Жаратушыны дәріптейтін Энгадин аңғары
СЭН-МОРИС деген жерді білесің бе? Бәлкім, білетін де шығарсың, өйткені ол Швейцарияның Энгадин аңғарында орналасқан дүниежүзіне танымал демалыс орны болып табылады. Алайда Швейцарияның оңтүстік-шығысында Италиямен шекаралас жатқан, төбесін қар басқан Альпі тауларының арасындағы табиғаты көркем аңғарды ғасырлар бойы адамдарға тартымды етіп келген осы Сэн-Морис ғана емес. Сонымен қатар онда ұлы Жаратушымыз Ехобаны дәріптейтін табиғаты әсем және сан алуан жануарлар мен өсімдіктерге бай Швейцария Ұлттық саябағы орналасқан (Заб. 148:7—10). Бұған қоса, ондағы XVII ғасырдың ортасындағы мәдениеттен қалған естеліктер де Құдайды дәріптейді.
Бұл аңғарда орналасқан көптеген үйлердің көзге түсетін бір ерекшелігі бар. Кейбір үйлердің сыртында, мысалы сыртқы есіктің үстінде, Құдайдың есімі жазылғанын байқауға болады. Өткен ғасырларда үйдің сыртын бояумен жазылған, сылақтың үстінен ойылған немесе тас тақтайшаның үстіне қашалған жазулармен сәндеу кең таралған еді. Төменде Бевер деп аталатын ауылдағы бір үйдің суреті көрсетілген. Бұл жазудың аудармасы мынадай: “1715 жыл. Ехоба — әрбір істің басы және Ехоба — әрбір істің аяғы. Барлық іс Құдайдың арқасында атқарылады, ал онсыз еш нәрсе жүзеге аспайды”. Иә, осы көне жазуда Құдайдың есімі екі рет қолданылған.
Мадулайн ауылында бұдан да көне жазу бар. Онда былай делінген: “126-забур жыры. Егер Ехоба үйдің құрылысын жарылқамаса, құрылысшылардың еңбегі түгелдей зая. Лукиус Румедиус. 1654 жыл”.
Неліктен осы аңғардың тұрғындары Құдайдың есімін үйлерінің сыртына жазған? Реформация кезінде Энгадин аңғарының тұрғындары сөйлейтін латын тілінен шыққан ретороман тілінде Киелі кітап басылған еді. Негізінде, бұл сол тілге аударылған алғашқы кітап болды. Құдай Сөзінен оқығандары жергілікті адамдарға әсер еткені сонша, олар үйлерінің сыртына тек өз есімдерін ғана емес, Құдайдың есімі кездесетін жазба орындарын да жазып қойған болатын.
Иә, алғаш жазылған кезден күні бүгінге дейін бұл жазулар Ехобаның есімін паш етіп, оны дәріптеуде. Сол жердің қонақтары мен тұрғындары Құдай есімі жазылған тағы бір ғимаратқа — Бевердегі Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайына — келіп, керемет Құдай Ехоба туралы көбірек білуге шақырылады.
[7-беттегі түпдерек]
© Stähli Rolf A/age fotostock