Ехоба сені біле ме?
“Ехоба өз меншігіндегілерді біледі” (ТІМ. 2-Х. 2:19).
1, 2. а) Иса үшін не маңызды болған? ә) Қандай сұрақтарды қарастырғанымыз жөн?
БІРДЕ парызшыл Исадан: “Ұстаз, Мұса заңындағы ең басты өсиет қайсысы?”— деп сұрады. Сонда ол: “Ехоба Құдайыңды шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— деп жауап берді (Мат. 22:35—37). Иса көктегі Әкесін қатты жақсы көрген. Ехобаның өзі жайлы не ойлайтыны Иса үшін маңызды болған. Мұны ол өмір бойы Құдайға адал болып қалуымен көрсетті. Сондықтан да өлерінен аз уақыт бұрын Құдайдың алдында өсиеттерін адалдықпен орындайтын қызметшісі ретінде танылғанын сенімділікпен айта алған. Иә, Иса Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмаған (Жох. 15:10).
2 Бүгінде көп адам Құдайды сүйетіндерін айтады. Біз де өзімізді сол адамдардың қатарына жатқызатынымыз сөзсіз. Алайда мына жайлы жақсылап ойланғанымыз абзал: Ехоба мені біле ме? Ол маған қалай қарайды? Мені өз меншігі ретінде тани ма? (Тім. 2-х. 2:19). Әлемнің Әміршісімен тығыз қарым-қатынаста бола алатынымыз керемет емес пе?!
3. Неге кейбіреулер Ехобаның меншігі бола алатындарына күмәнданады және мұндай оймен күресуге не көмектеседі?
3 Алайда Ехобаны жақсы көретін кейбір адамдарға Құдайдың өздері жайлы жақсы ойда бола алатынына сену қиын. Олар өздерін түкке тұрғысыз сезінгендіктен Ехобаның оларды өз меншігі санайтынына күмәнданады. Алайда Құдайдың бізге басқаша қарайтынын білгеніміз жұбаныш береді (Пат. 1-ж. 16:7). Елші Пауыл мәсіхшілерге: “Кім Құдайды сүйсе, Құдай сол адамды біледі”,— деп жазған (Қор. 1-х. 8:3). Демек, Құдай сені білу үшін оны сүйгенің маңызды. Ойлап көрші: Неге сен бұл журналды оқып отырсың? Неліктен Ехобаға шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен қызмет етуге тырысып жүрсің? Егер сен бағышталған әрі шомылдыру рәсімінен өткен болсаң, осы қадамдарды жасауға сені не талпындырды? Киелі кітапта жүректегіні білетін Ехобаның қалаулы адамдарын өзіне жақындатып тартатыны айтылған (Нағай 2:7 ЖДa; Жохан 6:44 оқы). Бұдан шығатын қорытынды — Ехоба сені жақындатып тартқандықтан, сен оған қызмет етіп жүрсің. Ехоба өзіне жақындатқан адал қызметшілерін ешқашан тастамайды. Құдай оларды қатты жақсы көреді әрі өте жоғары бағалайды (Заб. 93:14).
4. Неге біз Құдай алдындағы жақсатымызды сақтауға тырысуымыз керек?
4 Ехоба бізді жақындатып тартқаннан кейін, оның сүйіспеншілігінен айырылып қалмауымыз үшін күш салып отырғанымыз маңызды (Яһуда 20, 21 оқы). Мынаны ұмытпа: Киелі кітапта сенім жолынан ауытқып кету не тіпті Құдайдан алыстап кету әбден мүмкін екені айтылған (Евр. 2:1; 3:12, 13). Мысалы, елші Пауыл Тімөтеге 2-хат 2:19-дағы сөздерді айтпас бұрын, Именей мен Філетті сөз еткен. Бұл екеуі бір кездері Ехобаның меншігі болған, бірақ кейіннен шындық жолынан тайып кетті (Тім. 2-х. 2:16—18). Сондай-ақ Құдайдың ықыласына ие болған Ғалаттағы кейбір мәсіхшілердің де рухани жарықта қала алмағаны есіңде болар (Ғал. 4:9). Олай болса, Ехобамен қарым-қатынасымызға немкетті қарап кетпейік.
5. а) Ехоба қандай қасиеттерді бағалайды? ә) Қандай мысалдарды қарастырамыз?
5 Ехоба үшін қандай қасиеттер әсіресе бағалы? (Заб. 14:1—5; Пет. 1-х. 3:4). Құдай білетін адамдарды ерекшелендіретін қасиеттерге сенім мен кішіпейілділік жатады. Осы қасиеттерімен Ехобаға ұнамды болған екі адамның үлгісін қарастырайық. Сондай-ақ Ехобаның өзін білетініне сенімді болған, алайда менмен болып кетіп, оның ықыласынан айырылған адамның мысалын қарастырамыз. Осы мысалдардан біз өте маңызды сабақ ала аламыз.
Сенімі барлардың түп атасы
6. а) Ыбырайым Ехобаның уәделеріне сенетінін қалай көрсетті? ә) Ехоба Ыбырайымға қалай қараған?
6 Ыбырайым Ехобаға сенген. Киелі кітапта ол сенімі барлардың түп атасы деп аталған (Жар. 15:6; Рим. 4:11). Құдайға деген сенімі оны үйін, достарын және жайлы өмірін тастап, алыс жерге қоныс аударуға талпындырды (Жар. 12:1—4; Евр. 11:8—10). Көп жылдар өткеннен кейін де, Ыбырайымның сенімі берік болып қала берді. Бұл оның Ехобаның нұсқауына мойынсұнып, Ысқақты құрбандыққа шалуға дайын болғанынан анық көрінеді (Евр. 11:17—19). Ыбырайым Ехобаның уәделеріне сенгендіктен, Құдайдың оған деген көзқарасы ерекше еді. Ол Ыбырайымға досы ретінде қараған (Жақып 2:22, 23 оқы).
7. Ыбырайым Ехобаның уәделеріне қалай қараған және бұл оның өмірінен қалай көрінді?
7 Бір айта кетерлік жайт, Ыбырайым уәде етілген жерді өзі өмір сүрген уақытта иемденбеді. Сондай-ақ ұрпақтарының “теңіз жағасындағы құм қиыршығындай” сансыз көп болғанын көрмеді (Жар. 22:17, 18). Осы уәделердің орындалуын көрмесе де, Ыбырайымның Ехобаға деген сенімі берік болып қалды. Ол Ехобаның уәделері міндетті түрде орындалатынына сенген әрі соған сай өмір сүрген (Еврейлерге 11:13 оқы). Ехоба бізді Ыбырайымдікі сияқты сенімі бар адам ретінде біле ме?
Ехобаны күту — сенімнің белгісі
8. Кейбіреулердің қандай орынды қалаулары бар?
8 Біздің кейбір қалауларымыз ұзақ уақыт бойы орындалмауы мүмкін. Мысалы, некеге тұру, балалы болу не денсаулықты жақсарту сияқты нәрселерді қалайтын шығармыз. Бұл — адамға тән, орынды қалаулар. Алайда бұларға бәрінің қолы жете бермейді. Сені де осы жайттар мазалап жүрсе, не істегенің дұрыс? Қалай әрекет ететініңнен сеніміңнің қаншалықты мықты екені көрінеді.
9, 10. а) Кейбіреулер өз қалауларын қалай орындайды? ә) Құдай уәделерінің орындалуына қатысты не ойлайсың?
9 Осы қалауларға Құдай даналығын елемей, өз күшімізбен қол жеткізуге тырысқанымыз дұрыс болмас еді. Бұлай еткеніміз рухани күйімізге нұқсан келтіруі ықтимал. Мысалы, кейбіреулер Киелі кітап принциптеріне қайшы келетін емшараларды таңдайды. Өзге біреулері отбасы мен қауымнан алыстап кетуге мәжбүр ететін жұмысқа орналасады. Тағы біреулері сенбейтін адаммен кездесіп жүреді. Осылай әрекет ететін мәсіхші Ехобаның алдында жақсатқа ие болғысы келетінін көрсете ме? Ыбырайым өзіне берілген уәделердің орындалуын күтпей, шыдамсыздық танытқанда, бұл Ехобаға қалай әсер етер еді? Ыбырайым Ехобаны күтудің орнына сол елде жақсылап орнығып, атын шығару үшін өз бетінше әрекет ете бастағанда не болар еді? (Жаратылыс 11:4 салыстыр). Ехобаның алдындағы жақсатын сақтап қалар ма еді?
10 Ал сен нені қалайсың? Ехобаның орынды қалауларыңды орындайтын Құдай екеніне нық сеніп, оны күтесің бе? (Заб. 144:16). Ыбырайымның жағдайындағыдай, Құдайдың кей уәделері біз қалағандай жақын арада орындалмауы мүмкін. Алайда біздің Ыбырайымдікіндей сенім дамытып, соған сай әрекет еткеніміз Ехобаға ұнайды. Осылай етер болсақ, оның баталарына кенелеріміз шүбәсіз (Евр. 11:6).
Кішіпейілділік пен менмендік
11. Қорахтың қандай артықшылықтары болған және бұл нені көрсетеді?
11 Мұса мен Қорах Ехобаның басшылығы мен шешімдеріне құрмет көрсетуге келгенде екі түрлі әрекет етті. Олардың әрекеттері Ехобаның алдында қандай атқа ие болатындарына әсер етті. Қорах Қахат ұрпағынан шыққан леуілік болғандықтан көп артықшылыққа ие еді. Мысалы, ол Исраил халқының Қызыл теңізден өтуін көрген, Синай тауында тілазарлық танытқандарға шығарылған үкімді орындаушылардың бірі болған әрі келісім сандығын алып жүруге көмектескен (Мыс. ш. 32:26—29; Ру. сан. 3:30, 31). Ол Ехобаға ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен көрінеді, сондықтан көп исраилдіктердің құрметіне ие болған.
12. 28-бетте көрсетілгендей, Қорахтың менмендігі Құдаймен қарым-қатынасына қалай әсер етті?
12 Алайда Исраил халқы Уәде етілген жерге бара жатқанда, Қорах халыққа беріліп отырған басшылыққа күмән келтіре бастады. Кейіннен оған жетекшілердің арасынан 250 адам қосылып, жағдайды өзгерткісі келді. Қорах та, оған қолдау көрсетушілер де Ехобаның ықыласына иеміз деп есептеген көрінеді. Олар Мұсаға: “Жетті енді! Бүкіл қауымның барлығы да қасиетті, әрі олардың арасында Жаратушымыз да бар!”— деді (Ру. сан. 16:1—3). Бұл менмен кісілер өздеріне қалай тым сенімді болған десеңдерші! Мұса оларға: “Жаратушы Иеміз... кімнің өзінікі екендігін көрсетеді”,— деді (Руларды санау 16:5 оқыb). Ертеңінде Қорах пен оның жақтастары мерт болды (Ру. сан. 16:31—35).
13, 14. Мұса кішіпейілділігін қалай көрсетті?
13 Ал Мұса болса “жер бетіндегі барлық пенделер ішіндегі мінезі момын адам болатын” (Ру. сан. 12:3). Момын әрі кішіпейіл екенін ол Ехобаның басшылығына мойынсұнуға даяр болуымен көрсетті (Мыс. ш. 7:6; 40:16). Жазбаларда Мұсаның Ехобаның істеріне жиі қарсылық білдіргені не оның нұсқауларын орындағысы келмей ашуланғаны айтылмаған. Ехоба оған киелі шатырдың құрылысына қатысты егжей-тегжейлі нұсқаулар берген. Бұған шатыр жапқышын жасауға қолданылу керек жіптің түсі мен ілгек саны сияқты майда-шүйде нәрселер де кірді (Мыс. ш. 26:1—6). Саған Құдай ұйымындағы бақылаушының берген нұсқаулары кейде қол-аяғыңды матап тастайтындай көрініп, ұнжырғаңды түсіретін шығар. Алайда Ехобаның өз қызметшілеріне сенім артып, ісін жомарттықпен тапсыратын кемелді бақылаушы екенін ұмытпаған жөн. Ол нұсқауларын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп бергенде, мұны келелі себеппен істейтіні шүбәсіз. Бір ескерерлік жайт — Мұса өзіне берілген егжей-тегжейлі нұсқауларға беделін түсіретіндей, еркіндігін шектеп, жасампаз болуға мүмкіндік бермейтіндей қарап, ашуланбаған. Қайта, жұмыстың “дәл Жаратушы Ие... бұйырғандай” жасалғанын қадағалаған (Мыс. ш. 39:32). Бұл кішіпейілділіктің керемет үлгісі емес пе?! Мұса бұл істің Ехобанікі екенін және өзінің жай ғана Құдай қолындағы құрал екенін түсінген.
14 Басына қиын жағдай туғанда да, Мұса кішіпейілділік танытты. Бірде ол күңкілдеген халыққа ашуланып, Құдайды даңқтаудың орнына өзіне назар аударды. Нәтижесінде Ехоба оған Уәде етілген жерге халықты алып кіруге рұқсат етпеді (Ру. сан. 20:2—12). Мұса ағасы Һаронмен бірге жылдар бойы исраилдіктердің күңкіліне төзіп келген еді. Ал енді осы бір жалғыз қателігі үшін ұзақ уақыт бойы күткен қалауына қол жеткізе алмайтынын білді. Бұған ол қалай қарады? Оның көңілі түскені түсінікті-ақ, десе де ол Ехобаның бұл шешімін кішіпейілділікпен қабылдады. Ол Ехобаның әділ Құдай екенін білген (Заң. қ. 3:25—27; 32:4). Бүгінде сен Мұса жайлы ойланғанда, оны Ехоба білетін адам ретінде қарастырады емессің бе? (Мысырдан шығу 33:12, 13 оқы).
Мойынсұну үшін кішіпейілділік қажет
15. Қорахтың мысалынан қандай сабақ аламыз?
15 Мәсіхшілердің дүниежүзілік қауымындағы өзгерістерге және жетекшілік ететін бауырластардың шешімдеріне қалай қарайтынымыз Ехобаның біз жайлы не ойлайтынына әсер етеді. Қорах пен оның жақтастары өздеріне тым сенімді әрі менмен болып кеткендіктен және сенімдері аз болғандықтан Ехобаның ықыласынан айырылып қалды. Қорах қартайып қалған Мұса өз бетінше шешім қабылдап жүр деп ойлады, бірақ шын мәнінде мұның артында халықты жетелеп келген Ехоба тұрған еді. Қорах осыны есінен шығарып алғандықтан Құдай тағайындаған адамдарға мойынсұнудан қалды. Қорахтың шыдамдылық танытып, Ехоба жағдайды анықтап бергенше не қажет болған жағдайда іске араласқанша күте тұрғаны әлдеқайда дұрыс болмас па еді?! Менмен болып кеткен Қорах ақыр соңында жылдар бойы қасықтап жинағанын, шелектеп төгіп, Құдай алдындағы жақсатынан айырылып қалды.
16. Мұсаның кішіпейілділігіне еліктегеніміз Ехобаның ықыласына ие болуға қалай көмектеседі?
16 Бұл оқиға бүгінде ақсақалдарға да, қауымдағы басқа мәсіхшілерге де жақсы ескерту болып табылады. Ехобаны күтіп, оның тағайындаған қызметшілеріне мойынсұну үшін кішіпейілділік қажет. Біз де Мұса сияқты кішіпейіл де момын екенімізді көрсетіп жүрміз бе? Жетекшілік ететіндерді кім тағайындағанын есте ұстай отырып, олардың нұсқауларына мойынсұнамыз ба? Күткеніміз орындалмаған кездері сезімдерімізге ерік берудің орнына ұстамдылық танытамыз ба? Осылай етер болсақ, біз де Ехобаның ықыласына ие боламыз. Кішіпейілділігіміз бен мойынсұнушылығымыз бізді Ехобаның көзінде сүйкімді ете түсері сөзсіз.
Ехоба өз меншігіндегілерді біледі
17, 18. Ехобаның меншігі болып қала беруге не көмектеседі?
17 Ехобаның көңілінен шыққан адал қызметшілер жайлы ой жүгірткеніміз біз үшін пайдалы. Ыбырайым мен Мұса біз сияқты қателіктер жіберетін кемелсіз адамдар болған. Десе де, Ехоба оларды өз меншігі деп санаған. Қорахтың мысалынан Ехобадан алыстап, оның ықыласынан айырылып қалуымыз әбден мүмкін екені көрінеді. Әрқайсымыздың мына жайлы ойланғанымыз дұрыс: Ехоба мен туралы қандай ойда? Киелі кітаптағы осы оқиғалардан не нәрсеге үйрене аламын?
18 Ехоба өзіне жақындатып тартқан адал қызметшілерін меншігі деп санайтынын білгенің саған жұбаныш берсін. Сенім мен кішіпейілділік сияқты Құдайға жақындата түсетін қасиеттерді әрі қарай да дамыта бер. Ехобаның бізді білгені қазірдің өзінде қанағат сезіміне бөлеп, ал болашақта мәңгі баталарға кенелтетін керемет мәртебе екені даусыз! (Заб. 36:18).
[Сілтемелер]
a Нағай 2:7: “Мен халықтардың барлығын сілкіп аламын, сонда барлық халықтан қалаулылар келеді, сөйтіп бұл үйді даңққа бөлеймін,— дейді Ехоба”.
b Руларды санау 16:5: “Сөйтті де Корей [Қорах] мен оның барлық сыбайластарына сөзін арнап, былай деді: —Ертең Жаратушы Иеміз оны өзіне жақын тарту үшін кімнің өзінікі екендігін және кімнің қасиетті екендігін көрсетеді және де ол кімді таңдап алса, дәл соны Өзіне жақын тартатын болады”.
Естеріңде ме?
• Ехобамен қандай қарым-қатынасқа ие бола аламыз?
• Ыбырайымның сеніміне қалай еліктеуге болады?
• Қорах пен Мұсаның мысалынан қандай сабақ аламыз?
[26-беттегі сурет]
Ыбырайым сияқты біз де Ехобаның барлық уәделерін орындайтынына сенімдіміз бе?
[28-беттегі сурет]
Қорах кішіпейілділік танытқысы келмей басшылыққа мойынсұнбады
[29-беттегі сурет]
Ехоба сені басшылығына кішіпейілділікпен мойынсұнатын адам ретінде біле ме?