығын паш етеді (Ефестіктерге 3:14, 15). Егер әке болсаңыз, Киелі кітапта ата-ана болуға қатысты не айтылғанын қарастырғаныңыз пайдалы боларa.
Жақсы әке болу балаларыңыздың тәндік және эмоциялық қана емес, рухани игілігі үшін де маңызды. Әкесімен жылы әрі жақын қарым-қатынастағы балаға Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамыту жеңілірек болуы мүмкін. Киелі кітапта Жаратушымыз Ехоба Құдайдың, қандай да бір мағынада, біздің Әкеміз екені айтылған (Ишая 64:8). Қазір бала әкесінің тарапынан қажет ететін алты нәрсені қарастырып көрейік. Әр жағдайда Киелі кітап принциптерін қолданғаны әкеге осы қажеттіліктерді қанағаттандыруға қалай көмектесетінін талқылаймыз.
1. Әке сүйіспеншілігі
Ехоба Құдай — Әке ретінде керемет үлгі көрсетеді. Киелі кітапта Құдайдың өзінің тұңғыш Ұлы Исаға қатысты сезімі жайлы: ‘Әкесі Ұлын сүйеді’,— делінген (Жохан 3:35, Қолостықтарға 1:15). Ол Ұлын сүйетінін және оған риза екенін бірнеше мәрте айтқан. Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, көктен Ехоба: “Сен Менің сүйікті рухани Ұлымсың, Саған толықтай ризамын!”— деген (Лұқа 3:22). Ол Әкесінің өзін сүйетініне ешқашан шек келтірмеген. Әкелер Құдайдан неге үйрене алады?
Балаларыңызды жақсы көретініңізді айтудан ешқашан тартынбаңыз. Бес баланың әкесі Келвин былай дейді: “Мен балаларымды жақсы көретінімді айтып қана қоймай, сүйіспеншілігімді әрқайсысына жеке көңіл бөлу арқылы да көрсетемін. Олардың жөргегін ауыстырып, шомылдыруға көмектесемін”. Сонымен қатар балаларыңыз сіздің қолдайтыныңызды білу керек. Сондықтан оларды ылғи түзетіп, тым сыншыл болудың қажеті жоқ. Қайта, оларды мақтауға жомарт болыңыз. Екі жасөспірім қызы бар Донизети: “Әке балаларын мақтаудың мүмкіндігін табуға тырысу керек”,— деп кеңес береді. Балалар сіздің қолдайтыныңызды білсе, бұл оларға өз қадірін сезінуге көмектеседі. Ал бұл, өз кезегінде, Құдайға жақындай түсулеріне септігін тигізеді.
2. Жақсы үлгі
Жохан 5:19-да: ‘[Иса] Әкесінің істегенін көрмесе, өздігінен ештеңе істей алмайды’,— делінген. Байқасаңыз, мұнда Иса Әкесінің ‘істегенін’ көріп, соған сай әрекет еткені айтылған. Балалар да жиі осылай етеді. Мысалы, отағасы әйелін сыйлап, қадірлейтін болса, мұны көріп өскен бала да әйел затына осылай қарауы әбден мүмкін. Әке үлгісі қыздарының да ер адамдарға деген көзқарасына әсер етуі мүмкін.
Балаларыңызға кешірім сұрау қиын ба? Бұл орайда да үлгі көрсетудің маңызы зор. Екі ұлының қымбат фотоаппаратты сындырып қойғаны Келвиннің әлі есінде. Оның ашуға булыққаны сонша — ағаш үстелді бір қойып қалғанда, үстел қақ бөлінеді. Содан кейін Келвин өзін жаман сезініп, өз-өзіне ие бола алмағаны үшін бәрінің, әйелінің де, алдында кешірім сұрайды. Бұл балаларына жақсы әсер еткенін байқады: қазір оларға кешірім сұрау қиын емес.
3. Жақсы орта
Ехоба — “бақытты Құдай” (Тімотеге 1-хат 1:11 ЖД). Сондықтан Исаны Әкесімен бірге болғаны зор қуанышқа бөлегеніне таңғалмаса да болады. Нақыл сөздер 8:30-дан олардың қарым-қатынасы қандай болғаны көрінеді: “[Әкемнің] қасындағы сәулетші мен болғанмын, Күнде Оны қуантып, алдында шаттандым”. Иә, Әкесі мен Ұлының арасында керемет қарым-қатынас болған!
Балаларға қуаныш сыйлайтын жақсы орта қажет. Олармен ойнауға уақыт бөлсеңіз, осыған қол жеткізе аласыз. Бірге ойнау ата-ана мен баланы өзара жақындата түседі. Феликс мұнымен келіседі. Жасөспірім ұлы бар ол: “Баламмен көңіл көтеруге уақыт бөлгенім қарым-қатынасымыз үшін аса маңызды. Біз бірге ойын ойнап, достарымызбен араласып, қызықты жерлерге қыдырамыз. Бұл отбасымызды жақындата түседі”,— деді.
4. Рухани тәлім
Иса Әкесінен тәлім алған. Сондықтан да ол: “[Әкемнен] естігендерімді дүниеге білдіремін”,— дей алған (Жохан 8:26). Балаларын құлықтылық және рухани жағынан тәрбиелеу — әкенің Құдай алдындағы міндеті. Балаларыңыздың жүрегіне дұрыс принциптерді ұялату әке ретіндегі жауапкершілігіңіздің бірі болып табылады. Мұндай тәрбиені ерте жастан бастау керек (Тімотеге 2-хат 3:14, 15). Феликс баласына Киелі кітаптағы оқиғаларды кішкентай кезінен-ақ оқып бере бастаған. Ол “Менің Киелі кітап әңгімелерім”b кітабындағы сияқты түрлі түсті суреті бар қызықты оқиғаларды оқып беретін. Ұлы өскен сайын, жасына сай Киелі кітапқа негізделген басқа да әдебиеттерді пайдаланатын.
Донизети былай дейді: “Киелі кітапты отбасымен бірге зерттеуді қызықты етіп өткізу, шынында да, оңай емес. Ата-аналардың рухани нәрселерді бағалайтындарын көрсеткені маңызды, өйткені олардың сөзі ісіне сай келмей жатса, балалар мұны бірден байқап қояды”. Үш баласы бар Карлос: “Біз апта сайын жиналып, отбасының қажеттіліктерін қарастырамыз. Үйдегілердің әрқайсысы нені талқылағысы келетінін айта алады”,— дейді. Ал Келвин балалары қайда жүрмесін, не істемесін, оларға Құдай жайлы айтудың мүмкіндігін іздейді. Бұл Мұсаның келесі сөздерін есімізге салады: “Мен өсиет етіп қалдыратын мына сөздер сенің жүрегіңнен орын алсын; бұларды өз балаларыңның санасына құй және оларға өз үйіңде отырған кезде және жол үстінде келе жатқанда, әрі жатар алдында және орныңнан тұрғанда осылар туралы айтып түсіндір” (Заңды қайталау 6:6, 7).
5. Жөнге салу
Балалар жауапты әрі ынталы болып өсу үшін, жөнге салып отыруды қажет етеді. Кейбір ата-аналар баланы жөнге салуды қатал болып, дөрекі не оны кемсітетін сөздер айту деп біледі. Бірақ Киелі кітап бұған үйретпейді. Керісінше, олар баланы, Ехоба сияқты, сүйіспеншілікпен түзетулері керек (Еврейлерге 12:4—11). Киелі кітапта: “Ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!”— делінген (Ефестіктерге 6:4).
Баланы жазалау керек кездер де болады. Бірақ ол не үшін жазаланып жатқанын түсіну қажет. Жазадан кейін ол өзін керексіз сезінбеу керек. Киелі кітап баланы қатты ұрып-соғуды құптамайды (Нақыл сөздер 16:32). Келвин: “Маңызды мәселелерге қатысты балаларымды түзету қажет болғанда, мұны оларды жақсы көргендіктен істеп жатқанымды анық көрсетуге тырысамын”,— дейді.
6. Балаларды қорғау
Балаларды қауіпті әрі зиянды ортадан қорғау қажет. Өкінішке қарай, осы дүниеде бейкүнә балаларға зиян келтіруді көздейтін “қара ниеттілер” бар (Тімотеге 2-хат 3:1—5, 13). Балаларыңызды қалай қорғай аласыз? Киелі кітап мынадай дана кеңес береді: “Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп, зиян табар” (Нақыл сөздер 22:3). Балаларды бақытсыздықтан қорғау үшін қауіп-қатерді байқай білуіңіз керек. Бұл үшін қиыншылыққа душар ететін жағдайларды көре біліп, оның алдын алған дұрыс. Мысалы, балаларыңызға Интернетті қолдануды рұқсат етсеңіз, оны жөнімен пайдалана білетініне көз жеткізіңіз. Бәлкім, компьютерді сырттан қадағалай алатындай ашық жерге қойған дұрыс болар.
Әкелер өз балаларын осы зұлым дүниеде кезігуі мүмкін қауіп-қатерге дайындап, ондай жағдайда не істеу керектігін үйретуі қажет. Сіз қасында болмаған жағдайда, балаларыңызға әлдекім зорлық көрсеткісі келсе, не істеу керектігін біле ме?c Балаларыңыз жыныс мүшелерін дұрыс және бұрыс қолданудың не екенін білу керек. Келвин былай дейді: “Бұл нәрсені үйретуді мен ешқашан басқаларға, тіпті мұғалімдеріне де, қалдырған емеспін. Балаларыма жыныстық қатынас пен бала зорлаушылардан сақтану жайында үйретуді өз міндетім деп есептейтінмін”. Оның балаларының бәрі аман-есен есейіп, қазір бақытты отбасын құрған.
Құдайдан көмек іздеңіз
Әкенің балаларына жасай алатын ең үлкен сыйы — Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болуына көмектесу. Бұл орайда әкенің өз үлгісі өте маңызды. Донизети былай дейді: “Әкелер Құдаймен қарым-қатынасын қаншалықты жоғары бағалайтынын көрсетуі қажет. Бұл әсіресе қиыншылықтарға кезіккендерінде айқын көріну керек. Мұндайда олар Ехобаға толық арқа сүйейтінін көрсетеді. Жасаған игіліктері үшін Құдайға үнемі ризашылық білдіріп, отбасымен дұға етсе, бұдан балалар Құдайға Досы ретінде қараудың маңызды екенін үйренеді”.
Сонымен, жақсы әке болу үшін не қажет? Балаларды тәрбиелеуді жақсы білетін Ехоба Құдайдан басшылық іздеңіз. Егер балаларыңызды Құдай Сөзіндегі нұсқауларға сай тәрбиелесеңіз, Нақыл сөздер 22:6-дағы: “Есейгенде ол содан таймайды да”,— деген сөздердің орындалуын көруіңіз мүмкін.
[Сілтемелер]
a Осы мақалада қарастырылатын Киелі кітаптағы кеңестер, негізінен, әкенің рөліне назар аударғанмен, бұл принциптердің көбісі аналарға да қатысты.
b Ехоба куәгерлері басып шығарған.
c Зорлаушылардан балаларды қалай қорғауға болатыны жөнінде Ехоба куәгерлері басып шығарған 2007 жылғы қазан айының “Ояныңдар!” (3—11 бет., ор.) журналынан қараңыз.
[19-беттегі сурет]
Әке балаларына жақсы үлгі көрсету керек
[20-беттегі сурет]
Әке балаларының рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыру қажет
[21-беттегі сурет]
Балалар сүйіспеншілікпен жөнге салуды қажет етеді