Дүние шын мәнінде кімнің билігінде?
ҚЫЛМЫСТЫҚ топтың басшыларымен, сірә, ешқашан бетпе-бет кездеспеген боларсыз. Бірақ бұл олардың мүлдем жоқ екенін білдіре ме? Мұндай басшылар өз болмыстарын жасыруға шебер. Олар тіпті түрмеде отырып та істерін тындыра береді. Алайда газет беттеріндегі нашақорлық, жезөкшелік пен адам саудасы сияқты тақырыптар мұндай басшылардың қылмысынан хабардар етіп, олардың бар екенін айқын көрсетеді. Иә, олардың іс-әрекеттеріне қарап, мұндай басшылардың барына еш күмәнданбайтынымыз сөзсіз.
Құдай Сөзі Киелі кітапта Шайтанның тірі тұлға екені және қылмыскерлердің ықпалды басшысы сияқты оның да “алдамшы белгілер” мен “әділетсіздіктен туатын алдамшылықты қолданып”, өз еркін орындайтыны айтылған. Сондай-ақ Шайтанның “өзін жарық періште етіп көрсететіні” де жазылған (Салоникалықтарға 2-хат 2:9, 10; Қорынттықтарға 2-хат 11:14). Қылмыстық топтың жетекшісі сияқты, Ібілістің бар екені де оның әрекеттерінен көрінеді. Алайда адамдардың көбісіне көзге көрінбейтін осы зұлым тұлғаның барына сену қиын. Ібіліс жайлы Киелі кітапта не айтылғанын сөз етпес бұрын, Шайтанның бар екеніне сенуге кедергі жасайтын кең тараған жаңсақ пікірлердің кейбірін қарастырайық.
◼ “Қалай ғана сүйіспеншілігі мол Құдай Ібілісті жаратты?” Киелі жазбаларда Құдайдың ізгі әрі мінсіз екені айтылған, сондықтан “ол зұлым да қатыгез тұлғаны жаратты” деген ой ақылға қонбайтын сияқты. Шындығына келгенде, Киелі жазбаларда Құдайдың мұндай тұлғаны жаратқаны жайлы ештеңе айтылмаған. Керісінше, Құдай туралы ол жерде былай делінген: “Ол — Қорған, оның істері кемелді, жолдарының бәрі әділетті. Құдай адал және онда әділетсіздік жоқ. Ол әділ әрі шыншыл” (Заңды қайталау 32:4; Забур 5:5).
Мынаған көңіл аударайықшы: Құдай кемелді тұлғаларды тек дұрыс нәрсені істейтіндей етіп жаратқан ба? Негізінде, Құдай оларға ерік бостандығын беріп, өз бетінше таңдау жасай алатындай етіп жаратқан. Сондықтан кемелді де саналы жаратылыстар жақсылық не жамандық жасауды өздері шеше алады. Ерік бостандықтары болмағанда, олар роботқа ұқсап, іс-әрекеттерінің еш мәнісі болмас еді.
Бұдан мынадай қисынды тұжырым жасай аламыз: Құдай жаратылыстарына ерік бостандығын бергендіктен, олардың бұрыс нәрсені таңдауына кедергі жасамайтыны анық. Иса пайғамбар Ібілістің өз ерік бостандығын бұрыс қолданғанына назар аударып: “Ол... шындықтан тайып кетті”,— деген (Жохан 8:44). Бұл сөздерден Ібіліске айналған тұлғаның бір кездері шындық жағында тұрған кемелді періште болғаны анық байқаладыa. Ехоба Құдай өзінің жаратылыстарына ерік бостандығын беруімен оларды жақсы көретінін әрі сенім артатынын көрсетті (6-беттегі “Кемелді жаратылыстың кемелділіктен айырылуы мүмкін бе?” деген қоршауды қараңыз.).
◼ “Ібіліс Құдайдың қызметшісі ме?” Кейбіреулер Киелі жазбалардағы Әйүп кітабында жазылған оқиға осындай ойға нұсқайды деп сенеді. Мысалы, бір Киелі кітап сарапшысының айтуынша, Ібіліс “жерді айналып шықты” деген тіркес жерді кезіп, патшасына айналадағы жайттарды жеткізіп отырған ежелгі парсы тыңшысының қызметін еске салады (Әйүп 1:7). Алайда Ібіліс расында да Құдайдың тыңшысы болғанда: “Жерді айналып шықтым”,— деп, оған қайда барып келгендігін айтып жатпас еді ғой? Ібіліс Әйүп кітабында Шайтан (“қарсылас” дегенді білдіреді) деп аталып, Құдайдың жақтасы емес, қас жауы ретінде суреттелген (Әйүп 1:6). Олай болса, Шайтан Құдайдың қызметшісі деген пікір қайдан бастау алған?
Б. з. І ғасырындағы яһудилердің апокрифтік кітаптарында (авторына не беделіне күмән туған, киелі рухтың жетелеуімен жазылғаны дәлелденбеген кітаптар) Ібілістің Құдаймен дауласқаны, алайда оның еркіне бағынышты болып қалғаны айтылған. Өзінің “Мефистофель” кітабында тарихшы Дж. Б. Рассел протестант реформаторы Мартин Лютердің көзқарасын түсіндірді. Оның ойынша, Ібіліс бақты өңдеуге арналған шапқы сияқты Құдайдың қолында құрал болып табылады. “Шапқы” “арамшөпті” жоюдан рақат табады, бірақ ол Құдайдың ырқынан шықпай, оның еркін орындайды. Кейіннен француз теологы Жан Кальвин қабылдаған Лютердің бұл пайымы көп діндар адамдардың көзінде әділетсіздік болып көрініп, наразылықтарын тудырған. Олар: “Сүйіспеншілігі мол Құдай зұлымдыққа жол беріп қана қоймай, оның орын алуына қалайша себепші болған?”— деп ойлады (Жақып 1:13). Осы ілімге қоса, XX ғасырда адамзаттың басына түскен көп қасірет бірталай адамның Құдайға да, Ібіліске де сенуден бас тартуына түрткі болды.
◼ “Ібіліс тұлға емес, жай ғана зұлымдықтың бейнесі ме?” Ібіліс жай ғана зұлымдықтың бейнесі болғанда, Киелі кітаптағы кей тармақтарды түсіну қиынға соғар еді. Айталық, Әйүп кітабының 2:3—6 дейінгі тармақтарында Құдай кіммен сөйлескен? Ол Әйүптің не тіпті өз бойындағы зұлымдықпен сөйлесті ме? Солай болса, оның бір жағынан Әйүпті керемет қасиеттері үшін мақтап, екінші жағынан оның қатты сыналуына жол бергені ме? Құдай ниетінің тазалығына осылай шек келтіру оны екіжүзді етіп көрсетер еді, алайда Киелі кітапта оның “әділ” Құдай екені айтылған (Забур 91:16). Шындығына келгенде, Құдай “қолын созып”, Әйүпке зиян келтіруден бас тартқан. Иә, Ібіліс зұлымдықтың бейнесі де, Құдай болмысының жаман қыры да емес екені анық. Ол — Құдайға қарсы шығып, оның қас жауы атанған тұлға.
Дүние шын мәнінде кімнің билігінде?
Бүгінде көп адам Ібіліске сену ескіліктен қалған наным деп есептейді. Алайда Ібілісті есепке алмай, зұлымдықтың қайдан бастау алғанын түсіндіру бүгінге дейін еш қанағаттанарлық нәтиже әкелмеді. Қайта, Ібілісті жоққа шығару көп адамның Құдайдан да, оның өнегелілік нормаларынан да бас тартуына әкеп соқты.
XIX ғасырдың ақыны Шарль Пьер Бодлер былай деген: “Шайтанның ең сорақы айласы — бізді өзінің жоқ екендігіне сендіру”. Өзінің болмысын жасыру арқылы Ібіліс Құдайдың бар екенін дауға салды: Ібіліс жоқ болса, онда зұлымдық атаулыға Құдай кінәлі болып шығады да, көп адам оған сенуден қалады. Ал Ібілістің қалайтыны дәл осы емес пе?
Қылмыстық топтың басшысы сияқты, Ібіліс алдына қойған мақсатына қол жеткізу үшін өз болмысын жасырады. Ал оның мақсаты қандай? Киелі кітапта былай делінген: “Сенбейтіндер Құдайдың кейпі болып табылатын Мәсіх туралы салтанатты ізгі хабардың нұрын көре алмау үшін, осы дүниенің құдайы олардың саналарын соқыр қылып қойған” (Қорынттықтарға 2-хат 4:4).
Алайда ашық қалған мынадай маңызды сұрақ бар: барлық зұлымдық пен қайғы-қасіреттің артында жасырын тұрған бұл айлакермен Құдай не істемек? Мұны келесі мақалада қарастырамыз.
[Сілтеме]
a Құдайдың Шайтан шығарған бүлікті неге бірден тоқтатпағанын Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 11-тарауынан біле аласыз.
[5-беттегі сөздер]
Ібіліс Құдайдың қызметшісі ме, әлде қарсыласы ма?
[6-беттегі қоршау/сурет]
Кемелді жаратылыстың кемелділіктен айырылуы мүмкін бе?
Құдай өзінің саналы жаратылыстарын кемелді етіп жаратқанмен, оларға берілген еркіндіктің белгілі бір шегі болған. Мысалы, Адам ата кемелді болған, бірақ ол Жаратушысы белгілеген физикалық заңдылықтарды бұзбау керек-тін. Мысалы, ол балшық, құм не ағашты жейтін болса, мұның зиянды салдарын көрер еді. Ал тартылыс заңын елемей, биік жартастан секірсе, қатты жарақаттанып, не тіпті мерт болар еді.
Дәл сол сияқты кемелді жаратылыстардың ешқайсысы да, адам не періште болсын, Құдайдың өнегелілік нормаларын бұзса, мұның жаман салдарынан қашып құтыла алмайды. Сондықтан саналы жаратылыс өзіне берілген ерік бостандығын бұрыс мақсатта қолданса, күнәға бататыны анық (Жаратылыс 1:29; Матай 4:4).