Отбасы бақытының сыры
Балаңызды өнегелілікке баулыңыз
Лоидаa, Мексикада тұратын бір ана, былай дейді: “Мектепте жасөспірімдерге презерватив таратылады. Бұдан олар жыныстық қатынасқа барудың еш сөкеттігі жоқ, ең бастысы, қауіпсіз болса болды деп ойлайды”.
Жапонияда тұратын Нобуко есімді бір ана болса былай дейді: “Дос қызыңмен оңашада қалып қалсаң, не істейсің?”— деп ұлымнан сұрағанда, ол: “Білмеймін”, — деп жауап берді”.
БАЛАҢЫЗ тәй-тәй басып жүре бастағанда, оның қауіпсіздігі үшін не істедіңіз? Бәлкім, ток көздерін бітеп, өткір заттар мен дәрі-дәрмектерді қолы жетпейтін жерге қойып, баланы қорғау үшін түрлі шаралар жасаған шығарсыз.
Ал жасөспірімді қорғауға келгенде, бәрі осылай оңай болса ғой, шіркін! Ендігі уайым бұрынғыдан да көп. Ұлым порнография көріп жүрген жоқ па, қызым ашық-шашық түскен суреттерін СМС арқылы жігіттерге жіберіп жүрген жоқ па, ал ең сорақысы — жыныстық өмірді бастап қойған жоқ па деген сияқты сұрақтар сізді мазалар.
Аңду — бос әурешілік
Кейбір ата-аналар жасөспірім балаларын күніне 24 сағат көздерінен таса етпей, әр басқан қадамын аңдып отырады. Алайда көпшілігі қыр соңына түсіп аңду баланы жасырын әрекетке көшуге итермелейтінін байқаған. Нәтижесінде жасөспірім ата-анасы алдын алуға тырысқан жамандыққа ұрынып, оны жасырудың қас шеберіне айналады.
Аңдудың бос әурешілік екені анық. Жаратылыстар өзіне мойынсұну үшін, Ехоба Құдайдың өзі мұндай әдісті қолданбайды, ата-аналар да қолданбау керек (Заңды қайталау 30:19). Олай болса, өнегелілік мәселелерде жасөспірімнің дұрыс шешім қабылдауына қалай көмектесе аласыз? (Нақыл сөздер 27:11).
Ең бастысы, балалармен үнемі пікірлесу қажет, әрі мұны кішкентай кездерінен бастаған жөн (Нақыл сөздер 22:6)b. Ұлдарыңыз ержетіп, қыздарыңыз бойжеткенде де олармен пікір алысуды тоқтатпаңыз. Ата-ана жасөспірім балалары үшін сенімді мәліметтің көзі болу қажет. Британияда тұратын Алиша есімді бойжеткен былай дейді: “Көп адам жыныстық қатынас жайлы жастар тек дос-жарандарымен сөйлескісі келеді деп ойлайды, бірақ шын мәнінде олай емес. Біз ата-анадан естіген мәліметті бағалаймыз. Өйткені олардың айтқандарына сенім артамыз”.
Өнегелік нормалардың маңыздылығы
Есейіп келе жатқан бала нәрестенің қалай пайда болатынын білуі керек, әрине. Бірақ оған “түйсіну қабілетін... машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата” білу де қажет (Еврейлерге 5:14). Басқаша айтқанда, жасөспірімде жыныстық қатынасқа қатысты дұрыс норма қалыптасуы, немесе ұстаным болуы, әрі ол соған сай әрекет етуі керек. Бұл үшін ата-ана не істей алады?
Алдымен өзіңіз қандай нормаларды ұстанатыныңызға көңіл аударыңыз. Мысалы, азғындықтың, яғни некеге тұрмағандардың арасындағы жыныстық қатынастың, бұрыс қылық екеніне сенімдісіз (Салоникалықтарға 1-хат 4:3). Мұндай ұстанымыңызды балаңыз да білер, әрі оны растайтын сөздерді Киелі кітаптан оқып та берер. Тіпті сұрақ қойғанда, некеге дейінгі жыныстық қатынастың дұрыс емес екенін бірден айтатын да шығар.
Бірақ олардың білгенін қанағат тұтып қоя салу керек пе? Бір кітапта жастар ата-аналарының ұстанымымен келісетіндей сыңай таныта салуы мүмкін екені айтылған. Әрі қарай былай делінген: “Берік көзқарас қалыптастыратындай олар өздеріне тым сенімсіз. Сондықтан күтпеген жағдайға кезігіп, не істеуді шешу керек болғанда, олар қатты сасады, сөйтіп бір пәлеге ұшырайды” (“Sex Smart”). Міне, сондықтан да жасөспірімге өнегелік ұстаным қажет. Оның қалыптасуына ата-ана қалай көмектесе алады?
Өнегелік ұстанымыңызды анық білдіріңіз.
Жыныстық қатынас тек некеде болу керек деп есептейсіз бе? Онда мұны жасөспірімдерге анық етіп жиі айтып отырыңыз. Бір зерттеу барысында “ата-ана жасөспірімдердің жыныстық өмірді бастауына үзілді-кесілді қарсы екенін үйде айтып отырса, көп жағдайда олар бұдан тартынатыны” анықталған (“Beyond the Big Talk”).
Әрине, жоғарыда айтылғандай, моральдық нормаларды ұл-қыздың құлағына құйып отыру олардың нормаларды бұзбайтынына кепілдік бермейді. Дегенмен отбасының берік ұстанымы баланың өз ұстанымын қалыптастыруға негіз болады. Бір зерттеу нәтижесінде жастардың көбісі өспірім шағында елемеген ата-аналарының құндылықтарын кейін бәрібір қабылдап жататыны байқалған.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Соңғы жаңалықтарды қолданып, құндылықтарыңыз жайлы әңгіме бастаңыз. Мысалы, әйел зорлау туралы айтылған болса, былай деп көріңіз: “Әйелді зорлау деген сұмдық қой, иә? Мұндай іске оларды не итермелейді екен?”
Жыныстық қатынас туралы шындықты жасырмаңыз.
Әрине, оның қауіпті жағын айтып, ескерту қажет (Қорынттықтарға 1-хат 6:18; Жақып 1:14, 15). Алайда Киелі кітапта жыныстық қатынас Шайтанның тұзағы емес, Құдайдың сыйы екені айтылған (Нақыл сөздер 5:18, 19; Таңдаулы әндер 1:2). Сондықтан жасөспірімге оның тек қауіпті жағы айтыла берсе, ақыр соңында оның ойында Жазбаларға қайшы келетін бұрыс көзқарас қалыптасады. Францияда тұратын Корина есімді жас әйел былай деп есіне алады: “Ата-анам азғындық бұрыс қылық екенін жиі айтатын. Сондықтан жыныстық қатынас мен үшін жеккөрінішті болып кетті”.
Балаңыз жыныстық қатынас жайлы басқа да шындықты білсін. Мексикада тұратын Надия есімді бір ана былай дейді: “Мен әрқашан балаларыма жыныстық қатынастың керемет әрі табиғи нәрсе екенін, ол Құдайдың адамдарға қуаныш беретін сыйы боп табылатынын жеткізуге тырысамын. Алайда бұл қатынас тек некеде болу керек екенін, сондай-ақ қолданғанымызға қарай, одан не қуаныш алатынымызды, не қасірет шегетінімізді түсіндіремін”.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жасөспіріммен келесі жолы жыныстық қатынас туралы сөйлескенде, әңгімені жағымды сөздермен аяқтаңыз. Бұл Құдайдың керемет сыйы, әрі оның рақатын некеге тұрғанда көретінін айтуға қорықпаңыз. Сол уақыт келгенше, ұлыңыздың не қызыңыздың Құдай нормаларын ұстана алатынына сенімділік білдіріңіз.
Азғындықтың салдарын көре білуге көмектесіңіз.
Өмірдің кез келген саласында жасөспірім дұрыс шешім қабылдай алу үшін, оның қандай жолдары барын анықтап, әрқайсысының жақсы-жаман жағын салмақтап-саралай алуы қажет. Оларға дұрыс пен бұрысты білу жеткілікті деп ойламаңыз. Австралияда тұратын Эмма есімді әйел былай дейді: “Жастық шағымда жасаған қателіктердің үстінен ой жүгірте отырып, Құдайдың нормаларын білу деген олармен келісуді білдірмейтініне көзім жетті. Маңыздысы — сол нормаларды ұстанудың қаншалықты пайдалы, ал бұзудың неге әкеп соғатынын түсіну”.
Бұл мәселеде Киелі кітаптың да көмегі зор. Өйткені ол кеңес бергенде, бұрыс қылықтың салдарын да айтып отырады. Мысалы, Нақыл сөздерде: “Абыройың басқалардың алдында төгілмес үшін”,— дей отырып, жас жігітті азғындықтан аулақ болуға шақырған (Нақыл сөздер 5:8, 9 ЖД). Бұдан жасайтын тұжырым анық: некеге дейін жыныстық қатынасқа түсетін адам жаманатты болады, Құдай алдындағы мінсіздігінен айырылады және өзін сыйлаудан қалады. Сондай-ақ өзіне жақсы жар бола алатын адамның алдында қадірсіз болып қалады. Жасөспірімдер Құдай заңдарын бұзудың тәнге, сезімге, рухани күйге тигізетін зардабы жайлы ойлайтын болса, одан аулақ жүру шешімінде берік боладыc.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Құдай орнатқан нормалардың даналыққа жататынын мысал келтіріп түсіндіріңіз. Былай деуіңізге болады: “Ошақтағы от пайдалы, ал ормандағы өрт өте қауіпті. Осы екі оттың қандай айырмашылықтары бар? Мұны Құдайдың жыныстық қатынасқа қойған шектеулеріне қалай қатыстырар едің?” Нақыл сөздер 5:3—14-тегі мәліметті қолданып, жасөспірімге азғындықтың зардаптарын көре білуге көмектесіңіз.
Жапонияда тұратын он сегіз жасар Такао былай дейді: “Дұрыс нәрсені істеуім керек екенін білемін, бірақ етектен тартатын тәндік құмарлықтармен маған үнемі күресуге тура келеді”. Осындай сезімде жүрген жастарға бұл күресте жалғыз емес екенін білгендері жандарына жұбаныш берсін. Тіпті Құдайға адал қызмет еткен елші Пауылдың өзі: “Дұрыс нәрсені жасағым келгенде, жанымнан жамандық табылады”,— деп мойындаған (Римдіктерге 7:21).
Осындай ішкі күрестің пайдалы жағы да бар. Ол жасөспірімді қандай адам болғысы келетіні жайлы ойлануға талпындырады. Сондай-ақ келесі сұрақтың үстінен ой жүгіртуге түрткі болады: Мен өз өмірімнің қожайыны болып, рухы берік, Құдай алдында мінсіз адам ретінде белгілі болғым келе ме, жоқ әлде құмарлықтың жетегінде жүретін әлсіз адам болғым келе ме? Өнегелік нормаларды ұстанғаны жасөспірімге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
a Бұл мақалада кейбір есімдер өзгертілген.
b Балаңызбен жыныстық қатынас жайлы сөйлесуді қалай бастауға және осы мәліметті жас ерекшелігіне қарай қалай бейімдеуге болатыны туралы мәліметті “Күзет мұнарасының” (ор.) 2010 жылғы 1 қарашадағы санының 12—14 беттерін қараңыз.
c Көбірек мәлімет алу үшін “Жастардың сауалдары. Жыныстық қатынас арамызды жақындата ма?” атты мақаласын Ехоба куәгерлері басып шығаратын “Ояныңдар!” (ор.) журналының 2010 жылғы сәуір айындағы санынан қараңыз.
ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:
Жасөспірім ұлымның не қызымның өнегелік ұстанымы берік екені байқала ма?
Жыныстық қатынас жайлы жасөспіріммен сөйлескенде, ол Шайтанның тұзағы емес, Құдайдың сыйы деген ой қалыптасуына көмектесемін бе?