Құдай Сөзінен білім алайық
Отбасыңыз бақытқа қалай қол жеткізе алады?
Бұл мақалада жиі көтерілетін сұрақтарға көңіл бөлінеді. Олардың жауабын сіз Киелі кітаптан оқып біле аласыз. Ехоба куәгерлері осы сұрақтарды сізбен бірге қарастыруға қуанышты болады.
1. Бақытты болу үшін неге заңды некеге тұру қажет?
Некеге бастау берген — бақытты Құдай Ехоба. Отбасы бақытты болу үшін заңды некеге тұру аса маңызды. Бұл ерлі-зайыптыларды біріктірумен қатар, балалардың да жылы ұяда өсіп-жетілуіне мүмкіндік береді. Құдай некеге қалай қарайды? Ол некенің заңды түрде тіркеліп, мәңгіге ұласқанын қалайды (Лұқа 2:1—5). Сондықтан ерлі-зайыптылардан бір-біріне адал болады деп күтеді (Еврейлерге 13:4). Ехоба Құдай өз қызметшілеріне жұбайы көзіне шөп салған жағдайда ғана ажырасып, қайта некеге тұруға рұқсат береді (Матай 19:3—6, 9 оқыңыз).
2. Жұбайлар бір-біріне қалай қарау керек?
Ехоба Құдай ер мен әйелді бір-бірін толықтырып тұратындай етіп жаратқан (Жаратылыс 2:18). Күйеуі отағасы ретінде отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етуі әрі Құдай туралы білім беруі керек. Ол әйелін жанқиярлықпен сүюі керек. Ерлі-зайыптылар бір-бірін жақсы көріп, құрметтеуі тиіс. Қателеспейтін адам жоқ, сондықтан жұбайлардың бір-біріне кешірімді болғаны маңызды. Бұл — некені бақытты етудің бірден бір жолы (Ефестіктерге 4:31, 32; 5:22—25, 33; Петірдің 1-хаты 3:7 оқыңыз).
3. Некеңізді сәтсіз деп ойласаңыз, жұбайыңыздан бөлек кеткеніңіз дұрыс па?
Араларыңызға сызат түссе, бір-біріңізге сүйіспеншілік танытуға күш салыңыздар (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). Құдай Сөзі бөлек тұруды қиындықты шешудің жолы деп қарастырмайды. Алайда кейбір ерекше жағдайларда адам жұбайынан бөлек тұруды шешуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 7:10—13 оқыңыз).
4. Балалар, Құдай сендерден не күтеді?
Ехоба Құдай сенің бақытты болғаныңды қалайды. Жастық шағың қуанышқа толы болу үшін ол саған ең жақсы кеңестер беріп отыр. Ол сенің ата-анаңның ақыл-парасаты мен тәжірибесінен үйренгеніңді қалайды (Қолостықтарға 3:20). Жаратушы Құдайың оны даңқтау үшін жасаған әрбір ісіңді бағалайды (Екклесиаст 11:9—12:1; Матай 19:13—15; 21:15, 16 оқыңыз).
5. Ата-аналар, балаларыңыз бақытты болу үшін не қажет?
Балаларды тамақ, киім, үй-жаймен қамтамасыз ету үшін көп тер төгу қажет (Тімөтеге 1-хат 5:8). Бірақ балаларыңыз шынымен бақытты болу үшін оларға Құдай жайлы тәлім беріп, оны жақсы көруге үйреткен де маңызды (Ефестіктерге 6:4). Сіздің Құдайға деген сүйіспеншілігіңіз баланың жүрегіне әсер етпей қоймас. Құдай Сөзіне негізделген тәлім-тәрбие баланың ой-санасының дұрыс қалыптасуына зор септігін тигізеді (Заңды қайталау 6:4—7; Нақыл сөздер 22:6 оқыңыз).
Балаға мақтау сөздер айтып, жігер берудің пайдасы көп. Сондай-ақ оны түзетіп, жөнге салып отырған да маңызды. Мұндай шаралар балаңызды бақытсыздыққа душар ететін жаман қылықтардан сақтайды (Нақыл сөздер 22:15). Алайда баланы жөнге салғанда тым қатал не дөрекі болмаған дұрыс (Қолостықтарға 3:21 оқыңыз).
Ехоба куәгерлері ата-аналар мен балаларға көмек болатын арнайы кітаптар басып шығарған. Бұл басылымдар Киелі жазбаларға негізделген (Забур 18:8, 12 оқыңыз).
Көбірек мәлімет алғыңыз келсе, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 14-тарауын қараңыз.