Мәсіхші отбасылары, рухани “ояу жүріңдер”!
“Басқаларға ұқсап ұйықтамай, қайта, ояу әрі қырағы жүрейік” (САЛ. 1-Х. 5:6).
1, 2. Отбасы рухани ояу жүру үшін не талап етіледі?
ЕХОБАНЫҢ “құдіретті және үрейлі күніне” қатысты елші Пауыл Салоникадағы мәсіхшілерге былай деген: “Бауырластар, сендер ұрылар сияқты түнекте емессіңдер, сондықтан бұл күн сендер үшін қапылыста келмейді. Өйткені бәрің де жарықтың ұлдарысыңдар және күннің ұлдарысыңдар. Біз түндікі де, түнектікі де емеспіз”. Сосын ол: “Сондықтан басқаларға ұқсап ұйықтамай, қайта, ояу әрі қырағы жүрейік”,— деп қосты (Жоел 2:31; Сал. 1-х. 5:4—6).
2 Пауылдың бұл кеңесінің “соңғы күндері” өмір сүріп жатқан мәсіхшілер үшін ерекше маңызы бар (Тім. 2-х. 3:1). Зұлым заманның соңы жақындап қалғандықтан Шайтан мүмкіндігінше көп мәсіхшіні Ехобаға деген қызметтерін доғартуға барын салуда. Сондықтан рухани сергектігімізді сақтау үшін Пауылдың ескертуіне құлақ асқанымыз дұрыс. Мәсіхші отбасылары рухани сергек болғылары келсе, Киелі кітапта отбасының әр мүшесіне берілген өз рөлдерін атқарулары керек. Отбасының рухани “ояу жүруіне” күйеулер, әйелдер және балалар қалай өз үлестерін қоса алады?
Күйеулер, “ізгі бағушыға” еліктеңдер
3. Тімөтеге 1-хат 5:8-ге сай, отағасының жауапкершілігіне не кіреді?
3 Киелі кітапта: “Әйелдің басы — еркек”,— делінген (Қор. 1-х. 11:3). Отағасы ретінде күйеудің жауапкершілігіне не кіреді? Жазбаларда отағасының жауапкершілігінің бір қырына назар аударылып: “Туыстарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімнен бас тартқан, ол Құдайға сенбейтін адамнан да жаман”,— делінген (Тім. 1-х. 5:8). Әрине, отағасы отбасын тәндік жағынан қамтамасыз етуі керек. Ал егер ол отбасының рухани сергек болуын да қаласа, тек ақша табумен ғана шектелмегені жөн. Ол үй ішіндегілерге Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болуға көмектесу арқылы отбасын рухани нығайту керек (Нақ. с. 24:3, 4). Мұны қалай істеуіне болады?
4. Отбасын рухани нығайту үшін отағасына не істеу қажет?
4 “Мәсіх қауымның басы болғандай, күйеу әйелінің басы” болғандықтан отағасы Исаның қауымға қалай басшылық еткенін зерттеп, соған еліктеу керек (Ефес. 5:23). Исаның ізбасарларымен қандай қарым-қатынаста болғанына көңіл аударайық (Жохан 10:14, 15 оқы). Отбасын рухани нығайтқысы келетін отағасына не істеу қажет? Ол Исаның “ізгі бағушы” ретінде не айтқанын және қалай әрекет еткенін зерттеп, “оның ізімен жүру” керек (Пет. 1-х. 2:21).
5. Ізгі бағушы қауым жайлы не біледі?
5 Отағалары Исадан не нәрсеге үйрене алатынын қарастырайық. Бағушы мен қойлардың арасындағы қарым-қатынас, бейнелеп айтқанда, білім мен сенімге негізделген. Ол өзінің қойлары жайлы бәрін біледі және қойлары да оны жақсы біледі әрі сенім артады. Қойлар оның даусын таниды және мойынсұнады. Иса: “Мен қойларымды, қойларым мені біледі”,— деген (Жох. 10:14, 15). Ол қауымдағылар жайлы үстіртін ғана білмеген. Мұндағы “білу” деген грек сөзі “жеке білу, жақын тану” мағынасын білдіреді. Иә, Ізгі бағушы қойларының әрқайсысын жеке таниды. Ол қойларының жеке қажеттіліктерін, әлсіздіктері мен мықты жақтарын біледі. Бізге үлгі көрсетуші Исаның назарынан еш нәрсе тыс қалмайды. Ал қойлары Бағушысын жақсы біледі және оған толықтай сенім артады.
6. Отағалары Ізгі бағушыға қалай еліктей алады?
6 Исаға еліктей отырып жақсы отаға болу үшін, күйеу өзін бағушы, ал қамқорындағыларды қойлары деп қарауды үйрену керек. Отбасындағыларды жақсы білу үшін күш салу қажет. Ал оларды жақсы білу мүмкін бе? Иә, мүмкін. Бұл үшін отағасы үй ішіндегілердің бәрімен жақсы пікір алысуы, оларды не мазалайтынын тыңдауы, отбасына қатысты істерде басшылықты қолға алуы, сондай-ақ отбасылық ғибадат өткізу, кездесулерге және қызметке бару, көңіл сергіту, демалу сияқты істерде дана шешімдер қабылдауымен жақсы үлгі көрсету керек. Мәсіхші отағасы Құдай Сөзін ғана емес, отбасы мүшелерін де жақсы білетін болса, бала-шағасы оның басшылығының дұрыс екеніне сенім артатын болса керек. Ал ол үй ішінің шындық жолында жүргенін көріп, көңілі марқаяды.
7, 8. Отағасының сүйіспеншілік көрсетуде қалай Ізгі бағушыға еліктеуіне болады?
7 Жақсы бағушы қойларын жақсы көреді. Інжілден Исаның өмірі мен қызметі жайлы мәліметті оқығанда, оның шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі жүрегімізді ризашылыққа толтырады. Ол тіпті “қойлары үшін жанын қиған”. Отағалары сүйіспеншілік көрсетуде Исаға еліктеулері керек. Құдайдың ықыласына ие болғысы келетін отағасы әйеліне дөрекілік көрсетіп, билеп-төстемейді, қайта, оны “Мәсіхтің қауымды сүйгеніндей” сүйеді (Ефес. 5:25). Күйеуі мейірімділікпен, әйелінің сезімін ескеріп сөйлейді, себебі ол құрметке лайық (Пет. 1-х. 3:7).
8 Балаларын тәрбиелегенде, отағасы Киелі кітаптың принциптерін берік ұстанады. Алайда оларға сүйіспеншілік көрсетуді де ұмытпағаны жөн. Баланы сүйіспеншілікпен жөнге салу керек. Кейбір балаға өзіне қойылатын талаптарды түсіну үшін, басқаларына қарағанда, ұзағырақ уақыт қажет болуы мүмкін. Мұндайда отағасының аса шыдамды болғаны абзал. Әрдайым Исаға еліктейтін әке өз үйін жау алмайтын қауіпсіз қамалға айналдырады. Ал оның бала-шағасы забур жыршысы әнге қосқандай рухани қауіпсіздікте болады (Забур 22:1—6 оқы).
9. Мәсіхші отағаларына қандай жауапкершілік жүктелген және оны атқаруларына не көмектеседі?
9 Отағасы болған Нұх өз заманының соңы таяған уақытта өмір сүрген. Бірақ арсыздар дүниесіне топан су қаптатқанда, Ехоба Нұхты және “онымен бірге жеті адамды аман сақтап қалды” (Пет. 2-х. 2:5). Отбасының топан судан аман қалуына көмектесу Нұхтың жауапкершілігі болған. Қазіргі соңғы күндерде мәсіхші отағаларына да осындай жауапкершілік жүктелген (Мат. 24:37). Олардың “ізгі бағушының” үлгісіне терең үңіліп, оған еліктеуге тырысқандары қаншалықты маңызды десеңші!
Әйелдер, өз “үйлеріңді өркендетіңдер”
10. Күйеуіне бағыну әйел үшін нені білдіреді?
10 Елші Пауыл: “Әйелдер күйеулеріне Иемізге бағынғандай бағынсын”,— деген (Ефес. 5:22). Бұл сөздер әйелдердің қадірін еш түсірмейді. Құдай алғашқы әйел Хауа ананы жаратпас бұрын былай деген: “Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін” (Жар. 2:18). Иә, отбасының қамын ойлап жүрген күйеуіне өз міндетін атқаруда “көмекші” болу әйелі үшін — зор мәртебе!
11. Қалай жақсы әйел өз “үйін өркендетеді”?
11 Жақсы әйел үй ішінің игілігі үшін қам жейді (Нақыл сөздер 14:1 оқы). Ол отағасының билігін мойындамайтын ақылсыз әйел іспетті емес, қайта, күйеуіне зор құрмет көрсетеді. Сонымен қатар осы дүниеге тән бойсұнбаушылық пен тәуелсіздік рухын танытпайды, оның орнына, жұбайына бағынады (Ефес. 2:2). Ақылсыз әйел күйеуі туралы жағымсыз нәрселер айтудан тартынбайды, ал ақылды әйел балалары мен өзгелердің алдында қосағының жаманын жасырып, жақсысын асырады. Ол күңкілдеп не дауласып, күйеуінің басшылығын аяқ асты етуден аулақ. Үнемшіл болудың да маңызы зор. Ақылсыз әйел күйеуінің маңдай терін төгіп тапқан табысын шашуға ұста шығар, ал ақылды әйел олай етпейді. Ол ақшаны отағасымен ойласа отырып жұмсайды. Мұндай әйел парасаттылығымен және үнемшілдігімен танымал болады. Ол күйеуін қосымша жұмыс істеуге мәжбүр етпейді.
12. Әйел өз отбасының “ояу жүруіне” қалай үлес қосады?
12 Ақылды әйел балаларына рухани тәлім-тәрбие беруде күйеуіне көмек көрсетуімен отбасының “ояу жүруіне” үлес қосады (Нақ. с. 1:8). Ол отбасылық ғибадат өткізуде қолдау көрсетеді. Сондай-ақ күйеуі балаларына кеңес бергенде не жөнге салғанда, оның шешімін қолдайды. Мұндай әйел басшылықты бағаламай, балаларын тәлім-тәрбиеден айырып жүрген әйелден қалайша ерекшеленеді десеңші!
13. Күйеуінің теократиялық істерге белсенді атсалысуына әйелінің қолдау көрсеткені неге маңызды?
13 Күйеуіне қолдау көрсететін әйел оның мәсіхшілер қауымында міндеттер алуына қалай қарайды? Ол бұған өте қуанышты болады! Жұбайы қызмет көмекшісі, ақсақал, Ауруханалармен байланыс комитетінің не Аймақтық құрылыс комитетінің мүшесі болсын, оның осындай мәртебеге ие болғанына әйелі қуанады. Күйеуін сөзімен де, ісімен де қолдау, әрине, құрбандықтарға баруды талап етеді. Бірақ ол отағасының теократиялық істерге белсенді атсалысқаны бүкіл үй ішінің рухани ояу жүруіне ықпал ететінін жақсы түсінеді.
14. а) Жақсы әйел үшін не қиын болуы мүмкін және оның не істеуіне болады? ә) Бүкіл отбасының бақытты болуына әйел қалай үлес қосады?
14 Күйеуінің шешімі ойынан шықпаса, әйелінің оған қолдау көрсетуі қиын болуы мүмкін. Сөйтсе де ол “биязы да жұмсақ” болып, отағасына шешімін жүзеге асыруға қолғабыс етеді (Пет. 1-х. 3:4). Сондай-ақ жақсы әйел ежелде өмір сүрген Сара, Рут, Әбигел, Исаның анасы Мәриям сияқты Құдайға ұнамды болған әйелдерге еліктеуге тырысады (Пет. 1-х. 3:5, 6). Ол “жүріс-тұрыстары қасиеттілерге лайық” бүгіндегі жасы үлкендеу әйелдерді де үлгі тұтады (Тит. 2:3, 4). Күйеуін сүйіп, құрметтеуімен жақсы әйел некелерінің және бүкіл отбасының бақытты болуына зор үлес қосады. Оның үйі — көңілге медеу, жанға сая. Ехобаның ісінде тер төгіп жүрген отағасы үшін ақылды әйел — теңдесі жоқ қазына! (Нақ. с. 31:10).
Балалар, “көзге көрінетін емес, көрінбейтін нәрселерге назар тігіңдер”
15. Отбасының рухани “ояу жүруіне” балалар өз тарапынан қалай үлес қоса алады?
15 Балалар, отбасының рухани “ояу жүруіне” сендер қандай үлес қоса аласыңдар? Ехобаның өздерің үшін дайындап қойған сыйы жөнінде ойлап көріңдерші. Бәлкім, ата-анаң шындықта тәрбиелеп, бала кезіңнен жұмақ бейнеленген суреттерді көріп өскен шығарсың. Сен өсе келе олар Киелі кітап пен мәсіхшілердің басылымдарын қолданып, жаңа дүниедегі мәңгілік өмірдің қандай болатынын көз алдыңа елестетуіңе көмектескен болар. Ехобаға қызмет етуге баса назар аударып, өміріңді соған сай жоспарлағаның әрі қарай да рухани “ояу жүруіңе” көмектеседі.
16, 17. Өмір жолындағы жарыста жүлдеге ие болатындай жүгіру үшін жастардың не істеуіне болады?
16 Елші Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 9:24-те айтқан сөздеріне көңіл бөлші (оқы). Сен де өмір жолындағы жарыста жүлдеге ие болатыныңа толықтай сенімді болып жүгір. Жүлде ретінде мәңгілік өмірді алу үшін таңдаған бағытыңнан ауытқыма. Көп адам дүние-мүлік қуамын деп, алар сыйларынан назарын тайдырып алған. Неткен ақымақтық десеңші! Өмірдегі бар мақсаты баю болса, адам нағыз бақытқа қол жеткізе алмайды. Өйткені ақшаға сатып алынатын нәрсенің бәрі уақытша. Ал сен “назарыңды көрінбейтін нәрселерге тік”. Не үшін? Себебі “көрінбейтіндер мәңгілік” (Қор. 2-х. 4:18).
17 “Көрінбейтін нәрселерге” Патшалықтың баталары да кіреді. Өміріңді соларға қол жеткізе алатындай етіп жоспарла. Нағыз бақыт өміріңді Ехобаға қызмет етуге арнаудан келеді. Шынайы Құдайға қызмет ету қысқа және ұзақ уақытта қол жеткізуге болатын мақсаттар қоюыңа жол ашадыa. Ал ойға қонымды мақсаттар қойғаның мәңгілік өмір сыйын назарыңнан тайдырмай, қызметті басты орынға қоюыңа көмектеседі (Жох. 1-х. 2:17).
18, 19. Құдаймен жеке қарым-қатынасының бар-жоғына жастардың қалай көз жеткізуіне болады?
18 Жастар, өмір жолындағы алғашқы қадам Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытудан басталады. Сен осы қадамды жасадың ба? Өзіңе келесі сұрақтарды қойып көрші: “Мен рухани толысқан адаммын ба, әлде рухани істерге ата-анамның айтуымен ғана қатысамын ба? Құдайға ұнамды қасиеттер дамытып жүрмін бе? Үзбей дұға ету, жүйелі түрде жеке зерттеу жүргізу, қауым кездесулеріне және қызметке бару сияқты шынайы ғибадатқа қатысты істерге үнемі атсалысу үшін күш саламын ба? Құдаймен жеке қарым-қатынас дамыту арқылы оған жақындай түсуге тырысудамын ба?”.
19 Мұсаның үлгісі жайлы ой жүгіртіп көрейік. Жат елде тәрбиеленгеніне қарамастан, ол перғауынның қызының баласы болудан гөрі Ехобаның қызметшісі ретінде танымал болуды артық көрді (Еврейлерге 11:24—27 оқы). Мәсіхші жастар, сендердің де Ехобаға адал қызмет етуге бел буғандарың дұрыс. Сонда нағыз бақытқа қол жеткізесіңдер, қазірдің өзінде мағыналы өмір сүресіңдер және “шынайы өмірді берік ұстанасыңдар” (Тім. 1-х. 6:19).
20. Өмір үшін жарыста сыйды кім алады?
20 Ежелде жарысқа қатысқандардың біреуі ғана жүлдеге ие болатын. Өмір үшін жарысқа қатысып жүргендердің жағдайында бұлай емес. Өйткені Құдай “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тім. 1-х. 2:3, 4). Сенен бұрын да осы қашықтықты талай адам жүгіріп өткен, бүгін де өзіңмен қатар жүгіріп келе жатқандар аз емес (Евр. 12:1, 2). Ал жарыста берілмегендердің бәрін сый күтіп тұр. Сондықтан жеңімпаз болуға беліңді бекем бу!
21. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
21 Ехобаның “құдіретті және үрейлі күні” міндетті түрде келеді (Жоел 2:31). Бұл күн мәсіхші отбасылары үшін күтпеген жайт болмау керек. Сондықтан отбасының әр мүшесінің Киелі кітапқа сай өздеріне берілген рөлді атқарғандары маңызды. Рухани ояу жүру және Құдаймен қарым-қатынасыңды нығайту үшін тағы не істеуге болады? Келесі мақалада отбасының рухани берік болуына көмектесетін үш жайтты қарастырамыз.
[Сілтеме]
a “Күзет мұнарасының” келесі сандарын қара: 2010 жыл 15 қараша 12—16 б. және 2004 жыл 15 шілде (ор.) 21—23 б.
Не білдіңдер?
• Мәсіхші отбасылары үшін рухани “ояу жүру” неге аса маңызды?
• Отағасы Ізгі бағушыға қалай еліктей алады?
• Жақсы әйел күйеуіне қалай қолдау көрсете алады?
• Балалар отбасының рухани ояу жүруіне қалай үлес қоса алады?
[9-беттегі сурет]
Ехобаның ісінде тер төгіп жүрген отағасы үшін ақылды әйел — теңдесі жоқ қазына!