Киелі кітапты оқу мен үшін күш-жігердің көзі болды
Айтып берген: Марсо Леруа
ӨЗ БӨЛМЕМДЕ отырып, “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты” деген Киелі кітаптың алғашқы сөздерін оқи бастадым. Әкем атеист болғандықтан, Киелі кітапқа оң көзбен қарамайтынын білетінмін. Сондықтан оның көзіне түспеу үшін осылай оңашада оқып жүрдім.
Киелі кітапты бұған дейін ешқашан оқыған емеспін. Жаратылыс кітабындағы әлгі сөздер маған әсер етпей қоймады. “Бұл мені таңғалдырып жүрген физикалық заңдардың үйлесімділігін түсіндіреді емес пе?!”— деп ойладым мен. Қызығып кеткенім соншалық, кешкі сегізден таңғы төртке дейін бас алмай оқыдым. Содан бері Құдай Сөзін оқу әдетіме айналып, мен үшін өмір бойы күш-жігердің көзі болды. Қазір сол жайлы айтып берейін.
“Оны күн сайын оқуың керек болады”
Мен 1926 жылы Францияның солтүстігіндегі көмір өндіретін Вермел қалашығында дүниеге келдім. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көмір мемлекетке аса қажет болды. Мен шахтер болып жұмыс істейтіндіктен әскерден босатылдым. Алайда жұмысымды қанағат тұтпай басқа салаларды, радио мен электр қуатын, зерттей бастадым. Физикалық заңдардың өзара үйлесімділігі мені қатты таңғалдырды. 21 жасымда сыныптасым маған алғаш рет Киелі кітапты қолыма ұстатып: “Бұл оқуға тұрарлық кітап”,— деді. Кітапты алып оқи бастадым. Ал бітіруге таяп қалғанымда, бұл кітаптың Құдай Сөзі екеніне және онда Құдайдың адамзатқа ашқан хабары жазылғанына күмәнім қалмады.
Көршілерім де Киелі кітапты қызыға оқыр деген оймен соларға арнап сегіз данасын алдым. Алайда олар мені келеке етіп, қарсылық білдірді. Ырымшыл туысқандарым болса: “Оны бір оқысаң, күн сайын оқуың керек болады!”— деп ескертті. Мен дәл солай істедім әрі мұныма ешқашан өкінген емеспін. Бұл менің өмір бойғы әдетіме айналды.
Киелі кітапты құмарта оқитынымды байқаған кейбір көршілерім Ехоба куәгерлерінің әдебиеттерін әкеліп берді. “Бір дүние, бір үкімет”a (француз тіліндегі данасы көрсетілген) брошюрасы және осы сияқты басқа да әдебиеттер Құдай патшалығының адамзат үшін жалғыз үміт болып табылатынын түсінуіме көмектесті (Мат. 6:10). Мен осы үміт жайлы басқаларға айтуға бел будым.
Менен Киелі кітапты бірінші болып алғандардың бірі бала кезімдегі досым Ноэл еді. Католик болған ол мені діни қызметкер оқуын оқып жүрген бір кісімен жолықтырмақ болды. Бойымды үрей биледі, алайда Забур 113:12—16 және Матай 23:9, 10-да жазылған сөздерден Құдайдың мүсіндерге табынғанымызды және діни қызметкерлерді лауазымдармен атағанымызды қаламайтынын нақты білетінмін. Бұл маған жақында білген шындықты қорғауға батылдық берді. Нәтижесінде, Ноэл шындықты қабылдап, бүгінге дейін Ехобаға адал қызмет етіп келеді.
Бір күні әпкеме бардым. Оның күйеуінің спиритизммен байланысты кітаптары бар еді. Ол жын-перілердің әсерінен қиналып жүр екен. Алғашқыда өзімді көмектесуге дәрменсіз сезіндім, бірақ Еврейлерге 1:14 сияқты тармақтар періштелердің маған қолдау көрсететініне сенімділік берді. Жездем Киелі кітап принциптерін қолданып, оккультизмге қатысы бар барлық нәрселерден арылып, нәтижесінде жын-перілердің әсерінен құтылды. Кейіннен, жездем де, әпкем де құлшынысты Куәгер болды.
1947 жылы үйіме американдық Куәгер Артур Эмиот келді. Мен қатты қуанып кетіп, Куәгерлердің қай жерде жиналатынын сұрадым. Ол шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан Льевенде топ бар екенін айтты. Сол уақытта велосипед сатып алу оңай емес еді, сондықтан бірнеше ай бойы кездесулерге жаяу барып келетінмін. Францияда уағыз ісіне тыйым салынғанына сегіз жыл болған еді. Бүкіл елде небәрі 2380 Куәгер болды, оның біраз бөлігін Польшадан қоныс аударғандар құрады. Ал 1947 жылдың 1 қыркүйегінде Ехоба куәгерлерінің ісіне қайта рұқсат берілді. Вила Гибердегі филиал қайта ашылды. Елде бірде бір ізашар болмағандықтан, “Хабаршының” (қазір “Біздің патшалық қызметіміз”) 1947 жылдың желтоқсанындағы санында бауырластар ай сайын 150 сағат тапсыратын жалпы ізашар болуға шақырылды (1949 жылы ізашарлардың уақыты 100 сағатқа дейін қысқартылды). Жохан 17:17-дегі “[Құдай] сөзі — шындық” деген сөздермен толық келісе отырып, мен 1948 жылы шомылдыру рәсімінен өттім, ал 1949 жылдың желтоқсанында жалпы ізашар болдым.
Түрмеден босатылғаннан кейін Дюнкеркке баруым
Тағайындалған алғашқы аумағым Францияның оңтүстігіндегі Ажен қаласы болды. Алайда ол жердегі қызметім ұзаққа созылмады. Шахтада жұмыс істемегендіктен әскерге шақырылдым. Одан бас тартқаным үшін түрмеге жабылдым. Түрмеде Киелі кітапты оқуға рұқсат етілмеді, алайда Забур кітабының бірер парақтарын тығып ұстауға мүмкіндігім болды. Соларды оқығаным маған жігер берді. Бостандыққа шыққан соң: “Аяққа тұрып алу үшін толық уақытты қызметімді тоқтатсам ба екен?”— деп ойландым. Киелі кітаптан оқығандарым бұл жағдайда да көмектесті. Пауылдың Філіпіліктерге 4:11—13 тармақтардағы “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын” деген сөздер туралы ой жүгіртіп, ізашарлық қызметімді тоқтатпауды шештім. Содан, 1950 жылы бұрынырақта уағыздаған Дюнкерк қаласына тағайындалдым.
Қалаға келгенде менің ештеңем болмады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаланың күл-талқаны шығыпты, баспана табу қиын еді. Содан, бұрын уағыздаған отбасына баруды шештім. Есікті ашқан әйел қуанып кетіп, былай деді: “Леруа мырза, сізді босатыпты ғой! Күйеуім: —Сіз сияқты адам көп болса, ешқашан соғыс болмас еді,— деп айтып отырады”. Бұл кісілердің қонақ үйлері бар еді. Олар маған туристер келетін кезең басталғанша сол жерде тұра тұруды ұсынды. Сол күні Артур Эмиоттың ағасы Эванс маған жұмыс тауып бердіb. Кемежайда аудармашы болып істейтін ол кемені күзететін қарауыл іздеп жүр екен. Эванс мені кеме капитандарының бірімен таныстырды. Түрмеден жақында ғана шыққандықтан әбден азып кеткен едім. Эванс жағдайымды айтып түсіндіргеннен кейін, капитан тоңазытқыштан тамақ алып жеуді ұсынды. Мен сол бір-ақ күннің ішінде баспанаға да, жұмысқа да, тамаққа да ие болдым! Осылайша Исаның Матай 6:25—33 тармақтарда жазылған сөздеріне сенімділігім артты.
Туристер келе бастағанда, қызметтегі серігім Симон Аполинарски екеуімізге басқа жерге көшуге тура келді, бірақ біз қызметімізді тоқтатпауға бекіндік. Ескі ат қорада тұрып, сабанның үстінде ұйықтап жүрдік. Күні бойы қызмет ететінбіз. Біз ат қораның иесіне де уағыздадық, содан ол шындықты қабылдаған көптеген адамның қатарына қосылды. Көп ұзамай жергілікті газетте Дюнкерк тұрғындарын “елді жайлап кеткен Ехоба куәгерлерінен” сақтануды ескерткен мақала шықты. Алайда сол аумақта, Симон екеуімізді қоса алғанда, Ехоба куәгерлерінің шағын тобы ғана бар еді. Қиындықтарға кезіккенде үмітіміз және Ехобаның бізді қамқорлағаны туралы ойланғанымыз жаңа күшке ие болуға көмектесті. 1952 жылы басқа жерге тағайындалғанымда, Дюнкерктегі жалпы ізашарлардың саны 30-ға дейін өсті.
Жаңа жауапкершіліктерді атқаруға күш алдым
Амьен қаласында шамалы уақыт болғаннан кейін, Париждің шетіндегі Булонь-Бийанкурге арнайы ізашар болып тағайындалдым. Көп зерттеу сабақтарым болды. Зерттеушілердің кейбірі толық уақытты қызметті бастаса, ал кейбірі миссионер болып қызмет етті. Мысалы, Гай Мабилат есімді жас жігіт шындықты қабылдап, аудандық бақылаушы, ал кейіннен облыстық бақылаушы болып қызмет етті. Кейінірек ол Парижден біраз қашықтықта орналасқан Лувьедегі Бетел баспаханасының құрылысында бақылаушы болып қызмет етті. Қызметте Киелі кітапты жиі қолданғаным көп қуаныш алуға және тәлім беру қабілетімді арттыруға көмектесіп, сондағы сөздердің ойымда жақсырақ сақталуына септігін тигізді.
1953 жылы күтпеген жерден Эльзас-Лотарингия қаласына аудандық бақылаушы болып тағайындалдым. Бұл қаланы Германия 1871—1945 жылдар аралығында екі рет отарлаған болатын. Енді маған неміс тілін үйрену керек болды. Қызметімді бастаған уақытта ол жерде машина, теледидар, жазу машинкасы бірен-саран адамда ғана бар еді, ал радиоқабылдағыш пен компьютер дегендер әлі жоқ болатын. Бірақ менің өмірім іш пыстырарлық болған жоқ. Қайта, бұл ең қуанышты кезім еді. Сол уақытта алаңдататын нәрселердің бүгінге қарағанда аз болғаны “тек бір нәрсеге ғана көз тігуіме” көмектесті (Мат. 6:19—22).
1955 жылы Парижде өткен “Салтанат құрған Патшалық” деп аталған конгресс мен үшін айрықша болды. Сол конгресте толық уақытты қызметті менен бір жыл бұрын бастаған болашақ жарым Ирен Коланскиймен таныстым. Оның ата-анасы, поляктар, Ехобаға ұзақ уақыт бойы қызмет етіп жүрген құлшынысты Куәгерлер еді. Францияда оларды Адольф Вебер жолықтырған екен. Расселл бауырластың бағбаны болған ол Еуропаға ізгі хабарды жариялауға келген еді. 1956 жылы Ирен екеуіміз үйленіп, аудандық қызметті бірге жалғастырдық. Ұзақ жылдар бойы ол маған нағыз тірек болды.
Екі жылдан кейін тағы бір күтпеген қуанышқа кенелдім: мен облыстық бақылаушы болып тағайындалдым. Алайда тәжірибелі ер бауырластар аз болғандықтан, қауымдарға аудандық бақылаушы ретінде әлі де барып жүрдім. Бұл менің мұрнымнан шаншылып жүрген кезім еді! Айына 100 сағат уағыздаумен қатар, апта сайын баяндамамен шығып, үш Киелі кітап зерттеу тобына барып, есептерді тексеріп, дайындайтынмын. Мұндайда Құдай Сөзін оқуға уақытты қайдан табуға болар еді? Мен мұның бір-ақ жолын көрдім: ескі Киелі кітабымның парақтарын жыртып алып, өзіммен бірге алып жүрдім. Сөйтіп, біреуді күткен кездері, соларды оқып тұратынмын. Осылай Киелі кітапты оқуға аз да болса уақыт бөлгенім мені рухани сергітіп, қызметімді жалғастыруға деген шешімімді нығайтатын.
1967 жылы Ирен екеуіміз Булонь-Бийанкурдағы Бетелге шақырылдық. Мен қызмет бөліміне тағайындалып, осы күнге дейін 40 жылдан астам уақыт бойы сонда қызмет етіп келемін. Киелі кітапқа қатысты сұрақтарға жауап беру мені ерекше қуанышқа бөлейді. Құдай Сөзін терең бойлап, “ізгі хабарды... қорғау” керемет емес пе?! (Філіп. 1:7). Сондай-ақ таңғы ғибадатта жазба орындарын талқылау да маған көп қуаныш әкеледі. 1976 жылы мен Франциядағы филиал комитетінің мүшесі болып тағайындалдым.
Ең жақсы өмір жолы
Мен біраз қиындықты бастан өткердім, алайда ең үлкен қиындыққа қазір кезігіп жатырмын. Қарттық пен денсаулықтың нашарлауынан Ирен екеуіміз бұрынғыдай қызмет ете алмаймыз. Десе де, Құдай Сөзін бірге оқып, зерттегеніміз үмітімізді берік етіп сақтауға көмектеседі. Учаскемізге автобуспен барып, өзгелермен осы үмітпен бөлісу біз үшін бір ғанибет! Екеуіміздің толық уақытты қызметте өткізген 120 жылғы тәжірибемізге сүйене отырып, өмірін қызықты, қуанышты әрі мәнді етіп өткізгісі келетіндерге мұның ең жақсы өмір жолы екенін сеніммен айта аламын. Дәуіт патша Забур 36:25-тегі сөздерді “қартайғанда” жазған болатын. Дәуіт сияқты мен де “әділдің бейшара болғанын” осы күнге дейін көрген емеспін.
Ехоба өзінің Сөзі арқылы мені өмір бойы нығайтып келеді. 60 жыл бұрын туысқандарым Киелі кітапты оқу әдетіме айналып кететінін айтып ескерткен еді. Олардың айтқаны рас болып шықты. Киелі кітапты оқу менің күнделікті әдетіме айналды әрі мен бұл үшін еш өкінбеймін!
[Сілтемелер]
a 1944 жылы басып шығарылған, қазір басылмайды.
b Эванс Эмиот жайлы көбірек мәліметті “Күзет мұнарасының” (ор.) 1999 жылдың 1 қаңтарындағы санының 22, 23-беттерінен қараңдар.
[5-беттегі сурет]
Симон екеуіміз
[5-беттегі сурет]
Алғаш қолыма түскен Киелі кітап осыған ұқсас еді
[5-беттегі сурет]
Облыстық бақылаушы болған кезім
[6-беттегі сурет]
Үйленген күніміз
[6-беттегі сурет]
Ирен екеуіміз Құдай Сөзін оқып, зерттеуден қуаныш табамыз