Зұлымдықтың артында кім тұр?
“МЕН Шайтанның өзімен бетпе-бет кездескендей болдым”. Бұл сөздерді 1994 жылы Руандадағы айуандыққа куә болған Біріккен Ұлттар Ұйымының қарулы күштерінің қолбасшысы айтқан болатын. Ол сол аймақтағы геноцидке тосқауыл бола алмаған жандардың бірі еді. Адам төзгісіз осындай қатыгездікті өз көзімен көрген басқа бір адам: “Шайтанды еш шімірікпестен жоққа шығаратын адамға Руандадағы қаз-қатар тізілген зираттарды көрсетер едім”,— дейді. Мұндай жауыздық шынымен де Шайтанның ісі ме?
Көп адам өршіп тұрған зорлық-зомбылық пен қатыгездікті көзге көрінбейтін зұлым жаратылыстың ісі деп есептемейді. Олардың ойынша, зұлымдық атаулы адамның бойындағы жамандыққа деген туа біткен бейімділігінен, яғни арам пиғылынан, туындайды. Басқа біреулер болса билігі жүріп тұрған қалталылар, яғни сахна сыртында бүкіл дүниені уысында ұстап тұрған әлдекімдер, ондаған жылдар бойы адамдарға дегенін істетіп, әлемді билеп келеді деп пайымдайды. Барлық қайғы-қасірет үшін билік басындағыларды жазғыратындар да жоқ емес.
Ал сіз бұл жайлы не ойлайсыз? Адамдар тосқауыл қоюға қанша тырысса да, зұлымдық, қатыгездік пен қайғы-қасірет не себепті дүниені жайлап барады? Адам баласы бұрыс істерінің салдарын көре тұра, құрдымға апаратын жолдан неге қайтпайды? Осылардың артында кім тұр? Дүние шын мәнінде кімнің билігінде? Бұл сұрақтардың жауабы сізді таңғалдыруы мүмкін.