“Араларыңда ауыр еңбектеніп жүргендерді қадірлеңдер”
“Араларыңда ауыр еңбектеніп, Иеміздің ісінде жетекшілік етіп, ақыл-кеңес беріп жүргендерді қадірлеңдер” (САЛ. 1-Х. 5:12).
1, 2. а) Пауыл Салоникалықтарға бірінші хатын жазғанда, ондағы қауымның жағдайы қандай еді? ә) Пауыл Салоникадағы бауырластарды не істеуге шақырды?
ӨЗІҢДІ бірінші ғасырда Еуропада құрылған ең алғашқы қауымдардың бірі — Салоникадағы қауымның мүшесі ретінде елестетіп көрші. Елші Пауыл бірталай уақыт сондағы бауырластардың қасында болып, оларды жігерлендірген. Сондай-ақ басқа қауымдарға басшылықты қолға алатын ақсақалдар тағайындағанындай, бұл қауымға да солай етсе керек (Ел. іс. 14:23). Алайда қауым құрылған соң көп ұзамай, яһудилер бір топ адам жинап, Пауыл мен Сыйласты қаладан қуып шығарды. Сонда сол жерде қалған мәсіхшілер өздерін жалғыз қалғандай сезініп, тіпті бойларын үрей билеген де болуы мүмкін.
2 Әрине, Салоникадан кеткен соң, Пауыл қанаты қатпаған бұл қауым жайлы уайымдады. Ол қайтып келуге тырысқанымен, Шайтан оның “жолын кес-кестеді”. Сондықтан бұл қауымды жігерлендіру үшін ол Тімөтені жіберді (Сал. 1-х. 2:18; 3:2). Тімөтенің жақсы хабармен оралғаны Пауылды Салоникадағы қауымға хат жазуға талпындырды. Басқа да жайттармен қоса, Пауыл ондағы бауырластарды “жетекшілік етіп жүргендерді қадірлеуге” шақырды (Салоникалықтарға 1-хат 5:12, 13 оқы).
3. Салоникадағы мәсіхшілердің ақсақалдарды айрықша құрметтеуге қандай себептері болған?
3 Салоникадағы мәсіхшілердің арасында басшылықты қолға алған бауырластар Пауыл мен оның серіктестері сияқты тәжірибелі емес-тін. Сондай-ақ Иерусалимдегі ақсақалдардай емес, шындықта жүргендеріне көп болмаған. Бұған қоса, қауымның құрылғанына бір жыл да болған жоқ еді. Десе де “араларында ауыр еңбектеніп, жетекшілік етіп, ақыл-кеңес беріп жүрген” ақсақалдарға қауым мүшелерінің ризашылық білдіруіне себеп аз емес-тін. Иә, олардың ақсақалдарды “айрықша құрметтеп, жақсы көргендері” жөн еді. Осы сөздерден кейін Пауыл “өзара тату болуға” кеңес берді. Сен Салоникадағы қауымның мүшесі болсаң, күмән жоқ, сондағы ақсақалдардың қызметі үшін ризашылық білдірер едің. Ал өз қауымыңдағы Мәсіх арқылы берілген Құдайдың “сыйларына”, ақсақалдарға, қалай қарайсың? (Ефес. 4:8).
“Ауыр еңбектеніп” жүргендер
4, 5. Пауылдың заманында ақсақалдар қауымға тәлім беру үшін неге тер төгу керек болған және неге бұл бүгінде де солай?
4 Пауыл мен Сыйласты Береяға аттандырған соң, Салоникадағы ақсақалдар қалай “ауыр еңбектенген”? Олардың Пауылға еліктеп, Жазбаларға негізделе отырып қауымға тәлім бергенінде күмән жоқ. Бәлкім, сен: “Салоникадағы мәсіхшілер Құдай Сөзін бағалаған ба?”— деп сұрарсың. Өйткені Киелі кітапта береялықтардың “салоникалықтарға қарағанда дұрыс көзқарас ұстанғандары” және “Жазбаларды күн сайын мұқият зерттегендері” айтылған ғой (Ел. іс. 17:11). Алайда бұл — Салоникадағы мәсіхшілер туралы емес, жалпы сол қаладағы яһудилер жайлы айтылған сөз. Ондағы мәсіхшілер “Құдай сөзін адамның емес, Құдай сөзі ретінде” қабылдаған (Сал. 1-х. 2:13). Сондықтан білімге құштар осындай адамдарға тәлім беру үшін ақсақалдар ауыр еңбек еткен деуге болады.
5 Бүгінде адал да ақылды құл Құдайдың отарына рухани “ас-суды уақтылы” беріп отыр (Мат. 24:45). Осы құлдың басшылығымен ақсақалдар бауырластарын рухани ас-сумен қамтамасыз ету үшін ауыр еңбектеніп жүр. Бауырластарда Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер жеткілікті болар, сондай-ақ кейбір тілдерде “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” және “Күзет мұнарасы” басылымдарының электронды кітапханасы сияқты құралдар бар шығар. Сөйтсе де қауымның рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ақсақалдар кездесудің өздеріне тапсырылған бөлімін бауырластарға пайдалы болатындай етіп жеткізу мақсатымен дайындалуға көп уақыт жұмсайды. Олардың қауым кездесулеріндегі, конгрестегі тапсырмаларына дайындалу үшін қанша уақыт жұмсайтыны туралы ойланып көргенсің бе?
6, 7. а) Салоникадағы ақсақалдар Пауылдан қандай үлгі алған? ә) Неге бүгіндегі ақсақалдарға Пауылға еліктеу қиын болуы мүмкін?
6 Салоникадағы ақсақалдар Пауылдың отарды бағуда көрсеткен керемет үлгісін естерінде ұстаған. Отарды бағу — немкетті не салғырт қарайтын іс емес. Алдыңғы мақалада айтылғандай, Пауыл салоникалықтар үшін “баласын емізіп, мәпелеген анадай” болған (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8 оқы). Тіпті олар үшін “жанын беруге дайын болды”! Салоникадағы ақсақалдар отарды баққанда, Пауылды үлгі тұтқан.
7 Бүгіндегі ақсақалдар да Пауылға еліктеп, отарды мәпелейді. Отардағылардың кейбірі жатырқауық, тұйық мінезді болуы мүмкін. Сөйтсе де ақсақалдар бауырластардың бәріне бірдей түсінікпен қарап, олардың бойындағы жақсылықты көруге тырысады. Рас, кемелсіз болғандықтан бұл ақсақалдарға қиынға соғуы мүмкін. Дегенмен Мәсіхке мойынсұнып, қолынан келгенше барлығына жұмсақтық танытып, жақсы бағушы болуға тырысып жүргендері үшін олар мақтауға тұрады емес пе?
8, 9. Ақсақалдардың “үнемі жанымыздың қамын ойлайтыны” неден көрінеді?
8 Бәріміздің де ақсақалдарға “бағынуға” себебіміз бар. Пауыл жазғандай, “олар үнемі жанымыздың қамын ойлайды” (Евр. 13:17). Бұл сөздер отарын қорғау үшін түні бойы ұйқы көрмейтін қойшыны есімізге түсіреді. Сол сияқты, ақсақалдар денсаулығы нашар, эмоциялық проблемасы бар не Киелі кітап принциптерін қолдана алмай жүрген бауырластарға көмектесу үшін ұйқысын қиюы мүмкін. Мысалы, төтенше жағдайлар орын алса, Ауруханалармен байланыс комитетіндегі бауырластардың түн ұйқысын бөлуге тура келеді. Алайда біз сондай жағдайға ұшырасақ, олардың қызметіне риза боламыз емес пе?!
9 Аймақтық құрылыс комитеті мен көмек көрсету комитетіндегі ақсақалдар аянбай еңбек етуде. Олар біздің шын жүректен қолдау көрсетуімізге лайық! Мысалы, 2008 жылы Мьянмада болған “Наргис” дауылынан кейін ондағы бауырластарға көмек көрсетілді: Иравади өзенінің атырауында орналасқан “Ботингон” қауымына жету үшін, көмек көрсетуші топтың мәйіттерге толы, астан-кестені шыққан жерлерден өтуіне тура келді. Жергілікті бауырластар Ботингонға бірінші болып келген топтың арасындағы бұрынғы аудандық бақылаушыларын көргенде: “Қараңдар! Мынау аудандық бақылаушымыз ғой! Ехоба бізді құтқарды!”— деп айғайлап жіберді. Сен ақсақалдардың күн демей, түн демей атқаратын ауыр еңбегін бағалайсың ба? Кейде ақсақалдар күрделі мәселелерді қарастыратын сот комитетінің мүшесі болады. Осы комитеттерде қызмет ететін ақсақалдардың ешқайсысы атқарған істері үшін мақтанбайды, ал сол істердің игілігін көріп жүргендер оларға шын жүректен риза (Мат. 6:2—4).
10. Ақсақалдар көзге көріне бермейтін қандай жұмыс атқарады?
10 Сонымен қатар көптеген ақсақалдар қауымның ісқағаз жұмысымен айналысады. Мысалы, ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі апта сайынғы кездесулердің кестесіндегі тапсырмаларды үлестіреді. Қауым хатшысы ай сайынғы және жыл сайынғы уағыздау қызметіне қатысты құжаттарды толтырады. Теократиялық қызмет мектебінің бақылаушысы болса тапсырмаларды жақсылап ойланып барып тағайындайды. Үш ай сайын бір ақсақал қауымның қаржысын тексереді. Сондай-ақ ақсақалдар филиалдан келетін хаттармен танысып, барлық қауымдарда бірдей тәртіп болуы үшін берілетін басшылықтарды ұстанады (Ефес. 4:3, 13). Ақсақалдардың осылай аянбай еңбек еткендерінің арқасында “барлығы лайықты әрі тәртіппен” өтеді (Қор. 1-х. 14:40).
“Жетекшілік етіп” жүргендер
11, 12. Қауымда кім жетекшілік етеді және бұл нені қамтиды?
11 Пауыл Салоникадағы ауыр еңбек етіп жүрген ақсақалдарды қауымға “жетекшілік ететіндер” ретінде суреттеген. Бұл тіркес түпнұсқа тілінде “алдында тұру” дегенді білдіреді, оны “бағыт беру” деп те аударуға болады (Сал. 1-х. 5:12). Пауылдың айтуынша, барлық ақсақалдар ауыр еңбек етіп қана қоймайды, қауымға жетекшілік те етеді. Бүгінде ақсақалдардың басым көпшілігі қауым алдында тұрып, кездесулерді жүргізеді. “Төрағалық етуші” деген атаудың “ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі” деп өзгертілгені барлық ақсақалдарды өзара үйлесімділікте қызмет атқаратын бір дененің мүшелері ретінде қарастыруға көмектеседі.
12 Қауымға “жетекшілік ету” тәлім беруден көп нәрсені қамтиды. Осыған ұқсас тіркес Тімөтеге 1-хат 3:4-те кездеседі. Пауыл: “[Бақылаушы] отбасына жақсы басшылық ететін, ал балалары мойынсұнғыш әрі тәртіпті болуы керек”,— деді. Бұл сөздерге сай, жетекшілік ету тәлім берумен ғана шектелмейді, бұған отбасында басшылықты қолға алу мен “балалардың мойынсұнғыш болуы” да кіреді. Иә, ақсақалдар жетекшілік етіп, қауымдағылардың бәріне Ехобаға мойынсұнуға көмектеседі (Тім. 1-х. 3:5).
13. Неге ақсақалдар кездесуінде шешім қабылдауға көп уақыт бөлу қажет болуы мүмкін?
13 Қауымға дұрыс жетекшілік ету үшін ақсақалдар қауымның қажеттіліктерін және оларды қамтамасыз ету жолдарын бірге қарастырады. Бәлкім, барлық шешімдерді бір ғана ақсақалдың қабылдағаны ыңғайлы шығар. Бірақ ақсақалдар бірінші ғасырдағы басқарушы кеңестің үлгісіне еліктеп, мәселелерді өзара емін-еркін талқылап, Жазбалардан басшылық іздейді. Олардың мақсаты — Жазбалардағы принциптерді қолдана отырып қауымның қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Әр ақсақалдың Жазбаларды және адал да ақылды құл табының басшылығын қарастырып, ақсақалдар кездесуіне дайындалып келгені әлдеқайда жақсы нәтиже береді. Әрине, бұған көп уақыт кетеді. Ақсақалдар бірінші ғасырда сүндеттелуге қатысты мәселені қарастырған басқарушы кеңес сияқты ортақ шешімге келе алмаған жағдайда, Жазбаларға негізделген шешім қабылдау үшін талқылауға көбірек уақыт бөлуі және зерттеу жүргізуі қажет болу мүмкін (Ел. іс. 15:2, 6, 7, 12—14, 28).
14. Ақсақалдар кеңесінің бірлікте қызметтесіп жүргенін бағалайсың ба? Не себепті бағалайсың?
14 Ал егер бір ақсақал өз дегенінде тұрып алса не өзінің жеке ойын алға тартса, не болар еді? Я болмаса әлдекім бірінші ғасырдағы Диотреп сияқты, бауырластардың арасына іріткі салмақ болса ше? (Жох. 3-х. 9, 10). Мұның бүкіл қауымға кері әсер ететінінде дау жоқ. Шайтан бірінші ғасырдағы қауымның ынтымағын бұзғысы келген болса, бүгінде де осылай етері сөзсіз. Ол адамның бойындағы атаққұмарлық сияқты, өзімшілдікке деген бейімділікті пайдалануы мүмкін. Сондықтан ақсақалдар кішіпейілділік дамытып, өзара қызметтесе білулері керек. Олардың осындай рух танытып жүргендеріне қалайша ризамыз десеңші!
“Ақыл-кеңес беріп жүргендер”
15. Ақсақалдарды бауырластарға ақыл-кеңес беруге не талпындырады?
15 Сосын, Пауыл ақсақалдардың қиын, сөйте тұра маңызды міндетіне назар аударды. Олар отарға ақыл-кеңес беруі керек. Мәсіхшілердің грек жазбаларында Пауыл ғана “ақыл-кеңес” деп аударылған грек сөзін қолданған. Бұл сөз қатаң кеңесті білдіруі мүмкін, бірақ өшпенділікпен берілетін кеңеске нұсқамайды (Ел. іс. 20:31; Сал. 2-х. 3:15). Мысалы, Пауыл қорынттықтарға: “Бұларды сендерді ұялту үшін емес, сүйікті балаларыма деген ақыл-кеңес ретінде жазып отырмын”,— деген (Қор. 1-х. 4:14). Сүйіспеншілікпен өзгелердің қамын ойлағаны Пауылды оларға ақыл-кеңес беруге талпындырған.
16. Басқаларға ақыл-кеңес бергенде, ақсақалдар нені есте ұстағандары дұрыс?
16 Ақсақалдар ақыл-кеңестің қалай берілгені маңызды екенін есте ұстайды. Олар Пауылға еліктеп, бауырластарға мейірімділік пен сүйіспеншілік танытуға және барынша көмектесуге тырысады (Салоникалықтарға 1-хат 2:11, 12 оқы). Әрине, ақсақалдар “дұрыс ілім арқылы ақыл-кеңес бере алуы үшін... шынайы сөздерден ауытқымауы керек” (Тит. 1:5—9).
17, 18. Ақсақал ақыл-кеңес берсе, нені есте ұстауың керек?
17 Бір ескеретін жайт — кемелсіз болғандықтан ақсақалдар артынан өкінетіндей бір нәрсе айтуы мүмкін (Пат. 3-ж. 8:46; Жақ. 3:8). Бұған қоса, әдетте бауырластар үшін кеңесті қабылдау “қуаныш әкелмейтінін, қайта, ауыр тиетінін” олар біледі (Евр. 12:11). Сондықтан егер ақсақал әлдекімге ақыл-кеңес берсе, ол мұны алдымен жақсылап ойланып, дұға айтқан соң істесе керек. Егер саған ақыл-кеңес берілсе, ақсақалдың сүйіспеншілікке толы қамқорлығына риза болмас па ең?
18 Мысалы, сен қандай да бір аурумен науқастанып қалдың делік. Дәрігер оның беті қайтпайтын ауру екенін айтса, мұнымен келіскің келмей, оған өкпелер ме едің? Жоқ, әрине! Ол тіпті ота жасауды ұсынса да, мұның өзің үшін пайдалы екенін түсініп, бұған келіссең керек. Дәрігердің ем жөнінде сенімен қалай сөйлескені көңіліңе тиетін шығар, алайда мұның шешіміңе әсер етуіне жол бермейтін боларсың. Сол сияқты, ақыл-кеңестің қалай берілгеніне бола одан бас тартпа. Ехоба мен Иса рухани күйіңді қалай сақтай алатыныңды көрсету үшін ақсақалдарды қолдануы мүмкін.
Ехобаның сыйын бағала
19, 20. “Сый ретінде берілген адамдар” үшін ризашылығыңды қалай көрсете аласың?
19 Сен өзіңе арнап жасалған сыйлық алсаң, не істер едің? Ризашылығыңды білдіру үшін оны қолданасың ғой? Ақсақалдар Ехобаның Иса Мәсіх арқылы саған берген “сыйы” болып табылады. Бұл сый үшін ризашылығыңды білдірудің бір жолы — ақсақалдардың баяндамаларын мұқият тыңдау және олардың айтқандарын өмірде қолдануға тырысу. Сондай-ақ мұны қауымда мағыналы түсініктемелер беру арқылы да көрсете аласың. Уағыз қызметі сияқты, ақсақалдар ұйымдастыратын істерге қолдау көрсет. Ақсақалдың берген кеңесінің пайдасын көрсең, неге бұл жайлы оған айтпасқа? Неге оның отбасына да ризашылық білдірмеске? Қауымда аянбай еңбек ететін ақсақал отбасымен өткізуіне болатын уақытын құрбан етіп жүргенін ұмытпайық.
20 Иә, біздің игілігіміз үшін ауыр еңбек ететін, қауымда жетекшілікті қолға алатын және ақыл-кеңес беріп тұратын ақсақалдарға ризашылық білдіруге себеп аз емес. Шынында да, бұл адамдар — Ехобаның сүйіспеншілікпен берген сыйы!
Естеріңде ме?
• Салоникадағы мәсіхшілердің қауым жетекшілеріне ризашылық білдіруге қандай себептері бар еді?
• Қауымыңдағы ақсақалдар сенің мүддең үшін қалай ауыр еңбек етіп жүр?
• Ақсақалдардың қауымға жетекшілік еткендерінің қандай игілігін көріп жүрсің?
• Ақсақал ақыл-кеңес берсе, нені есте ұстаған жөн?
[27-беттегі сурет]
Түрлі жолдармен қауымды бағып жүрген ақсақалдарды бағалайсың ба?