Құдай Сөзінен білім алайық
Шынайы Құдай кім?
Бұл мақалада жиі көтерілетін сұрақтарға көңіл бөлінеді. Олардың жауабын сіз Киелі кітаптан оқып біле аласыз. Ехоба куәгерлері осы сұрақтарды сізбен бірге қарастыруға қуанышты болады.
1. Шынайы Құдай кім?
Шынайы Құдай — бүкіл ғаламның, барша тіршілік атаулының Жаратушысы. Киелі кітапта Құдай “Мәңгіліктің патшасы” делінген. Демек, Оның бастауы жоқ, соңы да болмайды (Аян 15:3). Құдай — өмірдің қайнар көзі, сондықтан тек оған ғана ғибадат етуіміз керек (Аян 4:11 оқыңыз).
2. Құдай қандай?
Құдайды ешкім көрген емес, өйткені ол — Рух. Демек, ол — ет пен сүйектен тұратын жаратылыстардан әлдеқайда жоғары тіршілік иесі (Жохан 1:18; 4:24). Құдайдың қандай тұлға екенін оның жаратқан нәрселерінен көруге болады. Мысалы, жер бетіндегі алуан түрлі жеміс-жидектер мен гүлдердің қалай жасалғанына үңіліп қарасақ, оның сүйіспеншілігі мен даналығын байқаймыз. Ал ұлан-ғайыр ғалам оның күшін паш етеді (Римдіктерге 1:20 оқыңыз).
Құдайдың болмысы жайлы Киелі кітаптан да көбірек білуге болады. Мысалы, Құдайға не ұнамды, ал не ұнамсыз екенін, оның адамдарға қалай қарайтынын және түрлі жағдайда қалай әрекет ететінін білеміз (Забур 102:7—10 оқыңыз).
3. Құдайдың есімі бар ма?
Иса пайғамбар: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын!”— деген (Матай 6:9). Құдайды сипаттайтын атаулар көп, алайда оның бір-ақ есімі бар. Құдай есімінің әр тілде дыбысталуында өзгешеліктер бар. Қазақ тілінде Құдай есімі “Ехоба” деп айтылады (Матай 22:37, 38 оқыңыз).
Киелі кітаптың көптеген аудармаларында Құдайдың есімі алынып тасталып, Жаратқан Ие және Құдай деген лауазымдармен алмастырылған. Бірақ Киелі кітаптың түпнұсқасында Құдайдың есімі шамамен 7000 рет қолданылған. Иса пайғамбар адамдарға Киелі жазбаларды түсіндіргенде, Құдайдың есімін қолданған. Сондай-ақ оларға Құдайды жақыннан тани түсуге көмектескен (Жохан 17:26 оқыңыз).
4. Ехоба Құдай біздің қамымызды ойлай ма?
Ехоба Құдай бізге жеке көңіл бөліп, дұғаларымызды тыңдайды (Забур 64:3). Бірақ қайғы-қасіреттің көбеюі Құдай біздің қамымызды ойламайды дегенді білдіре ме? Кейбір адамдар Жаратушы бізді сынау үшін қайғы-қасіретті жібереді деп сенеді, алайда бұл олай емес. Киелі кітапта: “Шынайы Құдай зұлымдық жасаудан аулақ”,— делінген (Әйүп 34:10 ЖД; Жақып 1:13 оқыңыз).
Құдай адамға ерік бостандығын берген. Оған қызмет етуді таңдауға еркіндігіміздің болғанын бағалаймыз, солай емес пе?! (Ешуа 24:15). Адамдар өзгелерге жамандық жасауды таңдағандықтан, жер бетін қайғы-қасірет басқан. Әлемде әділетсіздік жасалып жатқанына Ехобаның жаны ауырады (Жаратылыс 6:5, 6 оқыңыз).
Жақында Ехоба Құдай Иса Мәсіхті қолданып қайғы-қасіретті және зұлымдық жасаушыларды жоймақ. Құдайдың қиындықтарға уақытша жол беруіне келелі себеп бар. Бұл осы журналдың келесі сандарында түсіндіріледі (Ишая 11:4 оқыңыз).
5. Құдай бізден не күтеді?
Ехоба Құдай адамдарды өзін жақыннан тануға және сүйіспеншілік танытуға қабілетті етіп жаратқан. Ол біздің өзі туралы шындықты білгенімізді қалайды (Тімөтеге 1-хат 2:4). Сондықтан Киелі жазбаларды зерттесек, Құдайды жақыннан танып, оған досымыз ретінде қарайтын боламыз (Жақып 2:23; Нақыл сөздер 2:4, 5 оқыңыз).
Ехоба Құдай бізге өмір бергендіктен, оны бәрінен де жақсы көруіміз керек. Оған деген сүйіспеншілігімізді дұға ету және талаптарын орындау арқылы көрсе аламыз (Нақыл сөздер 15:8). Ехоба бізден маңайымыздағы адамдарға сүйіспеншілікпен қарауды талап етеді (Марқа 12:29—31; Жоханның 1-хаты 5:3 оқыңыз).
Көбірек білу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 1-тарауын қараңыз.
[17-беттегі сурет]
Қиындыққа уақытша жол берілгенінің келелі себебі болуы мүмкін бе?