Кез келген қиындықты жеңуге күш аламыз
“Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын” (ФІЛІП. 4:13 ЖД).
1. Неліктен Ехобаның халқы көп қиындыққа кезігеді?
ҚИЫНДЫҚТАР Ехобаның халқын айналып өтпейді. Басымызға түсіп жатқан түрлі қиындықтардың кейбірі өз кемелсіздігіміздің салдарынан болса, тағы біреуі қазіргі зұлым дүниенің кесірінен туындайды. Басқа қиындықтар Құдайға қызмет ететіндер мен етпейтін адамдардың арасындағы “өштестіктен” болып жатыр (Жар. 3:15). Адамзат тарихы басталғалы бері Құдай өзінің адал қызметшілеріне діни қудалауға, құрбы-құрдастарының қысымына төтеп беруге және түрлі қиындықтарды жеңуге көмектесіп келеді. Бізге де осылай етуге киелі рух көмектесіп, күш береді.
Діни қудалау кезінде
2. Діни қудалаудың мақсаты мен әдістері қандай?
2 Діни қудалау деген — адамдарға діни сеніміне бола әдейілеп қастандық не қиянат жасау. Мақсаты — сенімді түптамырымен жою, таралуына кедергі жасау не сенушілерді адалдықтан тайдыру. Қудалау түрлі әдістермен, мысалы ашық не жасырын жолдармен, іске асырылады. Киелі кітапта Шайтанның қастандық әрекеті жас арыстанның және оқжыланның шабуылына теңелген (Забур 90:13 оқы).
3. Қудалаудың арыстан мен оқжыланның шабуылына ұқсаған әдістері қандай?
3 Кейде Шайтан зорлық жасау, түрмеге жабу не тыйым салу арқылы жыртқыш арыстандай ашық, яғни тікелей, шабуылға шығады (Заб. 93:20). Қазіргі кездегі Ехоба куәгерлерінің ісі жайлы баяндалатын “Жылнамада” осындай шабуылдар жасалғаны жайлы көптеген оқиғалар бар. Көп елде діни қызметшілер не саяси фанаттар бастаған тәртіпсіз тобыр Құдай халқына қастық әрекеттер жасаған. Арыстанның шабуылына ұқсаған мұндай әрекеттерден шамалы адам қызмет етуін тоқтатты. Сондай-ақ Ібіліс адамдардың санасын улау үшін және өз дегенін алдап істету үшін оқжылан сияқты жасырын жерден шабуылдайды. Мұндай шабуылмен ол бізді рухани әлсіретуге не сенімімізге қайшы әрекет еткізуге тырысады. Алайда Құдайдың киелі рухы арқылы біз қудалаудың осы екі түріне де қарсы тұра аламыз.
4, 5. Қудалауға дайындалудың ең дұрыс жолы қандай және неге? Мысал келтіріңдер.
4 Болашақта болуы мүмкін түрлі қудалаулар жайлы ойланып, алдын ала тон пішу оларға дайындалудың дұрыс жолы емес. Ертеңгі күні бізді қандай сынақ күтіп тұрғанын біле алмаймыз. Сондықтан ешқашан болмауы мүмкін жағдайды уайымдағаннан түк шықпайды. Алайда істей алатын бір нәрсе бар. Бұл — Киелі кітапта жазылған қызметшілердің мінсіздік сақтағаны және Исаның үлгісі мен тәлімі жайлы ой жүгірту. Қудалауға төтеп бере алған бауырластарымыздың көпшілігі солай еткен. Ой жүгірткендерінің арқасында олардың Ехобаға деген сүйіспеншіліктері тереңдей түскен. Ал сүйіспеншілік, өз кезегінде, кез келген қиыншылықтармен күресуге көмектескен.
5 Малавиде орын алған оқиғаны қарастырайық. Бұзақы тобыр екі әйел бауырласты партия билетін алуға мәжбүрлеу үшін ұрып-соғады, киімдерін шешіп, зорлаймыз деп қорқытады. Сондай-ақ тіпті Бетел отбасының мүшелері партия билетін алды деп өтірік айтады. Сонда әйел бауырластар не істеді? “Біз тек Ехоба Құдайға қызмет етеміз. Филиалдағы бауырластардың билет алғаны рас болса да, біз шешімімізді өзгертпейміз. Өлтірсеңдер де, сенімімізге қайшы әрекет етпейміз,”— дейді. Сағын сындыра алмағаннан соң, тобыр оларды босатып жібереді.
6, 7. Ехоба қызметшілеріне қудалауға төтеп беруге қалай көмектеседі?
6 Елші Пауыл Салоникадағы мәсіхшілердің шындық жайлы хабарды “азапқа ұшыраса да,.. қуанышпен қабылдағанын” айтқан (Сал. 1-х. 1:6). Шынында да, қудалауға кезігіп, оны жеңіп шыққан бұрындағы және қазіргі кездегі мәсіхшілердің айтуынша, олар сынақтың ең ауыр шегіне жеткенде, жантыныштығын сезінген. Бұл қасиет Құдайдың киелі рухы беретін жемістің бір бөлігі болып табылады (Ғал. 5:22). Тыныштық, өз кезегінде, олардың жүрегі мен ой-санасын қорғады. Расында да, Ехоба киелі рухы арқылы қиындыққа тап болған қызметшілеріне күресуге және даналықпен әрекет етуге көмектеседіa.
7 Құдай халқы мінсіздіктерін сақтау үшін тіпті жан төзгісіз қудалауға қайсарлықпен төтеп бергенде, сырттан бақылаған адамдар қайран қалып жатады. Сондай кезде оларға Куәгерлердің бойында адам күшінен асқан құдірет пайда болғандай көрінген, шындығында бұл солай еді. Елші Петір бізге: “Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдай Рухы сендерге орнығады”,— деп сенімділік береді (Пет. 1-х. 4:14). Әділ нормаларды ұстанғанымыз үшін қудаланғанымыз Құдайға ұнамды екенімізді білдіреді (Мат. 5:10—12; Жох. 15:20). Ал Ехобаға ұнамды екеніңді білу неткен қуаныш!
Құрбы-құрдастардың қысымы
8. а) Ешуа мен Халепке құрбы-құрдастарының қысымына қарсы тұруға не көмектесті? ә) Олардан қандай үлгі алуымызға болады?
8 Мәсіхшілер төтеп берулері керек қарсылықтың көзге бірден байқалмайтын түрі — құрбы-құрдастардың жағымсыз әсері. Алайда Ехобаның рухы осы дүниенің рухынан әлдеқайда күшті болғандықтан, біз күлкі-мазақ ететін, жалған мәлімет тарататын немесе өз нормаларымен жүруге күштейтін адамдардың ықпалына қарсы тұра аламыз. Мысал ретінде Ешуа мен Халепті алайық. Оларға Қанахан жеріне барып келген басқа он барлаушының ойына қосылмауға не көмектесті? Киелі рух әсер етіп, олардың бойында “басқа рух”, яғни басқа ой-ниет қалыптасқан еді (Руларды санау 14:6—10, 24 оқыb).
9. Неліктен мәсіхшілер көпшіліктен ерекшеленуге дайын?
9 Киелі рух осындай күш бергендіктен, Исаның елшілері көпшілік шынайы діннің мұғалімдері деп сыйлаған адамдардан гөрі Құдайға мойынсұнған (Ел. іс. 4:21, 31; 5:29, 32). Көп адам жұрттың ала көзінен аулақ болу үшін, олардың ырқына көніп жүре беруді дұрыс көреді. Ал шынайы мәсіхшілер болса дұрыс деп білетін нормаларға адал болып қалуды шешеді. Тіпті осындай кезде Құдайдың киелі рухы дарытатын күштің арқасында олар елден ерекше болудан қорықпайды (Тім. 2-х. 1:7). Ал қазір құрбы-құрдастардың қысымына берілмеуіміз керек бір салаға көңіл бөлейік.
10. Кей мәсіхшілер қандай қиындыққа кезігеді?
10 Кейбір жастар досының күнә жасағанын білсе, оны жасыру керек пе, жоқ па деп қиналады. Егер досына рухани көмек іздеп ақсақалдарға айтса, оған сатқындық жасайтындай сезімде болады. Сондықтан адалдық дегенді бұрыс түсініп, тіс жармауды шешеді. Тіпті күнә жасаған досы ешкімге айтпа деп оған қысым жасауы мүмкін. Әрине, мұндай қиындыққа тек жастар ғана кезікпейді. Кейбір ересек адамдарға да отбасының бір мүшесінің не досының күнә жасағаны туралы ақсақалдарға айту қиын. Сонымен шынайы мәсіхшілер осындай жағдайларда не істеуі керек?
11, 12. Егер қауымның бір мүшесі жасаған күнәсін ақсақалдардан жасыруды өтінсе, не істегенің дұрыс және неге?
11 Келесі жағдайды елестетіп көрші. Серік деген жас бауырлас Нұрлан есімді қауымдағы досының порнография көруді әдетке айналдырғанын біледі делік. Сөйтіп, ол досымен бұл ісінің қаншалықты қауіпті екені жайлы сөйлеседі. Бірақ Нұрлан міз бақпайды. Бұл жайлы ақсақалдармен сөйлесу керектігін ескерткенде, Нұрлан достық қарым-қатынастарын алға тартып, Серіктен бұл жайлы ешкімге тіс жармауды өтінеді. Мұндайда Серік досымнан айырылып қалам деп қорқуы керек пе? Одан қалса, Серік ақсақалдардың алдында Нұрлан бар ісінен жалтарып шықса, олар кімге сенер екен деп уайымдар. Алайда Нұрлан жаман әдетін жасыра берсе, жағдайының жақсаруы екіталай. Қайта, бұдан оның Ехобамен қарым-қатынасы бұзылуы мүмкін. Сондықтан Серіктің “Пендеден қорыққан тұзаққа түседі, ал Жаратқанға сенуші аман жүреді” деген сөздерді есіне түсіргені абзал (Нақ. с. 29:25). Серікке тағы не істеу керек? Жақсылық тілейтінін білдіріп, Нұрланмен тағы кездескені және жаман әдеті жайлы ашық сөйлескені дұрыс шығар. Бұл үшін батылдық қажет. Бәлкім, осы жолы Нұрлан қиындығы жайлы ашық сөйлесуге қарсы болмас. Серіктің оны тағы да ақсақалдармен сөйлесуге талпындырғаны жөн. Бұған қоса ол ақылға қонымды әрі нақты уақыт аралығында бармаса, өзінің баруына тура келетінін ескертуі керек (Леу. 5:1).
12 Осындай жағдайға тап болып, саған жоғарыда айтылғандай әрекет ету керек болса, досың алғашында көмегіңе алғыс айта қоймас. Бірақ уақыт өте келе ең алдымен соның қамын ойлап істегеніңді түсінер. Шалыс қадам басқан досың көмекті қабыл алса, сенің батылдығың мен адалдығыңа үнемі алғыс айтатын болады. Ал, керісінше, ашуланатын не өкпелейтін болса, бұл — ойланатын жайт. Сен қалаған дос осындай болу керек пе? Ең керемет Досымыз Ехобаға ұнайтынды істеу әрқашан дұрыс әрекет болып табылады. Осы достықты бірінші орынға қойсақ, Құдайды сүйетін адамдар бізді адалдығымыз үшін құрметтеп, шынайы досымызға айналады. Шайтанға мәсіхшілер қауымында ешқашан орын бермеуіміз керек. Орын беретін болсақ, Ехобаның киелі рухын ренжітеміз. Керісінше, қауымның тазалығын сақтауға тырысу арқылы киелі рухтың басшылығына сай әрекет етеміз (Ефес. 4:27, 30).
Кез келген қиындыққа төзу
13. Ехобаның халқы қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін және неге ондай қиындықтар кең етек алған?
13 Қиындықтар қаржы тапшылығынан, жұмыстан айырылып қалғандықтан, табиғи апаттың кесірінен, жақын адамның қаза болуынан, денсаулықтың тым нашарлауынан және басқа да жайттардан туындап жатады. “Қиын-қыстау күндері” өмір сүріп жатқандықтан, ертелі-кеш бізге осы қиындықтардың бірімен күресуге тура келуі мүмкін (Тім. 2-х. 3:1). Сондай кезде қатты сасып, үрейге берілмеу маңызды. Киелі рух бізге кез келген қиындықпен күресуге күш береді.
14. Әйүпке басына түскен қасіретіне төзуге не көмектесті?
14 Әйүптің бір басына үстін-үстін қиындық түскен болатын. Ол бар дүние-мүлкінен, кейін бала-шағасынан айырылды, достары тастап кетті, ауыр дертке шалдықты, бұл аздай, әйелі Ехобаға деген сенімін жоғалтты (Әйүп 1:13—19; 2:7—9). Алайда Әйүпке нағыз жұбанышты Елиуйдің сөздерінен тапты. Оның сөзі сайып келгенде Ехобаның да сөзі еді. Ол Әйүпке: “Тоқта да, Құдайдың ғажайып істеріне ой жүгірт”,— деді (Әйүп 37:14). Әйүпке басына түскен қасіретіне төзуге не көмектесті? Бізге не көмектеседі? Ехобаның киелі рухы мен құдіретін паш ететін түрлі жаратылыстарын есте ұстау мен солар жайлы ой жүгірту көмектеседі (Әйүп 38:1—41; 42:1, 2). Бәлкім, Ехобаның жеке басымыздың қамын ойлайтынына көзіміз жеткен кездерді еске түсірерміз. Ол қазір де біздің қамымызды ойлайды.
15. Елші Пауыл қиыншылықтарына төзуге күшті қайдан алды?
15 Елші Пауыл сенімі үшін өміріне қауіп төндірген түрлі қиындықтарға кезіккен (Қор. 2-х. 11:23—28). Сондай жағдайларда ол қалай байсалдылық пен сабырлық сақтай алды? Ол дұға ете отырып, Ехобаға арқа сүйеді. Пауыл сынақ кезінде, қасіреті шегіне жеткенде болса керек, былай деген: “Иеміз маған жар болып, әр ұлттық адамдардың естуі үшін Ізгі хабарды толықтай жариялауға күш-қуат беріп, мені арыстанның құлқынынан құтқарғандай, өлімнен аман алып қалды” (Тім. 2-х. 4:17). Құдай өз қызметшісін тастамайтынына тәжірибесінен көзі жеткен Пауыл бір сенімдегі бауырластарына “еш нәрсені уайымдамаңдар” деген сөздермен сенімділік бере алды (Філіпіліктерге 4:6, 7, 13 оқы).
16, 17. Құдай қазіргі кезде халқына қиыншылықтарға төтеп беруге күш беретінін көрсететін мысал келтір.
16 Роксана есімді бір ізашар бауырлас Ехоба халқының қамын ойлайтынын өз өмірінен көрді. Ол конгреске бару үшін бастығынан бірнеше күнге сұранғанда, ол рұқсат бермейді, тіпті, баратын болса, жұмыстан шығаратынын ашумен айтады. Роксана сонда да конгреске барады, бірақ жұмысынан айырылып қалғысы келмейтінін айтып қайта-қайта дұға етеді. Артынан жантыныштығын сезінеді. Конгрестен кейін дүйсенбі күні жұмысына келсе, күткендей-ақ, жұмыстан шығарылған екен. Сонда ол не істерін білмей уайымдайды. Өйткені жалақысы аз болса да, бұл жұмыс отбасына көмектесу үшін қажет еді. Ол тағы да дұға етіп, ой жүгіртеді: Құдай конгресс арқылы оның рухани қажеттілігін қамтамасыз еткен болса, онда тәндік қажеттілігін де міндетті түрде қамтамасыз етуі керек деген тұжырым жасайды. Содан, үйіне келе жатып, тігін машиналарын шығаратын өндіріс орнына операторлар қажет деген жарнаманы көзі шалып қалады да, солармен хабарласады. Мекеменің басқарушысы Роксананың тәжірибесі жоқ екенін көрсе де, жалақысы бұрынғысынан екі есе дерлік көп жұмыс береді. Роксана бұдан да зор батаға ие болды. Ол әріптестеріне ізгі хабарды уағыздай алып, нәтижесінде бес адам, оның ішінде әлгі басқарушы да бар, шындықты қабыл алып, шомылдыру рәсімінен өтеді.
17 Кейде дұғаларымыз жауапсыз қалғандай көрінеді, әсіресе бірден орындалмаса немесе біз ойлағандай болмаса. Мұның себебі бар екеніне еш күмәнданбауымыз керек. Бұл себепті Ехоба жақсы біледі, ал болашақта бізге де мәлім болуы мүмкін. Сенімді болуымыз керек бір жайт бар: Ехоба өзінің адал қызметшілерін тастамайды (Евр. 6:10).
Қиыншылықтар мен азғырылуларға қарсы тұруға қажетті көмек
18, 19. а) Неге қиыншылықтар мен азғыруларға кезігеміз? ә) Қиыншылықтарды жеңуге не көмектеседі?
18 Ехобаның халқы азғыруларға, ұнжырғаның түсуіне, қудалауға және қысымға кезігіп жатқандарына таңғалмайды. Негізінен, осы дүние бізді жек көреді (Жох. 15:17—19). Сөйтсе де Құдайға қызмет етіп жүріп кезіккен кез келген қиыншылыққа төтеп беруге Құдайдың киелі рухы көмектеседі. Ехоба төзімімізден артық сыналуымызға жол бермейді (Қор. 1-х. 10:13). Ол бізді ешқашан тастамайды және жалғыз қалдырмайды (Евр. 13:5). Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Сөзіне мойынсұнғанның арқасында қорғаныш пен күшке ие боламыз. Оның үстіне, көмек қажет болғанда, Құдайдың рухы бауырластарымызды жәрдем беруге талпындырады.
19 Дұға ету мен Жазбаларды зерттеу арқылы киелі рухтың басшылығын іздей берейік. “Оның ұлы құдіретінен мол қуат алып, әрдайым төзімділік пен ұстамдылық таныта алып, қуанышқа кенеле” берейік (Қол. 1:11)
[Сілтемелер]
a Осыған қатысты мысалдарды “Күзет мұнарасының” 2001 жыл 1 шілде санының 19-бетінен және “Ояныңдар!” (ор.) 1993 жыл 8 наурыз санының 21, 22-беттерінен қара.
b Руларды санау 14:6—10, 24: “Жерді көріп қайтқан Ешуа да Халев те... Исраил ұрпағының барлық қауымына былай деді: “Егер Жаратушы Иеміз бізге мейірімді болса, одан бізді сол жерге алып барады және оны — сүт пен бал ағып жатқан сол жерді бізге береді; Тек Жаратушы Иеге қарсы өре көтерілмеңдер, және де сол жердегі халықтан үрейленбеңдер... Жаратушы Ие болса бізбен бірге”. Сөйтіп, бүкіл қауым мынаны айтты: оларды тас атып соққылайық!.. Алайда Өзімнің құлым Халевті бойында мүлде басқа рух болғандықтан және Маған ол шексіз бағынғандықтан, өзі барып қайтқан сол жерге ертіп апарамын”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қудалауға төтеп беру үшін қалай дайындалғаның дұрыс?
• Егер біреу өзінің күнәсін басқаларға айтпауыңды өтінсе, не істеуің керек?
• Қандай қиындыққа кезіксең де, не нәрсеге сенімді бола аласың?
[28-беттегі сурет]
Ешуа мен Халептен қандай үлгі алуға болады?
[29-беттегі сурет]
Күнә жасап жатқан досыңа қалай көмектесе аласың?