Қарапайым да түсінікті тілдегі Киелі жазбалар
КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДЫ зерттейтін Алан Дати есімді бір ғалым өзінің “Киелі кітап аудармалары: қайсысын таңдау керек?” деген кітабында былай деп жазды: “Киелі кітап Құдайдың адамзатқа берген Сөзі деп сенгеніңіз — Құдайдың адамдармен тілдесетінін мойындағаныңыз... Сенім-нанымдарыңыз күнделікті өміріңізге әсер ететіні сияқты, [Киелі кітап] та өмірімізге әсер ету үшін, күнделікті қолданыстағы тілде жазылуы тиіс”.
Құдай Сөзін бағалайтындар бұл сөздермен толық келіседі. Олар “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге, әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді” екеніне кәміл сенеді (Тімөтеге 2-хат 3:16). Киелі жазбаларды мезі болған сөздер жинағынан тұратын көне кітап дей алмаймыз. Қайта, ол — “тірі, әсері де күшті” кітап, себебі онда күнделікті қиыншылықтарды шешуге көмектесетін тиімді кеңестер бар (Еврейлерге 4:12). Сондықтан бұл қасиетті кітапты адамдар түсініп, өмірде қолдана алуы үшін, ол қарапайым да түсінікті тілде жазылу керек. Негізінде, Киелі жазбалардың Інжіл деген атаумен танымал бөлігі грек тілінде жазылған. Бұл Платон сияқты пәлсапашылар қолданған классикалық грек тілі емес, койне деп аталатын жалпыға түсінікті грек тілі болған. Расында да, Киелі жазбалар қарапайым халық оқып, түсіне алатындай тілде жазылған.
Қарапайым халық түсіну үшін, соңғы жылдары әртүрлі тілде Киелі кітаптың бірқатар аудармалары жарық көрді. Мұның айтарлықтай пайдасы тиіп, Киелі кітап кеңінен тарады. Әйтсе де бұл аудармалардың көбісіне шынайылық, туралық пен бірізділік жетіспейді. Мысалы, кейбіреулерінде жан, өлген адамның күйі, шынайы Құдайдың есімі сияқты Киелі кітаптағы анық ілімдер көмескі берілген.
Сондықтан Құдай Сөзін бағалайтындар қазақ тілінде “Киелі жазбалар (Інжіл). Жаңа дүние аудармасы” жарық көргеніне қуанышты. Осы туралы Ехоба куәгерлері 2010 жылы жазда хабарлады. Бұл аударма діни алалаушылыққа жол бермей, ойды тура жеткізуімен ерекшеленеді. Осының арқасында көне тілдерде жазылған Киелі жазбаларды адамдар енді өз ана тілінде оқып, ондағы терең шындықтарды түсіне алады. Бірақ сіз бұны кімдер аударған деп ойлайтын шығарсыз.
Құдайды мадақтайтын аудармашылар
“Киелі жазбалар (Інжіл). Жаңа дүние аудармасын” қазақ оқырмандары енді алып отырғанымен, ағылшын тілінде бұл басылым 1950 жылдан бері бар. Сол уақыттары оны Күзет мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамы басып шығарған. Халықаралық бұл қоғам ұзақ жылдан бері Киелі жазбаларды басып шығарумен айналысады. 1950 жылғы 15 қыркүйектегі “Күзет мұнарасында” былай делінген: “Аударма комитетінің мүшелері көздері тірісінде де, қайтыс болған соң да есімдерінің жарияланбай, белгісіз қалғанын қалады. Өйткені аударманың мақсаты — шынайы да тірі Құдайдың есімін мадақтау”.
“Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” ағылшын тіліндегі толық басылымы 1961 жылы жарық көрген. Оны аударғандардың есімдері әлі күнге дейін белгісіз болса да, олардың ниеті мен Құдайға шын берілгендіктеріне шек келтіруге себеп жоқ. 1984 жылы қайта басылып шыққан осы Киелі жазбалардың алғы сөзінде былай делінген: “Киелі жазбаларды аудару басқа тілде Ехоба Құдайдың ойлары мен сөздерін жеткізуді білдіреді... Осы еңбекті дайындаған аудармашылар Киелі жазбалардың көктегі Авторын қастерлейді әрі жақсы көреді. Сондықтан оның алдында үлкен жауапкершілік сезініп, оның ойлары мен сөздерін мүмкіндігінше тура жеткізуге тырысты”.
Өзіміз көргендей, аудармаға жауапты адамдардың ниеті түзу болғаны анық, алайда олар бұл жұмысты орындауға қаншалықты сай еді? Кейбір күдікшіл ғалымдардың ойынша, аудармашылардың аты мен ғылыми дәрежелері көрсетілмесе, олардың еңбектері жай ғана әуесқойлардың жұмысы саналып, сенім артуға тұрмайды. Алайда ғалымдардың бәрі бірдей мұндай тар көзқарас ұстанбайды. Мысалы, Алан Дати былай деп жазған: “Киелі кітапты кімнің аударғаны не басып шығарғаны мәлім болған күнде де, бұл аударманың жақсы не жаман екенін анықтауға көмектесе ала ма? Бұлай болуы екіталай. Бұл үшін аударманың өзінің ерекшеліктерін зерттеу керек, мұнсыз болмайды”a.
Бүгінде мыңдаған оқырмандар дәл осылай етуде. Дүниежүзі бойынша “Жаңа дүние аудармасы” толығымен не оның кей бөліктері 98 тілде 167 155 204 данамен шыққан. Оқырмандар қандай ерекшеліктерді байқады?
Құдай есімін киелі ететін аударма
Матай 6:9-да Иса пайғамбар шәкірттеріне: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын!”— деп дұға етуді үйреткен. Алайда көптеген аудармаларда Құдай есімі көрсетілмей, жай ғана “Құдай”, “Жаратқан Ие” деп берілген. Бірақ Киелі жазбалардың еврей тілінде жазылған бөлігінің түпнұсқасында Құдайдың “Ехоба” деген есімі шамамен 7000 рет кездеседі (Мысырдан шығу 3:15 сілтемесін қараңыз). Уақыт өте келе еврейлер әртүрлі ырыммен Құдай есімін қолданбай кетті. Иса пайғамбардың елшілері өмірден өткен соң, мұндай ырымшылдық мәсіхшілер қауымына да әсер етті (Елшілердің істері 20:29, 30; Тімөтеге 1-хат 4:1 салыстырыңыз). Сол себепті Інжілдің көшірмешілері Құдайдың Ехоба деген есімін грекше “Кириос” (Ие) және “Теос” (Құдай) деген сөздермен алмастыра бастады.
Ал “Жаңа дүние аудармасына” атсалысқандар батыл қадам жасап, Інжілде 237 мәрте кездесетін Құдайдың Ехоба деген есімін қайта қалпына келтірді. Аудармашылар мұндай шешімге өздері қалағандықтан емес, жан-жақты әрі тыңғылықты зерттеудің нәтижесінде келді. Мысалы, Лұқа 4:18-де Ишая 61:1-дегі сөздер келтіріледі. Ал Ишая кітабының еврей тіліндегі түпнұсқасында Ехоба деген есім кездеседіb. Сондықтан “Жаңа дүние аудармасында” Лұқа 4:18 былай аударылған: “Ехоба маған өз рухын қондырды, өйткені ол мені кедейлерге ізгі хабарды жариялауға тағайындады”.
Мұндай аударманың арқасында оқырман Ехоба Құдай мен оның жалғыз Ұлы Иса Мәсіхті оңай ажырата алады. Мәселен, көп аудармаларда Матай 22:44: “Ием менің Иеме былай деді”,— деп берілген. Мұнда кімнің кімге айтып тұрғаны түсініксіз. Негізінде, бұл тармақ Забур 109:1-ден келтірілген, әрі еврей мәтінінде мұнда Құдай есімі тұр. Сол себепті “Жаңа дүние аудармасында” бұл тармақ былай аударылған: “Ехоба менің Иеме былай деді: — Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, оң жағымда отыр”. Ехоба Құдай мен оның Ұлының арасында айырмашылық бар екені жай ғана дерек емес (Марқа 13:32; Жохан 8:17, 18; 14:28). Мұны түсінгеніміз құтқарылуымыз үшін аса маңызды. Себебі Елшілердің істері 2:21-де: “Ехобаны атын атап көмекке шақырған әркім құтқарылады”,— делінген.
Тура да анық
“Жаңа дүние аудармасының” басқа да ерекшеліктері бар. Бұл аудармаға Весткотт пен Хорт деген ғалымдардың мұқият өңделген грек тіліндегі мәтіні негіз болды. Ондағы ойларды қарапайым тілде мүмкіндігінше тура да сөзбе-сөз жеткізу үшін көп тер төгілді. Осының арқасында түпнұсқадағы тілдің ерекшеліктері мен рухы сақталып, оқыған адамға мол түсінік сыйлайды.
Мәселен, Римдіктерге 13:1-ді алайық. Онда елші Пауыл мәсіхшілерді “билігі барларға”, яғни осы дүниедегі үкіметтерге бағынуға шақырған. Көптеген аудармаларда мұндай үкіметтер “Құдайдан” немесе оларды “Құдай тағайындаған” деп беріледі (“Киелі кітап” аудармасы, т.б.). Осыған негіздеп үкімет басындағылардың кейбірі өздерінің қатыгездіктерін ақтап жатады. Ал “Жаңа дүние аудармасында” бұл тармақ “қазіргі билік иелерінің әрқайсысының Құдай белгілеген орны бар”c деп түпнұсқаға жақын әрі тура аударылған. Бұдан көрінетіндей, Құдай билік басындағыларды өзі тағайындамайды, тек әрқайсысының өз билік орнына отыруына жол береді. Бірақ ең жоғары билік иесі Құдай болып қала береді.
Сонымен қатар “Жаңа дүние аудармасында” грек етістіктерінің әртүрлі қырын беруге күш салынды. Қазіргі тілдердің көбісінде етістіктің шақтары — өткен, осы және келер шақ — арқылы іс-қимылдың мезгілін беруге болады. Грек етістіктері де іс-әрекеттің уақытын, яғни оның дәл қазір болып жатқанын, аяқталғанын не жалғасып жатқанын көрсетеді. Мысалға Иса пайғамбардың Матай 6:33-тегі сөздерін алсақ, “бірінші орынға қойыңдар” деген тіркестегі грек етістігі жалғасып жатқан әрекетті білдіреді. Сондықтан Исаның сөздерінің күшін толық жеткізу үшін бұл тармақ “Ендеше Құдай патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосып беріледі” деп аударылды. Матай 7:7-ші тармақ та дәл осы принциппен тәржімеленді: “Сұрай беріңдер, сонда сендерге беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда сендерге ашылады” (Римдіктерге 1:32; 6:2; Ғалаттықтарға 5:15-ті де қараңыз).
“Жаңа дүние аудармасына” қатысқандар негізгі сөздерді аударуда бірізділік сақтауға барынша тырысты. Мысалы, гректің психе сөзі мүмкін болған жердің бәрінде “жан” деп аударылды. Осының арқасында оқырмандар, кейбір діндер жан өлмейді деп үйрететініндей емес, оның өлетінін, не құритынын, бірден түсінеді (Матай 2:20; Марқа 3:4; Лұқа 6:9; 17:33).
Құдай Сөзінің дүниежүзіне таралуына қам жасау
“Киелі жазбалар (Інжіл). Жаңа дүние аудармасының” қазақ тілінде жарық көруі — бастамасы ғана. Киелі жазбаларды түгел аударуға да жоспар бар. Алайда осы аударманың туралығы мен бірізділігі жағынан ағылшын тіліндегіден кем түспейтініне сенімді бола аламыз ба?
Әлбетте. Себебі бұл істі Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі мұқият қадағалайды. Осы орайда Киелі жазбаларды бірнеше адам болып аудару қажет деген дана шешім қабылданды. Сондықтан дүниежүзі бойынша бірқатар елде Киелі жазбаларды аударатын топтар ұйымдастырылды. Ал Ехоба куәгерлерінің Бруклиндегі (Нью-Йорк) дүниежүзілік бас басқармасында Аударма топтарына қызмет көрсету бөлімі құрылды. Оның қызметі — аудармамен айналысатын топтарға көмектесу, сұрақтарына жауап беру және Киелі жазбалардың әртүрлі тілге бірдей аударылуын қадағалау. Бұған қоса, Күзет мұнарасы Қоғамы аудармашыларға көмек ретінде өте ыңғайлы компьютерлік бағдарлама ойлап тапты. Бірақ бұл енді адам еңбегінің қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Бұл бағдарлама аудармашылардың жұмысын жеңілдетіп, оларға маңызды мақсатқа қол жеткізуге, атап айтқанда, тап ағылшын тіліндегідей дәлдікпен және бірізділікпен Киелі жазбаларды аударуға көмектеседі. Сондай-ақ әрбір еврей және грек сөздері ағылшын басылымында қалай аударылғанын көрсетіп тұрады. Осының арқасында аудармашыларға бұл сөздердің өз тілдеріндегі баламасын табу әлдеқайда жеңіл.
Осындай шаралардың қаншалықты тиімді екені нәтижесінен көрінеді. Сізді “Киелі жазбалар (Інжіл). Жаңа дүние аудармасымен” танысып шығуға шақырамыз. Оны Ехоба куәгерлерінің бірінен алсаңыз болады. Бұл кітапты қолға алғанда, басқа да көптеген ерекшеліктерін байқайсыз. Мысалы, қарпі оқуға жеңіл, сондай-ақ керек тармақты тез табуға көмектесетін колонтитулдары, егжей-тегжейіне дейін көрсетілген карталары және маңызды мәліметтер жазылған қосымшасы бар. Ал ең бастысы, осы аударманы оқығанда, Құдайдың сөздері қарапайым да түсінікті тілде тура жеткізілгеніне сенімді бола аласыз.
[Сілтемелер]
a Бір қызығы, 1971 жылы шыққан бір Киелі кітаптың қабында былай деп жазылған: “Біз осы аудармада ешқандай ғалымның есімін атаған жоқпыз, өйткені Құдай Сөзі өз-өзін қорғай алу керек деп сенеміз” (“New American Standard Bible”).
b Киелі жазбалардың еврей тілінде жазылған бөлігіндегі кейбір тармақтар Інжілде кездеседі. Мұндай тармақтар грек Септуагинтінен аударылған. Септуагинттің кейінгі көшірмелерінде Құдай есімі кездеспейтіндіктен, көп ғалымдар оны Інжілде де көрсетпеу керек деп дауласады. Алайда Септуагинттің ең көне көшірмелерінде еврей әріптерімен жазылған Ехоба деген есім кездеседі. Бұл Інжілде Құдай есімін қалпына келтіруге келелі себеп болып табылады.
c Өзге бір сенімді сөздіктерге сәйкес, мұндағы грек сөзі “тәртіппен орналастыру, өз орнына қою” дегенді білдіреді (“A Manual Greek Lexicon of the New Testament”, “A Greek-English Lexicon”).
[27-беттегі сурет]
Киелі жазбаларды жазғандар қарапайым да түсінікті тілді қолданған
[28-беттегі сурет]
“Жаңа дүние аудармасының” ерекшеліктері: Б. з. IV ғасырындағы Синай кодексінде келтірілген Тімөтеге 1-хат 3:16
[28-беттегі сурет]
Грек мәтінін қарапайым тілде мүмкіндігінше тура да сөзбе-сөз жеткізу үшін көп тер төгілді
[28-беттегі сурет]
Қарпі оқуға жеңіл
[29-беттегі сурет]
Колонтитулдардың көмегімен керекті тармақтарды тез табуға болады
[29-беттегі сурет]
Карталар Киелі кітаптағы географиялық орындармен танысып шығуға көмектеседі
[30-беттегі сурет]
Анық аударылғандықтан “Жаңа дүние аудармасы” қызметте қолдануға өте тиімді