Сынақтарға төтеп беру арқылы Ехобаны мадақтаймыз
“Жақсылық жасай тұра азап шегіп, соған шыдасаңдар, бұл Құдайға ұнайды” (1 ПЕТІР 2:20).
1. Шынайы мәсіхшілер бағышталғандарына сай өмір сүретіндіктен, қандай сұрақ қарастырылу керек?
МӘСІХШІЛЕР өздерін Ехобаға бағыштаған әрі оның еркін орындағылары келеді. Олар бағышталғандарына сай өмір сүріп, өздеріне үлгі қалдырған Иса Мәсіхтің ізімен жүру және шындыққа куәлік ету үшін барын салуда (Матай 16:24; Жохан 18:37, сілтемені қараңдар; 1 Петір 2:21). Алайда Иса және Құдайдың басқа да адал қызметшілері нанымдары үшін өмірлерін қиған. Бұл мәсіхшілердің бәрі сенімдері үшін өлу керек дегенді білдіре ме?
2. Мәсіхшілер сынақтар мен қайғы-қасіретке қалай қарайды?
2 Мәсіхшілер өлуге тура келсе де, адал болуға шақырылады, бірақ сеніміміз үшін міндетті түрде өлудің қажеті жоқ (2 Тімотеге 4:7; Аян 2:10). Бұл дегеніміз сеніміміз үшін қасірет шегуге, қажет болса өлуге даяр болғанымызбен, біздің соны қалайтынымызды білдірмейді. Біз қасірет шеккеннен рақат алып, қайғырғаннан немесе қорлық көргеннен қанағат сезіміне бөленбейміз. Бірақ сынақтар мен қуғын-сүргін болады деп күту керек, сол себепті сондай қиыншылықтарға ұшырағанда, қалай әрекет ету керектігін мұқият талқылағанымыз жөн.
Сынақ кезінде адал болғандар
3. Қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы Киелі кітаптан қандай мысал айтып бере аласыңдар? (Келесі беттегі “Олардың қуғын-сүргінге ұшырағандағы әрекеттері” қоршауын қараңдар.)
3 Киелі кітапта өмірлеріне қауіп төнгенде, ертедегі Құдайдың қызметшілерінің не істегендері жөнінде көптеген мәлімет бар. Олардың түрлі жағдайларда қалай әрекет еткендері бүгіндегі мәсіхшілерге солардікіндей қиыншылықтарға кезіккенде, басшылық болады. “Олардың қуғын-сүргінге ұшырағандағы әрекеттері” қоршауын қарастырып, ондағы мысалдардан қандай сабақ алуыңа болатынын ойлап көр.
4. Иса мен Құдайдың басқа да адал қызметшілері сынақтарға кезіккенде, қалай әрекет еткендері жөнінде не деуге болады?
4 Иса мен Құдайдың басқа да адал қызметшілері қудаланғанда, жағдайға қарай әр түрлі әрекет еткендерімен, өмірлерін жөнсіз қатерге тікпегендері анық. Қауіпті жағдайларға кезіккенде, олар батыл болған, сөйте тұра, сақ болуды да ұмытпаған (Матай 10:16, 23). Олардың мақсаты — уағыздау, сондай-ақ Ехобаға деген адалдықтарын сақтап қалу еді. Бүгінде сынақтар мен қуғын-сүргінге кезігіп жүрген мәсіхшілер олардың әр түрлі жағдайларда қалай әрекет еткендерінен үлгі алады.
5. Малави елінде 1960 жылдары қандай қуғын болды және ондағы Куәгерлер не істеді?
5 Бүгіндегі Ехобаның халқы соғыс, тиым салу немесе ашық қудалаудың салдарынан жиі ауыр жағдайларға ұшырап, жапа шегіп жатады. Мысалы, 1960 жылдары Малавидегі Ехоба Куәгерлері адам айтқысыз қуғынға ұшырады. Олар Патшалық Сарайларынан, үйлерінен, азық-түлік қорынан және жұмыстарынан, сайып келгенде бүкіл меншіктерінен айырылды. Олар ұрып-соғуды, сондай-ақ басқа да жан түршігерлік қорлықты бастан кешірді. Сонда бауырластар не істеді екен? Мыңдаған бауырластар ауылдарын тастап босып кетті. Көбісі жыңғыл арасын паналаса, өзгелері уақытша көрші Мозамбик жеріне қашты. Адал мәсіхшілердің біразы қаза болған уақытта, өзгелері қарсылық ушығып тұрғанда, қауіпті жерден қашқан дұрыс деп тапты. Солай етулерімен бауырластар Иса мен Пауылдың үлгісіне еліктеді.
6. Малавидегі Куәгерлердің қатты қуғынға қарамастан, нені доғармады?
6 Малавидегі бауырластар қашып-пысып, жасырынып жүргендерімен, теократиялық басшылықты іздеп, соны ұстанып, қолдарынан келгенше уағыздау қызметін жасырын атқарды. Мұның нәтижесі қандай болды? 1967 жылы тиым салынардан аз-ақ уақыт бұрын Патшалықты жариялаушылардың ең жоғарғы саны 18 519-ға жетті. Тыйым әлі де үдеп, ал бауырластардың көбі Мозамбикке қашқанына қарамастан, 1972 жылы жариялаушылар саны 23 398 болып, тағы да жаңадан шарықтау шегіне жеткені мәлім болды. Олар ай сайын орта есеппен қызмет етуге 16 сағаттан аса уақыт жұмсайтын. Олардың осындай әрекеттері Ехобаның даңқын арттырғаны сөзсіз, ал Ехоба сол адал бауырластарды тар жол тайғақ кешіп жүрген кездерінде қолдадыa.
7, 8. Неге кейбіреулер қарсылықтың кесірінен қиыншылықтар туғанына қарамастан, өз елдерінде қалуды шешеді?
7 Ал қуғын-сүргіннің салдарынан қиыншылықтар туып жатқан елдердегі кейбір бауырластар қашуға мүмкіндігі болса да, сонда қалуды шешіп жатады. Қоныс аудару қандай да бір қиыншылықтарды шешуі мүмкін, бірақ басқа проблемалардың пайда болуына ықпал етуі де ықтимал. Мысалы, олар мәсіхші бауырластармен байланыстарын үзіп алып, рухани жағынан оңашаланып қалмай ма? Көшкен жерлеріне орнығу көп күш салуды талап етеді, әсіресе бай не мал-мүлік жинауға көп мүмкіндіктері бар ел болса, олар дағдылы рухани кестелерін ұстана ала ма? (1 Тімотеге 6:9).
8 Кейбіреулер бауырластарының рухани игіліктерін ойлағандықтан, қоныс аудармауды шешеді. Олар елдерінде қалып, ауыр жағдайға қарамастан, өз аумақтарында уағыздап, бауырластарына жігер беруді жөн көреді (Філіпіліктерге 1:14). Осындай шешім қабылдауының арқасында кейбіреулер тіпті елдерінде болып жатқан соттарда жеңіске жетуге өз үлестерін қосқанb.
9. Қуғын кезінде қоныс аударуды не қалуды шешкенде, адам нені ескеруге тиіс?
9 Қоныс аударуды не қалуды әр адам өзі шешеді. Әрине, мұндай шешімді Ехобадан басшылық сұрап, дұға еткеннен кейін қабылдаған жөн. Сөйтсе де қандай шешім қабылдағанымызға қарамастан, елші Пауылдың: “Әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз”,— деген сөздерін есте ұстауға тиіспіз (Римдіктерге 14:12). Жоғарыда ескерілгендей, Ехобаның талабы — әрбір қызметшісінің қандай жағдайда болмасын адалдықтарын сақтап қалуы. Құдайдың кейбір қызметшілері сынақтар мен қуғынға қазір кезігіп жүр, ал өзгелері кейінірек кезігуі мүмкін. Бірі олай, бірі былай бәрі де сыналады, менің басыма сынақ түспейді деп ешкім күтпеу керек (Жохан 15:19, 20). Ехобаның өзіне бағышталған қызметшісі ретінде біз Оның есімінің даңқталуы мен билігінің ақталуына қатысты бүкіләлемдік даулы мәселеден тайқып кете алмаймыз (Езекиел 38:23; Матай 6:9, 10).
“Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар!”
10. Иса мен елшілер қысым мен қарсылыққа кезіккенде, қалай әрекет етуге қатысты қандай үлгі қалдырды?
10 Иса мен елшілердің қысым кезінде қалай әрекет еткендерінен алатын тағы бір маңызды сабақ — қудалаушыларымыздан ешқашан өш алмау. Біз Киелі кітаптың еш жерінен Исаның немесе оның ізбасарларының қудалаушыларына қарсы жасырын ұйымдасқанына не қастандық жасағанына меңзейтін мәлімет таппаймыз. Керісінше, елші Пауыл ‘жамандыққа жамандықпен қайтармауға’ кеңес береді. “Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Киелі жазбада Жаратқан Иенің: — Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын,— дегені жазылған ғой”. Қайта, ‘жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шығыңдар’ (Римдіктерге 12:17—21; Забур 37:1—4; Нақыл сөздер 20:22).
11. Бір тарихшы ертедегі мәсіхшілердің үкіметке қатысты көзқарасы жөнінде не деді?
11 Ертедегі мәсіхшілер осы кеңесті бар көңілдерімен қабылдаған. Тарихшы Сесиль Каду “Ежелгі шіркеу және әлем” деген кітабында мәсіхшілердің б. з. 30—70 жылдардағы үкіметке деген көзқарастарын суреттеген. Ол былай жазды: “Бізде сол уақыт аралығында мәсіхшілердің тарапынан қудалауға қарсы күш қолданып, қандай да бір әрекет жасағанына қатысты ешқандай дәлел жоқ. Бұндай жағдайларда олардың істейтін ең жаман деген қылығы басшыларын қатты айыптау немесе қашып кетіп, жоспарларын жоққа шығару еді. Алайда Мәсіхшілер әдетте қуғынды даурықпай қабылдайтын, бірақ үкімет басшыларының қойған талаптарының Мәсіхке мойынсұнуларына кереғар келеді деп есептейтіндеріне бойсұнудан үзілді-кесілді бас тартатын” (The Early Church and the World).
12. Неге азап шеккенде өш алғаннан, шыдаған артық?
12 Бір қарағанда осындай бойсұнғыштық расында да ақылдылыққа жата ма? Солай әрекет ететіндер өздерінің көзін құртқысы келетіндер үшін жеңіл олжа болмас па еді? Мұндайда қорғанған абзал емес пе? Адами көзқараспен қарағанда солай көрінетін болар. Алайда біз Ехобаның қызметшілері ретінде, ең дұрысы, оның басшылығын ұстану екеніне сенімдіміз. Біз Петірдің: “Жақсылық жасай тұра азап шегіп, соған шыдасаңдар, бұл Құдайға ұнайды”,— деген сөздерін есте ұстаймыз (1 Петір 2:20). Ехобаның болып жатқан жағдайдан хабардар әрі оның жалғаса беруіне жол бермейтініне сенімдіміз. Қалайша біз бұған сенімді бола аламыз? Бабыл тұтқындығындағы халқына Ехоба: “Кімде-кім сендерге тисе, Менің көзімнің қарашығына тигені”,— деген (Зәкәрия 2:8). Кім көзінің қарашығына тигізіп қойып қарап тұра береді дейсің? Ехоба қажетті кезінде көмектеседі. Солай ететіндігінде еш күмән жоқ (2 Салониқалықтарға 1:5—8).
13. Неге Иса бойсұнып, жауларына өзін тұтқындауға жол берген?
13 Осыған орай, Исадан үлгі алуымызға болады. Гетсимани бағында жауларына өзін тұтқындауға жол бергенде, Иса мұны қорғана алмағандықтан істеген жоқ. Қайта, ол шәкірттерінің біріне: “Қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба? Бірақ олай істесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!” — деген (Матай 26:53, 54). Иса үшін Ехобаның еркін орындау, тіпті бұл азап шегуді талап ететін болса да, аса маңызды болған. Ол Дәуіттің пайғамбарлық мәні бар: “О дүниеге қимайсың жанымды, Қасиеттіңнің тәнін де шірітпейсің”,— деген сөздеріне толықтай сенген (Забур 15:10). Біраз жылдардан кейін елші Пауыл Иса туралы былай деген: “Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдай тағының оң жағындағы орнына жайғасып отырды” (Еврейлерге 12:2).
Ехобаның есімін қасиетті етуден алатын қуаныш
14. Исаға қандай қуаныш адам төзгісіз сынақ кезінде күш берген?
14 Исаға адам төзгісіз сынақ кезінде күш берген қандай қуаныш болды екен? Ехобаның қызметшілерінің арасындағы Шайтанның ең бірінші нысанасы оның сүйікті Ұлы Иса болғаны күмәнсіз. Сондықтан сынақ кезінде адалдығын сақтап қалу арқылы Иса Шайтанның Ехобаға таққан кінәсін толығымен жоққа шығарды (Нақыл сөздер 27:11). Исаның қайта тірілгенде қалайша қуанып, қанағат сезіміне бөленгенін көз алдарыңа елестете аласыңдар ма? Ол Ехобаның билігінің ақталуы мен есімін қасиетті етуге қатысты кемелді адам ретінде өз рөлін атқарып шыққанын білгенде, зор қуанышқа бөленсе керек. Оның үстіне, ‘Құдай тағының оң жағындағы орынға’ отыру ол үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш беретін келелі себеп екендігінде сөз жоқ (Забур 109:1, 2; 1 Тімотеге 6:15, 16).
15, 16. Куәгерлер Заксенхаузенде қандай жан түршігерлік қуғынға төтеп берген және оларға күш берген не?
15 Мәсіхшілерді Исаның үлгісіне еліктеп, сынақтар мен қуғын-сүргінге төтеп беру арқылы Ехобаның есімін қасиетті ету қуанышқа бөлейді. Бұған мысал — аты шулы Заксенхаузен концлагерінде азап шеккен және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында сұрапыл өлім шеруінен аман қалған Куәгерлер. Сол шерудің кезінде мыңдаған тұтқындар суықтан, ауру мен аштықтан немесе СС күзетшілерінің жол бойында көрсеткен жауыздықтарынан өлім құшты. Ал сонда болған 230 Куәгер бір-бірінен ажырамай, өз өмірлеріне қатер төнсе де бауырластарына көмектескендерінің арқасында бәрі де аман қалған.
16 Осындай жан түршігерлік қуғынға төтеп беруге сол Куәгерлерге күш берген не? Аман қала салысымен олар қуаныштары мен Ехобаға деген ризашылықтарын “Мекленбургтегі Швериннің маңайындағы орманда жиналған алты ұлттан тұратын 230 Куәгердің қарары” деген құжатта білдірді. Онда былай делінген: “Ұзаққа созылған сынақ кезеңі артта қалды, біздің, лаулап от жанып тұрған пештен аман қалғандардың, үстінен түтіннің иісі де шықпайды (Даниял 3:27-ні қараңдар). Қайта, Ехобадан келген күш-жігерге толып, Теократияның мүддесін арттыра беру үшін Патшадан жаңа нұсқауларды тағатсыздана күтудеміз”c.
17. Құдайдың қызметшілері бүгінде қандай сынақтарға кезігіп жүр?
17 ‘Жанымызды пида етпесек’ те, сол 230 адал бауырластар іспетті біздің де сеніміміз сыналады (Еврейлерге 12:4). Сынақтар әр түрлі болып келеді. Мысалы, сыныптастарымыздың келеке етуі не құрбы-құрдастарымыздың азғындық немесе басқа да бұрыс қылықтар жасауға қысым көрсетуі мүмкін. Оған қоса, қан құйдырмауды шешу, тек Иемізбен тығыз байланыста тұратындармен ғана отбасын құру немесе бір сенімді ұстанбайтын отбасында балаларды шындық жолына сай тәрбиелеу сияқты жайттар да қатты қысым мен сынақтарға душар етуі мүмкін (Елшілердің істері 15:29; 1 Қорынттықтарға 7:39; Ефестіктерге 6:4; 1 Петір 3:1, 2).
18. Неге біз тіпті ең ауыр сынақтарға да төтеп бере алатынымызға сенімдіміз?
18 Сөйткенмен де басымызға қандай сынақ түспесін, біз бірінші орынға Ехоба мен оның Патшалығын қойғандықтан жапа шегіп жүргенімізді білеміз; біз мұны нағыз мәртебе деп есептейміз, әрі соған бола жапа шегіп жүргенімізге қуаныштымыз. Біз Петірдің келесі жұбанышты сөздерінен жігер аламыз: “Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдай Рухы сендерге орнығады” (1 Петір 4:14). Ехобаның рухының арқасында оның даңқын арттырып, мадақтау үшін, тіпті ең ауыр сынақтарға да төтеп бере аламыз (2 Қорынттықтарға 4:7; Ефестіктерге 3:16; Філіпіліктерге 4:13, ЖД).
[Сілтемелер]
a Малавидегі Куәгерлердің бастарына түскен 1960 жылдардағы жайттар көптеген қасірет пен сұрапыл қуғынның бастамасы ғана болған. Ал олар мұндай жағдайға отыз жылға жуық уақыт бойы төтеп берді. Сол оқиғалар жөніндегі толық мәліметті 1999 жылғы (ор.) “Ехоба Куәгерлерінің жылнамасының” 171—212 беттерінен қараңдар.
b “Күзет мұнарасы” журналының 2003 жыл 1 маусымдағы санының 30—32 беттеріндегі “Жоғарғы сот “Арарат жеріндегі” шынайы ғибадатты қолдайды” мақаласын қараңдар.
c Қарардың толық мәтінін 1974 жылғы “Ехоба Куәгерлерінің жылнамасының” (ағ.) 208—209-беттерінен қараңдар. Өлім шеруінен аман қалған адамның әңгімесін “Күзет мұнарасы” журналының (ор.) 1998 жыл 1 қаңтарындағы санының 25—29 беттерінен табуға болады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Мәсіхшілердің қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінге деген көзқарастары қандай?
• Иса мен өзгелердің сынаққа кезіккенде, не істегендерінен қандай сабақ алуға болады?
• Неге қуғындалғанда өш алмаған абзал?
• Исаға сынақтарда күш берген қандай қуаныш және бұдан біз не нәрсеге үйренеміз?
[25-беттегі қоршау/суреттер]
Олардың қуғын-сүргінге ұшырағандағы әрекеттері
• Иродтың жасақшылары екі жастағы және одан кіші сәбилерді өлтіру үшін Бетлехемге жеткенге дейін, Жүсіп пен Мәриям періштенің басшылығымен сәби Исаны алып Мысырға қашып кетеді (Матай 2:13—16).
• Батыл куәлік еткені үшін жаулары Исаны қызметінің барысында көп рет өлтіргісі келген. Барлық жағдайда Иса кетіп қалып отырған (Матай 21:45, 46; Лұқа 4:28—30; Жохан 8:57—59).
• Жасақшылар мен әскер басылары Гетсимани бағына Исаны тұтқындауға келгенде, Иса: “Ол Менмін!” — деп іздеген адамдары өзі екенін екі рет ашық айтты. Ол тіпті ізбасарларының қарсылық көрсетулеріне тиым салып, тобырдың өзін алып кетуіне жол береді (Жохан 18:3—12).
• Иерусалимде Петір мен өзгелерді тұтқындап, дүре соқтырып, Иса туралы айтуға тиым салады. Бірақ олар еркіндікке шыққаннан кейін, “күн сайын ғибадатханада және үйлерде тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ” (Елшілердің істері 5:40—42).
• Кейінірек елші Пауыл деп белгілі болған Сауыл бірде Дамаскіде яһудилердің өзіне қатысты құпия ниетін біліп қалады. Сонда бауырластар оны кәрзеңкеге салып, түн жамылып қаланы қоршаған қабырғадан төмен түсіріп, қашырып жібереді (Елшілердің істері 9:22—25).
• Біраз жылдан кейін Пауыл билеуші Фест те, Агриппа патша да одан “не өлімге кесер, не түрмеге жабар” ештеңе таппаса да Рим патшасының алдына баруды шешеді (Елшілердің істері 25:10—12, 24—27; 26:30—32).
[26-беттегі суреттер]
Мыңдаған малавилік Куәгерлер сұрапыл қуғынның кесірінен қашуға мәжбүр болғандарына қарамай, Патшалықтың мүддесіне арналған қызметтерін қуанышпен атқарған
[27-беттегі суреттер]
Мына адал Куәгерлерге Ехобаның есімін қасиетті етуден алған қуаныштары нацистердің өлім шеруі мен концлагерлерінде күш берген
[Суреттер рұқсатымен]
Өлім шеруі: KZ-Gedenkstätte Dachau, courtesy of the USHMM Photo Archives
[28-беттегі суреттер]
Сынақтар мен қысым әр түрлі болып келеді