“Шиыршықтарды, әсіресе жарғақтан жасалғандарын ала кел”
БҰЛ сөздермен елші Пауыл миссионер серігі Тімөтеге шиыршықтарды ала келуді өтінген. Пауыл қандай шиыршықтар туралы айтып тұр? Оларды неліктен алдыртпақ болды? Біз оның бұл өтінішінен не нәрсеге үйрене аламыз?
Пауыл осы сөздерді жазғанда, яғни б. з. I ғасырының ортасында, қазір 39 кітаптан тұратын Еврей жазбалары 22 не 24 кітапқа бөлінген болатын, әрі олардың басым көпшілігі бөлек шиыршықтарға жазылғанға ұқсайды. Профессор Алан Миллард мұндай шиыршықтар қымбат тұрса да, “әл-ауқаты жақсы адамдар оған қол жеткізе алатынын” айтқан. Кейбіреулерде, кем дегенде, бір шиыршықтан болған. Мысалы, бір эфиопиялық қызметшіде Ишая пайғамбардың жазбасы болған. Ол “эфиопиялық патшайымның бүкіл қазынасына қарайтын жоғары лауазымды қызметші еді”. Сондықтан Жазбалардың кейбір бөліктерін сатып ала алатындай бақуатты болса керек (Ел. іс. 8:27, 28).
Пауыл Тімөтеден: “Трояда Қарпостың үйіне тастап кеткен шапанымды, сондай-ақ шиыршықтарды, әсіресе жарғақтан жасалғандарын ала кел”,— деп өтінді (Тім. 2-х. 4:13). Бұдан Пауылдың көп кітабы болғаны көрінеді. Алайда ол үшін қолында бар кітаптардың ішіндегі ең құндысы Құдай Сөзі болған. Ал аталмыш тармақтағы “жарғақтан жасалғандарын” деген сөзге қатысты Киелі кітапты зерттеуші А.Т. Робертсон былай деген: “Бұлар Көне өсиеттегі кітаптардың көшірмелері болса керек, жарғақтар папирусқа қарағанда әлдеқайда қымбат [әрі мықты] болған”. Пауыл жастайынан “Гамалиелдің өзінен білім алған”. Ал Гамалиел Мұса заңының үйретушісі әрі ел құрметіне бөленген адам болған. Ендеше, Пауылда Құдай Сөзінің шиыршықтары болғаны түсінікті (Ел. іс. 5:34; 22:3).
Ертедегі мәсіхшілер және шиыршықтар
Дегенмен көп адамда Киелі жазбалардың шиыршықтары болмаған. Олай болса, ертедегі мәсіхшілердің көбісі Құдай Сөзін қалай оқи алған? Бұл сұрақтың жауабын Пауылдың Тімөтеге ертеректе жазған хатынан біле аламыз. Ол былай деген: “Мен барғанша, өзгелердің алдында оқуды жалғастыра бер” (Тім. 1-х. 4:13). Жазбаларды өзгелердің алдында оқу мәсіхшілер кездесуінің бір бөлігі болатын. Құдай халқының арасындағы бұл дәстүр Мұса заманынан бері келе жатқан еді (Ел. іс. 13:15; 15:21; Қор. 2-х. 3:15).
Тімөте ақсақал болғандықтан, қолдарында Жазбалардың көшірмелері жоқ мәсіхшілердің игілігі үшін оларды дауыстап оқып беруі керек еді. Құдай Сөзі көпшілік алдында оқылып жатқанда, бірде-бір сөзді жіберіп алмау үшін бәрінің де мұқият тыңдағаны сөзсіз. Кездесуде оқылғандарды кейін ата-аналар балаларымен үйде талқылаған болу керек.
Ал шиыршықтарға келсек, олар ұзын болған. Мысалы, баршаға танымал Өлі теңізден табылған Ишая шиыршығының ұзындығы шамамен 7,3 метрге тең. Сондай-ақ шиыршықтардың екі шетінде орайтын екі таяғы және көбінесе сыртында қабы болған, сондықтан олар ауыр келетін. Сол себепті мәсіхшілердің көбісі уағызға шыққанда, сірә, өздерімен көп шиыршық алып жүре алмаған. Пауылдың жеке шиыршықтары болғанымен, сапарында олардың бәрін алып жүрмеген болса керек. Мысалы, кейбіреулерін Троядағы досы Қарпостың үйіне тастап кеткен.
Пауылдан не нәрсеге үйрене аламыз?
Рим түрмесінде екінші рет отырған Пауыл Тімөтеге жоғарыдағы өтінішін айтпас бұрын: “Мен ізгі күрес жүргіздім, мәреге жеттім... Осы уақыттан бастап мен үшін әділдік тәжі сақтаулы тұр”,— деп жазды (Тім. 2-х. 4:7, 8). Бұл сөздерді ол шамамен б. з. 65 жылдары император Неронның мәсіхшілерді қудалаған кезінде жазған болса керек. Осы жолы оның түрмедегі жағдайы мүшкіл еді. Тіпті ол жақында өлім жазасына кесілетінін сезді (Тім. 2-х. 1:16; 4:6). Ендеше, Пауылдың өз шиыршықтарын неліктен алдырғысы келгені түсінікті. Ол ізгі күресін мәресіне дейін жеткізгеніне сенімді болса да, Құдай Сөзін зерттеу арқылы өзін нығайта беруді қатты қалады.
Пауылдың өтініші жайлы білгенде, Тімөте әлі де Ефесте жүрген болу керек (Тім. 1-х. 1:3). Ефестен Римге баратын жол Троя арқылы өтіп, 1600-ға жуық шақырымды құрайтын. Сондай-ақ Пауыл сол хатында Тімөтеден: “Қыс түспей келу үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе”,— деп өтінді (Тім. 2-х. 4:21). Тімөте Пауылдың қалаған уақытында оған бару үшін кеме тапты, ма, жоқ па, бұл жайында Киелі кітапта ештеңе айтылмаған.
Біз Пауылдың “шиыршықтарды, әсіресе жарғақтан жасалғандарын ала кел” деген өтінішінен не нәрсеге үйрене аламыз? Ол өмірінің осы бір қиын кезеңінде Құдай Сөзіне деген құштарлығын жоғалтпаған. Оның әрдайым рухани сергек, қызметте белсенді және өзгелерге жігер бере алуының сыры да осында емес пе?!
Бүгінде қолымызда толық Киелі кітабымыз болса, бұл — керемет бата! Кейбірімізде тіпті оның бірнешеуі бар. Пауыл секілді, біз де бойымызда Жазбаларды терең түсінуге деген ықылас дамытуымыз қажет. Пауыл киелі рухтың жетелеуімен жазған 14 хаттың ішінде Тімөтеге арнаған екінші хаты ең соңғысы болған. Ол өзінің өтінішін осы хаттың соңына таман білдірген. Демек, шиыршықтарды әкелуді сұрағаны Пауылдың жазған ең соңғы өтініштерінің бірі болған.
Пауыл сияқты, сенде де сенімнің ізгі күресін мәресіне дейін жеткізуге деген зор ықылас бар ма? Қызметте әрдайым белсенді болғың және Иеміз қалағанша, уағыз ісіне қатыса бергің келе ме? Онда Пауылдың мәсіхшілерге берген “өзіңе және беріп жатқан тәліміңе әрдайым ықылас қой” деген кеңесіне құлақ асайық. Ал мұны бүгінде кең тараған әрі шиыршықтарға қарағанда әлдеқайда ыңғайлы Киелі кітапты бар ынтамызбен жүйелі түрде зерттеу арқылы істей аламыз (Тім. 1-х. 4:16).
[18, 19-беттегі карта/суреттер]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
Ефес
Троя
Рим