Алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік!
“Біз де алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік” (ЕВР. 12:1).
1, 2. Елші Пауыл мәсіхшілердің өмірін немен салыстырды?
КӨП елде жыл сайын марафондар өткізіліп тұрады. Бұл жарысқа қатысатын спортшылардың басым бөлігі жеңіске жетпейтінін біледі, сондықтан олар мәреге жетуді ғана місе тұтады. Ал “жүзден жүйрігі” жарыста жеңіп шығуды көздейді.
2 Киелі кітапта шынайы мәсіхшілердің өмірі жарысқа теңеледі. Елші Пауыл Қорынт қаласындағы мәсіхшілерге жазған бірінші хатында былай деген: “Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіргенмен, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білмейсіңдер ме? Ендеше соны жеңіп алатындай болып жүгіріңдер” (Қор. 1-х. 9:24).
3. Пауыл жарыста тек бір ғана жеңімпаз болады деуімен не айтқысы келді?
3 Сонда Пауыл тек бір ғана мәсіхші жүлдеге ие болып, ал қалғандары бекерге жүгіретінін айтқысы келді ме? Әлбетте, жоқ! Жарыстың алдында жүйріктердің бәрі де көп жаттығып, жеңіске жету үшін барын салатын. Демек, бұл сөздермен Пауыл бауырластарды мәңгілік өмір сыйына алдына жан салмай ұмтылуға шақырды. Осылай істейтіндер ғана мәңгілік өмір жүлдесін қоржындарына сала алады. Иә, мәреге жеткен мәсіхшілердің бәрі де жүлдеге ие болады.
4. Рухани жарысқа қатысты не нәрсені білгеніміз абзал?
4 Пауылдың сөздері өмір жарысында жүгіріп келе жатқан біздерді жігерлендіргенімен, өзімізді тексеруге де талпындырады. Бұл неліктен маңызды? Өйткені Ехобаға ұнамды өмір кешетіндерді теңдесі жоқ сый күтіп тұр. Бұл — көкте не жердегі жұмақта мәңгі өмір сүру үміті. Әрине, мәсіхшілердің жарыс жолы ұзақ әрі қиын, тосқауылдар мен қауіп-қатерге толы (Мат. 7:13, 14). Өкінішке қарай, кейбіреулер ширақ жүрісін бәсеңдетті, тіпті жол бойында қалып кетті. Бұған не себеп болды екен? Жолда бөгет болатын нәрселерді қалай айналып өтуге болады? Мәреге жетіп, сыйға ие болу үшін не істей аламыз?
Жеңіске жету үшін табандылық қажет
5. Еврейлерге 12:1-де Пауыл нені түсіндірді?
5 Иерусалим мен Яһудеядағы мәсіхшілерге жазған хатында Пауыл қайтадан жарыстағы жүйріктерді мысалға келтірді (Еврейлерге 12:1 оқы). Ол мәсіхшілердің не себепті жүгіруді тоқтатпау керектігін және мәреге жету үшін не істеу қажет екенін түсіндірді. Осы мақалада Пауыл еврей мәсіхшілеріне қандай мақсатпен хат жазғанын және бауырластарды не істеуге талпындырғанын қарастырамыз. Содан соң оның кеңесінен қандай сабақ алатынымызды талқылаймыз.
6. Мәсіхшілер дінбасылардың тарапынан қандай қысым көрді?
6 І ғасырдағы мәсіхшілер, әсіресе Иерусалим мен Яһудеяның тұрғындары, көптеген қиыншылықтар мен сынақтарды бастан кешірді. Қоғамда беделі зор яһуди дінбасылары оларды қатты қыспаққа алған болатын. Бұдан бұрын Иса Мәсіхті бүлік шығарушы деп айыптап, оны қылмыскер ретінде өлтірген олар қуғын-сүргінді одан сайын үдетті. Елшілердің істері кітабында жазылғандай, б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамынан бастап дінбасылар мәсіхшілерге қарсы толассыз қоқан-лоқы мен қарсылық көрсетті. Бұның бәрі адал қызметшілердің өмірлерін қатты қиындатты (Ел. іс. 4:1—3; 5:17, 18; 6:8—12; 7:59; 8:1, 3).
7. Пауыл өз хатын арнаған мәсіхшілер қандай кезеңде өмір сүрді?
7 Алғашқы мәсіхшілер яһуди жүйесінің ақыры таяп қалған уақытта өмір сүрген еді. Иса оларға опасыз яһуди халқының жойылатыны туралы алдын ала ескерткен болатын. Сондай-ақ сол кезде қандай оқиғалардың болатынын және құтқарылу үшін не істеу керектігін де айтқан (Лұқа 21:20—22 оқы). Сосын, Иса: “Өздеріңе сақ болыңдар! Тым көп тамақ жеу, шектен тыс ішімдік ішу және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алып, сол күн сендерге қапылыста келмесін”,— деп ескертті (Лұқа 21:34).
8. Неге кейбір еврей мәсіхшілері қызметтерін бәсеңдетті не тіпті тоқтатты?
8 Пауыл еврей мәсіхшілеріне хат жазғанда, Исаның аталмыш ескертуді айтқанынан бері шамамен 30 жыл өтті. Осы жылдар аралығында бұл мәсіхшілердің жағдайы қандай болды? Олардың кейбірі рухани жетістіктерге жетудің орнына күйбең тіршілікке беріліп кеткен еді (Евр. 5:11—14). Басқа мәсіхшілер яһудилердің ырқымен жүретін болсақ, өміріміз әлдеқайда жеңіл болады деп ойлаған болса керек. Олар “отандастарымыз Құдайдан безіп, Мұса заңын аяқ асты етіп жатқан жоқ қой, ендеше елден ерекше болып қайтеміз?” деп пайымдаған шығар. Ал тағы біреулері Заңды және яһудилердің дәстүрлерін қатаң ұстану қажет деп жүрген қауым мүшелерінің шырмауына түскен еді. Пауыл еврей мәсіхшілеріне рухани сергек жүріп, жарыста табанды болуға қалай көмектесті?
9, 10. а) 10-тарауды тамамдай келе Пауыл еврей мәсіхшілерін не істеуге талпындырды? ә) Неге Пауыл ежелдегі “куәгерлердің” мысалдарын келтірді?
9 Елші Пауыл Құдай рухының жетелеуімен еврей мәсіхшілерін қалай нығайтқанына көңіл бөлейік. Еврейлерге арналған хаттың 10-тарауында Пауыл Мұса заңы “болашақ баталардың тек көлеңкесі ғана” екенін айтты және Мәсіхтің төлем құрбандығы аса құнды екенін айқын көрсетті. Осы тараудың аяғына таман Пауыл былай деді: “Құдайдың еркін орындап, оның уәде еткенін иемдену үшін, табанды болуларың қажет. Өйткені “азғана уақыт” қалды, “келе жатқан ол келіп жетеді, еш кешікпейді” (Евр. 10:1, 36, 37).
10 Бұл хаттың 11-тарауында Пауыл Құдайға деген шынайы сенімнің не екенін жақсылап түсіндірді. Бұл үшін ол бұрын өмір сүрген ер мен әйелдердің сенімдерін мысалға келтірді. Неге Пауыл табандылық жайлы айтып келіп, сенім туралы сөз қозғады? Өйткені Пауыл бауырластардың келесі жайтты білгенін қалады: табандылық пен батылдық қасиеттері оларға Ехобаға шынайы сенім таныту үшін қажет еді. Құдайдың ежелдегі адал қызметшілерінің үлгілері қиындықтарға кезігіп жүрген еврей мәсіхшілерін нығайтпақ еді. Сондықтан сол адал қызметшілердің әрекеттерін санамалай келе, Пауыл былай деді: “Ендеше бұлт іспетті осыншама көп куәгер қоршап тұрғандықтан, біз де ауыртпалық болатын кез келген нәрседен және тез шырмап алатын күнәдан арылып, алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік” (Евр. 12:1).
“Бұлт іспетті көп куәгер”
11. “Бұлт іспетті көп куәгердің” үлгісі бізге қалай әсер етеді?
11 Пауыл айтқан “бұлт іспетті көп куәгер” жарыста сүйікті спортшыларының жеңістеріне тілеулес болып, сыртынан бақылап отырған жанкүйерлер ғана болмаған. Олар да кезінде жарысқа қатысып, мәреге жеткен. Қандай қиындықтар болмасын, соңғы демі біткенше бұл куәгерлер Ехобаға адалдық сақтаған. Сол себепті олар бүгіндегі мәсіхшілер үшін керемет үлгі болып табылады. Арамызда жоқ болса да, олар тәжірибелі жүйріктер ретінде жарысқа жаңадан қосылған жүйріктерді жігерлендіре алады. Елестетші, сен жарыста жүгіріп келе жатырсың. Әлгі тәжірибелі жүйріктер сырттан бақылап, саған қолдау көрсетуде. Бұл сені алдыңа жан салмай, мәреге жетуге талпындырады ғой. Ежелдегі осы куәгерлер бейнелі жарысты, ол қаншалықты ауыр болмасын, жеңуге болатынын дәлелдеді. Сондықтан бірінші ғасырдағы еврей мәсіхшілері олардың үлгісінен күш-жігер алып, алдарындағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өте алар еді. Біз де солай ете аламыз.
12. Пауыл айтып кеткен адамдардың мысалдарына не үшін көңіл қоюымыз керек?
12 Пауыл атаған адал қызметшілердің жағдайлары біздікіне ұқсас болған. Мысалы, Нұх пайғамбар Топан сумен жойылмақ дүниеде өмір сүрді. Біз де заманның ақыры жақындаған уақытта өмір сүріп жатырмыз. Құдай Ыбырайым мен Сараға үйлерін тастап шығып, өзіне ғибадат етуді және уәделерінің орындалуын күтуді бұйырды. Біз де өз мүддемізден бас тартып, Ехобаның ықыласы мен батасына ие болуға шақырыламыз. Мұса үрейлі шөл даламен жүріп, Уәде етілген жерге бет алған болатын. Біз де қараңғы басқан дүние арқылы жаңа дүниеге жол жүріп барамыз. Осы адамдардың бастан кешіргендеріне, жетістіктері мен кемшіліктеріне, мықты не әлсіз болған кездеріне көңіл қойғанымыз абзал (Рим. 15:4; Қор. 1-х. 10:11).
Жеңістің кілті
13. Нұх қандай қиыншылықтарға кезікті және оларды жеңуге оған не көмектесті?
13 Құдайдың ежелгі қызметшілеріне табандылық танытып, жарыста жеңіске жетуге не көмектесті? Пауылдың Нұх туралы не дегеніне көңіл аударайықшы (Еврейлерге 11:7 оқы). Ол “әлі көзге көрінбеген нәрсе” деп “аспан астындағы жанды мақұлықтардың бәрін құртатын топан суды” айтқан болатын (Жар. 6:17). Топан су бұрын-соңды болмаған құбылыс еді. Сөйтсе де Нұх топан су жерді қаптайтынына еш күмән келтірмеді. Неліктен? Өйткені ол Ехоба кез келген уәдесін орындайтынына сенді. Сондай-ақ Нұх Ехобаның тапсырмасын тым қиын деп санамады. Қайта, ол “Құдай оған қалай бұйырса, солай істеді” (Жар. 6:22). Кеме соғу, оған жануарларды кіргізу, үй іші мен малға жеткілікті ас-су жинау, адамдарды ескерту және отбасын рухани нығайту Нұх үшін оңай іс болған жоқ. Десе де сенімі мен табандылығының арқасында Нұх пен жанұясы аман қалды әрі мол батаға кенелді.
14. Ыбырайым мен Сара қандай қиындықтарға төзді және біз бұдан қандай сабақ аламыз?
14 Содан кейін Пауыл Ыбырайым мен Сара жайлы айтты. Оларға Ур қаласындағы жайлы өмірлерін қалдыруға тура келді, әрі болашақтары бұлыңғыр еді. Бірақ олар Ехобаға қатты сенді және қиын жағдайларда да, оған мойынсұнды. Таза ғибадат үшін көптеген құрбандықтарға барған Ыбырайым Киелі кітапта “сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің түп атасы” деп аталған (Рим. 4:11). Еврей мәсіхшілері Ыбырайым мен оның отбасының өмірі жайлы білген еді, сондықтан Пауыл Ыбырайымның сенімін паш еткен кейбір ғана әрекеттері туралы жазған. Осы мәліметтің өзі Ыбырайымның сенімі қаншалықты берік болғанын білуге жеткілікті. Пауыл былай деді: “Бұлардың бәрі [Ыбырайым мен оның отбасын қоса алғанда] Құдайдың уәде еткендеріне ие болмаса да, сенімдерін жоғалтпай дүниеден өтті. Бірақ соларды алыстан көріп қуанды, сондай-ақ өздерінің сол жерде жатжерлік әрі уақытша тұрғындар екендерін ашық айтты” (Евр. 11:13). Иә, Құдайға деген сенімдері мен онымен жақын қарым-қатынастары бұл қызметшілерге жарысты табандылықпен жүгіріп өтуге көмектесті.
15. Мұсаны жанқиярлық танытуға не талпындырды?
15 Мұса да — Ехобаның адал қызметшілерінің бірі. Ол жоғары дәреже мен дәулетті өмірді тастап, “Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады”. Оның бұлай етуіне не түрткі болды? Пауыл былай деді: “[Мұса] бар назарын алатын сыйына тікті... [ол] көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік болды” (Еврейлерге 11:24—27 оқы). Мұса күнәдан уақытша рақат алуды ойламады. Ол Құдай мен оның уәделерінің орындалуын өз көзімен көргендей болғандықтан, ерекше батылдық пен табандылық танытты. Ол исраилдіктерді Мысырдан алып шығып, Уәде етілген жерге алып бару үшін қолынан келгеннің бәрін істеді.
16. Мұсаның Уәде етілген жерге кіре алмағанына ренжімегенін қайдан білеміз?
16 Ыбырайым сияқты Мұса да Құдайдың уәдесінің орындалғанын көрмеді. Исраилдіктер Уәде етілген жердің табалдырығында тұрғанда, Құдай Мұсаға: “Сен өзіңнің қарсы алдыңнан жер көресің, бірақ Исраил ұрпағына Мен беріп отырған сол жерге сен аяқ баспайсың”,— деді. Не себепті? Өйткені халықтың күңкілінен шаршаған Мұса мен Һарон Мерібада Құдайға тиесілі даңқ әкелмеген болатын (Заң. қ. 32:51, 52). Мұса бұған ренжіді ме? Жоқ. Ол Исраил халқына батасын беріп былай деді: “Исраил сен шат-шадыман тұрмыс кешетін боласың! Жаратушы Ие сені қорғайтын қалқан болады және сенің даңқыңды асыратын семсерге айналады. Саған ұқсас қандай халық бар екен?” (Заң. қ. 33:29).
Біз үшін сабақ
17, 18. а) “Бұлт іспетті көп куәгерден” не нәрсеге үйрене аламыз? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
17 “Бұлт іспетті көп куәгердің” мысалын қарастыра келе жеңіс жүлдесіне ие болу үшін, Құдай мен оның уәделеріне деген сеніміміз мықты болу керек екенін білдік (Евр. 11:6). Сенім өміріміздің барлық саласында көрініп тұру керек. Біз болашаққа қатысты уәделердің орындалатынына кәміл сенеміз. Сондай-ақ “көзге көрінбейтін Тұлғаны” көре алғанның арқасында алдымыздағы қашықтықты табандылықпен аяқтай аламыз (Қор. 2-х. 5:7).
18 Өмір сыйы үшін жарыс оңай емес. Бірақ алдымыздағы қашықтықты жеңіспен аяқтай аламыз. Келесі мақалада жүлдеге ие болуға тағы не көмектесетінін қарастыратын боламыз.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неге Пауыл ежелдегі адал “куәгерлердің” сенімі жайлы жазды?
• Бізді қоршап тұрған “бұлт іспетті көп куәгердің” үлгілері қашықтықты табандылықпен аяқтауға қалай көмектеседі?
• Нұх, Ыбырайым мен Сара және Мұса сияқты адал куәгерлердің мысалынан қандай сабақ алдың?
[19-беттегі сурет]
Ыбырайым мен Сара өз ықтиярымен Урдағы жайлы өмірлерін қалдырып кетті