Ехобаның маған жасаған жақсылықтарын немен өтеймін?
АЙТЫП БЕРГЕН: РУТ ДАНЕ
Анам жиі 1933 жылдың “сұмдық” жыл болғанын айтып, қалжыңдайтын. Сол жылы Гитлер билікке келді, Рим папасы оны киелі жыл деп жариялады және мен дүниеге келдім.
АТА-АНАМ Францияның Германия шегарасына жақын орналасқан Лотарингия өлкесіндегі Ютц қаласында тұратын. 1921 жылы католик дінін берік ұстанатын анам протестант дініндегі әкеме тұрмысқа шықты. Менің әпкем Хелен 1922 жылы дүниеге келді. Ол сәби кезінде католик шіркеуінде шомылдыру рәсімінен өткізілді.
1925 жылдың бір күнінде әкемнің қолына неміс тіліндегі “Құдайдың арфасы” кітабы тиді. Кітапты оқып шығып, шындықты тапқанына көзі жеткен ол баспаға хат жазды. Баспагерлер әкемнің Бибельфоршерлермен (ол кезде Германияда Ехоба куәгерлері осылай аталған) кездесуі үшін қам жасады. Әкем білгендерін бірден өзгелерге айта бастады. Бұл анама ұнамады. Ол жиі неміс тілінде: “Не істеп, не қоям десең де өзің біл, тек Бибельфоршерлермен араласушы болма!”— дейтін. Алайда ол әкемді тоқтата алмады. 1927 жылы әкем шомылдыру рәсімінен өтті.
Осыдан кейін нағашы әжем анамды ажырасуға итермелей бастады. Бірде Месса рәсімі кезінде діни қызметкер шіркеуге келушілерді: “Жалған пайғамбар Данеден аулақ жүріңдер”,— деп ескертті. Мұны естіген әжем үйге келді де, жоғарғы қабатта тұрып, әкеме қарай ауыр құмыраны лақтырып жіберді. Құмыра әкемнің иығына келіп тиді, сәл болмағанда басын жаратын еді. Осы оқиғадан кейін анам: “Адам өлтіруге итермелейтін дін жақсы болуы мүмкін емес”,— деген тоқтамға келді. Содан ол Ехоба куәгерлерінің әдебиеттерін оқи бастады. Көп ұзамай шындықты тапқанына көзі жетіп, 1929 жылы шомылдыру рәсімінен өтті.
Әпкем екеуміз Ехобаны тірі тұлға ретінде тануымыз үшін ата-анамыз қолдан келгеннің бәрін жасады. Олар бізге Киелі кітаптағы оқиғаларды оқып беретін, содан кейін ондағы кейіпкерлердің қандай да бір жолмен әрекет етуіне не себеп болғанын талқылайтынбыз. Сол кездері әкем жалақысының айтарлықтай азаятынына қарамастан, кешкі не түнгі ауысымда жұмыс істеуден бас тартып жүрді. Ол мәсіхшілердің кездесулеріне, уағыз қызметіне және балаларымен зерттеуге көбірек уақыт бөлгісі келді.
Қиын күндер басталды
Ата-анам Швейцария мен Франциядан келген аралаушы бақылаушылар мен бетелдіктерді үнемі қонаққа шақырып тұратын. Олар Германияда, біздің үйден бірнеше ғана шақырым қашықтықта тұратын бауырластардың қандай қиындықтарға кезігіп жүргенін айтып беретін. Ол жерде нацистік үкімет Ехоба куәгерлерінің балаларын алып қойып, өздерін концлагерьлерге жауып жатқан екен.
Хелен екеуімізді ата-анам алдағы қиындықтарға дайындады. Олар бізге басшылық болатын Киелі кітап тармақтарын жаттауға көмектесті. Олар былай дейтін: “Не істеу керектігін білмесеңдер, Нақыл сөздер 3:5, 6-дағы кеңесті қолданыңдар. Мектепте ауыр сынақтарға кезігіп жатсаңдар, Қорынттықтарға 1-хат 10:13-тегі сөздерді еске алыңдар. Егер бізден бөлініп қалсаңдар, Нақыл сөздер 18:10-ды қайталап айтыңдар”. Мен 22-ші және 90-шы Забур жырларын жаттап алдым, осылайша Ехобаның мені әрқашан қорғайтынына деген сенімділігім артты.
1940 жылы нацистік Германия Эльзас-Лотарингияны басып алды да, ондағы барлық ересек адамдардың нацистер партиясына кіруін талап етті. Әкем бұдан бас тартқандықтан, гестапо оны тұтқынға алатынын айтып, қорқытумен болды. Анам әскери киім тігуден бас тартқанда, гестапо оны да қорқыта бастады.
Мектепте оқу мен үшін нағыз азапқа айналды. Күн сайын сабақтың алдында оқушылар Гитлер үшін дұға етіп, оң қолдарын созып “Хайль Гитлер!” деп дауыстайтын, сосын, ұлттық әнұран айтатын. Ата-анам маған Гитлерді дәріптеудің дұрыс еместігін айтудың орнына дұрыс пен бұрысты ажырата білуді үйрететін. Осының арқасында мен нацистік режимді дәріптемеуді шештім. Мұғалімдер мені шапалақпен тартып жіберетін де, мектептен қуатындарын айтып қорқытатын. Бірде, жеті жасымда, маған мектептегі барлық 12 мұғалімнің алдында тұрып жауап беруге тура келді. Олар менің Гитлерді дәріптегенімді қалап, қысым жасады. Алайда мен Ехобаның арқасында сеніміме берік болып қалдым.
Бір мұғалім мені жібіткісі келіп, жылы сөйлей бастады. Ол менің жақсы оқушы екенімді, мені өте жақсы көретінін және мектептен қуылғанымды қаламайтынын айтты. Ол: “Қолыңды созбай, сәл ғана көтерсең болды. “Хайль Гитлер!” деп те айтпай-ақ қой, жай ғана ерніңді жыбырлата сал”,— деді.
Мен бұл жайлы анама айтқанымда, ол Бабыл патшасы орнатқан мүсіннің алдында тұрған үш жас еврей жігіті туралы Киелі кітаптағы оқиғаны есіме салды. “Олардан не талап етілді?”— деді анам. Мен: “Мүсінге бас ию”,— деп жауап бердім. Сонда анам: “Сол кезде олар иіліп, аяқ-киімдерінің бауын байласа, бұл дұрыс болар ма еді? Өзің шеш; нені дұрыс деп тапсаң, соны істе”,— деді. Шидрақ, Мишақ, Абденаго сияқты мен де Ехобаға адал болып қалуды шештім (Дан. 3:1, 13—18).
Мұғалімдер бірнеше рет мені мектептен қуып жіберді және ата-анамнан ажырататынын айтып қорқытты. Мен қатты уайымдадым, бірақ ата-анам мені үнемі жігерлендіріп отырды. Мектепке кетерімде анам Ехобаға дұға айтып, мені қорғап жүруін өтінетін. Мен Ехобаның шындық үшін берік тұруыма көмектесетініне сенімді болдым (Қор. 2-х. 4:7). Әкем маған мектепте тым қатты қысымшылық көрген жағдайда, үйге кетіп қалуыма болатынын айтты. Ол: “Біз сені жақсы көреміз. Сен біздің қызымыз болып қала бересің. Ең маңыздысы Ехобамен қарым-қатынасың екенін ұмытпа”,— деді. Сол сөздер адалдығымды сақтауға деген шешімімді нығайтты (Әйүп 27:5).
Гестапо жиі біздің үйге келіп, Куәгерлердің әдебиеттерін іздейтін және ата-анамды тергейтін. Олар әкем мен әпкемді жұмыс орнынан алып кететін және анамды да сағаттап тергейтін. Мектептен келгенде анамның үйде болатын-болмайтынын білмейтінмін. Кейде көршіміз: “Олар анаңды алып кетті”,— дейтін. Сонда мен үйде тығылып отырып: “Олар анамды азаптап жатыр ма екен? Оны енді қайтып көремін бе?”— деп уайымдайтынмын.
Жер аудару
1943 жылдың 28 қаңтарында гестапоның адамдары бізді таңғы сағат үш жарымда тұрғызып алды. Олар отбасымызбен нацистердің партиясына өтетін болсақ, бізді жер аудармайтындарын айтты. Бізге жиналуға үш сағат уақыт берілді. Анам осылай болуы мүмкін екенін білгендіктен, сөмкелерімізге ауыстыратын киім мен Киелі кітабымызды салып, алдын ала дайындап қойған болатын. Осының арқасында біз бар уақытымызды дұға айтып, бір-бірімізді нығайтуға жұмсадық. Әкем ‘ешбір нәрсенің бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайтынын’ есімізге салды (Рим. 8:35—39).
Гестапоның адамдары бізді алып кетіп бара жатқанда Англад есімді егде бауырластың жыламсырап тұрып қол бұлғағаны әлі есімнен кетпейді. Олар бізді Мец қаласындағы станцияға алып келді. Пойызбен үш күн жүріп, Польшаның Освенцим қаласындағы Коковетце лагеріне келіп жеттік. Екі айдан соң, бұрын монастырь болған Гливице еңбек лагеріне ауыстырылдық. Нацистер сенімнен бас тартатынымыз жөніндегі құжатқа қол қойсақ, бізді босатып, дүние-мүлкімізді қайтарып беретінін айтты. Ата-анам бұдан бас тартты. Сонда олар: “Үйлеріңе ешқашан қайта оралмайсыңдар!”— деді.
Маусым айында бізді Свиточловиц колониясына ауыстырды. Сол жерде менің басым жиі ауыра бастады. Бұл мені әлі күнге дейін мазалайды. Оның үстіне, саусақтарымда инфекция пайда болып, дәрігер ауыртпайтын дәрі салмастан, біраз тырнақтарымды алып тастады. Сол кездегі жалғыз жағымды жайт, күзетшілердің қол баласы болғаным еді. Олар мені жиі наубайханаға жіберетін. Сонда жұмыс істейтін әйел маған азын-аулақ тамақ беретін.
Біз отбасымызбен бірге өзге тұтқындардан бөлек тұрып келген едік. Алайда 1943 жылдың қазан айында бізді Забковице қаласындағы лагерьге жіберді. Ол жерде ері, әйелі және балалары аралас 60 адаммен бірге бір бөлмеде екі қабатты нарларда ұйықтайтынбыз. СС солдаттары бізге бүлініп қалған, жеуге жарамсыз тамақ беретін.
Көп қиындық көрсек те, біз үмітімізді еш үзбедік. Бұрынырақта “Күзет мұнарасынан” соғыстан кейін кең көлемде уағыз ісі жүретіні жайында оқыған болатынбыз. Сондықтан неге азап шегіп жатқанымызды және жақында қиындықтардан құтылатынымызды білетінбіз.
Одақтастар әскерінің жақындап қалғаны жайлы хабарлар естіп, нацистердің жеңіліске ұшырап жатқандарын түсіндік. 1945 жылдың басында СС әскерлері лагерьді тастап қашуды шешті. Содан 19 ақпанда төрт аптаға созылған сапарымыз басталды. Бізді 240 шақырым жердегі Штинфелс (Германия) қаласына дейін жаяу айдап апарды да, сол жердегі кен орнына қамады. Көбіміз бізді өлтіреді деп ойладық. Алайда сол күні одақтастар келіп жетті де, СС әскерлері қашып кетті. Сөйтіп бар азабымыз бітті.
Мақсаттарыма қол жеткізу
Біз екі жарым жылдан кейін 1945 жылдың 5 мамырында Ютц қаласындағы үйімізге оралдық. Ақпан айынан бері киім ауыстырмағандықтан үсті-басымыз кір және бит басып кеткен болатын. Сол себепті киімдерімізді өртеп жіберуді шештік. Сонда анам былай деген еді: “Бұл өміріміздегі ең керемет күн болсын. Біздің ештеңеміз жоқ, тіпті үстіміздегі киіміміз де өзіміздікі емес. Бірақ төртеуіміз де адалдығымызды сақтап қалдық. Біз еш берілген жоқпыз”.
Үш ай Швейцарияда емделген соң, оқуды қайта жалғастырдым. Бұл жолы мені мектептен шығарып жібереді деп қорықпадым. Сондай-ақ біз бауырластармен кездесіп, ашық уағыздай алатын болдық. Мен осыдан біраз жыл бұрын Ехобаға бағышталған едім. Ал 1947 жылдың 28 тамызында, 13 жасымда, әкем мені Мозелле өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді. Мен бірден ізашарлық қызметті бастағым келді, бірақ әкем алдымен қандай да бір істі меңгеріп алғанымды қалады. Сондықтан мен тігіншілікке үйрендім. 1951 жылы 17 жасымда жақын маңдағы Тионвиль деген жерде ізашар болып қызмет етуге тағайындалдым.
Сол жылы мен Парижде өткен конгреске қатысып, миссионерлік қызметке өтініш жаздым. Менің жасым әлі жетпеген еді, бірақ Нейтан Норр бауырлас өтініш қағазымды “кейінге” сақтап қоятынын айтты. 1952 жылдың маусым айында Саут-Лансингтегі (АҚШ, Нью-Йорк) Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінің 21-сыныбына шақырылдым.
Ғалақад мектебінде және одан кейін
Басқалардың алдында ана тілімде сөйлеудің өзі маған оңай болмайтын. Ал енді ағылшын тілінде сөйлеуім керек еді. Бақытыма қарай, оқытушылар маған мейірімділікпен қолдау көрсетті. Ұялған кездері жымиып күлетініме қарап, бір бауырлас маған ат қойып алды.
1953 жылдың 19 шілдесінде Янки стадионында мектеп түлектерін шығарып салу бағдарламасы болды. Мені Ида Кандуссомен (кейіннен Сеньобос) бірге Парижде қызмет етуге тағайындады. Бақуат тұратын Париж тұрғындарына уағыздау қорқынышты еді, бірақ мен бірнеше кішіпейіл адамды кездестіріп, Киелі кітапты зерттедім. Ида тұрмысқа шығып, 1956 жылы Африкаға кетіп қалды, ал мен Парижде қалдым.
1960 жылы мен бетелдік бауырласқа тұрмысқа шықтым. Біз Шомон мен Вишиде арнайы ізашар ретінде қызмет еттік. Бес жылдан кейін мен туберкулез ауруына шалдықтым да, қызметімді тоқтатуыма тура келді. Бұл маған өте ауыр тиді, өйткені толық уақытты қызмет менің бала кезімнен бергі арманым еді. Кейінірек күйеуім мені тастап, басқа әйелге кетіп қалды. Сол бір қиын жылдары Ехоба мені еш қалдырмады, бауырластардың да көмегі зор болды (Заб. 67:20).
Қазір мен Франциядағы филиалға жақын маңда орналасқан Лувье (Нормандия) деген жерде тұрамын. Менің денсаулығым нашар, бірақ Ехобаның қолдау көрсетіп жүргені мені қуанышқа бөлейді. Бала күнімде алған тәрбием маған бүгінде де дұрыс көзқарас сақтауға көмектесуде. Ата-анам Ехобаға тірі тұлға ретінде қарауды үйретті. Мен оны жақсы көре алатыныма, онымен сөйлесе алатыныма және оның дұғаларыма жауап беретініне сенімдімін. Ехобаның ‘маған жасаған жақсылықтарын немен өтей’ алар едім? (Заб. 115:3).
[5-беттегі сөздер]
Алты жасымда противогаз асынып тұрмын
[5-беттегі сурет]
Он алты жасымда миссионерлермен және ізашарлармен Люксембургтегі арнайы науқан кезінде
[5-беттегі сурет]
Ата-анаммен бірге 1953 жылғы конгресте
[6-беттегі сурет]
“Ехобаның қолдау көрсетіп жүргені мені қуанышқа бөлейді”