“Өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын бағыңдар”
“Өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын ықтиярсыз емес, шын көңілмен бағыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 5:2).
1. Петір өзінің бірінші хатын жазғанда, мәсіхшілердің басына не төніп тұрған еді?
ЕЛШІ ПЕТІР өзінің бірінші хатын жазғаннан кейін, біраз уақыт өткен соң Нерон Римдегі мәсіхшілерді қудалай бастады. Петір бұл хатын бауырластарын жігерлендіру үшін жазды. Ібіліс “айналаны шарлап”, мәсіхшілерді жалмаудың жолын іздеп жүрді. Оған төтеп беру үшін олардың “қырағылық сақтаулары” және “Құдайдың құдіретті қолының астына бойсұнулары” керек еді (Пет. 1-х. 5:6, 8). Сонымен қатар мәсіхшілер өзара бірлікте болулары керек-тін. Ал олар “бір-бірін қауып, жей берсе, бірін-бірі құртып жіберулері” мүмкін еді (Ғал. 5:15).
2, 3. Біз кіммен күресуіміз керек және нені талқылаймыз?
2 Бүгінгі күні біздің де жағдайымыз сол кездегіге ұқсайды: Ібіліс бізді жалмаудың мүмкіндігін іздеуде (Аян 12:12). Сондай-ақ басымызға “дүние жаратылғаннан бері болмаған зор алапат” төніп тұр (Мат. 24:21). Сондықтан бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты, біз де өзара айтыс-тартыстан аулақ жүруіміз керек. Бұлай ету үшін кейде ақсақалдардың көмегі қажет болып жатады.
3 Ендеше “өздеріне тапсырылған Құдайдың отарын” бағу мәртебесін бағалай түсу үшін ақсақалдардың не істеуіне болатынын қарастырайық (Пет. 1-х. 5:2). Сосын, олардың өз міндеттерін қалай дұрыс атқара алатындары жайлы ой жүгіртеміз. Ал келесі мақалада “ауыр еңбектеніп, [отарға] жетекшілік етіп жүргендерге” қауым мүшелері қалай ризашылық білдіре алатынын талқылаймыз (Сал. 1-х. 5:12). Осы жайттарды қарастырғанымыз кіммен күресіп жатқанымызды түсініп, басты Жауымызға төтеп беруге көмектеседі (Ефес. 6:12).
Құдайдың отарын бағыңдар
4, 5. Ақсақалдар отарға қалай қараулары керек? Мысалмен түсіндір.
4 Петір бірінші ғасырдағы ақсақалдарды өздеріне тапсырылған отарға Ехоба сияқты қарауға шақырған (Петірдің 1-хаты 5:1, 2 оқы). Қауымның тірегі болып саналғанмен, ол өзге ақсақалдарға жоғарыдан қарамаған. Қайта, оларды қызметтестеріндей көріп, ақыл айтқан (Ғал. 2:9). Бүгінде Басқарушы кеңес қауым ақсақалдарын Құдайдың отарын бағу үшін күш салуға талпындырғанда, Петірдікіндей рух танытады.
5 Елші Петір ақсақалдардың “Құдайдың отарын бағу” керек екендерін айтқан. Олардың өздеріне тапсырылған отардың Ехоба мен Исаның меншігі екенін түсінгендері маңызды болған. Ақсақалдар отарын қалай бағып жүргендері үшін Құдайға есеп беруге тиіс. Мысалы, жақын досың сенен өзі келгенше балаларына қарай тұруыңды өтінді делік. Сен оларға жақсылап қарап, тамағын уақтылы бермес пе едің? Ал біреуі ауырып қалса, дәрігерге апарасың ғой? “Өз Ұлының қанымен сатып алған” Құдайдың қауымын ақсақалдар да дәл солай бағады (Ел. іс. 20:28). Олар әрбір қойдың Иса Мәсіхтің құнды қанымен сатып алынғанын есте ұстайды. Ақсақалдар Құдайға есеп беретіндіктен отарды бағып, қорғап, қамқорлайды.
6. Ертедегі қойшылардың жұмысы қаншалықты ауыр болған?
6 Ерте замандағы қойшылардың ауыр жұмысы жөнінде ойлап көрші. Олар күндіз ыстыққа, ал түнде суыққа төзу керек еді (Жар. 31:40). Қойшы қойлары үшін тіпті басын қатерге тігетін. Мысалы, балаң қойшы Дәуіт отарын арыстан, аю сияқты жыртқыш аңдардың аузынан аман алып қалатын. Оның өзі бұл жайлы: “[Жыртқыштың] сабалақ жүнінен шап беріп, ұстап алып, ұрып өлтіретінмін”,— деген (Пат. 1-ж. 17:34, 35). Неткен батылдық! Дәуіт жыртқыш аңның аранына барынша жақындау керек болса да, қайтпаған!
7. Қалай ақсақалдар, былайша айтқанда, қойды Шайтанның аранынан суырып алуы мүмкін?
7 Бүгінде ақсақалдар арыстанға ұқсайтын Ібілістің шабуылынан сақ болулары керек. Бұл үшін батыл әрекет етіп, бейнелі мағынада қойды Ібілістің аранынан суырып алу қажет болуы мүмкін. Былайша айтқанда, жыртқышты сабалақ жүнінен ұстап алған олар қойды аман сақтап қала алады. Ақсақалдар мұны Шайтанның торына ілігіп қалған аңғал бауырластармен бірге ой жүгірту арқылы істейтін шығар (Яһуда 22, 23 оқы). Әрине, олар мұның бәрін Ехобаның көмегімен істейді. Ақсақалдар жарақаттанып қалған қойды аялап, жарасын таңып, Жазбалардағы жанға жай беретін сөздерді қолданады.
8. Ақсақалдар отарды қайда бағыттайды және олар мұны қалай істейді?
8 Әдетте қойшы отарын шөбі мен суы мол жайылымға қарай айдайды. Ақсақалдар да бауырластар ас-суды уақтылы алып, рухани тоқ жүрулері үшін оларды қауымға бағыттап, кездесулерге үзбей барып тұруға талпындырады (Мат. 24:45). Рухани әлсіреп қалғандарға жылы-жылы сөйлеп, Құдай Сөзінен нәр алу керектігіне көздерін жеткізу үшін қосымша уақыт бөлу керек болуы мүмкін. Сонда адасып қалған қой қайтадан отарға қосылуға күш салатын шығар. Ақсақалдар бауырластарын қорқытып-үркітпейді, қайта, жылулықпен Жазбалардағы принциптерді және оларды қалай қолдануға болатынын түсіндіреді.
9, 10. Ақсақалдар рухани әлсіреп қалғандарды қалай қамқорлауы керек?
9 Ауырып қалсаң, айтқандарыңды тыңдар-тыңдамас дәрі-дәрмек жазып бере салып, келесі науқасты қабылдауға асығатын дәрігерге қаралғың келер ме еді? Жоқ әлде мұқият тыңдап, ауруыңның себебін және қалай емделуге болатынын түсіндіріп беретін дәрігерге барғың келе ме?
10 Ақсақалдардың да рухани әлсіреп қалған адамды мұқият тыңдап, былайша айтқанда, “Ехобаның атынан оған май жағып”, жарасын емдеуге көмектесулеріне болады (Жақып 5:14, 15 оқы). Құдай Сөзі Ғалақад бальзамы іспетті ауру адамның жанына жай береді (Ерм. 8:22; Езек. 34:16). Киелі кітап принциптерін қолданғаны адасқан адамға рухани мағынада аяққа тұруға көмектеседі. Иә, ақсақалдар әлсіреп қалған бауырластың уайым-қайғысын тыңдап, онымен бірге дұға етулерімен көп жақсылық жасайды.
Ықтиярсыз емес, шын көңілмен бағыңдар
11. Ақсақалдарды Құдайдың отарын шын көңілмен бағуға не талпындырады?
11 Петір ақсақалдардың естеріне отарды баққанда не істеп, не істемеу керектігін салды. Олар Құдайдың отарын “ықтиярсыз емес, шын көңілмен” бағулары керек. Оларды бұған не талпындырады? Ал Петірді Исаның қойларын бағып-қағуға не талпындырған еді? Ол Иесі Исаны жақсы көрген (Жох. 21:15—17). Ақсақалдарды да сүйіспеншіліктері “енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өліп, қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүруге” талпындырады (Қор. 2-х. 5:14, 15). Мәсіхке, Құдайға және бауырластарына деген сүйіспеншілік оларға күш-қуатын, қабілеттерін, қаражатын, уақытын аямай отарға қызмет етуге қозғау салады (Мат. 22:37—39). Ақсақалдар еш қиналмай, шын көңілмен барын салып қызмет етеді.
12. Елші Пауыл Құдайдың отарын бағу үшін қаншалықты күш салды?
12 Ақсақалдар өздеріне тапсырылған жауапкершілікті орындау үшін қаншалықты күш салуы керек? Олар Исаны үлгі тұтқан елші Пауылға еліктеу керек (Қор. 1-х. 11:1). Салоникалық бауырластарды жақсы көрген Пауыл мен оның серіктері оларға “ізгі хабарды жеткізіп қана қоймай, жандарын беруге дайын болған”. Олар бауырластарын “баласын емізіп, мәпелеген анадай аялады” (Сал. 1-х. 2:7, 8). Пауыл ананың емізулі баласына деген сезімі қандай болатынын түсінетін. Ана баласы үшін бәрін істеуге, тіпті оны емізу үшін түн ұйқысын төрт бөлуге дайын.
13. Ақсақалдар қандай мәселеде таразының басын тең ұстағандары дұрыс?
13 Ақсақалдар қауымдағы жауапкершіліктері мен отбасындағы міндеттерін орындауда таразының басын тең ұстағандары дұрыс (Тім. 1-х. 5:8). Олар қауым мүшелерінің мүддесі үшін өз отбасыларымен өткізуге болатын уақытты құрбан етеді. Алайда өзгелерді арагідік отбасылық ғибадат кешіне шақырып тұрса, бұл таразының басын тең ұстауға көмектеседі. Жапонияда тұратын Масанао деген ақсақал салтбасты бауырластарды және рухани тәлім беретін отағалары жоқ отбасыларын өзінің отбасылық зерттеуіне шақыруды әдет еткен еді. Уақыт өте келе солардың кейбірі ақсақал болып, Масанаоның керемет үлгісіне еліктейтін болды.
Пайда көздеп емес, ынта-жігермен бағыңдар
14, 15. Неге ақсақалдар “пайда көздеуден” сақ болулары керек және қалай олар Пауылға еліктей алады?
14 Петір ақсақалдарды отарды “пайда көздеп емес, ынта-жігермен бағуға” шақырды. Ақсақалдар қауым істеріне әжептәуір көп уақыт жұмсайды, бірақ бұл үшін ақы төленеді деп күтпейді. Петір өзі сияқты ақсақал міндетін атқарып жүргендерге “пайда көздеудің” қаупі жөнінде ескерту жасаудың қажет екенін байқаған. Бұндай қауіптің бар екені көптеген адам тапшылық көріп жүргенде, “Ұлы Бабыл” дінбасыларының шалқып өмір сүріп жатқандарынан көрінеді (Аян 18:2, 3). Бүгіндегі ақсақалдар да бұл мәселеде барынша сақ болулары керек.
15 Бұған қатысты Пауыл ақсақалдарға жақсы үлгі қалдырған. Елші болған Пауылдың Салоникадағы мәсіхшілерді “көп шығынға ұшыратып, ауыртпалық салуына” болар еді, бірақ ол ешкімнің “нанын тегін жеген емес”. Қайта, “күні-түні тер төгіп еңбек еткен” (Сал. 2-х. 3:8). Бүгінгі күні де аралаушы бақылаушыларды қоса алғанда, көптеген ақсақалдар осы орайда жақсы үлгі көрсетуде. Олар бауырластардың қонақжайлылықтарына риза, сөйтсе де ешкімді “көп шығынға ұшыратып, ауыртпалық салмайды” (Сал. 1-х. 2:9).
16. Отарды “ынта-жігермен” бағуға не жатады?
16 Ақсақалдар отарды “ынта-жігермен” бағады. Бұл олардың жанқиярлық рухынан байқалады. Алайда бұл ақсақалдар отарды Ехобаға қызмет етуге мәжбүрлейді дегенді білдірмейді. Сондай-ақ сүюші ақсақалдар бауырластарды бір-бірімен жарысып қызмет етуге талпындырмайды (Ғал. 5:26). Олар әрбір бауырластың бірегей екенін түсінеді, әрі Ехобаға қуанышпен қызмет етулеріне көмектескісі келеді.
Отарға өктемдік етпей, қайта, үлгі-өнеге болыңдар
17, 18. а) Неге елшілерге Исаның кішіпейілділікке қатысты сөздерін орындау кейде қиын болған? ә) Бүгіндегі ақсақалдар үшін бұл неге қиын болуы мүмкін?
17 Жоғарыда айтылғандай, ақсақалдар өздерінің емес, Құдайдың отарын бағып жүргендерін ұмытпағандары жөн. Олар “Құдайдың меншігіне өктемдік етуден” сақ болулары керек (Петірдің 1-хаты 5:3 оқы). Исаның елшілерінің бұрыс ниетпен мәртебелі қызметке ие болғысы келген кездері болған: олар халықтарды билеп-төстейтін басшылар іспетті болғысы келген (Марқа 10:42—45 оқы).
18 Бүгінде “бақылаушы міндетіне ұмтылып” жүргендердің өз ниеттерін тексергендері абзал (Тім. 1-х. 3:1). Ал ақсақалдар өз-өздерімен шыншыл болып, елшілер сияқты билікті не мәртебелі орынды қалай ма, жоқ па — соны тексеріп тұруды жөн көретін шығар.
19. Отарды қорғағанда, ақсақалдардың нені есте ұстағаны дұрыс?
19 Десе де ақсақалдардың тайсалмай әрекет етуі қажет кездер болады, мысалы, отарды “зұлым қасқырлардан” қорғағанда солай ету керек (Ел. іс. 20:28—30). Пауыл Титке: “Саған ақыл-кеңес беруге әрі түзетуге барлық билік берілді”,— деген (Тит. 2:15). Сөйтсе де тіпті қатаң шара қолдану керек жағдайда да ақсақалдар құрметпен сөйлеуге тырысады. Адамның жүрегіне әсер етіп, дұрыс жолмен жүруге талпындыру үшін дөрекілікпен сын айтудан гөрі жұмсақтықпен түзетуге тырысудың әлдеқайда тиімді екенін олар жақсы түсінеді.
20. Ақсақалдар отарға үлгі болуда Исаға қалай еліктей алады?
20 Мәсіхтің керемет үлгісі ақсақалдарды отарды жақсы көруге талпындырады (Жох. 13:12—15). Исаның өз шәкірттерін уағыздауға және шәкірт дайындауға қалай үйреткені жайлы оқығанымыз жүрекке жылы тиеді. Оның кішіпейілділігі шәкірттеріне қатты әсер етіп, “басқаларды өздерінен жоғары қоюға” қозғау салған (Філіп. 2:3). Бүгінгі таңдағы ақсақалдар да Исаға еліктеп, “отарға үлгі-өнеге болғысы” келеді.
21. Ақсақалдарды қандай баталар күтіп тұр?
21 Петір ақсақалдарға арнаған сөзінің аяғында болашаққа қатысты уәдеге назар аударды (Петірдің 1-хаты 5:4 оқы). Майланған бақылаушылар көкте Мәсіхпен бірге “солмайтын ұлылық тәжін” алады. Ал “басқа қойлардан” шыққан ақсақалдар Бас бағушының басшылығымен жер бетінде Құдайдың отарын бағу мәртебесіне ие болады (Жох. 10:16). Келесі мақалада басшылықты қолға алғандарға қауым мүшелерінің қалай қолдау көрсетуіне болатыны қарастырылады.
Қайталау
• Петірдің ақсақалдарды өздеріне тапсырылған Құдайдың отарын бағуға шақырғаны неге орынды болған?
• Ақсақалдар рухани әлсіреп қалғандарды қалай бағулары керек?
• Өздеріне тапсырылған Құдайдың отарын бағуға ақсақалдарды не талпындырады?
[21-беттегі сурет]
Бүгінде ақсақалдар ежелдегі қойшылар іспетті, өздеріне тапсырылған “қойларды” қорғауы керек