Сіз білгенсіз бе?
Пауыл арқылы філіпіліктерге мәсіхшілік сәлем жолдаған “патша сарайындағылар” кімдер?
▪ Елші Пауыл б. з. шамамен 60—61 жылдары Римнен Філіпідегі қауымға хат жолдаған. Сол хатта айтылған “патша” император Нерон болатын. Ал Філіпідегі мәсіхшілерге сәлем жолдаған Неронның сарайындағылар кімдер? (Філіпіліктерге 4:22).
“Патша сарайындағылар” деген міндетті түрде императордың жақын туыстары деу дұрыс болмас еді. Бұл тіркес Рим мен оның провинцияларында патшаға қызмет ететін барлық адамдарға, соның ішінде құлдар мен азат етілгендерге қатысты. Сондықтан “патша сарайындағыларға” мыңдаған қызметшілер жатуы мүмкін. Олар императордың сарайында және оның иелігіндегі жерлерде шаруа басқару не дүние-мүлікке қарау сияқты түрлі жұмыстар істеген. Ал кейбіреулері тіпті өкімет орындарында жауапты қызмет атқарған болуы мүмкін.
Императордың Римдегі кейбір қызметшілері мәсіхші болғанға ұқсайды. Бірақ олар мәсіхшілікті Пауыл Римде уағыз айтқанда қабылдады ма, жоқ па — мұны нақты білмейміз. Қандай болған күнде де, олар Філіпідегі қауымға ерекше қызығушылық танытқан. Філіпі Римге тәуелді болғандықтан, сол қалада бұрын әскерде және өкімет орындарында қызмет еткен адамдар тұратын. Сондықтан ондағы мәсіхшілердің кейбірі Пауыл арқылы Римнен сәлем жолдағандардың достары болуы әбден мүмкін.
Мұса заңында әмеңгерлікке қатысты не айтылған?
▪ Ежелгі Исраилде ер адам артында тұяқ қалдырмай өліп кетсе, бауыры оның жесір қалған әйеліне үйленіп, көз жұмған кісінің атын өшірмей, ұрпағын жалғастырады деп күтілетін (Жаратылыс 38:8). Кейінірек әмеңгерлік Мұса заңына енді (Заңды қайталау 25:5, 6). Рут кітабында айтылған Боғоздың әрекеттерінен көрінетіндей, өлген кісінің ешбір бауыры болмаған жағдайда, әмеңгерлік еркек кіндікті басқа туыстарына жүктелетін (Рут 1:3, 4; 2:19, 20; 4:1—6).
Исаның күндерінде де әмеңгерліктің күшінде болғаны Марқа 12:20—22 тармақтарда жазылған саддукейлердің сұрағынан көрінеді. Еврей тарихшысы Иосиф Флавийдің айтуынша, бұл салтты марқұмның атын өшірмеу үшін ғана емес, сондай-ақ отбасының иелігіндегі жерді сақтап қалып, жесірдің қамы үшін ұстанатын. Бұдан бұрынғы заманда өлген күйеуінің жерін еншілеуге әйел адамның құқығы жоқ-тын. Алайда әмеңгерліктен туылған бала, марқұмнан қалған мүлікке ие болатын.
Заңда туыстарға әмеңгерліктен бас тартуға рұқсат етілді. Бірақ ер адамның “марқұм бауырына ұрпақ қалдырудан” бас тартқаны масқара деп қарастырылатын (Заңды қайталау 25:7—10; Рут 4:7, 8).