Ехоба сенің үлесің бе?
“Құдай патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосып беріледі” (МАТ. 6:33).
1, 2. а) Ғалаттықтарға 6:16-дағы “Құдайдың Исраилі” кімді білдіреді? ә) Матай 19:28-дегі “Исраилдің он екі руы” кімдерге нұсқайды?
КИЕЛІ КІТАПТАН Исраил деген сөзді оқығанда, ойыңа кім келеді? Исраил деп аталған Ысқақтың ұлы Жақып па? Әлде одан тараған ежелгі Исраил халқы ма? Киелі кітапта Исраил сөзі бейнелі мағынада да қолданылады. Мұндай кезде бұл сөз патшалар және діни қызметкерлер болу үшін майланған 144 000 адамнан тұратын “Құдайдың Исраиліне” нұсқайды (Ғал. 6:16; Аян 7:4; 21:12). Ал енді Матай 19:28-дегі Исраилдің 12 руы туралы сөздерге назар аударайық.
2 Иса былай деген: “Бәрі жаңаратын уақытта, Адам Ұлы салтанатты тағына отырғанда, менің соңымнан ерген сендер де он екі таққа отырып, Исраилдің он екі руын соттайтын боласыңдар”. Бұл тармақтағы “Исраилдің он екі руы” Исаның майланған шәкірттерінің билігіне мойынсұнатын әрі жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетін адамдарды білдіреді. 144 000 діни қызметкер олардың қамын жейтін болады.
3, 4. Майланған адал қызметшілер қандай үлгі көрсетуде?
3 Бағзы күндердегі діни қызметкерлер мен леуіліктер сияқты майланғандар да өз қызметтерін мәртебе деп санайды (Ру. сан. 18:20). Олар үлестеріне қандай да бір жер тиеді деп күтпейді. Қайта, көкте Иса Мәсіхпен бірге патшалар әрі діни қызметкерлер болатын уақытты асыға күтуде. Олардың Құдай алдында осындай қызметті атқара беретінін Аян 4:10, 11-дегі сөздер растайды (Езек. 44:28).
4 Майланған бауырластар өмір салттарымен Ехобаны өз үлестері санайтынын айқын көрсетеді. Олар Құдайға деген қызметтерін өмірлерінде басты орынға қояды. Сондай-ақ Мәсіхтің төлем құрбандығына сеніп, үнемі оның соңынан еріп жүреді. Осылайша олар “шақырылғандарына және таңдап алынғандарына лайық” болып қалуда (Пет. 2-х. 1:10). Әрбір майланған бауырластың жағдайы мен қабілеті әртүрлі. Десе де олар аз еңбек ету үшін сылтау іздемейді. Қайта, бар назарын Құдай тапсырған қызметке аударып, оны жан-тәнімен атқарады. Олар жердегі жұмақта өмір сүруге үміттенетін адамдар үшін керемет үлгі болып табылады.
5. Ехоба өздерінің үлестері болу үшін мәсіхшілердің бәрі не істеу керек және неге бұл қиын болуы мүмкін?
5 Үмітіміз көкте не жерде өмір сүру болсын, біз “өзімізден бас тартып, азап бағанасын алып, ұдайы Мәсіхтің соңынан еріп жүруіміз” керек (Мат. 16:24). Жұмақта өмір сүруді тағатсыздана күтіп жүрген миллиондаған адам Құдайға осылай ғибадат етуде. Олар қолдарынан келгенше қызметтерін атқарып жүр. Көбісі тұрмыс-жайларын қарапайым етіп, жалпы ізашарлық қызметті бастады. Басқа біреулер жылына бірнеше ай қосалқы ізашар болып қызмет етеді. Тағы біреулер ізашар бола алмаса да, жан-тәнімен қызмет етіп жүр. Олар Исаның басына иісмай құйған Мәриямға ұқсайды. Иса Мәриям туралы: “Ол маған жақсылық жасады... Ол қолынан келгенін істеді”,— деген (Мар. 14:6—8). Қызметте қолымыздан келгеннің бәрін істеу оңай емес, өйткені Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатырмыз. Сонда да бізге Ехобаға арқа сүйеп, барымызды салып қызмет ету қажет. Өміріміздің төрт саласында мұны қалай істеуге болатынын қарастырып көрейік.
Құдай патшалығын бірінші орынға қойыңдар
6. а) Адамдардың көбісі үшін өмірдегі басты нәрсе не? ә) Неге Дәуітке еліктегеніміз дұрыс?
6 Иса ізбасарларына Құдай патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қоюды үйретті. Ал бүгіндегі адамдардың көпшілігі “тек осы дүниелік пайданы іздейді” (Забур 16:1, 13—15 оқы). Жаратушыны елемейтін олар үйлі-күйлі және үбірлі-шүбірлі болып, ұрпақтарына мұра қалдыруды ғана ойлайды. Мұның бәрі олардың өмірінде ең басты нәрсе болып табылады. Ал Дәуіт үшін ең бастысы Құдай алдында жақсы атқа ие болу еді. Кейін оның ұлы Сүлеймен де адамдардың бәрін соған ұмтылуға шақырған (Екк. 7:1). Кезінде Асаф сияқты Дәуіт те Ехобамен дос болу қара басының қамын ойлаудан әлдеқайда артық екенін білген. Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болғаны оған қуаныш әкелген. Қазіргі таңда көптеген мәсіхшілер рухани істерді жұмыстарынан артық көреді.
7. Бір бауырласымыз Патшалықты бірінші орынға қойғаны үшін қандай батаға кенелді?
7 Орталық Африка Республикасында тұратын Жан-Клод есімді ақсақалдың мысалын қарастырайық. Оның әйелі және үш баласы бар. Олар тұратын елде жұмыс табу өте қиын, сондықтан адамдар жұмыстан айырылып қалмау үшін қолдарынан келгеннің бәрін істейді. Бірде Жан-Клодтың бастығы оған түнгі ауысымда жұмыс істеуді бұйырады. Кешкі сағат алты жарымда басталатын жұмысты ол аптасына жеті күн істеу керек болады. Жан-Клод бастығына отбасын асыраумен қатар, рухани қажеттіліктерін де қамтамасыз ету керектігін түсіндірді. Бұған қоса қауымда жауапкершіліктері бар екенін айтты. Сонда бастығы оған: “Бағың жанып, жұмыс таптың, енді бар өміріңді тек соған арнасаңшы. Әйеліңді, бала-шағаңды, қиындықтарыңды ұмытуың керек. Өмірің өз қолыңда: не дініңді, не жұмысыңды таңда”,— деді. Осындай жағдайға кезіксең, сен не істер едің? Жан-Клод жұмысынан айырылған күнде де, Құдай оны тастамайтынын білді. Отбасын қажеттіліктерімен қамтамасыз етуге Құдай көмектесетініне сенім арта отырып, ол қызметін молынан атқаруды жалғастыра бермек еді. Сөйтіп, Жан-Клод кезекті қауым кездесуіне барады. Ертесіне жұмыстан шығарылған-шығарылмағанын білмесе де, ол әдеттегідей жинала бастайды. Бір кезде жұмыстан біреу қоңырау шалып, бастығы қызметінен босатылғанын айтады. Ал Жан-Клод болса сол жұмысында қалды.
8, 9. Діни қызметкерлер мен леуіліктерге қалай еліктей аламыз?
8 Жұмыстарын жоғалтып алу қаупі туғанда, кейбір бауырластар “Отбасымды қалай асыраймын?” деп дал болған шығар (Тім. 1-х. 5:8). Мұндай жағдай сенің басыңнан өтсін-өтпесін, келесі жайтты өз тәжірибеңнен де білетін шығарсың: адам Ехобаға қызмет ету мүмкіндігін жоғары бағаласа, Оны өз үлесі деп санағанына еш өкінбейтін болады. Иса шәкірттеріне “Құдай патшалығын әрдайым бірінші орынға қойыңдар” деп айтқанда, қалғанның бәрі — ішер ас пен киер киім — қосып берілетініне сендірген (Мат. 6:33).
9 Үлестеріне жер тимеген леуіліктерді еске түсірейікші. Олар бар назарын таза ғибадатқа аударды, әрі Ехоба қажеттіліктерімен қамтамасыз ететініне сенді. Өйткені Құдай оларға “сенің үлесің Мен боламын” деп уәде еткен еді (Ру. сан. 18:20). Бүгінде біз діни қызметкерлер мен леуіліктер секілді ғибадатханада қызмет етпесек те, олардың Ехобаның қамқорлығына деген сенімділігіне еліктей аламыз. Ал осы дүниенің ақыры жақындаған сайын Құдай бізді қажеттінің бәрімен қамтамасыз ете алатынына сенудің маңыздылығы арта түсуде (Аян 13:17).
Құдайдың әділдігін бірінші орынға қойыңдар
10, 11. Жұмыс мәселесіне келгенде, кейбір бауырластар қалай Ехобаға арқа сүйеген? Мысал келтір.
10 Иса шәкірттерін “Құдайдың әділдігін әрдайым бірінші орынға қоюға” да шақырған (Мат. 6:33). Бұл Ехобаның жақсы мен жаманға қатысты нормаларын адамдардікінен жоғары қоюды білдіреді (Ишая 55:8, 9 оқы). Кейбіреулер шындыққа дейін темекі жапырақтарын өсіріп сатқан, басқаларға соғысуды үйреткен, сондай-ақ қару-жарақ шығарып, оны сатумен айналысқан. Алайда шындықты білгеннен кейін көбісі бұл жұмыстарын ауыстырып, Құдайдың талаптарына сай келген соң, шомылдыру рәсімінен өтті (Ишая 2:4; Қор. 2-х. 7:1; Ғал. 5:14).
11 Мысалы, Эндрю жұбайымен бірге Ехоба туралы білім алғаннан кейін, оның қызметшісі болуды шешеді. Сөйтіп, Эндрю мақтан тұтқан жұмысы соғыспен байланысты болғандықтан, оны тастайды. Өйткені Құдайдың әділдігі оның өмірінде бірінші орында тұрды. Эндрюдің екі баласы бар еді. Ал қалтасында бірнеше айға ғана жететін ақшасы болды. Адами көзбен қарағанда, оның еш “үлесі” болмағандай көрінді. Бірақ ол Ехобаға арқа сүйей отырып, жұмыс іздеді. Эндрю үй ішіндегілерімен бірге сол қиын шақтарды еске алып, Ехобаның қолы құтқаруға құдіретті екеніне көз жеткізгендерін айтты (Ишая 59:1). Қарапайым өмір сүргеннің арқасында Эндрю әйелімен бірге толық уақытты қызметті атқара алды. “Біз ақшаны, үйді, денсаулықты уайымдаған жоқпыз емес, уайымдадық,— деп мойындады Эндрю. —Бірақ Ехоба үнемі қасымыздан табылатын. Сондықтан да оған қызмет ету ең мәртебелі әрі қанағат әкелетін іс деп толық сеніммен айта аламыз”a (Екк. 12:13).
12. Құдайдың әділдігін бірінші орынға қою үшін қандай қасиет таныту қажет? Жергілікті мысал келтір.
12 Иса шәкірттеріне былай деген: “Егер қыша дәніндей сенімдерің болып, мына тауға: —Бұл жерден ана жерге көш,— десеңдер, ол көшеді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмайды”,— деді (Мат. 17:20). Қиындықтар туса да, Құдайдың әділдігін бірінші орынға қоясың ба? Бұлай ете алатыныңа сенімсіз болсаң, қауымдағы бауырластардың біреуімен сөйлесіп көрсең болады. Сонда олардың бастарынан өткен жағдайларды естіп, рухани сергіп қалатының сөзсіз.
Ехобаның рухани шараларын бағалаңдар
13. Ехобаға жан-тәнімізбен қызмет етер болсақ, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
13 Егер Ехобаға қызмет ету мәртебесін бағаласақ, ол рухани және тәндік қажеттіліктерімізді, леуіліктерді сияқты, қамсыз ететініне сенімді бола аламыз. Дәуіт жайлы ойланып көрейікші. Үңгірде болса да, Құдай қажеттілерімен қамтамасыз ететініне ол сенімді болды. Тығырыққа тірелгенде, біз де Ехобаға арқа сүйей аламыз. Есіңде ме, Асаф “Құдайдың үйіне” кіргенде, мазалаған сұрағына жауап алды (Заб. 72:17). Сол сияқты бізге де рухани ас-судың көзі Құдайға жүгіну керек. Жағдайымыз қандай болмасын, осылай ету арқылы оған қызмет ету мәртебесін жоғары бағалайтынымызды көрсетеміз. Сонда Ехоба біздің үлесіміз болады.
14, 15. Жазба орындарына рухани жарық түскенде, біз мұны қалай қабылдауымыз керек және неге?
14 Ехоба Киелі кітаптағы “терең даналығына” жарық түсіріп, айқындай түскенде, сен мұны қалай қабылдайсың? (Қор. 1-х. 2:10—13). Елші Петір Исаның бір сөздерін қалай қабылдағаны біз үшін үлгі болып табылады. Иса былай деген: “Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішпесеңдер, өмірге ие болмайсыңдар”. Бұл сөздерді тура мағынада түсінген кейбір шәкірттер: “Мынау не деп тұр?! Мұны кім тыңдап тұра алады?”— деді де, бұрынғы істеріне оралды. Ал Петір болса: “Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сенде ғой”,— деп сенімділік білдірді (Жох. 6:53, 60, 66, 68).
15 Петір Исаның “тәнімді жеп, қанымды ішіңдер” деген сөздерін анық түсінбеді. Десе де Ехоба шындықты Иса арқылы ашатынына оның еш күмәні болмады. Бүгінде кейбір шындықтарға рухани жарық түсіп, қандай да өзгеріс енсе, бұған не себеп болғанын түсінуге тырысамыз ба? (Нақ. с. 4:18). Бірінші ғасырдағы береялықтар “Жазбаларды күн сайын мұқият зерттеп, Құдай сөзін зор ықыласпен қабыл алған” (Ел. іс. 17:11). Оларға еліктесек, Ехобаға қызмет ету мәртебесін бағалай түсетініміз шүбәсіз.
Тек Иеміздің ізбасарымен неке құру
16. Ехоба үлестері болу үшін Қорынттықтарға 1-хат 7:39-дағы басшылықты салтбастылар қалай ұстана алады?
16 Неке құруға келгенде мәсіхші “тек Иеміздің ізбасарына шығу керек” деген басшылыққа мойынсұну арқылы Құдайдың ниетін ойда ұстайтынын көрсете алады (Қор. 1-х. 7:39). Көптеген бауырластар осы басшылықты аттап кеткеннен гөрі салтбасты болып қалуды шешкен. Сол үшін Құдай оларға ерекше қамқорлығын көрсетеді. Дәуіт жалғыздық сезінгенде не істеді? “[Құдайдың] алдында тілегімді ақтардым, қасіретімді Оған түгел аштым. Рухым қажығанда Сен білдің жолымды”,— деді ол (Заб. 141:1—3). Осыған ұқсас сезімдер ондаған жыл бойы адал қызмет еткен салтбасты Еремияның да бойын билеген болар. Оның салтбастылық өмірі жайлы “Құдайдың Еремия арқылы айтқан хабары” кітабының 8-тарауынан оқып-білуге шақырамыз.
17. Бір салтбасты әйел бауырлас жалғыздықпен қалай күреседі?
17 “Мен өмір бойы салтбасты боламын деп шешім қабылдамаған едім,— дейді Құрама Штаттарда тұратын әйел бауырлас. —Теңімді тапсам, тұрмыс құруға кет әрі емеспін. Куәгер емес анам да қасыма жолай қалған жігітке мені ұзатып жіберуге дайын. Сонда мен анамнан: “Некемнің шаңырағы шайқалса, жауапкершілікті мойныңызға сіз аласыз ба?”— деп сұрайтынмын. Уақыт өте келе анам жұмысымның тұрақты, өзімді асырай алатынымды әрі бақытты екенімді көріп, мені жайыма қалдырды”. Сөйтсе де кейде бұл бауырлас өзін жалғыз сезінеді. “Сондай сәттерде, —дейді ол, —мен ауыртпалығымды Ехобаға артамын. Ол әрдайым менің қасымнан табылады”. Осы әйел бауырласқа Ехобаға сенім артуға не көмектесті? “Дұға ету маған Құдайға толықтай сенім артуға және өзімді жалғыз сезінбеуге көмектеседі. Әлемнің Әміршісі менің дұғаларыма құлақ асып жатқанда, қалайша мен мұңаямын?”— дейді ол. Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздеріне сене отырып, бауырласымыз былай дейді: “Мен ешкімнен ешнәрсе күтпеймін, керісінше, өзім көмек көрсетуге тырысамын, “мына адамға қалай көмектессем болады екен?” деп ойлағанның өзі маған қуаныш сыйлайды” (Ел. іс. 20:35). Расында да, бұл бауырлас Ехобаны өз үлесі деп санайды әрі оған қызмет етуден қуаныш табады.
18. Біз қалай Ехобаның үлесі бола аламыз?
18 Жағдайың қандай болмасын, Ехобаға деген қызметті бірінші орынға қоя аласың. Осылайша оны өз үлесің деп санайтыныңды көрсетесің және Құдайдың бақытты халқының қатарында боласың (Қор. 2-х. 6:16, 17). Сонда Ехоба ежелгі қызметшілерін сияқты сені де Өзінің үлесі деп санайтын болады (Заңды қайталау 32:9, 10 (ЖД) оқыb). Исраилді жер бетіндегі халықтар арасынан үлесі етіп таңдағанындай, Ехоба әкелік қамқорлығын көрсету үшін сені де таңдауы мүмкін (Заб. 16:8).
[Сілтемелер]
a 2009 жылдың қарашадағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының 12—14 беттерін қара.
b Заңды қайталау 32:9, 10: “Ехобаның үлесі — оның халқы. Ол Жақыпты еншіледі. Оны шөлді жерден, түнерген, елсіз даладан тауып алып, қорғап-қоршап жүрді, әрі күтіп-бақты. Көзінің қарашығындай оны қорғаштады”.
Қалай жауап берер едің?
• Құдай патшалығы мен оның әділдігін бірінші орынға қою арқылы...
• Рухани ас-суды бағалау арқылы...
• Неке құруға қатысты басшылықты ұстану арқылы...
Ехобаны үлесің деп санайтыныңды қалай көрсете аласың?
[13-беттегі сөздер]
Қызметті өмірімізде бірінші орынға қойсақ, Ехоба үлесіміз болады
[15-беттегі сурет]
Еремияның мысалы бізге жігер береді