Құдайға жақындаңыз
“Мен, сиынатын Құдай Иең, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін”
“ҚОЛЫМДЫ мықтап ұста”,— дейді әкесі баласына. Олар екеуі жолдан өтпек болып, дайындалып тұр. Кішкентай ғана саусақтарын әкесі қуатты қолымен қысып ұстағандықтан, бала ештеңеден қорықпайды. Осы түртпектеген өмірде біреудің сізді қолыңыздан жетектеп жүргенін қалар ма едіңіз? Олай болса, Ишая пайғамбардың кітабында жазылған сөздер жаныңызға жылу беретініне сенімдіміз (Ишая 41:10, 13 оқыңыз).
Ишая пайғамбар бұл сөздерді Исраил халқына арнап айтқан. Олар Құдайдың “ерекше меншігі” болғанымен, жаулары аз емес-тін (Мысырдан шығу 19:5). Исраилге жауларынан қорқу керек пе еді? Жоқ. Ехоба Құдай оларды Ишая пайғамбар арқылы жігерлендірді. Бұл сөздердің Құдайдың бүгіндегі қызметшілеріне де қатысты екенін есте ұстай отырып, оларды егжей-тегжейлі қарастырайық (Римдіктерге 15:4).
“Қорықпа”,— дейді Ехоба (10-тармақ). Мұның себебін түсіндіріп ол: “Мен сенімен бірге боламын”,— деп қосты. Ехоба Құдай тек көмек қажет болған шақтарда ғана емес, әрдайым қызметшілерімен бірге және әрдайым қол ұшын беруге дайын екеніне сендіреді. Бұл уәделер көңілге медеу сыйлайды емес пе?
Әрі қарай Құдай: “Абыржыма”,— дейді (10-тармақ). Бұл жерде абыржу деп аударылған еврей сөзі “бір нәрсеге алаңдап, жан-жағына қарай беруді” білдіреді. “Мен сенің Құдайыңмын!”— деуімен Ехоба қорқыныштан жалтақтауға еш себептің жоқ екенін көрсетеді. Ол “Хақ тағала” әрі “Құдіретті” Құдай (Забур 90:1). Ал Құдіреті шексіз Құдайдың қызметшілеріне қауіп төндіре алатын кім бар?
Олай болса, Ехоба Құдайдың қызметшілері одан нені күтеді? Оның келесідей уәдесіне назар аударыңызшы: “Жеңімпаз қолыммен сүйемелдеймін” (10-тармақ). Сондай-ақ ол: “Мен, сиынатын Құдай Иең, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін”,— деп сендіреді (13-тармақ). Бұл сөздер туралы не ойлайсыз? Бір еңбекте былай деп түсіндіріледі: “Бұл екі тармақты бірге қарастырғанда, көз алдыңа әке мен баланы елестетесің. [Әкесі] баласына тек қауіп төнгенде ғана келмейді. Ол әрдайым баласының жанынан табылады әрі еш нәрсенің екеуін ажыратып жіберуіне жол бермейді”. Ойлап көріңізші, Ехоба тіпті ең қиын болып көрінген шақтарда халқынан ажырамай, әрдайым қасынан табылады (Еврейлерге 13:5, 6).
Ишая пайғамбардың сөздері бүгіндегі Ехоба Құдайдың қызметшілерінің көңілін көншітеді. Осы “ерекше қиын уақытта” біз өзімізді кей кездері қиындықтың астында қалғандай сезінетініміз рас (Тімөтеге 2-хат 3:1). Бірақ біз жалғыз емеспіз. Ехоба бізді қолымыздан ұстап, сүйемелдеуге дайын. Әкесіне сенген бала сияқты біз де оның қуатты қолынан мықтап ұстап, бізді тура жолмен жетелейтініне және дер кезінде жәрдем беретініне сенімді болайық (Забур 62:8, 9).