Ехоба — менің үлесім
“Исраил ұрпағы арасындағы сенің үлесің мына, Мен боламын” (РУ. САН. 18:20).
1, 2. а) Леуіліктердің үлесіне жер тиді ме? ә) Ехоба леуіліктерге қандай уәде берді?
ИСРАИЛДІКТЕР Уәде етілген жерді толығымен дерлік жаулап алған соң, Ешуа әрбір руға жер бөліп бере бастады. Бұл істе оған бас діни қызметкер Елазар мен рубасылар қолғабыс етті (Ру. сан. 34:13—29). Алайда леуі руына Уәде етілген жерден үлес тимеді (Ешуа 14:1—5). Неліктен? Ешуа оларды ұмытып кетті ме?
2 Бұл сұрақтардың жауабын Ехобаның леуіліктерге берген уәдесінен білуге болады. Оларды құр алақан қалдырмайтынын көрсетіп Ехоба: “Исраил ұрпағы арасындағы сенің үлесің мына, Мен боламын”,— деді (Ру. сан. 18:20). Бұл неткен керемет уәде десеңші! Ехоба саған осындай сөздер айтса, не сезінер едің? Бәлкім, сенде: “Құдіреті шексіз Құдайдың маған осындай уәде беруіне мен лайықпын ба? Ехоба кемелсіз қызметшісінің үлесі бола ала ма?” деген сұрақтар туындайтын шығар. Осы сұрақтардың жауабын саған да, жақындарыңа да білу маңызды. Сондықтан қалай Ехоба леуіліктердің үлесі болғанын қарастырып көрейік. Бұл Ехобаның бүгіндегі мәсіхшілердің қалай үлесі бола алатынын түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ үмітіміз көкте не жерде өмір сүру болсын, жеке әрқайсымыз үшін Ехоба қалайша үлес болатынын біле аламыз.
Ехоба леуіліктердің қамын ойлаған
3. Қалай Құдай леуіліктерді таңдады?
3 Исраилдіктерде Заң болмаған уақытта әрбір әулетбасы өз үйінде діни қызметкердің рөлін атқаратын. Кейін Заң берілгенде, Ехоба Һаронның ұлдарын діни қызметкерлер етіп, ал леуі руын олардың көмекшілері етіп тағайындады. Бұл қалай болды? Құдай мысырлықтардың тұңғыштарын жойған кезде, исраилдіктердің тұңғыш ұлдарын киелі ететінін, яғни өзінің меншігі ететінін шешті. Бірақ кейін Ехоба аса маңызды өзгеріс енгізді: ол Исраилдің тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді таңдады. Санақ жүргізілгенде, басқа рулардың тұңғыштары леуіліктерге қарағанда көп болып шықты, сондықтан Ехоба исраилдіктерге леуіліктердің санынан асып кеткен тұңғыш ұлдарының құнын өтеп алуды бұйырды (Ру. сан. 3:11—13, 41, 46, 47). Осылай леуіліктер Исраил Құдайына қызмет етуді бастады.
4, 5. а) Қалай Ехоба леуіліктердің үлесі болды? ә) Ехоба оларды қажеттіліктерімен қалай қамтамасыз етті?
4 Леуіліктер қызмет етуге таңдалған соң қалай Ехоба олардың үлесі болды? Еншілеріне жер берудің орнына, Ехоба оларға өте мәртебелі қызметті сеніп тапсырды. Олардың үлесі діни қызметті атқару болды (Ешуа 18:7). Руларды санау кітабының 18-тарауынан көрінетіндей, Ехоба оларды материалдық жағынан да қамтамасыз етті (Руларды санау 18:24 оқыa). Оларға “қызмет атқарғандары үшін исраилдіктердің қолындағы барлық мүліктің оннан бір бөлігі”, яғни жер өнімінің және көбейген малдың он пайызы берілетін. Леуіліктер де, өз кезегінде, еншілеріне тигеннің он пайызын, яғни “аса жақсысын”, діни қызметкерлерге садақа ету керек-тінb (Ру. сан. 18:25—29). Сонымен қатар Исраил ұлдары Құдайға ғибадат ететін жерге әкелген “киелі садақалардың бәрі” діни қызметкерлердің үлесіне тиетін. Осылай діни қызметкерлер Ехоба өздерін қажеттінің бәрімен қамтамасыз ететініне толық сенімді бола алды.
5 Мұса заңы бойынша, исраилдіктер мал мен өнімінің тағы да оннан бір бөлігін жыл сайынғы киелі жиындарда ішіп-жеп, көңіл көтеру үшін қолданғанға ұқсайды (Заң. қ. 14:22—27). Бұдан басқа олар бұл бөлікті өзге бір жағдайда да қолданған. Исраилде әрбір жетінші жыл демалыс жылы болатын. Үшінші және алтыншы жылдың аяғында исраилдіктер малы мен өнімінің оннан бір бөлігін өздерінің мекендерінде тұратын кедейлер мен леуіліктерге беруге тиіс еді. Неге бұл жолы да леуіліктерге беру керек еді? Өйткені олар “енші мен үлесті жер алмаған” болатын (Заң. қ. 14:28, 29).
6. Еншілеріне жер тимеген леуіліктер қайда тұрды?
6 Леуіліктерге жер берілмеген болса, олар қайда өмір сүрді? Құдай мұны да ескерді. Ол леуіліктерге жайылым жерлермен қоса 48 қала берді. Бұлардың ішінде бас сауғалайтын 6 қала да бар еді (Ру. сан. 35:6—8). Киелі орында қызмет етпеген кезде леуіліктер сол жерде тұратын. Өзін Ехобаға қызмет етуге арнаған бұл адамдар еш нәрседен тарықпайтын, өйткені Құдай олардың қамын жейтін. Олай болса, леуіліктер өздерінің үлесі Ехоба екенін қалай көрсете алар еді? Қажеттіліктерімен қамтамасыз етуге Ехобаның ықыласы бар екеніне және бұған құдіреті жететініне сенім арту арқылы.
7. Үлестері Ехоба болу үшін леуіліктерге не істеу керек еді?
7 Мал-мүлкінің оннан бір бөлігін бермеген исраилдік жазаға тартылмайтын. Алайда халықтың осы заңға немқұрайды қарағанынан діни қызметкерлер мен леуіліктер жапа шегетін. Осындай жағдай Нехемияның күндерінде орын алды. Леуіліктер қызметтерін тастап, егістерінде жұмыс істеуге мәжбүр болды (Нехемия 13:10 оқыc). Расында да, леуі руының күнкөрісі халықтың рухани күйіне байланысты еді. Оның үстіне, діни қызметкерлер мен леуіліктердің өздері де Ехобаға және оның ұйымдастырған шараларына сенім артулары керек еді.
Ехобаны өздерінің үлесі деп санаған қызметшілер
8. Неге Асафтың сенімі шайқалды?
8 Ехоба бүкіл леуі руының үлесі болған. Бірақ, көңіл қоятын бір жайт, кейбір леуіліктер Ехобаны өз үлесі деп атағанда, онымен жақын қарым-қатынастарына және оған арқа сүйейтіндеріне нұсқаған (Ерм. з. 3:24). Сондай леуіліктердің бірі әнші әрі сазгер Асаф еді. Оны осылай атасақ та, ол Дәуіттің күндерінде әншілерге жетекшілік еткен леуілік Асафтың өзі емес, оның ұрпағы болуы мүмкін (Шеж. 1-ж. 6:31—43). Забурдың 72-жырында Асафтың (не оның ұрпағының) зұлым адамдардың бақуатты өмір сүріп жатқанына қызғанышпен қарағаны жазылған. Ол: “Бекерге жүрегімді пәк сақтап, Қолымды күнәдан таза ұстадым ба?!”— деп шағымданған. Осы сөздеріне қарағанда, ол Құдайға қызмет ету мәртебесін көзінен таса етіп, Ехобаны өз үлесі ретінде санаудан қалғанға ұқсайды. “Құдайдың үйіне кіргенге дейін” оның сенімі шайқалып жүрді (Заб. 72:2, 3, 12, 13, 17).
9, 10. Неліктен Асаф Құдайды өзінің үлесі деп атады?
9 Құдайдың үйіне кірген соң, Асафтың ойы өзгерді. Сірә, сенің де басыңнан осындай жағдай өткен шығар. Бір кездері Құдайға қызмет ету зор мәртебе екенін ұмытып, дүние-мүлік жинауды көксеген шығарсың. Алайда Құдай Сөзін зерттеп, кездесулерге бару арқылы бәріне қайтадан Ехобаның көзімен қарай бастаған боларсың. Асаф зұлымдарды ақырында не күтіп тұрғанын түсінді. Ол Құдайға қызмет етіп жүргенде, қандай игі нәрселерге ие болғанын есіне алып, Ехоба әрқашан оның оң қолынан ұстап қолдайтынына сенім білдірді. Сондықтан Асаф Құдайға: “[Сенен] өзге ештеңені аңсамаймын!”— деді (Заб. 72:23, 25). Осы сөздерінен кейін Асаф Құдайдың өзіне мәңгілік жар болатынын айтты. “Жар боласың” деп аударылған сөз түпнұсқа тілінде “үлес” дегенді білдіреді (Забур 72:26 оқы). Асафтың айтуынша, “денесі әлсіреп, жаны шаршаса да”, Құдай оның мәңгі үлесі болмақ еді. Ехоба оны өзінің досы деп санап, адал қызметін ешқашан ұмытпайтынына Асаф сенімді болды (Екк. 7:1). Қаяу түскен көңілін бұл қаншалықты жұбатты десеңші! Ол: “Менің Құдайға жақын болғаным қандай жақсы! Мен Жаратушы Иеге сендім”,— деп жырлады (Заб. 72:28).
10 Асаф Ехобаны өз үлесі деп атағанда, тек леуілік ретінде алып жатқан игіліктерін ғана ойда тұтқан жоқ. Қайта, ол атқарған қызметі және Ең жоғарғы Құдай Ехобамен достық қарым-қатынасы жайлы айтқан еді (Жақ. 2:21—23). Осы қарым-қатынасты жоғалтпау үшін ол Ехобаға арқа сүйеп, сенімін нығайта беруі қажет еді. Сондай-ақ Құдайдың заңдарын ұстанып өмір сүрсе, батаға кенелетініне сену керек еді. Құдіретті Құдай Ехоба сені де жарылқайтынына сенімді бол.
11. Қандай сұрақ Еремияны мазалады, ал Ехоба оған қалай жауап берді?
11 Леуі руынан шыққан Еремия пайғамбар да Ехобаны өз үлесі деп атаған. Оның бұлай деуіне не себеп болды? Еремия Иерусалимге жақын орналасқан леуіліктердің Анатот қаласында өмір сүрген (Ерм. 1:1). Иерусалим мен Яһудада орын алған жағдай Еремияның бойында наразылық оятты. Ехобаның әділ екенін білсе де, Еремия оған: “Арамзалардың теріс жолдары не себепті оңғарыла береді және опасыздардың барлығы бірдей неге рақатқа кенеледі?”— деп сұрақ қойды (Ерм. 12:1). Ехоба оның сұрағына қалай жауап берді? Ол Еремияға күнәкарларды жазаға тартатыны жайлы пайғамбарлық айтуды тапсырды. Көп ұзамай Құдайдың үкімі жүзеге асты. Басшылығына мойынсұнғандар өз “жандарын олжа” етті, ал шалқып өмір сүріп, ескертулерді елемегендер өлім жазасына кесілді (Ерм. 21:9).
12, 13. а) Еремияның “Ехоба — менің үлесім” деп айтуына не себеп болды және ол қандай көзқарас танытты? ә) Неге Исраил руларына Еремиянікіндей көзқарас таныту керек болды?
12 Кейінірек Еремия туған жерінің елсіз далаға айналғанын көргенде, “Құдай мені баяғыда өліп қалған адамдай қараңғы жерге қамап тастады”,— деп зар салды (Ерм. з. 1:1, 16; 3:6). Еремия қыңыр халықты көктегі Әкелеріне бет бұруға үндеген болатын, алайда олардың зұлым істері шегіне жетіп, Құдай Иерусалим мен Яһуданы жазаға тартты. Еремия дұрыс әрекет етсе де, бұл жағдай оның қабырғасына қатты батты. Бірақ осындай ауыр шақта ол: “Жаратушы Иенің қайырымдылығының арқасында біз құрып кетпедік, өйткені Оның мейірімі таусылған жоқ. Ол күн сайын азанда жаңаланып тұрады”,— деді (Ерм. з. 3:22, 23). Осы сөздерінен кейін Еремия: “Ехоба — менің үлесім”,— деп айтты. Оның үлесі Құдайдың пайғамбары ретінде қызмет етуді жалғастыру еді (Еремияның зары 3:24 (ЖД) оқыd).
13 Исраилдіктердің отаны 70 жылға қаңырап бос қалды (Ерм. 25:11). Бірақ Еремияның “Ехоба — менің үлесім” деп айтқан сөздері Құдайдың мейірімділігіне деген сенімін көрсетті. Мұндай сенімділік оған Ехобаның әрекет ететін уақытын “күтуге” талпындырды. Исраил рулары өз үлестерінен айырылып қалғандықтан, Еремиянікіндей көзқарасты танытулары қажет еді. Олардың жалғыз үміттері Ехоба болды. 70 жылдан соң исраилдіктер туған елдеріне оралып, Құдайға қызмет ету мүмкіндігіне ие болды (Шеж. 2-ж. 36:20—23).
Ехобаны өз үлесі санаған басқа қызметшілер
14, 15. Леуіліктерден басқа кім Ехобаны өзінің үлесі санаған және неге?
14 Асаф пен Еремия леуі руынан шыққан. Сонда Ехоба тек леуіліктердің ғана үлесі болды ма? Жоқ, тіпті де олай емес! Исраилдің болашақ патшасы Дәуіттің де Құдайды өзінің үлесі санағанын “бұ дүниеде маған жар тек Өзіңсің” деген сөздерінен көруге болады (Забур 141:1, 5 оқы). Осы жырды Дәуіт сарайында не үйде отырып жазбаған. Бұл кезде ол жауларынан тығылып, үңгірде болатын. Дәуіт кемінде екі рет — бірде Адолламдағы, кейін Ен-Геди шөліндегі — үңгірде бас сауғалаған. Забурдың 141-жыры осы үңгірлердің бірінде жазылған болса керек.
15 Егер солай болса, осы жырды жазғанда, Дәуіт өзінің өлімін тілеген Саулдан қашып, оңайлықпен табылмайтын үңгірде жасырынып жүрді (Пат. 1-ж. 22:1, 4). Ол елсіз жерде өзіне қол ұшын беретін адамның жоқтығын сезінген болар (Заб. 141:4). Осындай қиын шақта Дәуіт Құдайдан көмек іздеді.
16, 17. а) Дәуіт қандай ауыр жағдайларды бастан кешірді? ә) Ол жұбанышты кімнен іздеді?
16 Дәуіт Забурдың 141-жырын жазуға кіріспес бұрын, бас діни қызметкер Ахимәлікпен болған жайтты естіген еді. Дәуіт Саул патшадан қашып жүргенде, Ахимәлік қауіпті екенін аңдамай оған көмек көрсеткен болатын. Сондықтан іші тар Саул Ахимәлікті үй ішіндегілермен қоса қырып-жойды (Пат. 1-ж. 22:11, 18, 19). Дәуіт олардың өлімі үшін өзін кінәлады. Ол өзіне қол ұшын берген діни қызметкерді өз қолымен өлтіргендей сезінді. Дәуіттің орнында болғанда, сен қандай күй кешер едің? Осы ауыртпалығы аздай, Дәуіттің тынығуға да еш мұршасы болмады. Өйткені Саул оның қыр соңынан қалмай, іздеп жүрген еді.
17 Бұдан кейін Дәуітті патша болуға майлаған Самуил қайтыс болды (Пат. 1-ж. 25:1). Бұл Дәуіттің қайғысына қайғы қосқан болса керек. Бірақ осындай шақта Ехоба оны жұбататынын Дәуіт білді. Ол леуіліктер сияқты діни қызметті атқарған жоқ. Дәуіт Құдай халқының патшасы болмақ еді (Пат. 1-ж. 16:1, 13). Ол Ехобаға ішіндегісін ақтарып, дұға етті әрі оның басшылығына жүгінуді тоқтатпады. Ехоба біздің де үлесіміз әрі қорғаушымыз бола алады. Бұл үшін жан-тәнімізбен оған қызмет етуіміз керек.
18. Осы мақалада талқыланған қызметшілер Ехоба өздерінің үлесі екенін қалай көрсеткен?
18 Бұл мақалада талқыланған адамдар Ехоба Құдай тапсырған арнайы қызметті атқарған болатын, осы мағынада Ехоба олардың үлесі болған. Аталған қызметшілер Құдай өздерінің тәндік қажеттіліктерін қанағаттандыратынына сенімді болды. Леуіліктер және Дәуіт сияқты басқа рулардың адамдары Құдай өздерінің үлесі болу үшін жағдай жасаған. Ехоба сенің де үлесің болу үшін не істей аласың? Мұны біз келесі мақалада талқылайтын боламыз.
[Сілтемелер]
a Руларды санау 18:24: “Исраил ұрпағының Жаратушы Иеге көкке көтеруге әкелетіндерінің оннан бір бөлігін Мен леуіліктерге еншіге беремін, сондықтан да Мен оларға былай дедім: Исраил ұрпағы арасында олар ешқашан енші алмайды”.
b Діни қызметкерлердің қалай қамтамасыз етілгені туралы мәліметті 1991 жылдың 1 желтоқсандағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 29-бетіндегі 1—5 абзацтарды қара.
c Нехемия 13:10: “Мен леуіліктерге үлестері берілмейтінін тағы да білдім, сөйтіп өз істерін істеген леуіліктер мен әншілердің әрқайсысы өз егіс-даласына қашып-қашып кетті”.
d Еремияның зары 3:24: “Ехоба — менің үлесім, дейді менің жан-дүнием, сондықтан Оны күтетін боламын”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехоба қай мағынада леуіліктердің үлесі болды?
• Асаф, Еремия және Дәуіт Ехобаның өздерінің үлесі екенін қалай көрсетті?
• Ехоба үлесің болу үшін саған қандай қасиет дамыту керек?
[8-беттегі сөздер]
Леуіліктер еншіге жер алмады. Олардың үлесі Ехоба болды, өйткені леуіліктер Құдай алдында мәртебелі қызметті атқарды
[7-беттегі сурет]
Қалай Ехоба діни қызметкерлер мен леуіліктердің үлесі болды?
[9-беттегі сурет]
Асафқа Ехобаны қайтадан үлесі деп санауына не көмектесті?