Қиындықтар туындағанда Пінехес сияқты әрекет етесің бе?
ҚАУЫМ ақсақалы болып қызмет ету — асқан мәртебе. Алайда Құдай Сөзінде ақсақалдардың қиындықтарға кезігетіні де айтылған. Мысалы, оларға күнә жасаған бауырластардың ісін қарастырып, “Жаратқан Иенің сотын жасау” керек болып жатады (Шеж. 2-ж. 19:6). Я болмаса қандай да бір тапсырма алғанда, Мұса сияқты өздерін дәрменсіз сезінуі мүмкін. Құдайдың бұйрығын естігенде, Мұса: “Перғауынға барып, исраилдіктерді Мысырдан алып шығатындай соншама мен кіммін?”— деп жауап қайырған (Мыс. ш. 3:11).
Ақсақалдар киелі рухтың басшылығымен тағайындалады. Ал Құдай рухының жетелеуімен жазылған Киелі кітапта бүгіндегі ақсақалдарға үлгі боларлық ежелдегі бақылаушылардың мысалдары бар. Солардың бірі — Елазар ұлы Пінехестің мысалы. Ол Исраилдің бас діни қызметкері болған Һаронның ұрпағы еді. Пінехестің өмірінде орын алған үш оқиға қиындықтарға тап болғанда, ақсақалдарға батылдық, парасаттылық таныту және Ехобаға арқа сүйеу қажет екенін көрсетеді.
Ол бірден әрекет етті
Исраилдіктер Моаб жазықтарына қоныс тепкен кезде Пінехес жас жігіт еді. Киелі кітапта сол уақыт жайлы былай делінген: “Халық Моаб қыздарымен зинақорлық жасап, бұзылды... құдайларының құрбандықтарынан жеді және осылардың құдайы атынан ант-су ішетін күйге жетті” (Ру. сан. 25:1, 2). Ехоба күнә жасағандарды өлім жазасына кесті. Халықтың күнәға батып, Құдайдың жазасына ұшырағанын естігенде, Пінехес қатты күйзелген болса керек.
Әрі қарай былай деп оқимыз: “Халық киелі шатырдың алдында жылап отырған кезде, Мұсаның көзінше және Исраил ұрпағының барша қауымының көз алдында, міне, Исраил әулетінің әлдебіреуі мадияндық әйелді қасына ертіп, өз бауырларына алып келді” (Ру. сан. 25:6). Осы жайттың куәсі болған жас діни қызметкер Пінехес не істеді екен? Ол заңды бұзған исраилдік рубасыға қарсы шықты ма? (Ру. сан. 25:14).
Пінехес адамнан емес, Ехобадан қорқатын. Сондықтан ол бірден қолына найза алып, шатырға кірді де, әлгі исраилдік кісі мен мадияндық әйелді шаншып өлтірді. Ехоба Пінехестің батыл әрекетіне қалай қарады? Ол райынан қайтып, халыққа қаһарын төгуді доғарды. Ал Пінехеске ұрпағы мәңгілік діни қызметкерлер болатынын уәде етті (Ру. сан. 25:5—13).
Әрине, бүгінде ақсақалдар мәселені шешу үшін күш көрсетпейді. Десе де олар Пінехес сияқты бірден әрі батыл әрекет етулері керек. Мысалға, Гильермоны алайық. Ақсақал ретінде тағайындалғанына бірнеше ай болғанда, ол сот комитетіне қатысуға шақырылады. Онда Гильермоға жасөспірім кезінде көмек көрсеткен ақсақалдың ісі қарастырылмақ еді. “Мен өзімді ыңғайсыз жағдайда қалғандай сезіндім,— дейді ол.— Түнде ұйқыдан қалдым. Бар ойым бұл мәселені сезімге берілмей, Ехобаның нормаларына сай шешілуіне үлес қосу еді. Бірнеше күн бойы Ехобаға дұға етіп, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді зерттеумен болдым”. Мұның бәрі Гильермоға осы ерекше жағдайда батыл әрекет етіп, күнә жасаған бауырласына рухани көмек көрсетуге көмектесті (Тім. 1-х. 4:11, 12).
Қауымда қиын жағдай туындағанда, ақсақалдар бірден әрі батыл әрекет ету арқылы берік сенім мен адалдықтың үлгісін көрсетеді. Қауым мүшелеріне де біреудің ауыр күнә жасағаны туралы ақсақалдарға айту үшін батылдық қажет. Ал қауымнан шығарылған досымыз не туысымызбен араласуды доғару арқылы адалдық танытамыз (Қор. 1-х. 5:11—13).
Парасаттылық бейбітшілік сақтауға көмектеседі
Пінехестің батылдығы жалындаған жастық отының әсерінен тумаған еді. Ол ұзын құлақтан бір сыбыс естігенде, қалай парасаттылық танытқанын, яғни ойланып әрі ақылмен әрекет еткенін қарастырайық. Рубен, Ғад және Манаса руының жартысы Иордан өзенінің жанында құрбандық шалатын орын жасаған болатын. Сонда қалған исраилдіктер мұны жалған құдайларға арналған орын деп тұжырымдады да, оларға қарсы соғыс ашпақшы болды (Ешуа 22:11, 12).
Ал Пінехес не істеді? Ол Исраилдің рубасыларымен бірге құрбандық шалатын орынды жасаған адамдармен сөйлесіп, мәселенің анық-қанығына жетуге тырысты. Сөйтіп, әлгі рулардың құрбандық шалатын орынды Ехобаға деген адалдықтарының белгісі ретінде соққаны белгілі болды да, мәселе бейбіт жолмен шешілді (Ешуа 22:13—34).
Мәсіхші қандай да бір бауырласы жайлы жағымсыз сөздер естігенде, Пінехес сияқты әрекет еткені даналық болар еді. Парасаттылық қасиеті ренжігіш болмауға және бауырластарымыз туралы жағымсыз әңгімелер таратпауға көмектеседі (Нақ. с. 19:11).
Парасаттылық ақсақалдарға Пінехеске ұқсап әрекет етуге қалай көмектеседі? Он жылдан бері ақсақал ретінде қызмет етіп жатқан Хайме былай дейді: “Қауым мүшесі біреумен түсініспеушілігі жайлы айта бастағанда, мен бірден Ехобаға дұға етіп, ешкімге жақтаспауға, қайта, Жазбаларға негізделген кеңес беруге көмектесуін сұраймын. Бірде әйел бауырлас маған басқа қауымдағы жауапты бауырласқа ренжіп жүргенін айтты. Ол ер бауырлас менің жақын досым болғандықтан, онымен өзім сөйлессем де болар еді. Бірақ мен әйел бауырласты Киелі кітаптағы принциптердің үстінен бірге ой жүгіртуге шақырдым. Сөйтіп, ол өзі барып бауырласпен сөйлесті (Мат. 5:23, 24). Бірақ татулық бірден орнай қойған жоқ. Сонда мен оны басқа принциптерді қарастыруға талпындырдым. Ол осы жағдай жайлы қайтадан дұға етіп, ер бауырласты кешіруге тырысатынын айтты”.
Нәтижесінде не болды? “Бірнеше айдан соң,— деп есіне алды Хайме, —әйел бауырлас маған қайта жолықты. Ол ренжіткен бауырластың өкінгенін айтты. Сосын, олар уағыздау қызметіне шығып, ақырында түсініспеушіліктің түйіні тарқалып, қарым-қатынастары жақсарыпты. Егер мен сол жағдайда араларына түскенімде, сыңаржақ болып көрінер едім. Сонда жақсы нәтижеге қол жеткізуіміз екіталай болар еді”. Киелі кітапта былай деп кеңес беріледі: “Көргеніңді сотқа айтуға асықпа” (Нақ. с. 25:7). Парасатты ақсақалдар араларында келіспеушілігі бар мәсіхшілерді Жазбалардағы кеңестерді қолдану арқылы татулық сақтауға шақырады.
Пінехес Ехобаға арқа сүйеді
Пінехес Құдай таңдаған халықтың діни қызметкері болды. Жоғарыда айтылғандай, ол ерекше батыл, әрі жастығына қарамастан парасатты еді. Алайда қиындықтарға кезіккенде, Пінехес Ехобаға арқа сүйегеннің арқасында олармен күресе біліп, жетістікке жетті.
Бірде Бунямин руына жататын гибеялық ер адамдар бір леуілік кісінің күңін зорлап өлтіреді. Сонда қалған рулар Бунямин руына қарсы шықпақ болады (Би. 20:1—11). Олар Ехобадан көмек сұрап дұға еткенмен, буняминдіктерден екі рет ойсырата жеңіледі (Би. 20:14—25). Сонда олар дұғалары жауапсыз қалды деп ойлаған болар. Зұлымдыққа қарсы жасаған әрекеттерін Ехоба қолдамады деп пайымдаған болса керек.
Бұл кезде Пінехес бас діни қызметкер болатын. Ехобаға деген сенімі еш шайқалмаған ол: “Мен өзімнің бауырым Бунямин ұлдарына қарсы шайқасқа тағы шығайын ба, жоқ па?”— деп дұға етті. Сонда Ехоба Пінехес пен он бір руға жеңіс сыйлады. Сөйтіп, Буняминнің Гибея қаласы күл-талқан болды (Би. 20:27—48).
Осы оқиғадан біз қандай сабақ аламыз? Қауымдағы кейбір қиындықтар ақсақалдар дұға етіп, оларды шешуге қаншама тырысса да, шешілмеген күйі қала беруі мүмкін. Мұндай кезде олар Исаның келесі сөздерін есте ұстағандары жөн: “Сұрай беріңдер [дұға ете беріңдер], сонда беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда ашылады” (Лұқа 11:9). Бақылаушылар, тіпті дұғаларың жауапсыз қалғандай болып көрінсе де, Ехоба өз уақытында жауап беретініне сенімді болыңдар.
Мысалы, Ирландиядағы бір қауымға Патшалық сарайы аса қажет еді. Алайда қалалық құрылыстың бастығы оларға көмектескісі келмеді. Ол бауырластардың белгілі бір жерде құрылыс жүргізуге қатысты өтініштерін қабылдамай қойды. Оларға енді мемлекеттегі барлық құрылысқа жауапты адамға жүгінуден басқа амалдары қалмағандай көрінді. Пінехестің кезіндегідей, дұғалары қиындықтың шешілуіне ықпал етті ме?
Жергілікті ақсақал былай деп есіне алды: “Жан-тәнімізбен дұға етіп, жалбарына көмек сұраған соң, жолға шықтық. Алайда құрылыс басқармасына келгенде, бастықпен бірнеше аптадан соң ғана кездесе алатынымызды білдік. Десе де оған бес-ақ минутқа кіріп-шығуға мүмкіндік пайда болып, қайта сызылған жоспарымызды көрсеттік. Ол көп ойланбастан рұқсатын берді. Содан кейін өзіміздің қалалық құрылыс бастығының беті бері қарап, бізге барынша көмектесе бастады. Бұл жағдай бізге дұға етудің қаншалықты маңызды екенін көруге көмектесті”. Иә, Ехоба өзіне арқа сүйейтін ақсақалдардың дұғаларына жауап беретіні сөзсіз.
Ежелгі Исраилде үлкен жауапкершіліктер атқарған Пінехес батылдық, парасаттылық қасиеттерін танытып, Құдайға арқа сүйеген. Осының арқасында ол кез келген қиындықтарды жеңе алған. Сондай-ақ Исраил халқының қамын шын жүректен ойлағандықтан, ол Ехобаның ықыласына ие болған. Шамамен 1000 жылдан кейін Езра рухтың жетелеуімен былай деген болатын: “Елазардың ұлы Пінехес оларға басшылық еткен, ал Ехоба оны қолдаған” (Шеж. 1-ж. 9:20 ЖД). Бүгінде Құдай халқының жетекшілері мен адал қызмет етіп жүрген мәсіхшілердің бәрі лайым Пінехестен үлгі алғай!