Қиындықтарға қарамастан Ехобаға қызмет ете алғаныма ризамын
Айтып берген: Марче де Йонг-Ван-Ден-Хёвел
ЖАСЫМ 98-де. Өмірімнің 70 жылын Ехобаға қызмет етуге арнадым. Бірақ сенімім сыналған кездер де болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагерьге қамалдым және бір кездері қатты қиналғандықтан бұрыс шешім қабылдап қойдым да, мұным үшін кейін қатты өкіндім. Содан бірнеше жыл өткен соң, қабырғамды қайыстырған бір ауыр жағдайға ұшырадым. Алайда сынақтарға кезіксем де, Ехобаға қызмет ету мәртебесіне ие бола алғаныма қуаныштымын.
Өмірім 1940 жылдың қазан айында күрт өзгерді. Мен Голландиядағы Амстердам қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 24 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан Хилверсюм қалашығында тұрдым. Ол кезде елімізді нацистер басқаратын. Йап де Йонг есімді қамқор күйеуіммен отасқаныма бес жыл болатын және екеуіміздің Вилли есімді үш жасар аяулы қызымыз бар-тын. Бізбен көршілес тұратын отбасы кедей еді және сегіз баласын зорға асырайтын. Мұнысына қарамай, бір жігітті де баспана және тамақпен қамтамасыз ететін. “Мұндай ауыртпалықты қайтеді?!”— деп таңғалатынмын. Бір жолы оларға тамақ алып келгенімде, әлгі жігіттің ізашар екенін білдім. Ол маған Құдай Патшалығы және оның әкелетін баталары туралы айтып берді. Білгендерім маған қатты әсер етіп, шындықты бірден қабылдадым. Сол жылы өзімді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттім. Бір жылдан соң, күйеуім де шындықты қабылдады.
Киелі кітапты жете түсінбесем де, Куәгер болуыммен тыйым салынған ұйымның мүшесі болғанымды жақсы түсінетінмін. Сондай-ақ көптеген Куәгерлер Патшалық туралы хабарды жариялағандары үшін түрмеге жабылғандарын білетінмін. Сонда да үйме-үй уағыздауға бірден кірісіп кеттім. Бұған қоса, ізашарлар мен аралаушы бақылаушылар үшін үйіміздің есігі әрдайым ашық еді. Амстердамнан әкелінетін әдебиеттер де біздің үйде сақталатын. Бауырластар жүк тасу үшін ыңғайланған велосипедтеріне әдебиеттерді артып, үстін кенеппен жауып тастайтын. Әдебиеттерді жеткізу үшін олар өмірлерін қатерге тігетін. Бұл нағыз сүйіспеншілік пен батылдықты талап ететін іс еді! (Жох. 1-х. 3:16).
“Анашым, тез келесің бе?”
Шомылдыру рәсімінен өткеніме алты ай болғанда, үш полиция қызметкері үйіміздің есігін қақты. Олар ішке кіріп, үйді тінткілей бастады. Әдебиеттерге толы шкафты ашпағанымен, төсектің астында тығулы жатқан кітаптарды тауып алды. Содан соң маған Хилверсюмдегі полиция бөлімшесіне бірге жүруді бұйырды. Қызыммен қоштасып, оны құшақтағанымда, Вилли: “Анашым, тез келесің бе?”— деп сұрады. “Әрине, тез қайтып келемін, жаным”,— дедім. Алайда азапты 18 айдан кейін ғана оны қайтадан құшағыма ала алдым.
Сонымен, полиция қызметкері мені тергеу үшін пойызбен Амстердамға апарды. Тергеу барысында Хилверсюмде тұратын үш бауырласты көрсетіп, оларды Ехоба куәгері ретінде танып-танымайтынымды сұрады. “Бұлардың біреуін ғана танимын. Ол бізге сүт әкеледі”,— деп жауап бердім. Айтқаным рас еді, бауырлас шынында да сүт таситын. “Ал ол Куәгер ме, жоқ па оны менен емес, өзінен сұраңыздар”,— деп қостым. Бұдан басқа ештеңе айтпаған соң, полиция қызметкері бетімнен бір ұрды. Сосын мені екі айға камераға қамап қойды. Күйеуім менің қайда екенімді білгенде, біраз киім мен тамақ алып келді. Сөйтіп, 1941 жылдың тамыз айында Берлиннен (Германия) солтүстікке қарай шамамен 80 шақырым жерде орналасқан әйелдерге арналған аты шулы Равенсбрюк концлагеріне жабылдым.
“Еңсеңді көтер, қымбатты бауырласым!”
Концлагерьге келгенімізде, сенімнен бас тарту құжатын толтырған жағдайда үйімізге қайта алатынымызды айтты. Бірақ мен оны толтырған жоқпын, әрине. Киім-кешегімді өткізіп, тыр жалаңаш жуынатын бөлмеге кіргенімде, Голландиядан келген әйел бауырластарды кездестірдім. Бізге күлгін түсті үшбұрыштың белгісі тігілген киімге қоса, тәрелке, кесе және қасық берілді. Алғашқы түні тұтқындарды уақытша ұстайтын барақта түнеп шықтық. Сол жерде, қамауға алынғаннан бері, алғаш рет қатты жыладым. “Енді менімен не болады, осы жерде қашанға дейін отырамын?”— деп еңіреп қоя бердім. Сөздің шыны керек, ол кезде Ехобамен қарым-қатынасым тығыз емес-тін, өйткені шындықты білгеніме бірнеше-ақ ай болатын. Әлі көп нәрсеге үйренуім керек еді. Келесі күні дауыстап түгендеу кезінде даттық бір бауырлас менің қайғылы күйімді байқап: “Еңсеңді көтер, қымбатты бауырласым, еңсеңді көтер! Кім бізге зияндық жасай алады?”— деді.
Дауыстап түгендеуден кейін бізді басқа бараққа апарды. Онда бізді жүздеген голландық және неміс әйел бауырластар қарсы алды. Кейбір неміс бауырластардың сол жерде тұрып жатқанына бір жылдан аса уақыт өтіпті. Олармен араласқаным мені нығайтты әрі еңсемді көтерді. Бауырластар тұрып жатқан барақтардың лагерьдегі өзге барақтарға қарағанда өте таза болғандығы маған қатты әсер етті. Бұған қоса, біздің барақтарда ұрлық, балағат сөздер және ұрыс-керіс деген атымен болмайтыны бәріне мәлім еді. Лагерьдегі жағдай өте нашар болды, ал біздің барақтар лас теңіздегі таза айлақ сияқты болған.
Лагерьдегі күнделікті өмір
Лагерьде өте көп жұмыс атқаратынбыз, ал тамақты өте аз беретін. Біз таңғы сағат бесте тұратын едік, сосын дауыстап түгендеу басталатын. Ауа райы қандай болмасын, күзетшілер бізді бір сағат бойы далада тұрғызып қоятын. Күні бойы ауыр еңбек еткен соң, түстен кейін сағат бесте, дауыстап түгендеу қайталанатын. Содан соң, азғантай сорпа мен нанды жей сала, шаршап-шалдыққан біздер ұйқыға кететінбіз.
Жексенбіден басқа күндері фермада астық оратынмын, арық қазатынмын не шошқа қораны тазалайтынмын. Бұл жұмыс ауыр және лас болса да, жас болғандықтан оны күніге істеуге күшім жететін. Жұмыс істеп жүріп Киелі кітапқа негізделген әндер айтып өз-өзімді нығайтатынмын. Алайда күйеуім мен қызымды күнде сағынатын едім.
Бізге тамақты аз берсе де, бауырластардың бәрі күнделікті алатын нанның бір үзімін сақтап қоюға тырысатын. Осылайша жексенбі күні Киелі кітап тақырыптарын талқылау үшін жиналуға мүмкіндік туғанда, жейтін бір нәрсе табылатын. Бізде әдебиеттер болмады, сөйтсе де, адал, жасы үлкен неміс бауырластардың Киелі кітапты талқылағандарын ұйып тыңдайтынмын. Тіпті Мәсіхтің өлімін Еске алу кешін де атап өте алдық.
Қиындық, өкініш және жігер
Кейде бізден нацистердің әскери әрекеттерін тікелей қолдайтын қандай да бір жұмыс атқару талап етілетін. Саяси мәселелерде бейтараптық сақтағандықтан, бауырластар бұндай жұмыстан бас тартатын. Мен де олардың қайсарлықтарына еліктейтінмін. Жаза ретінде бізге бірнеше күн бойы тамақ бермейтін және дауыстап түгендеу кезінде сағаттап тұрғызып қоятын. Бірде қыс ауасында бізді жылуы жоқ бараққа 40 күнге қамап тастады.
Бізге сенімнен бас тарту құжатын толтырсақ, босатылып, үйлерімізге орала алатынымызды қайта-қайта айтатын. Равенсбрюкте тұрғаныма бір жылдан аса уақыт өткенде, қатты қиналып кеттім. Күйеуім мен қызымды көргім келгені сонша, күзетшілерге бардым да, олардан Киелі кітап зерттеуші болудан бас тарту үшін қажетті құжатты сұрап алып, толтырдым.
Әйел бауырластар менің не істегенімді білгенде, кейбіреулері менен алшақ жүретін болды. Алайда екі қарт неміс бауырлас, есімдері Эдвига мен Гертруда, мені тауып алып, жақсы көретіндеріне сендірді. Бірге шошқа қораны тазалағанда, олар Ехобаға мінсіздік сақтаудың маңыздылығын және сенімнен еш таймау арқылы оған деген сүйіспеншілігімізді көрсете алатынымызды мейірімділікпен түсіндірді. Олардың мені өз қызындай көргендері және бауырмалдық танытқандары маған қатты әсер еттіa. Істеген ісімнің дұрыс емес екендігін білетінмін, сондықтан толтырған құжатымнан бас тартқым келді. Бір күні кешкісін бауырластардың бірімен осы шешімім жайлы бөлістім. Бұл әңгімемізді лагерьдің бір қызметшісі естіп қойса керек, өйткені сол күні күтпеген жерден мені босатып, Голландияға баратын пойызға отырғызып жіберді. Бір күзетші, оның бет-әлпеті әлі есімнен кетпейді, маған: “Сен Бибельфоршерсің (Киелі кітап зерттеуші) және әрқашан сол боласың”,— деді. “Иә, боламын, Ехоба да соны қалайды”,— деп жауап бердім. Сонда да, әлгі құжатты қалай жоққа шығарсам екен деп ойлай бердім.
Сенімнен бас тартуға арналған құжатта мынадай сөздер жазылған еді: “Мен енді ешқашан халықаралық Киелі кітап зерттеушілер ұйымының жұмысына атсалыспайтыныма кепілдік беремін”. Енді не істеуім керек екенін білдім. 1943 жылдың қаңтар айында, үйге оралғаннан кейін көп кешікпей, уағыз ісіне қайтадан атсалыса бастадым. Әрине, Құдай Патшалығы туралы уағыздап жүріп нацистердің қолына екінші рет түскен күнде, мені қатаң жазалар еді.
Әрі қарай да Ехобаның адал қызметшісі болуды шын жүректен қалайтынымды көрсету үшін күйеуім екеуміз бақылаушылардың және әдебиет таситын бауырластардың үйімізді баспана ете алуларына қам жасадық. Ехобаға және оның халқына деген сүйіспеншілігімді дәлелдеудің тағы бір мүмкіндігіне ие болғаныма қаншалықты қуанышты болдым десеңші!
Ауыр сынақ
Соғыстың аяқталуына бірнеше ай қалғанда, күйеуім екеуміз ауыр сынаққа тап болдық. 1944 жылдың қазан айында аяқ астынан қызымыз Вилли күл ауруымен (дифтерия) науқастанып қалды. Оның жағдайы күрт нашарлап, үш күннен кейін қайтыс болды. Ол небәрі жеті жаста еді.
Жалғыз қызымыздан айырылғанымыз бізді есеңгіретіп жіберді. Шын мәнінде, Равенсбрюкте көрген қиыншылықтарым бұл қайғымен салыстырғысыз еді. Алайда қиын кездерде бізге әрқашан Забур 15:8-дегі: “Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, оң жағымда маған жар боп келеді. Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде”,— деген сөздер жұбаныш беретін. Күйеуім екеуміз Ехобаның адамдарды қайта тірілтетініне нық сенетінбіз. Біз шындықты берік ұстандық және әрдайым ізгі хабарды құлшына уағыздадық. 1969 жылы күйеуім қайтыс болды. Ол өмірінің соңына дейін Ехобаға ризашылықпен қызмет етуіме көмектесті.
Баталар мен қуанышты сәттер
Соңғы бірнеше онжылдықта толық уақытты қызметшілермен тығыз араласқаным маған қуаныш әкелді. Соғыс кездері аралаушы бақылаушыларды қалай қабылдаған болсақ, кейін де оларды әйелдерімен бірге үйге қабылдайтынбыз. Аралаушы қызметтегі ерлі-зайыпты Мартэн мен Нели Каптейндер тіпті 13 жыл бойы біздің үйде тұрды. Нели жазылмас дертке ұшырағанда, ол қайтыс болғанша үш ай бойы оның қасында болып, оған қамқорлық көрсету мен үшін артықшылық болды. Олармен және қымбатты жергілікті бауырластармен араласқаным, қазір біз өмір сүріп жатқан рухани жұмақтың рақатын көруіме көмектесті.
Өмірімде есте қаларлық оқиғалардың бірі — 1995 жылы Равенсбрюкте өткен репрессия құрбандарын еске алу күніне шақырылғаным. Сол жерде лагерьде бірге болған әйел бауырластарды кездестірдім. Оларды көрмегеніме 50 жылдан асқан еді. Бір-бірімізді әрі қарай да сүйікті жақындарымыздың қайта тірілетін күнді күтуге жігерлендіруге мүмкіндігіміз болды. Бұл кездесу маған қатты әсер етті. Осы сәттер жадымда мәңгіге сақталады.
Елші Пауыл Римдіктерге 15:4-те былай деген: “Табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз”. Қиындықтарға қарамастан ризашылықпен қызмет ете беруге көмектескен үміт сыйлағаны үшін Ехобаға дән ризамын!
[Сілтеме]
a Сол кезде бас басқармамен байланыс болмағандықтан, бауырластар бейтараптыққа қатысты сұрақтарды шамалары келгенше өздері шешетін. Сол себептен лагерьдегі бауырластардың Марчеге деген көзқарастары әртүрлі болған.
[10-беттегі сурет]
Йаппен бірге. 1930 жыл
[10-беттегі сурет]
Қызымыз Вилли. 7 жаста
[12-беттегі сурет]
1995 жыл. Маған қатты әсер еткен кездесуде. Бірінші қатарда, сол жақтағы екінші орында отырмын