Кемелді Көсем Мәсіхтің соңынан еріңдер
АДАМИ басшылардың соңынан еретіндердің олардан жиі көңілі қалып жатады. Ал Мәсіхке еретіндердің жағдайы мүлдем басқаша. Иса былай деген: “Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар — барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін. Мойынтұрығымды алып, менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін. Сонда жандарың сергиді” (Мат. 11:28, 29). Исаның билігі адамның жанына жай беріп, рухын көтереді. Оны кішіпейіл және жәбір көрген адамдардың жағдайы қатты қызықтырған, сондықтан оларды өзінің мойынтұрығын алуға шақырған. Сонымен, Мәсіхтің соңынан еруге не жатады?
Елші Петір: “Мәсіх сендерге бола азап шегіп, оның ізімен тура жүрулерің үшін үлгі қалдырды”,— деп жазды (Пет. 1-х. 2:21). Мәсіхтің ізімен жүргеніміз біз үшін қаншалықты маңызды? Миналап тасталған жерден өткелі жатқан бір топ адамның арасында тұрғаныңды елестетші. Араларыңда бір адам ғана сол жерден қалай аман өтуге болатынын біледі делік. Сен ол адамның соңынан ермес пе ең, тіпті оның артынан ізбе-із жүретін шығарсың? Сол сияқты, болашағымыз Исаның ізімен мүмкіндігінше тура жүргенімізге байланысты. Бұлай етуге оны тыңдау және мойынсұну, сондай-ақ оның өкілдерімен қызметтес болу жатады.
Тыңдаңдар және мойынсұныңдар
Таудағы уағызының соңына таман Иса келесідей сөздер айтты: “Осы айтқандарымды естіп, оларды орындайтын әркім өз үйін жартасқа салған ақылды адамға ұқсайтын болады. Жаңбыр құйып, сел жүріп, үйді дауыл соққылағанда, ол құлаған жоқ. Өйткені үйдің іргетасы жартасқа қаланған болатын” (Мат. 7:24, 25).
Иса өзі айтқан сөздерді тыңдап, мойынсұнатын адамды “ақылды” деген. Мәсіхке шын жүректен мойынсұнып, көрсеткен үлгісін бағалаймыз ба, әлде оның өсиеттерінің өзімізге оңай не ыңғайлысына ғана мойынсұнуға бейімбіз бе? Иса: “Мен әрқашан оған [Құдайға] ұнайтынды істеймін”,— деген (Жох. 8:29). Біз де солай етуге тырысайық.
Мәсіхтің билігіне мойынсұнуға қатысты бірінші ғасырда елшілер керемет үлгі қалдырған. Бірде Петір Исаға: “Міне, біз бәрін тастап, соңыңнан еріп жүрміз”,— деген (Мар. 10:28). Расында да, елшілер Исаның билігін жоғары бағалаған, әрі оның соңынан еру үшін бәрінен бас тартуға дайын болған (Мат. 4:18—22).
Мәсіхтің өкілдерімен қызметтес болыңдар
Өлерінен аз уақыт бұрын Иса өзінің билігіне мойынсұнудың тағы бір жолына нұсқап, былай деген: “Кімде-кім мен жібергенді қабылдаса, мені де қабылдағаны” (Жох. 13:20). Ол өзінің майланған өкілдерін “бауырларым” деп атаған (Мат. 25:40). Иса көкке қайта тірілтілгеннен кейін, “бауырлары” “оның орнына өкіл” болып тағайындалып, оларға өзгелерді Ехоба Құдаймен татуластыру тапсырылды (Қор. 2-х. 5:18—20). Демек, Мәсіхтің билігін мойындау оның “бауырларына” мойынсұнуды да білдіреді.
Әдебиеттеріміздегі Жазбаларға негізделіп берілетін уақтылы кеңестерді қалай қабылдайтынымызға көңіл бөлгеніміз абзал. Жазбаларды зерттегенде, қауым кездесулеріне барғанда, біз Мәсіхтің айтқандарын есімізге түсіреміз (Пет. 2-х. 3:1, 2). Осындай рухани ас-суды үзбей қабылдап тұруымызбен оған деген ризашылығымызды білдіреміз. Ал қандай да бір кеңес арагідік қайталанып тұратын болса ше? Мысалы, мәсіхшілерге Құдай Сөзінде “тек Иеміздің ізбасарымен” отау құруға кеңес беріледі (Қор. 1-х. 7:39). Бұл тақырып “Күзет мұнарасында” бір ғасырдан аса уақыттан бері ара-тұра талқыланып келеді. Киелі кітапқа негізделген осындай және басқа да кеңестер берілетін мақалалар басып шығаруымен Мәсіхтің бауырлары біздің рухани күйіміздің қамын жейтінін көрсетіп отыр. Осы кеңестерге ден қою арқылы кемелді Көсеміміз Иса Мәсіхтің соңынан еретінімізді көрсетеміз.
Нақыл сөздер 4:18-де: “Әділдің жолы таң шапағы іспетті, Тал түс болғанша жарқырай түседі”,— делінген. Иә, Көсеміміз Иса белсене әрекет етуде. Мәсіхтің “бауырларымен” қызметтес болудың тағы бір жолы — Жазбалардағы шындықтар жарқырай түсу үшін, “адал да ақылды құл” жариялаған кез келген өзгерістерді дұрыс қабылдау (Мат. 24:45).
Мәсіхтің “бауырларына” мойынсұнатынымызды қауымдағы тағайындалған бақылаушылармен қызметтес болу арқылы да көрсетеміз. Елші Пауыл: “Араларыңда басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар әрі бағыныңдар. Себебі олар үнемі жандарыңның қамын ойлайды”,— деген (Евр. 13:17). Мысалы, ақсақал отбасылық ғибадат кешін өткізудің маңыздылығына не уағыз қызметінің кейбір тұстарына қатысты кеңестер беруі мүмкін. Аралаушы бақылаушы мәсіхшілік өміріміздің қандай да бір саласына қатысты жазбаларға негізделген пайдалы кеңес айтатын болар. Осындай кеңестерге құлақ асуға дайын болғанымыздан Көсеміміз Исаның соңынан еріп жүргеніміз көрінеді.
Мына дүниедегілердің соңынан еретін жақсы басшылары жоқ. Ал Мәсіхтің сүйіспеншілікке толы билігінің астында болу жанымызды сергітеді емес пе?! Сондықтан Көсемімізге мойынсұнайық, әрі оның бауырларымен қызметтесе берейік.
[27-беттегі суреттер]
Сенбейтіндермен бір қамытты кимеуге қатысты Жазбалардағы кеңесті қабыл аласың ба?