“Өз жолыңда табысты бол”. Қалай?
“ТАБЫС”. Бұл — ешкімді бейжай қалдырмайтын сөз. Кейбіреулер жоғары дәрежеге қол жеткізіп, байлық пен атақ-даңққа ие болып жатса, басқалары бұны армандағанмен, істері өрге баспай жатады.
Негізінен, табысты болу өмірде қандай мақсат қойғаныңмен байланысты. Сондай-ақ бұл үшін тағы екі маңызды жайтты ескеруің керек: уақытың мен күшіңді дұрыс қолдана білуің және іске білек сыбана кірісуің қажет.
Көптеген мәсіхшілер қызметке барынша атсалысу зор қанағат сезіміне бөлейтініне көз жеткізген. Толық уақытты қызметті өмір жолы етіп таңдағанының арқасында жастар да, қарттар да табысқа қол жеткізе алған. Алайда кейбіреулер қызметті іш пыстырарлық іс деп санап, оны шетке ысырып тастап, өмірлерінде басқа мақсаттар қойған. Неге бұлай болып жатады? Шынымен бағалы нәрселерге немкетті қарап кетпеу үшін, сен не істей аласың? Қалайша “өз жолыңда табысты бола” аласың? (Ешуа 1:8).
Үйірмелер және әуестенетін істер
Мәсіхші жастар шынайы Құдайға қызмет ету мен басқа да істерді қатар алып жүруде парасаттылық танытуы қажет. Осылай ететіндер мақтауға лайық, әрі олар өмірінде табысты болады.
Алайда кейбір жас бауырластар түрлі үйірмелер мен әуестенетін істеріне тым көп уақыт бөледі. Әрине, мұндай істермен айналысуда тұрған ештеңе жоқ шығар. Бірақ жас мәсіхшілер өздеріне келесідей сұрақтар қойып, ой жүгіртулері керек: Бұл іс қанша уақытымды алады? Онымен айналыссам, кімдермен араласуға тура келеді? Қандай көзқарастардың ықпалына түсуім ықтимал? Ол өмірдегі мақсатыма қалай әсер етеді? Бәлкім, сен мектептен тыс істермен айналысатын адамның Құдаймен қарым-қатынасын сақтауға уақыты да, күші де қалмай жататынын байқайтын шығарсың. Олай болса, өміріңде нені басты орынға қоюың керектігін шешіп алудың маңызды екенін түсінерсің (Ефес. 5:15—17).
Виктордыңa мысалын қарастырып көрейік. Ол былай дейді: “Мен он екі жасымда волейболға қатыса бастадым. Уақыт өте келе көптеген сыйлар жеңіп алып, мақтау қағаздарымен марапатталдым. Менің спорт жұлдызы болу мүмкіндігім болды”. Бірақ спорттың соңына түскені рухани күйіне қалай әсер етіп жатқаны Викторды мазалай бастайды. Мысалы, бірде ол Киелі кітап оқып отырып, ұйықтап кетеді. Сондай-ақ қызметтен алатын қуанышы да азая бастағанын байқайды. Виктор сөзін жалғап: “Спорт мені күш-жігерімнен айырғанымен қоймай, көп ұзамай рухани істерге деген құлшынысымды да бәсеңдеткенін түсіндім. Мен рухани істерге бар күшімді салып жатпағанымды іштей сезетінмін”,— деді.
Жоғары білім
Жазбаларға сай, мәсіхші отбасының қамын ойлауға міндетті. Ал бұған үй-ішін материалдық жағынан қамтамасыз ету де кіреді (Тім. 1-х. 5:8). Алайда бұл үшін міндетті түрде жоғарғы оқу орнын бітіру қажет пе?
Осы орайда, жоғары білім алуға ұмтылу мәсіхшінің Ехобамен қарым-қатынасына қалай әсер етуі мүмкін екенін қарастырғанымыз орынды болар. Бұл үшін Киелі кітаптағы бір мысалға көңіл аударайық.
Варух Еремия пайғамбардың хатшысы болатын. Ол Ехобаға деген мәртебелі қызметін бағалаудың орнына, өзіне атақ-даңқ іздей бастайды. Мұны байқаған Ехоба Еремия пайғамбар арқылы оған: “Сен өзіңе аса ғаламат дүние сұрайсың, сұрама”,— деп ескертеді (Ерм. 45:5).
Варух өзіне қандай “аса ғаламат дүние” сұрады? Бәлкім, ол яһудилер алдында атақ-абыройға ие болғысы келген шығар. Я болмаса байлықты көксеген болар. Қалай болған күнде де, ол рухани құны бар маңыздырақ нәрселерді назарынан тыс қалдырды (Філіп. 1:10). Бірақ Варух Ехобаның Еремия арқылы айтқан ескертуіне құлақ асып, Иерусалим жойылғанда аман қалды (Ерм. 43:6).
Осы оқиғадан не нәрсеге үйрене аламыз? Варухқа кеңес берілгеніне қарағанда, оның қателік жібергенін байқауға болады: ол өзіне аса ғаламат дүние іздеді. Егер жеке басыңды қамтамасыз ете алсаң, онда өзіңнің не ата-анаңның яки туыстарыңның арман-тілегін орындау үшін, қосымша білім алуға уақытыңды, ақшаңды және күш-жігеріңді сарп етудің қажеті бар ма?!
Мысалы, әріптестері программист болып жұмыс істейтін Гжегошты білімін жетілдіру үшін интенсивті курсты бітіріп алуға көндіреді. Алайда көп ұзамай оның рухани істерге уақыты қалмайды. Ол былай деп есіне алады: “Көңілім еш жай таппайтын. Алдыма қойған рухани мақсаттарыма қол жеткізе алмағаным үшін мені ар-ұжданым мазалайтын”.
Жұмысбастылық
Құдай Сөзі мәсіхшілерді еңбекқор болуға әрі жұмысқа жауапкершілікпен қарауға шақырады. Елші Пауыл: “Қандай іс болмасын, оны адамдар үшін емес, Ехоба үшін істегендей жан-тәндеріңмен істеңдер”,— деп жазған (Қол. 3:22, 23). Рас, аянбай еңбек ету маңызды, әйтсе де Ехобамен жақсы қарым-қатынасымыз одан да маңызды (Екк. 12:13). Мәсіхші жұмысқа басымен кіріп кететін болса, рухани істердің шетке ысырылып қалуы оп-оңай.
Егер мәсіхші осы дүниелік жұмысқа тым беріліп кетсе, рухани күйін сақтауға және отбасына көмектесуге мұршасы келмей қалуы мүмкін. Сүлеймен патша “екі есе ауыр жұмыстың” көбінесе “жел қуғанмен” бірдей болатынын байқаған. Мәсіхші жұмысқа басымен кіріп кетсе, қатты стреске ұшырауы ықтимал. Ал егер жұмыстың құлына айналса, онда түбінде зорығып тынады. Ендеше, оны “өзінің ісінен ләззат алады” дей аламыз ба? (Екк. 3:12, 13; 4:6 ЖД). Бұдан да маңыздысы, отбасындағы міндеттерін атқаруға, сондай-ақ рухани істерге атсалысуға оның физикалық және эмоциялық күші қала ма?
Шығыс Еуропада тұратын Януш өзінің бизнесіне қатты беріліп кеткен болатын. Ол былай деп есіне алады: “Менің жұмысқа деген құлшынысымды әрі кез келген іске тындырымды екенімді көріп, осы дүниелік адамдар таңғалатын. Бірақ жұмысбасты болып кеткеннен рухани күйім құлдырап, әрі уағыз ісіне қатысуды доғардым. Араға көп уақыт салмай, жиналысқа баруды да қойдым. Менің өркөкірек болып кеткенім сонша — ақсақалдардың берген кеңесіне құлақ аспай, ақырында, қауымнан алыстап кеттім”.
Табысқа қол жеткізе аласың
Сонымен, біз мәсіхші тым беріліп кетсе, рухани күйіне зардабын тигізетін үш саланы қарастырдық. Осы салалардың саған қандай да бір қатысы бар ма? Олай болса, төмендегі сұрақтар, жазба орындары мен бауырластардың айтқан пікірлері саған табысқа апаратын жолда тұрсың ба, жоқ па, соны анықтауға көмектесуі мүмкін.
Үйірмелер және әуестенетін істер. Бұл шараларға қаншалықты қатысып жүрсің? Олар сенің бұрын рухани істерге арнаған уақытыңды жеп жатқан жоқ па? Бауырластармен араласуға деген ықыласың бәсеңдеп кетпеді ме? Мұндай жағдайда, неге Дәуіт патша іспетті “көрсетші маған қай жолмен жүретінімді” деп Ехобаға жалынбасқа?! (Заб. 142:8).
Жоғарыда айтылған Викторға аудандық бақылаушының көмегі тиді. Ол Викторға: “Мансап еткен волейболың жайлы беріліп айтады екенсің”,— дейді. “Бұл сөздерді естігенде, төбеме жай түскендей болды,— дейді Виктор.— Есіл-дертім волейболға ауып кеткен екен. Көп ұзамай, волейболдағы осы дүниелік достарыммен араласуды доғарып, достарды қауымнан іздедім”. Бүгінде Виктор өз қауымында Ехобаға құлшыныспен қызмет етіп жүр. Ол былай деп кеңес береді: “Мектеп үйірмелеріне қатысқаның сені Ехобаға жақындатып жатыр ма, әлде алыстатып жатыр ма, бұл жөнінде достарыңнан, ата-анаңнан не қауым ақсақалдарынан сұрап көр”.
Ехобаға деген қызметке көбірек атсалысқың келсе, мұны неге қауым ақсақалдарына білдірмеске? Мысалы, көмекке мұқтаж егде жастағы бауырластарға керек-жарағын сатып алуға не үй тірлігін атқаруға қол ұшын бере аласың ба? Қанша жаста болсаң да, толық уақытты қызметке қатысып, өзіңді қуанышқа бөлейтін ізгі хабарды адамдарға жеткізе аласың.
Жоғары білім. Иса бізді “өзімізге даңқ іздеуден” сақтандырған (Жох. 7:18). Қаншалықты деңгейде білім алу керектігін шешкенде, алдымен “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп” алдың ба? (Філіп. 1:9, 10).
Жоғарыда аталған программист Гжегош өмірінде біраз өзгерістер жасады. Ол былай дейді: “Мен ақсақалдардың кеңесіне құлақ асып, өмірімді қарапайым еттім. Маған қосымша білім алуды жалғастырудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Әйтпесе ол менің бар уақытым мен күшімді алып қояр еді”. Гжегош қауым істеріне көбірек атсалыса бастады. Содан уақыт өте келе, Қызметті жетілдіру мектебінен (қазір Салтбасты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебі деп аталады) өтті. Расында да, ол рухани білімін жетілдіру үшін “уақытын барынша тиімді” пайдаланды (Ефес. 5:16).
Жұмыс. Жұмысқа берілгенің сонша — рухани істер шет қалып жатқан жоқ па? Үй ішіндегілермен пікір алысуға жеткілікті уақыт бөлесің бе? Өзгелермен рухани нығайтатын әңгіме-дүкен құруға уақыт табасың ба? Ал қауымдағы тапсырмаларыңның сапасын жақсартуға ше? “Құдайдан қорық және оның шарттарын сақта”, сонда Ехобаның мол батасына кенеліп, өз еңбегіңнің жемісін көресің (Екк. 2:24; 12:13).
Бизнесмен Януштың да ісі оңға баспады. Ол табыс көрудің орнына, белшесінен қарызға батып қалды. Содан ол Ехобаға қайта бет бұрып, істерін ретке келтіріп, қазір жалпы ізашар әрі ақсақал ретінде қызмет етуде. Ол былай дейді: “Ең қажетті нәрселерге қанағат етіп, әрі рухани істерге көңіл бөлсем, менің ойым да, жаным да тыныш” (Філіп. 4:6, 7).
Олай болса, өміріңде басты орынға нені қойғаныңды және ниетіңді шыншылдықпен тексеріп көр. Ехобаға қызмет ету — нағыз табысқа жеткізетін жол. Сондықтан осы қызметті өміріңде бірінші орынға қой.
Сірә, “Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізу үшін” саған кейбір өзгерістер жасауға, тіпті қандай да бір пайдасыз нәрселерден бас тартуға тура келер (Рим. 12:2). Бірақ бұған еш өкінбейсің, өйткені Құдайға жан-тәніңмен қызмет ету арқылы “өз жолыңда табысты бола” аласың.
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
[31-беттегі қоршау/сурет]
Қалай “өз жолыңда табысты бола” аласың?
Көңіліңді алаңдататын нәрселер көп болса да, шынымен құнды нәрселерден көз жазып қалмауыңа не көмектеседі? Келесі сұрақтардың үстінен ой жүгірте отырып, ниетіңді және өміріңде басты орында не тұрғанын тексеріп көр:
ҮЙІРМЕЛЕР ЖӘНЕ ӘУЕСТЕНЕТІН ІСТЕР
▪ Мұндай істермен айналысқанда, қандай көзқарастардың ықпалына түсіп қалуың мүмкін?
▪ Бұл істер қанша уақытыңды алады?
▪ Олар өміріңде бірінші орынға шығып кетуі мүмкін бе?
▪ Мұндай істер бұрын рухани істерге арнаған уақытыңды алып жатқан жоқ па?
▪ Кімдермен араласуға тура келеді?
▪ Бауырластардан гөрі үйірмедегілермен араласқанды көбірек ұнатасың ба?
ЖОҒАРЫ БІЛІМ
▪ Егер өз-өзіңді қамтамасыз ете алсаң, қосымша білім алу үшін уақытыңды, ақшаңды және күш-жігеріңді сарп етудің қажеті бар ма?
▪ Күніңді көру үшін міндетті түрде жоғары оқу орнына түсу керек пе?
▪ Бұл қауым кездесулеріне келуіңе кедергі болмай ма?
▪ “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп” алдың ба?
▪ Бәлкім, Ехоба қамыңды ойлайтынына деген сенімділігіңді нығайту керек шығар?
ЖҰМЫС
▪ Тапқан жұмысың саған “өз ісіңнен ләззат алуға” мүмкіндік бере ме?
▪ Отбасындағы міндеттеріңді атқаруға, рухани істерге атсалысуға физикалық және эмоциялық күшің қала ма?
▪ Үй ішіндегілермен пікір алысуға жеткілікті уақыт бөлесің бе?
▪ Жұмысқа берілгенің сонша — рухани істер шет қалып жатқан жоқ па?
▪ Жұмысың қауымдағы тапсырмаларыңның сапасына кері әсер етіп жатқан жоқ па?
[30-беттегі сурет]
Ехоба Варухқа өзіне атақ-даңқ іздемеуді ескертті