Отбасы бақытының сыры
Сыйлық қымбат емес, сыйластық қымбат
Русланa былай дейді: “Камила көңілі түскен кездері тоқтамай жылай береді. Ал сөйлесуге ыңғай танытсам, жақтырмағанын көрсетіп, сөйлеспей қояды. Осындай кездері өзімді тығырыққа тірелгендей сезінемін”.
Камила былай дейді: “Руслан үйге келгенде, мен жылап отырғанмын. Мені не нәрсе мазалағанын айтып бастағанымда, сөзімді бөліп жіберді. Ол мұның алып бара жатқан ештеңесі жоқ екенін және бұған мән бермей-ақ қоюым керектігін айтты. Алайда бұл менің көңілімді одан бетер түсірді”.
СІЗГЕ осы ерлі-зайыптылардың сезімдері таныс па? Олардың екеуі де сөйлесуге кет әрі емес, алайда екеуі де тез ашуланатындықтан, жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. Бұған не себеп?
Сөйлесуге келгенде ерлер мен әйелдердің өздеріне тән ерекшеліктері мен қажеттіліктері бар. Әйел заты сезімдерін еш бүкпесіз әрі жиі айтып отыруды ұнатады. Ал ер адамдар көбіне проблеманы тез шешіп, қиын мәселелерді қозғамау арқылы тыныштық сақтауға тырысады. Осы ерекшеліктердің жымын білдірмей, жұбайыңызбен пікір алысуға не көмектеседі? Мұның сыры сыйластық пен құрмет көрсетуде жатыр.
Құрметтей білетін адам өзгелерді бағалайды және сезімдерін түсінуге тырысады. Сірә, сіз бала кезіңізден көпті көрген үлкен кісілерді құрметтеуге үйренген шығарсыз. Алайда некеде өзіңіз сияқты теңіңізге сый-құрмет көрсету қиынға соғатын болар. Отасқанына сегіз жыл болған Линда былай деп бөлісті: “Күйеуім Фил кімді болса да шыдамдылықпен тыңдап, түсінуге тырысады. Ол маған да осылай қараса екен деймін”. Бәлкім, сіз де жора-жолдастарыңызға, тіпті бөтен адамдарға келгенде шыдамдылық танытып, құрметпен сөйлейтін шығарсыз. Ал өмірлік жарыңызға ше?
Сыйластық болмаса, үйдің берекесі кетеді. Киелі кітапта мынадай кеңес бар: “Жанжалды үйдің мол етінен гөрі, татулықпен жеген қатқан нан игі” (Нақыл сөздер 17:1). Киелі жазбаларда күйеулер әйелдерін сыйлау керектігі айтылған (Петірдің 1-хаты 3:7). Әйелі де өз тарапынан “күйеуіне зор құрмет көрсетуі” қажет (Ефестіктерге 5:33).
Жұбайлар пікірлескенде қалай құрмет көрсете алады? Киелі жазбалардағы кейбір тиімді кеңестерді қарастырайық.
Жұбайыңыздың айтары бар болғанда
Қиындық:
Көп адам тыңдаудан гөрі сөйлегенді жақсы көреді. Сіз де солардың қатарындасыз ба? Киелі жазбалар “тыңдамай жатып жауап қайтаратын” адамды ақымақпен теңеген (Нақыл сөздер 18:13). Сол себепті тіл қатпас бұрын тыңдап алғаныңыз дұрыс. Неге? “Маған күйеуімнің қиындықтарымды бірден шешіп бергені қажет емес,— дейді отбасын құрғанына 26 жыл болған Кара.— Тіпті менімен келіспей-ақ та, проблеманың туындау себебін анықтамай-ақ та қойсын. Бар болғаны мені тыңдап, сезімдерімді түсінсе екен деймін”.
Ал кейбір ерлер мен әйелдер, керісінше, ішіндегісін айтудан тартынады. Ал жары ойындағысын айтуға қыштаса, өзін қолайсыз сезінеді. Жақында тұрмыс құрған Лорридің күйеуіне сезімдерін ашық айтып жеткізу үшін біраз уақыт керек екен. “Күйеуім ішіндегісін айтқанша, мен шыдамдылықпен күтуім керек”,— дейді ол.
Шешу жолы:
Ойларыңыз бір жерден шықпайтын мәселелерді екеуіңіз де жайдары отырған кезде шешуге тырысыңыздар. Егер жұбайыңыздың сөйлесуге зауқы болмай тұрса ше? Мұндайда “Адамның ой-ниеті тұңғиық судай болар, ақылды адам олардан сарқып алар” деген принципті есте ұстаған жақсы (Нақыл сөздер 20:5). Егер құдықтағы шелекті тез тартып алатын болсаңыз, көп суды төгіп аласыз. Сол сияқты жұбайыңызды сезімдерін айтуға тым қатты мәжбүрлейтін болсаңыз, ол тымырайып, ішіндегісін бүгіп қалуы мүмкін. Бұның орнына сұрағыңызды жұмсақ үнмен, құрмет таныта отырып қойыңыз. Ал жұбайыңыз сезімдерін сіз қалағандай жылдам айта қоймаса, шыдамдылық танытқаныңыз жақсы.
Жолдасыңыз сөйлеп жатқанда, “тыңдауға жүйрік, сөйлеуге және ашулануға баяу” болған жөн (Жақып 1:19). Жақсы тыңдаушы тек құлақпен ғана емес, жүрекпен де тыңдайды. Олай болса, жолдасыңыздың сезімдерін түсінуге тырысыңыз. Мұқият тыңдау арқылы құрмет көрсететін болсаңыз, жұбайыңыздың мұны сезбей қоймасы анық.
Қалай тыңдау керектігін Иса пайғамбардан үйренсек болады. Бірде ауру адам көмек сұрап келгенде, ол осы қиындықты бірден шеше салған жоқ. Алдымен, Иса бұл кісінің өтінішін тыңдап алды. Сосын оған қатты жаны ашыды. Содан кейін ғана ауруынан айықтырды (Марқа 1:40—42). Жолдасыңыз сөйлеп жатқанда сіз де осылай әрекет етіп көріңіз. Мынаны ұмытпаңыз: жұбайыңыз мәселені шешкеніңізді емес, жанашырлық танытқаныңызды қалайды. Сондықтан оны мұқият тыңдағаныңыз дұрыс. Айтқандарын жүректен өткізіп, жылы сезімдеріңіздің оянуына жол беріңіз. Содан кейін ғана көмектесуге тырысқаныңыз жақсы. Осылайша жұбайыңызды құрметтейтініңізді көрсетесіз.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Келесі жолы жұбайыңыз сізбен сөйлескенде, бірден жауап беруден аулақ болыңыз. Сөзін соңына дейін тыңдасаңыз, не айтқысы келгенін түсіне аласыз. Ал кейіннен: “Сені тыңдай білдім бе, әлде әлі де жақсара түсуім керек пе?”— деп сұрап көрсеңіз болады.
Сіздің айтарыңыз бар болғанда
Қиындық
: “Әзіл-сықақ бағдарламаларында жұбайын жамандауды, кекетіп-мұқатуды қалыпты нәрсе ретінде көрсетеді”,— дейді жоғарыда пікірін білдірген Линда. Кейбіреулер сыйлауды білмейтін отбасында туып өскен. Мұндай адамдарға отау құрған соң бойға сіңген осы әдеттен арылу қиынға соғып жатады. Канадада тұратын Иви былай дейді: “Мен өскен ортада сөзбен түйреу, айғайлау және қорлап сөйлеу кәдімгі нәрсе еді”.
Шешу жолы:
Өзгелерге жұбайыңыз жайлы айтқанда “аузыңыздан тек жақсы сөз шықсын, осылайша тыңдап тұрғандарды нығайтасыз” (Ефестіктерге 4:29). Жұбайыңыз туралы айтқандарыңыз басқаларды оны құрметтеуге талпындырсын.
Тіпті жұбайыңызбен оңаша қалғанда да кекетіп сөйлеуден не оны қорлап атаудан сақ болыңыз. Ежелгі Исраилде Михол есімді әйел бірде күйеуі Дәуіт патшаға ашуланған еді. Ол күйеуін кекетіп: “Ұяттан безген дөрекі әлдекім ұқсап жүрдің”,— деді. Оның сөздері Дәуіттің көңіліне тиіп, Құдайға да ұнамсыз болды (Патшалықтар 2-жазба 6:20—23). Осыдан не үйрене аламыз? Жан жарыңызбен сөйлескенде, ойланып сөйлеуге тырысыңыз (Қолостықтарға 4:6). Шаңырақ көтергеніне сегіз жыл болған Фил әйелі екеуінің арасында әлі де келіспеушіліктің болып тұратынын айтады. Ол айтқан сөздерінің кейде жағдайды ушықтырып жіберетінін байқаған. “Сөзден жеңгенім, шын мәнінде, жеңілгенім екен. Мен қарым-қатынасымызды сақтап қалу әлдеқайда маңызды екенін түсіндім”.
Ежелде егде тартқан бір жесір әйел келіндерін өз күйеулерінің үйінде “жайлы баспана” табуға талпындырған (Рут 1:9). Бір-бірін құрметтейтін ерлі-зайыптылар үшін үйлері “жайлы баспана” болары шүбәсіз.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Осы тақырыпшада келтірілген кеңестерді жұбайыңызбен бірге талқылауға уақыт бөліңіз. Одан былай деп сұрап көріңіз: “Елдің алдында сен туралы айтқан сөздерім мерейіңді асырды ма, әлде беделіңді түсірді ме? Жақсаруым үшін не істеуім керек?” Жұбайыңыз өз ойын айтып жатқанда, оны шын ықыласпен тыңдаңыз. Оның ұсыныстарын іс жүзінде қолдануға тырысыңыз.
Жарыңыздың ерекшеліктерін дұрыс қабылдай біліңіз
Қиындық:
Жаңадан шаңырақ көтергендердің кейбірі Киелі кітаптағы “біртұтас” болу деген сөзді ерлі-зайыптылардың ойы мен мінез-құлқы бірдей болу керек деп түсінеді (Матай 19:5). Алайда көп кешікпей-ақ мұның мүмкін емес екенін байқайды. Олардың әртүрлі мінез-құлқы жиі кикілжің тудырып жатады. Линда былай дейді: “Фил екеуіміздің арамыздағы үлкен айырмашылық — ол маған қарағанда аз уайымдайды. Кейде ол мен уайымдап жатқанда жайбарақат отыра береді. Оның осы мінезі менің қитығыма тиеді”.
Шешу жолы:
Сіздердің ерекшеліктеріңіз бір-біріңізді сыйламауға себеп болмауы тиіс. Мысалы, сіздің көзіңіз бен құлағыңыздың атқаратын қызметтері әртүрлі. Бірақ олардың үйлесімді қызметінің арқасында сіз жолдан аман-есен өте аласыз. Үйленгеніне 30 жыл болған Адрин былай дейді: “Көзқарастарымыздың әртүрлі болғаны үшін қам жемейміз. Ең бастысы, олар Құдай Сөзіне қайшы болмаса болды. Біздің үйленгеніміз бір-біріміздің көшірмеміз болдық дегенді білдірмейді ғой”.
Жұбайыңыздың пікірі не көзқарасы сіздікінен өзгеше болғанда, тек өз қалауыңызды ғана ойламаңыз. Мұндайда жұбайыңыздың да сезімдерін ескерген дұрыс (Філіпіліктерге 2:4). Адриннің күйеуі Кайл былай деп қосты: “Мен қандай да бір мәселеге қатысты әйелімнің пікірін түсіне де, келісе де бермейтін кездерім болады. Алайда сондай сәттерде мен өз пікірімнен гөрі оны көбірек бағалайтынымды есіме саламын. Ол бақытты болса, мен де бақыттымын”.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жұбайыңыздың сізге қарағанда қандай істе ептілеу келетінін не көзқарасы сіздікінен гөрі жақсырақ екенін ойлап, осылардың тізімін жасаңыз (Філіпіліктерге 2:3).
Сый-құрмет некені баянды ететін кілттердің бірі болып табылады. “Құрмет көрсету отбасының берекесін келтіріп, тыныштық сыйлайды,— дейді Линда.— Иә, бұл күш салуға тұрарлық қасиет”.
a Есімдері өзгертілген.
ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:
Жұбайымның ерекшеліктері некемізді қалай байыта түседі?
Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейтін салаларда жұбайымның қалауын орындау неліктен маңызды?