Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w11 1.10. 13—15 бет.
  • Салық төлеу керек пе?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Салық төлеу керек пе?
  • 2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Салық және ар-ұждан
  • Толық мойынсұну керек пе?
  • Киелі кітап талаптарын ұстанудың пайдасы
  • Кімге бағынуымыз керек?
    Ұлы Ұстаздан үйренейік
2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w11 1.10. 13—15 бет.

Салық төлеу керек пе?

САЛЫҚ төлеуді екінің бірі ұната бермейді. Көпшіліктің ойынша, төлеген салықтар орнымен жұмсалмайды я әлдебіреулердің қалтасына кетіп жатады. Ал басқалардың салықты төлемеуіне моральдық ұстанымдары түрткі болған. Мысалы, Таяу Шығыстағы бір қаланың тұрғындары: “Балаларымызды өлтіріп жатқан қару үшін ақша бермейміз”,— деп наразылықтарын білдірді.

Осы сынды пікірлер бүгінде таңсық емес. Үндістанның көсемі болған Мохандас Ганди салық төлеуге ар-ұжданы неге жібермегенін былай түсіндірді: “Кімде-кім қарулы күштері бар мемлекетке тікелей я жанама түрде қолдау көрсетсе, күнәға батады. Жас не кәрі болсын, мемлекетке салық төлеу арқылы қолдау көрсететін әрбір адам оның күнәсіна ортақтасады”.

XIX ғасырда өмір сүрген философ Генри Дэйвид Торо әскерге жұмсалатын салықты не себепті төлемейтінін түсіндіргенде, мұның моральдық жағына назар аударды. Ол келесідей сұрақтарды көтерді: “Заң талаптарын орындау үшін өз ар-ұжданымыздан бір сәтке болса да бас тартқанымыз дұрыс па? Олай болса, адам баласына ар-ұжданның не қажеті бар?”

Бұл мәселенің мәсіхшілерге де қатысы бар, өйткені Киелі кітапта олардың бар жағдайда ар-ұждандарын таза сақтаулары керектігі айтылған (Тімөтеге 2-хат 1:3). Сондай-ақ онда мемлекеттің салық жинауға құқылы екені де жазылған. Мұны мына сөздерден көреміз: “Әрбір жан билігі барларға бағынсын, өйткені биліктің бәрі Құдайдан. Қазіргі билік иелерінің әрқайсысының Құдай белгілеген орны бар. Олай болса, оған Құдайдың қаһарына ұшыраудан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұждандарың таза болу үшін де бағынуларың қажет. Сондықтан да сендер алым-салық төлеп жүрсіңдер. Өйткені билік иелері — елдің игілігі үшін қойылған Құдайдың қызметшілері, әрі олар осы мақсатта үздіксіз қызмет етеді. Әркімге тиістісін беріңдер: салық талап еткендерге салық төлеңдер” (Римдіктерге 13:1, 5—7).

Осы нұсқауға құлақ асқан бірінші ғасырдағы мәсіхшілер салықтың көп бөлігі қарулы күштерге жұмсалса да, оны уақтылы төлеп тұратын адамдар ретінде белгілі болған. Біздің күніміздегі Ехоба куәгерлері жайлы да осылай деуге боладыa. Бір қарағанда, мұнда бір қарама-қайшылық бар сияқты көрінуі мүмкін. Неге Ехоба куәгерлері жеке өздері әскерге бармаса да, соған жұмсалатын салықты төлеуге дайын? Сонда олар салық төлеуге келгенде ар-ұждандарынан аттап өте ме?

Салық және ар-ұждан

Бір назар аударарлық жайт, бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің Құдай талабы бойынша төлеген салықтарының қандай да бір бөлігі қарулы күштерге жұмсалатын. Ганди мен Тороның салық төлемеуіне себеп болған да дәл осы ар-ұждан мәселесі еді.

Байқасаңыз, мәсіхшілер Римдіктердің 13-тарауындағы нұсқауға жазадан қашу үшін ғана емес, “ар-ұждандары таза болу үшін” де бағынған (Римдіктерге 13:5). Иә, салықтың қандай да бір бөлігі жеке өздері қолдамайтын істерге жұмсалса да, мәсіхшілердің ар-ұжданы оны төлеуді талап етеді. Бір қарағанда қайшылық бардай көрінетін бұл мәселені түсіну үшін ар-ұжданымыз — істеріміздің дұрыс-бұрыстығын айтып отыратын ішкі даусымыз — жайлы бір маңызды жайтты түсінуіміз қажет.

Торо дәл байқағандай, әрбір адамның осындай ішкі даусы болады. Алайда ол әрқашан дұрыс бағыт бермеуі мүмкін. Құдайға ұнамды болу үшін біздің ар-ұжданымыз оның моральдық нормаларына сай болу керек. Ал Құдайдың ойлары біздікінен әлдеқайда жоғары болғандықтан, біз өз көзқарасымызды жиі түзетіп, Құдайдікіне сай келтіріп отыруымыз қажет (Забур 18:8). Сондықтан Құдайдың билік иелеріне қатысты көзқарасын білгеніміз маңызды. Ал оның көзқарасы қандай?

Байқасақ, елші Пауыл билік иелерін “елдің игілігі үшін қойылған Құдайдың қызметшілері” деп атаған (Римдіктерге 13:6). Бұл нені білдіреді? Жалпы алғанда, бұл олардың қоғамда тәртіп орнатып, қажетті қызмет түрлерімен қамтамасыз ететінін білдіреді. Тіпті көңіл көншітпейтін үкіметтің өзі пошта жеткізу, білім беру, өрттен сақтау және заң орнату сияқты қызмет түрлерін қадағалайды. Құдай осы үкіметтердің кем-кетіктерінен хабардар болса да, олардың қандай да бір уақыт бойы билік етуіне жол беруді шешті, әрі бізден салық төлеу арқылы осы шешіміне құрмет көрсетеді деп күтеді.

Құдай адамдардың билік жүргізуіне уақытша жол беріп отыр. Оның көктегі патшалығы жердегі үкімет атаулыны алмастырып, олардың ғасырлар бойы адамзатқа жасаған қиянатының барлық зардабын түп-тамырымен жоймақ (Даниял 2:44; Матай 6:10). Сол уақыт келгенше, Құдай мәсіхшілерге салық төлеуден бас тарту арқылы я қандай да бір басқа жолмен бүлік шығаруға рұқсат бермеген.

Мохандас Ганди сияқты сіз соғысқа жұмсалатын салықты төлеу бәрібір күнәға жатады деп ойлайтын шығарсыз. Адами тұрғыдан қарағанда осылай көрінуі мүмкін. Алайда Құдайдың көзқарасы адамдардікінен әлдеқайда жоғары екенін естен шығармайық. Мұны биік тауда тұрған адамның оның етегінде тұрған адамға қарағанда айналаны жақсырақ көре алатынымен салыстыруға болады. Сондықтан кейде Құдайдың ойлары біздікінен қаншалықты биік екенін анықтап, өз көзқарасымызды онікіне сай келетіндей етіп өзгерту қажет болады. Ишая пайғамбар арқылы Құдай былай деген: “Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік” (Ишая 55:8, 9).

Толық мойынсұну керек пе?

Киелі кітаптың салық төлеуге қатысты талабын орындау билік иелеріне бар жағдайда мойынсұнуымыз керектігін білдірмейді. Иса пайғамбар үйреткендей, Құдай үкімет басындағыларға шектеулі ғана билік берген. Исаға “Патшаға салық төлеу Құдайдың көзінде дұрыс па?” деген сұрақ қойылғанда, ол: “Патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер”,— деп нақты жауап берген (Марқа 12:13—17).

Патша, яғни үкімет, ақшаны басып шығарып, оның құнын белгілейді. Сондықтан Құдайдың көзінде олардың сол ақшаны салық түрінде қайтарып алуына құқы бар. Алайда Иса пайғамбар айтқандай, Құдайға тиесілі нәрселерге, яғни біздің өміріміз бен ғибадатымызға, адам баласының ешқандай құрылымы үстемдік ете алмайды. Адамдардың заңдары Құдайдың заңдарына қайшы келгенде, мәсіхшілер “бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнулары керек” (Елшілердің істері 5:29).

Бүгінде мәсіхшілерді төлеген салықтарының қайда жұмсалатыны мазалағанмен, олар бүлік шығару не салықты төлемеу арқылы үкіметтің істеріне кедергі жасауға тырыспайды. Ал солай етер болса, Құдайдың адамзат қиындықтарын шешу үшін қарастырған шараларына сенім артпайтындарын көрсетер еді. Қайта, олар Құдайдың адамзат ісіне араласу үшін белгілеп қойған уақытын шыдамдылықпен күтеді. Құдай мұны: “Менің Патшалығым осы дүниелік емес”,— деп айтқан өзінің ұлы Исаның билігі арқылы жүзеге асырады (Жохан 18:36).

Киелі кітап талаптарын ұстанудың пайдасы

Киелі кітаптағы салық төлеуге қатысты талапты орындаудың көп пайдасы бар. Айталық, ұсталып қалып, жауапқа тартыламын деп қорықпайсыз (Римдіктерге 13:3—5). Бұдан да маңыздысы, Құдай алдында ар-ұжданыңызды таза сақтайсыз және заңдарға бағынуыңызбен оған құрмет көрсетесіз. Салық төлеуден бас тартқандарға не төлемеудің амалын тапқандарға қарағанда біраз шығындалатын шығарсыз, алайда Құдайдың өзінің адал қызметшілерін еш тастамайтынына сенімді болыңыз. Дәуіт пайғамбар бұл жайында былай деген: “Жас та болдым, енді міне, қартайдым, көрмедім әділдің бейшара болғанын, ұрпағының қайыршы боп нан сұрағанын” (Забур 36:25).

Сонымен қатар Киелі кітаптағы салықты төлеуге қатысты талапты түсініп, соған мойынсұнғаныңыз сізді жантыныштығына бөлейді. Төленген салықты үкімет қайда жұмсаса да, сіз сол үшін Құдай алдында жауап бермейсіз. Мұны пәтерге төленген ақшаны үй иесі қайда жұмсаса да, пәтер жалдаушының сол үшін заң алдында жауап бермейтінімен салыстыруға болады. Киелі кітап шындықтарын білгенге дейін, оңтүстік Еуропада тұратын Стильвио есімді ер кісі жылдар бойы саяси өзгеріске қол жеткізуге тырысқан. Алайда кейіннен бұған неліктен қол сілтегенін ол былай түсіндіреді: “Жер бетінде әділдік, бейбітшілік пен бауырластықты орнату адам баласының қолынан келмейтінін түсіндім. Тек Құдай Патшалығы ғана өзгеше әрі әлдеқайда жақсы қоғам орната алады”.

Стильвио сияқты сіз де адалдықпен “Құдайдікін Құдайға берсеңіз”, жақын болашақта Жаратушының адамзат билігінің әкелген барлық зардабын жойып, бүкіл жер бетіне өзінің әділ билігін орнататын кезін көретініңіз шүбәсіз.

[Сілтеме]

a Ехоба куәгерлерінің салық төлеуге қалай қарайтыны жайлы мәліметті “Күзет мұнарасының” келесі сандарынан қараңыз: 2003 жыл 1 ақпан, 22-бет, 15-абзац және 1996 жыл 1 мамыр (ор.), 16-бет, 7-абзац.

[14-беттегі сөздер]

Құдайдың ойлары біздікінен әлдеқайда жоғары болғандықтан, біз өз көзқарасымызды жиі түзетіп, Құдайдікіне сай келтіріп отыруымыз қажет

[15-беттегі сөздер]

Салықты уақтылы төлеу арқылы мәсіхшілер Құдай алдында ар-ұждандарын таза сақтайды және оның ас-сусыз қалдырмайтынына сенетіндерін көрсетеді

[14-беттегі суреттер]

“Патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер”

[Түпдерек]

Copyright British Museum

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу