“Керемет бақылаушы, аяулы дос”
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ Басқарушы кеңесінің мүшесі болған Джон (Джек) Барр, 2010 жылы 4 желтоқсанда, сенбі күні таңертең 97 жасында жердегі өмірін аяқтады. Ол “керемет бақылаушы, аяулы дос” ретінде танымал еді.
Үш баланың кенжесі болған Джек Барр Шотландияның Абердин қаласында дүниеге келген. Оның әкесі де, анасы да майланған мәсіхші болған. Барр бауырлас балалық шағы жайында жылулықпен еске алатын. Сондай-ақ ол сүйікті ата-анасының қалдырған керемет үлгісіне дән риза етін.
Жасөспірім кезінде оған таныс емес адамдармен сөйлесу өте қиын болатын. Алайда мұны жеңу үшін ол көп күш салды. Сөйтіп, 1927 жылдың бір жексенбісінде, 14 жасында, ол әкесіне үйме-үй уағыздауға дайын екенін хабарлады. Бұл бастамасы ғана еді: сол күннен бастап Барр бауырлас өмірінің соңына дейін ізгі хабардың құлшынысты жариялаушысы болды.
Анасы опат бола жаздаған қайғылы оқиға өмірдің мағынасы жөнінде Джектің шындап ойлануына түрткі болды. Содан, 1929 жылы ол өмірін Ехобаға бағыштады, ал 1934 жылы, бірінші мүмкіндік туғанда, шомылдыру рәсімінен өтті. Джек 1939 жылы Лондондағы (Англия) Бетел отбасының мүшесі болды. Осылайша оның 71 жылға созылған толық уақытты қызметі басталды.
Барр бауырлас 1960 жылы 29 қазан айында ұзақ уақыт құлшынысты ізашар және миссионер болған Милдред Уиллеттке үйленгенде, өзі айтқандай, “ерекше қымбат қарым-қатынасты” бастады. 2004 жылы қазан айында Милдред жердегі өмірін аяқтағанға дейін өзгелер оларды үлгілі, бір-біріне өте адал жұп ретінде білді. Олар некелескеннен бастап күн сайын Киелі кітапты бірге оқитын.
Джек Баррды танитындар оны мағыналы кеңес беретін адам ретінде білген. Өйткені оның кеңестері әрдайым байыпты, әрдайым мейірлі әрі Жазбаларға негізделген болатын. Ол еңбекқор, өзгенің сезімін ескеретін және сүйіспеншілігі мол бақылаушы әрі адал дос еді. Оның түсініктемелерінен, баяндамалары мен дұғаларынан рухани бай және Ехобамен қарым-қатынасы тығыз екені көрініп тұратын.
Біз аяулы бауырласымызды сағынатын боламыз, сөйте тұра өлместік сыйын — өзі жиі айтып, әрі күтіп жүрген сыйын — алғанына онымен бірге қуанудамыз. Оның бар қалағаны осы еді (Қор. 1-х. 15:53, 54)a.
[Сілтеме]
a Джон Баррдың өмірбаянын “Күзет мұнарасының” (ағ.) 1987 жылғы 1 шілде айындағы санының 26—31 беттерінен қараңдар.