15—21 МАУСЫМ, 2026
122-ӘН Берік те мығым бол!
Басыңызға күн туғанда қиындыққа дұрыс қараңыз
“Ауыртпалық пен қиындық көріп жүрсем де, Өсиеттеріңді жақсы көре беремін” (ЗӘБ. 119:143).
НЕГІЗГІ ОЙ
Бақытсыздыққа тап болғанда мойымай, сабыр сақтау үшін, қиындықтарға дұрыс қарай білу маңызды.
1, 2. Бақытсыздыққа тап болғанда сабыр сақтау үшін не істеуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)
КИЕЛІ КІТАПТА адамның қысқа ғұмырында бар көретіні қайғы-қасірет екені айтылған (Зәб. 90:10). Қайғы-қасірет Ехобаның бағалы қызметшілерін де айналып өтпейді. Кейбірі Ехобаға қызмет еткені үшін темір торға қамалса, енді бірі өз отбасынан қарсылық көріп жатады. Арамызда ауру-сырқау мен қарттықтың зардабын тартып жүргендер де жоқ емес. Кейде тіпті оқыстан жақын адамымыздан айырылып, қайғы жамылып жатамыз. Сіздің де жаныңызға батып жүрген уайым-қайғыңыз бар ма?
2 Бақытсыздыққа тап болғанда мойымай, сабыр сақтау үшін, қиындықтарға дұрыс қарауымыз қажет. Егер жағдайға Ехоба сияқты қарап, мәселені дұрыс бағалай білмесек, не істеу керектігін білмей абдырап қалуымыз мүмкін. Мысалы, көліктің терезесі таза болса ғана, жүргізуші жолдағы кедергілер мен қауіпті анық көріп, қайда, қалай жүру керегін нақты біледі. Сол сияқты, көзқарасымыз дұрыс болса ғана, біз қиындықтан шығудың жолын анық көреміз. Бұл мақалада біз келесі үш сұрақтың жауабын аламыз: 1) Қиындықтарға дұрыс көзбен қарау деген нені білдіреді? 2) Қиындыққа дұрыс қарамасақ, қалай бұдан өзіміз зиян шегіп қалуымыз мүмкін? 3) Басымызға күн туғанда, қиындыққа дұрыс қарай білу үшін не істеуіміз керек?
Көзқарасымыз дұрыс болса ғана қиындықтан шығудың жолын анық көреміз (2-абзацты қараңыз)
ҚИЫНДЫҚТАРҒА ДҰРЫС КӨЗБЕН ҚАРАУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
3. Неге біз қиындықтардан ешқайда қашып құтыла алмаймыз?
3 Қиындықтардан қашып құтылу мүмкін емес. Біз күнәкар пендеміз, оның үстіне, дүниені Шайтан билеп отыр. Сондықтан өміріміз қаннен-қаперсіз болады деп күтпеуіміз керек. Осы дүниенің ақыры таяған сайын, проблемалар, табиғи не адам қолымен жасалған апаттар, зұлымдардың жасайтын қиянаты көбеймесе, азаймайды (Мат. 24:8; Тім. 2-х. 3:13). Ехоба бізге араша түсіп, қиындықтарымызға тоқтау қоямын десе, қоя алады. Бірақ ол мұны болашақта істейді. Егер қазір істейтін болса, Ехоба дүниені билеп отырған Шайтанға болысқандай болар еді. Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатқан уақытта біз бақытсыздықтан ешқайда қашып құтыла алмаймыз (Уағ. 9:12).
4. Біз тағы не себепті қиындық көреміз?
4 Исаның ізбасары болғанымыз үшін де қиындық көреміз. Иса шәкірті болғанымыз үшін қуғынға ұшырайтынымызды қайта-қайта айтқан (Мат. 24:9; Жох. 16:2). Сондықтан қуғын-сүргінге кезіккенде, біз бұған таңғалып, абдырап қалмаймыз. Керісінше, қуғынға ұшырағанымыз Исаның шәкірті екенімізді дәлелдейтінін түсініп, сенімде нық тұрамыз (Сал. 1-х. 3:3, 4). Егер сынаққа берілмей, табанды болып қалсақ, біріншіден, Ехоба уәде еткен мәңгілік өмірге жетеміз. Екіншіден, Шайтанның емес, Ехобаның жағында екенімізді дәлелдейміз. Білетініміздей, Шайтан Ехобаның есімін қаралап қана қоймай, адамдар оған пайда көздегеннен ғибадат етеді деп жала жапты. Осы өтірігін дәлелдеймін деп, ол Ехобаның қызметшілерін аяусыз қудалап жүр (Әйүп 1:9—11). Ешбір қиындыққа қарамай Ехобаға адал болып жүрсек, оны сүйетінімізді дәлелдеп, жүрегін қуантамыз (Нақ. с. 27:11).
5. Сүлеймен патшаның дана сөздерінен не түйеміз? (Уағыздаушы 7:13, 14) (Суреттерді де қараңыз.)
5 Ехоба қиындыққа жол береді. Сүлеймен патша “жаман күнге де Құдай жол беретінін” айтқан (Уағыздаушы 7:13, 14 оқыңыз). Бірақ бұл жамандықты Құдай жібереді дегенді білдірмейді. Өйткені Ехоба ешқашан зұлымдық жасамайды, жамандықпен де ешкімді сынамайды (Жақ. 1:13). Олай болса, Сүлеймен патшаның айтқан дана сөздерінен көңілімізге қандай ой түйіп алсақ болады? Біріншіден, Шайтанның дүниесінде жақсы күндер ғана емес, жаман күндер де болады. Қазір жақсы күндердің қызығын көріп жатсақ, шүкіршілік етіп, Құдайға сол жақсылығы үшін ризашылық білдірейік. Екіншіден, біз “болашақта өзімізбен не боларын біле алмаймыз”. Алдағы күндер жақсылық әкеле ме, жамандық әкеле ме — оны білмейміз. Қиындық адам таңдамайды, кез келген уақытта әділдің де, әділетсіздің де басына түсе береді.
Шайтанның дүниесінде жақсы күндер де, жаман күндер де болатынын түсінуіміз керек (5-абзацты қараңыз)
6. Ехоба кейде қиындықтарға не үшін жол беруі мүмкін? (Еврейлерге 12:7, 11)
6 Ехоба қиындықтарға жол беру арқылы бізді тәрбиелейді. Қандай жағдайға душар болсақ та, Ехоба бізді ешқашан назарынан тыс қалдырмайды. Керісінше, ол қиын сәттерде қасымыздан табылып, қолдау көрсетеді. Тіпті қиындықтың түпсіз тұңғиығына түсіп, “тас қараңғы шатқалда жүрсек те”, Ехоба бізді жетелеп жүреді, сүйіспеншілігіне бөлеп, қиындықты еңсеруге қажетті күш береді (Зәб. 23:4). Егер қиындықтарға дұрыс қарай білсек, Ехобаның бізді көп нәрсеге үйретіп жатқанын байқаймыз. Мысалы, қиындықтардың арқасында біз өзімізге емес, Ехобаға сенім артуды үйренеміз. Сондай-ақ осал тұстарымызды байқап, жақсара аламыз (Еврейлерге 12:7, 11 оқыңыз). Әйүпті еске алсақ, Ехоба оның қайғы-қасірет көруіне жол берді. Бұл жағдай Әйүптің бойында кішіпейілділік жетпейтінін аңғартты. Сонда Ехоба қызметшісін түзетіп, оны кішіпейілділікке үйретті (Әйүп 42:1—6). Басымызға не күн тумасын, мынаны ұмытпайық: Ехоба қиындықтарымызға жол берсе де, оңалмастай жапа шегуімізге ешқашан жол бермейді. Ең бастысы, табанды болсақ, “барлық жағдайда да жеңіске жетеміз” (Рим. 8:35—39).
7. Қудаланып жүрсек неге бақыттымыз?
7 Қудаланып жүрсек, бақыттымыз. Қуғын-сүргінге кезіккеніміз Ехобаның ықыласынан айырылып қалдық дегенді білдірмейді, керісінше, бұл Ехобаның ықыласына ие екенімізді көрсетеді (Мат. 5:10—12). Осыны естен шығармасақ, Куәгер болғанымыз үшін қуғындалуды қорлық санамаймыз. Қайта, қорлық көруге лайық саналғанымызға қуанып, басымызды тік ұстаймыз (Ел. іс. 5:40—42). Оның үстіне, табандылығымызды көріп, адамдар Құдай жайлы шындықты білуге және “оны мадақтауға” талпынуы мүмкін (Пет. 1-х. 2:12). Егер сіз қазір қуғын-сүргін көріп жүрсеңіз, Жүсіптің жағдайын есте ұстаңыз. Ехоба оған түрмеден шыққанда ғана емес, түрмеде отырғанда да жар болып, оның барлық ісін оңғарып отырды (Мұс. 1-ж. 39:3, 23). Демек, сіз де қиындықтың соңын күтпей-ақ, Ехобаның көмегімен күнде-күнде жеңімпаз бола аласыз.
8. Соңына дейін табанды болып қалуға бізге не күш береді?
8 Қиындықтар уақытша. Әйүптің оқиғасынан білетініміздей, қиындықтар күндердің күнінде бітеді. Ехоба Әйүпті басына түскен бар қиындығынан азат етті. Кейін “ғұмырының соңғы кезеңін алдыңғысынан да көп жарылқады” (Әйүп 42:12). Ехоба біздің де ғұмырымыздың соңғы кезеңі баталарға толы болатынын уәде етеді. Ал біздің ғұмырымыздың соңғы кезеңі — мәңгілік өмір. Қазіргі қайғы-қасіретке толы өміріміз мәңгілік өмірдің қасында бір мезет қана. Бұны білгеніміз бізге соңына дейін табанды болып қалуға күш береді емес пе?! (Мат. 24:13).
ҚИЫНДЫҚҚА ДҰРЫС ҚАРАМАСАҚ, ӨЗІМІЗ ЗИЯН ШЕГІП ҚАЛАМЫЗ
9. Қиындыққа дұрыс қарамасақ, салдары қандай болуы мүмкін?
9 Қиындыққа деген көзқарасымыз дұрыс болмаса, жаңсақ ойларға беріліп қаламыз. Мысалы, басымызға түскен қиындықтарға Ехоба кінәлі деп ойлап кетуіміз мүмкін. Кезінде Әйүп басына түскен қайғы-қасіретті Ехоба жіберіп жатыр деп ойлап, “Құдайдан гөрі өзін әділ санап” кеткен (Әйүп 32:2). Нағима да өмірінде болған бақытсыздыққа Ехобаны жазғырды (Рут 1:13, 20, 21). Егер Әйүп пен Нағима бұл жаңсақ ойларынан арылмағанда, Ехобамен достығын бұзып алар еді (Нақ. с. 19:3). Бірақ Ехоба олардың дұрыс ойға келуіне көмектесіп, оларды жақсы көретінін, қамқорлайтынын көрсетті. Адал болып қалғандары үшін бұл қызметшілерін молынан жарылқады.
10. Қиналған кезімізде бізге қандай ой келуі мүмкін?
10 Кейде қиындықтарымызға Ехоба кінәлі емес екенін білсек те, “менің жағдайым оған бәрібір ме?” деген ой келуі мүмкін. Мұндай күмәнді ойлар жанды қажытып, күш-қуаттан айырады (Нақ. с. 24:10). Біз жақсы білетін Дәуіт патша мен Абақұқ пайғамбар да көп қиындық көрген. Бірде олар дұғалары Ехобаға жетіп жатқанына күмәнданып, қатты налыған (Зәб. 10:1; Абқ. 1:2). Бірақ сонда да олар дұға етуді тоқтатпады. Ехоба өзінің бұл адал қызметшілерін көмексіз қалдырған жоқ. Сізді де ол ешқашан жалғыз қалдырмайтынына сенімді болыңыз (Зәб. 10:17).
11. Қиындықтарға дұрыс қарамасақ, не болуы мүмкін?
11 Қиындықтарға деген көзқарасымыз дұрыс болмаса, Ехоба азап көруімізге ешқашан жол бермейді деген ойға беріліп кетуіміз мүмкін. Ал бұлай ойлайтын болсақ, сынақтарға тап болғанда, бұның бізбен болып жатқанына сене алмай, есеңгіреп қаламыз (Пет. 1-х. 4:12). Мысалы, Иса өзінің азапталып өлетінін айтқанда, шәкірттері бұған мүлдем сенбеді (Лұқа 18:33, 34). Петір Исаның қиналуына Құдайдың жол беруі мүмкін емес деп ойлағандықтан, Исаның өз аузымен айтып тұрған сөздеріне сенбей, қарсылық білдірді. Иса бұндай бұрыс көзқарас Ехобаның еркін орындауға кедергі болатынын жақсы білгендіктен, Петірді бірден түзетті (Мар. 8:31—33). Иса өлгеннен кейін, шәкірттері оның не үшін өлгенін әлі де түсінбеді. Бірақ Иса еш берілмеді. Ол қайта тірілген соң, шәкірттеріне өзінің не үшін азапталып өлгенін егжей-тегжейлі түсіндіріп, “Жазбалардың мәнін толығымен ашып берді” (Лұқа 24:25—27, 32, 44—48). Исаның сөздері жайлы ой жүгірткеннің арқасында шәкірттері көзқарастарын түзеп, алда күтіп тұрған сынақтарға дайын болды. Біз де кез келген сынаққа дайын жүру үшін Жазбаларда қуғын-сүргін мен сынақтар жайлы не айтылғанын зерттеп жүргеніміз абзал.
12. Жағдайға дұрыс қарамасақ, қандай зиянын көруіміз мүмкін?
12 Жағдайға дұрыс қарамасақ, өзімізге өзіміз қиындық жасап алуымыз мүмкін. Бұны Исаның жүзімдік жайлы мысалынан көрсек болады. Есімізде болса, бірінші болып жалданғандар алған ақыларына көңілдері толмай, наразы болды. Бірақ жүзімдік иесі олардың біреуіне: “Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой”,— деді (Мат. 20:10—13). Көргеніміздей, жұмысшылардың наразылығы әділетсіздік көргеннен емес, өздері көп күтіп, сол үміттері ақталмай қалғаннан болды. Бүгінде кейбір бауырластар да осындай жағдайға қалып жатады. Олар қандай да бір қызметке тағайындалмай жатса не қызметтерін тоқтатуға тура келсе, бұны әділетсіздік санап, көңілдері түсіп жатады. Осылай қате ойымыздан өзіміз зиян шегіп қалмас үшін, жағдайға дұрыс қарау маңызды. Қазір жағдайға дұрыс қарауға көмектесетін нақты қадамдарды қарастырайық.
ҚИЫНДЫҚҚА ДҰРЫС ҚАРАУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН НАҚТЫ ҚАДАМДАР
13. Басымызға қиындық түскенде, не нәрсеге бейімбіз?
13 Біз қайғы-қасірет не үшін болатынын, онымен қалай күресу керектігін Киелі кітаптан жақсы білеміз. Кейде қиындыққа кезіккен бауырластарды жұбату үшін тармақтар оқып беріп жатамыз. Бірақ өзімізге келгенде, басымызға түскен қиындыққа дұрыс қарау оңай бола бермейді. Ондайда “Қандай күнә жасап қойдым, Ехоба мені жазалап жатыр ма? Ол неге көмектеспейді, әлде дұғамды естімей жатыр ма?” деп ойлауға асығып тұрамыз. Олай болса, басымызға күн туғанда дұрыс көзқарас сақтау үшін не істеуіміз керек?
14. Басыңызға қиындық түскенде не жайлы дұға етсеңіз болады? (Філіпіліктерге 4:13)
14 Ехобаның көмегіне жүгініңіз. Басыңызға түскен жағдайдың қандай салдарын тартып жатқаныңызды, содан не күй кешіп жүргеніңізді Ехобаға ашық айтыңыз. Бұл мәселені қалай шешіп бергенін қалайтыныңызды да дұғада айтсаңыз болады. Киелі рух сұрауды да ұмытпаңыз, өйткені Ехоба киелі рухы арқылы сізге табанды болуға қажетті күш пен даналық береді. Ехобаның дұғаларыңызға беретін жауабы сіз күткеннен өзгеше болуы мүмкін екенін де ескеріңіз (Ефес. 3:20). Сондай-ақ ол періштелерді не бауырластарды жіберіп сізді қолдап, демеп отыруы мүмкін (Зәб. 34:7). Ехоба сізге қандай жолмен көмектессе де, бәрін ризашылықпен қабылдаңыз. Сенімді болыңыз, Ехоба киелі рухын жомарттықпен беретіндіктен, ешбір қиындық сізден басым түспейді (Філіпіліктерге 4:13 оқыңыз).
15. Қиындықты еңсеру үшін не істеуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)
15 Рухани істерден қол үзбеңіз. Рухани кестеңізді тура бұрынғыдай ұстана алмасаңыз да, шамаңыз жеткенше рухани істермен айналыса беріңіз. “Ауыртпалық пен қиындық көріп жүргенде” ой-санаңызды Ехоба жайлы ойларға толтыру әсіресе маңызды (Зәб. 119:143). Сондықтан Киелі кітапты күнде үзбей оқып, ой жүгіртіңіз, қолдан келгенше қызметке шығып тұрыңыз, қауымға барып, түсініктеме беруге тырысыңыз, бауырластармен араласыңыз. Ешкімді көргіңіз келмей тұрса да, жалғыз қалып қалмауға барынша күш салыңыз (Нақ. с. 18:1).
Қолыңыздан келгенше рухани істермен айналыса беріңіз (15-абзацты қараңыз)
16. Бақытсыздыққа тап болғанда қандай күмәнді ойлар келуі мүмкін және олардан арылу үшін не істесеңіз болады? (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5)
16 Күмәнді ойлардан арылыңыз. Бақытсыздыққа тап болғанда, өзіңізге не Ехобаға қатысты күмәнді ойлар келуі мүмкін. Киелі кітап мұндай ойларды бекіністермен салыстырады (Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5 оқыңыз). Бұл бекіністерді Киелі кітаптағы және әдебиеттеріміздегі “Құдай туралы білімнің” күшімен талқандауға болады. Мысалы, сіз Ехобаның ықыласына ие екеніңізге күмәнданасыз ба? Онда Пауылдың өмірін зерттеңіз. Мәсіхші болғалы оның көрмегені жоқ. Бірақ басына түскен қиындықтар оның сағын сындырмады, керісінше, Құдайдың ықыласына ие екеніне сенімін арттырды (Қор. 2-х. 11:23—27). Я болмаса Ехоба бұрын жасаған күнәларыңызды әлі кешірген жоқ деген ой келе ме? Онда Ехоба күнәларды кешіретіні анық айтылған тармақтардың тізімін жасаңыз (Ишая 43:25). Кейін сол тармақтарды оқып, ой жүгіртіңіз (Зәб. 119:97). Өзіңіз не жақыныңыз апаттан зардап шеккен болса, Құдай өз қызметшілерін қорғайды деген уәдесіне күмәндана бастадыңыз ба? Онда Құдай қайғы-қасіретке не үшін жол беретінін және қиын-қыстау уақытта ол қызметшілерін қалай рухани жағынан қорғайтынын оқып, зерттеңіз (Зәб. 91:9—12). Сондай-ақ орны толмас қайғыны еңсере білген бауырластардың өмірбаянын оқып көріңізa.
17. Қиындыққа тап болып жатсақ не істеуіміз керек?
17 Егер қазір қайғы-мұңсыз жақсы күндердің қызығын көріп жүрсеңіз, Ехобаға ризашылық білдіріңіз және Құдайдың жасап жатқан бар жақсылығы жайлы ой жүгіртіңіз (Уағ. 7:14). Ал қиындыққа тап болып, жаман күндер басыңызға түсіп жатса, қиындыққа дұрыс қарай біліңіз және Ехобаға сенім артуды доғармаңыз. Адал болып қалуыңыз үшін, ол сізге міндетті түрде қиындықтан “шығудың жолын көрсетеді” (Қор. 1-х. 10:13). Келесі мақалада қиын күндерді бастан кешіп жатқан бауырластарға қалай қол ұшын берсек болады, сол жайлы қарастырамыз.
150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік
a Мысалы, jw.org сайтынан оқыста ұлынан айырылған Дэвид Мейза бауырластың өмірбаянын (ор.) оқып көріңіз.