Жүлдені жеңіп алатындай жүгіріңдер
“Ендеше соны жеңіп алатындай болып жүгіріңдер” (ҚОР. 1-Х. 9:24).
1, 2. а) Пауыл еврей мәсіхшілерін қалай жігерлендірді? ә) Жарысты сәтті аяқтау үшін Құдайдың қызметшілері не істеу керек?
ЕЛШІ Пауыл еврей мәсіхшілерін жігерлендіру үшін оларды жарысқа қатысып жатқан жүйріктерге теңеді. Ол Құдайдың ежелгі қызметшілері де өмір үшін жүгіріп, жеңіске жеткендерін естеріне салды. Ал енді жеңімпаз болған осы “бұлт іспетті көп куәгер” мәсіхшілерді қоршап тұрды. Сол адал қызметшілердің сенімін паш еткен әрекеттері мен құлшыныстарын есте ұстағандары еврей мәсіхшілеріне жарыста белсенді жүгіріп, жеңіске жетуге көмектесер еді.
2 Алдыңғы мақалада Ехобаның кейбір адал қызметшілерінің өмірін талқылаған едік. Олар мызғымас сенімінің арқасында өле-өлгенше Құдайға адал болып қалды, яғни өмір жарысында мәреге жетті. Ал біз жарысты сәтті аяқтау үшін не істеуіміз керек? Пауыл былай деді: “Біз де ауыртпалық болатын кез келген нәрседен және тез шырмап алатын күнәдан арылып, алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік” (Евр. 12:1).
3. Пауылдың грек жүйріктері жайлы мысалынан мәсіхшілер не нәрсеге үйрене алады?
3 Пауыл мәсіхшілерді “ауыртпалық болатын кез келген нәрседен... арылуға” шақырды. Алғашқы мәсіхшілердің заманындағы жүйріктер туралы бір кітапта былай делінген: “Гректер жаттығу мен жарыс кезінде жалаңаш жүретін”a (“Backgrounds of Early Christianity”). Бүгінде бізге жалаңаш жүгіру ұятсыздық әрі көргенсіздік болып көрінер. Алайда жеңіске жетуге еш нәрсе кедергі болмас үшін ежелгі жүйріктер осылай жүгірген. Пауыл “ауыртпалық болатын кез келген нәрседен... арылайық” деуімен еврей мәсіхшілерін мәңгілік өмір жүлдесін алуға кедергі болуы мүмкін кез келген нәрседен құтылуға шақырды. Бұл кеңес әлі де күшін жоғалтқан жоқ. Олай болса, бүгінде жарысқа қатысып жатқан мәсіхшілердің жолында қандай кедергілер болуы мүмкін?
“Ауыртпалық болатын кез келген нәрседен арылыңдар”
4. Нұхтың заманында адамдардың көңілдерін не жаулап алды?
4 Пауыл айтқан “ауыртпалыққа” жарысты аяқтау үшін бар назарымызды және күшімізді салуға кедергі жасайтынның бәрі жатады. Иса ауыртпалыққа нақты не жататынын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Пауыл сенімі берік адамдардың қатарына жатқызған Нұхтың күндері туралы Иса былай деген: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлының күндерінде де сондай болады” (Лұқа 17:26). Иса сол кездегі жойқын апатқа емес, адамдардың өмір салтына баса назар аударды (Матай 24:37—39 оқы). Нұхтың заманында адамдардың басым көпшілігі Құдайға ұнамды өмір сүрмек түгілі, ол туралы естігісі де келмеді. Бұған не себеп болды? Өмірдің кәдуілгі нәрселері олардың көңілін жаулап алды. Адамдарға ішіп-жеу, әйел алып, қыздарын ұзату тым маңызды болғандықтан, олар Құдайдың ескертуі жайлы “еш ойланбады”.
5. Жарысты сәтті аяқтауға не көмектеседі?
5 Нұхтың отбасы сияқты бізге де күнделікті шаруамен айналысу қажет. Ақша табу үшін жұмыс істеп, өзіміздің әрі отбасымыздың қамын ойлауымыз керек. Бұл үшін көп уақыт пен күшімізді жұмсаймыз. Қаржы жағынан қысылып қалғанда, қажеттіліктеріміз жайлы көп уайымдап кетуіміз мүмкін. Бұған қоса біз Құдайға бағышталдық. Сондықтан бізде теократиялық міндеттер бар. Мысалы, біз уағыз ісіне атсалысамыз. Қауым кездесулеріне дайындалып, оларға қатысамыз. Киелі кітапты жеке зерттейміз және отбасылық ғибадат кештерін өткіземіз. Нұхтың да көптеген міндеттері болған. Соған қарамастан ол “Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді” (Жар. 6:22). Мәреге жету үшін Құдайдың айтқандарын толықтай орындап, кез келген қажетсіз жүктен арылуымыз керек.
6, 7. Исаның қандай кеңесін жадымызда ұстағанымыз жөн?
6 Пауыл “ауыртпалық болатын кез келген нәрседен арылыңдар” деуімен не айтқысы келді? Ол барлық міндеттен құтылыңдар дегісі келген жоқ, өйткені олардың кейбірі маңызды болып табылады. Бірақ күнделікті қажеттіліктер жайлы Исаның айтқан сөздерін есте ұстағанымыз абзал. “Не ішіп-жейміз? Не киеміз?” деп ешқашан уайымдамаңдар. Себебі басқа ұлт адамдарының бар есіл-дерті осы нәрселерде. Ал бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой”,— деді ол (Мат. 6:31, 32). Исаның сөздеріне сай, тамақ, киім сияқты күнделікті қажеттіліктерге тиістісінен артық көңіл бөлсек, олар алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіруге кедергі жасауы мүмкін.
7 Енді Исаның “бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі” деген сөздеріне тоқталайық. Бұл сөздер көктегі Әкеміз Ехоба біздің қажеттіліктерімізді қамтамасыз ететінін көрсетеді. Әрине, “бұлардың бәрі” деген тіркес қалағанымыздың бәріне ие боламыз дегенді білдірмейді. Әйтсе де “басқа ұлт адамдарының бар есіл-дерті” болып жүрген нәрселер жайлы уайымдамауымыз керек. Неге? Иса былай деп түсіндірді: “Өздеріңе сақ болыңдар! Тым көп тамақ жеу, шектен тыс ішімдік ішу және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алып, сол күн сендерге қапылыста келіп, тор сияқты болмасын” (Лұқа 21:34, 35).
8. Неге әсіресе қазір “ауыртпалық болатын кез келген нәрседен арылу” қажет?
8 Мәре сызығы қол созым жерде тұр. Қажетсіз нәрселердің бөгет болуына жол беріп, мәреге жақындап қалған кезде жарыстан шығып кеткеніміз қандай өкінішті болар еді! Сондықтан елші Пауылдың: “Қолда барға қанағат етсек, Құдайға шын берілгендік зор пайданың көзі болады”,— деген кеңесіне құлақ асу даналыққа жатады (Тім. 1-х. 6:6). Пауылдың сөздеріне құлақ ассақ, жарысты жалғастыру оңайырақ болады. Ал ақырында жеңімпаз атанатын боламыз.
“Тез шырмап алатын күнәдан арылыңдар”
9, 10. а) “Тез шырмап алатын күнә” деген не? ә) Мәсіхшінің сенімімен не болуы мүмкін?
9 Пауыл “кез келген ауыртпалықпен” қатар “тез шырмап алатын күнәдан” арылуға шақырды. “Тез шырмап алатын” деп аударылған грек сөзі Киелі кітаптың тек осы тармағында кездеседі. Альберт Барнс деген ғалымның айтуынша, жүйрік аяғына оратылып, жүгіруге кедергі жасайтын киім кимеу керек болғаны сияқты, мәсіхшілер де өмір үшін жарыста кез келген нәрсенің кедергі болуына, яғни сенімінің әлсіреуіне тіпті оның жоғалуына жол бермеу керек еді. Қалайша мәсіхші сенімінен айырылып қалуы мүмкін?
10 Мәсіхші сенімінен бір сәтте айырылып қалмайды. Бұл бірте-бірте болады. Мәсіхші мұны тіпті байқамай да қалуы мүмкін. Хатының басында Пауыл “сенім жолынан ешқашан ауытқып кетпеңдер” және “жүректерің зұлым әрі сенімнен ада болып жүрмесін” деп ескерткен (Евр. 2:1; 3:12). Жүйріктің киімі аяғына шырмалып қалса, ол міндетті түрде шалынып құлайды. Сондықтан жарысқа қатысарда жүйрік қандай киім кию керектігіне қатысты ескертуге құлақ асуы керек. Ал ескертуді елемеуіне не себеп болуы мүмкін? Бұған оның немқұрайдылығы немесе өзіне тым сенімді болуы я болмаса басқа нәрселерге алаңдай беруі себеп болуы мүмкін. Біз Пауылдың кеңесіне қалай құлақ асамыз?
11. Не себепті сенім жолынан ауытқып кетуіміз мүмкін?
11 Мәсіхшінің сенімнен айырылуына әдетте өзінің саналы түрде істеген әрекеттері себеп болып жатады. “Тез шырмап алатын күнә” туралы сөз қозғаған бір ғалымның айтуынша, адамның жағдайы, араласатын ортасы және құмарлықтары оған қатты әсер етеді. Осылардың кесірінен сеніміміз әлсіреуі не одан мүлдем ада болуымыз мүмкін (Мат. 13:3—9).
12. Сенімнен ада болып қалмау үшін қандай ескертулерге құлақ асқанымыз жөн?
12 Адал да ақылды құл не көретінімізге және не тыңдайтынымызға мұқият болу керектігін қайта-қайта есімізге салып отырады. Өйткені бұлар санамыз бен жүрегімізге әсер етеді. Сондай-ақ құл табы бізді көп ақша мен дүние-мүлікке құмар болудан сақтандырады. Осы дүние ұсынып жатқан көңіл көтеру түрлері мен жаңа техника құрылғыларына құмар болсақ, көп уақытымыз соларға кетуі және маңызды нәрселер жайына қалуы мүмкін. Бұл кеңестер тым көп шектеу қояды немесе олардың маған еш қатысы жоқ деп ойлау өте қауіпті. Біз кеңестерге құлақ аспай кетуіміз үшін, Шайтан осы дүниенің алдамшы көзқарасын қолданып, білдіртпей әсер етуге тырысады. Ескертулерге немқұрайды қараған, өздеріне тым сенімді болған және осы дүниелік нәрселерге алаңдай берген кейбір мәсіхшілер сенімдерінен айырылды. Құдайдың ескертулерін елемейтін болсақ, біздің де өмір жүлдесіне жетуіміз екіталай (Жох. 1-х. 2:15—17).
13. Зиянды әсерге қалай қарсы тұруға болады?
13 Күн сайын кезіккен осы дүниенің адамдары бізге өз мақсаттарын, құндылықтары мен көзқарастарын тықпалауға тырысады (Ефестіктерге 2:1, 2 оқы). Дегенмен олардың ырқына көнеміз бе, жоқ па — бұл өзімізге байланысты. Пауылдың айтуынша, осы дүниенің көзқарасы бізді қоршап тұрған “ауа” сияқты. Алайда бұл “ауа” уланған. Ендеше тұншығып не уланып қалмау үшін абай болуымыз керек, әйтпесе мәреге жете алмай қаламыз. Жарыстан шығып кетпеуімізге не көмектеседі? Ең алдымен, осы жарыста бас жүлдеге ие болған Исаның үлгісіне еліктеу көмектеседі (Евр. 12:2). Сондай-ақ Пауылдың үлгісіне де еліктегеніміз дұрыс, өйткені ол да жүлдеге ие болу үшін қашықтыққа жүгірген және бауырластарды өзіне еліктеуге шақырған (Қор. 1-х. 11:1; Філіп. 3:14).
Жүлдені қалай жеңіп алуға болады?
14. Пауыл үшін мәреге жету қаншалықты маңызды болды?
14 Пауыл үшін мәреге жету қаншалықты маңызды болған? Ефес қауымының ақсақалдарына ол былай деп жазды: “Мен өз жанымды ойламаймын... Иеміз Иса тапсырған қызметімді ақырына дейін атқарсам және жарысымды аяқтасам болғаны” (Ел. іс. 20:24). Пауыл жарысты аяқтау үшін бәрін, тіпті өмірін құрбан етуге дайын болды. Ол ізгі хабарды ынты-шынтысымен уағыздады. Егер жарысты аяқтамаса, осыншама еңбегінің бәрі ол үшін зая кеткен болар еді. Дегенмен Пауыл жарысты сүрінбей өтетініне тым сенімді болған жоқ (Філіпіліктерге 3:12, 13 оқы). Тек өмірінің соңына таман ол сенімділікпен былай дей алды: “Мен ізгі күрес жүргіздім, мәреге жеттім, сенімімді сақтап қалдым” (Тім. 2-х. 4:7).
15. Пауыл бауырластарды не нәрсеге талпындырды?
15 Пауыл бауырластарының да жарысты аяқтағанын қалады. Мысалы, ол Філіпідегі мәсіхшілерді құтқарылу үшін көп еңбек етуге және “өмір сөзін берік ұстануға” шақырды. Олардың бұлай еткені қаншалықты маңызды екенін айтып, Пауыл: “Мен босқа жүгірмегеніме және еңбегім зая кетпегеніне Мәсіхтің күнінде қуанатын боламын”,— деді (Філіп. 2:16). Сондай-ақ ол Қорынттағы мәсіхшілерді де: “Жарысты жүлдені жеңіп алатындай жүгіріңдер”,— деп талпындырды (Қор. 1-х. 9:24).
16. Не нәрсеге сенімді болуымыз керек?
16 Ұзақ қашықтыққа жүгірген жүйрік мәре сызығын алғашында көрмейді. Бірақ ол мәре сызығын ойда ұстап жүгіреді. Ол жарысты аяқтап келе жатқанын және мақсатына жақындап қалғанын білгенде, одан сайын алға басуға тырмысады. Мәсіхшілердің өмір жарысында дәл солай. Алда жүлде күтіп тұрғанына сенімді болуымыз керек. Бұл бізге жарысты аяқтап, жүлдеге ие болуға көмектеседі.
17. Сенім бар назарымызды алда күтіп тұрған жүлдеге аударуға қалай көмектеседі?
17 “Сенім дегеніміз — негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену және көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін көру”,— деп жазды Пауыл (Евр. 11:1). Ыбырайым мен Сара Урдағы жайлы өмірлерін тастап, бөтен жерде “жатжерлік әрі уақытша тұрғындар” іспетті өмір сүруге дайын болды. Бұлай етуге оларға не көмектесті? Құдайдың уәделерінің орындалғанын олар алыстан көріп қуанды. Мұса да “күнәдан уақытша рақат алудан” және “Мысырдың қазыналарынан” бас тартуға дайын болды. Ол ненің арқасында батылдық пен сенімділік таныта алды? Мұса “бар назарын алатын сыйына тікті” (Евр. 11:8—13, 24—26). Пауылдың айтуынша, бұл адамдар “сенімі болғандықтан” осылай әрекет етті. Алда жүлде күтіп тұрғанына сенімді болғаны сонша, олар ешбір қиындықтың жүлдені ұмыттыруына жол бермеді. Олар Құдайдың өздеріне көмектесіп жатқанын білді әрі уәделерінің бәрі де болашақта орындалатынына еш күмәнданбады.
18. “Тез шырмап алатын күнәдан арылу” үшін біз нақты не істей аламыз?
18 Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында айтылған Құдай қызметшілері туралы ой жүгіртіп, оларды үлгі етсек, берік сенімге ие боламыз әрі “тез шырмап алатын күнәдан арыла” аламыз (Евр. 12:1). Сонымен қатар осындай сенім дамытуға тырысып жатқан бауырластармен бірге бас қосу арқылы бір-бірімізді “сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыра” аламыз (Евр. 10:24).
19. Неліктен жүлдені назарда ұстау қазір әсіресе маңызды?
19 Біз жарысты аяқтауға бір табан жақын тұрмыз. Мәре сызығы қол созым жерде. Берік сенім мен Ехобаның көмегінің арқасында “біз де ауыртпалық болатын кез келген нәрседен және тез шырмап алатын күнәдан арыла” аламыз. Иә, біз Ехоба Әкеміз уәде еткен жүлдені жеңіп алатындай жүгіре алатынымыз сөзсіз.
[Сілтеме]
a Ежелдегі яһудилер гректердің осылай жүгіргенін көргенде, төбе шаштары тік тұратын. Бір көне кітапта Ясон атты жолдан тайған бас діни қызметкер Иерусалимде гректердікі сияқты спорт кешенін салмақшы болғанда, яһудилердің бұған қатты наразы болғаны айтылған (2 Макк. 4:7—17).
Естеріңде ме?
• “Ауыртпалық болатын кез келген нәрседен” қалай арыла аламыз?
• Мәсіхші не себепті сенім жолынан ауытқып кетуі мүмкін?
• Неге алда сый күтіп тұрғанына сенімді болуымыз керек?
[23-беттегі сурет]
“Тез шырмап алатын күнә” деген не және ол бізді қалай шырмап алады?