Ехоба — әлемнің Әміршісі
“Паналаймын Әлемнің Әміршісі Ехоба Құдайымды” (ЗАБ. 73:28 ЖД).
1. Қорынттықтарға 1-хат 7:31-дегі Пауылдың сөздері қандай жағдайға меңзейді?
“ОСЫ дүниенің көрінісі өзгеруде”,— деп жазды елші Пауыл (Қор. 1-х. 7:31 ЖД). Ол дүниені сахнаға, ал ондағы жағдайды жақсы не жаман кейіпкерлердің рөлдерін сомдап жатқан актерлардың көрінісіне теңеген. Бұл көрініс жақында өзгереді.
2, 3. а) Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қарсылық көрсетілген жағдайды немен салыстыруға болады? ә) Осыған қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?
2 Бүгінгі сахнадағы көрініс аса маңызды, әрі оған сен де қатысудасың. Маңызды болуының себебі — ондағы жағдай Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуына қатысты. Бұл көріністегі жағдайды қандай да бір мемлекетте орын алуы мүмкін оқиғамен салыстыруға болады. Сол мемлекетте тәртіп сақтау үшін заңды түрде орнатылған үкімет бар. Сондай-ақ тонаумен, зорлық-зомбылық және кісі өлтірумен айналысатын қылмыстық топ та бар. Бұл заңсыз топ мемлекеттің жоғарғы билігіне қарсы шығып, мұнысымен мемлекет азаматтарының билікке деген адалдығын сынға салуда.
3 Бүкіл ғаламда осыған ұқсас жағдай орын алуда. Мұнда да “Әлемнің Әміршісі Ехоба” (ЖД) орнатқан заңды үкімет бар (Заб. 71:5). Бірақ адамзатқа қауіп төндіріп тұрған қылмыстық топ та бар, оның жетекшісі — Шайтан (Жох. 1-х. 5:19). Бұл топ Құдайдың заңды үкіметіне қарсы шығып, мұнысымен адамзаттың жоғарғы билікке деген адалдығын сынға салып отыр. Мұндай жағдайдың орын алуына не себеп болды? Неліктен Құдай бұған жол берді? Әрқайсымыз өз тарапымыздан не істей аламыз?
Көріністің ерекшеліктері
4. Дүниежүзілік сахнада бір-бірімен байланысты қандай екі даулы мәселенің төңірегінде оқиға өрбіп жатыр?
4 Оқиға бүкіл дүниенің сахнасында бір-бірімен байланысты екі даулы мәселенің төңірегінде өрбіп жатыр. Бұл даулы мәселе Ехобаның бүкіләлемдік билігі мен адамдардың адалдығына қатысты. Жазбаларда жиі Ехобаны “Әлемнің Әміршісі” деп атайды. Мысалы, забур жыршысы өзінің Құдайға толық сенім артатынын білдіріп: “Паналаймын Әлемнің Әміршісі Ехоба Құдайымды”,— деген (Заб. 73:28 ЖД). Ехобаны ең жоғарғы биліктің Иесі деп қарастыруға келелі себептер бар (Дан. 7:22).
5. Неліктен Ехобаның жоғарғы дәрежесін қолдауға талпынамыз?
5 Жаратушы болғандықтан, Ехоба Құдай — Жердің Иесі және бүкіл әлемнің Әміршісі (Аян 4:11 оқы). Сондай-ақ ол — біздің әділ Қазымыз, Заң шығарушымыз және Патшамыз (Ишая 33:22). Құдайдың арқасында жарық дүниені көріп отырмыз және оған тәуелдіміз, сондықтан оған Әлемнің Әміршісі ретінде қарауымыз керек. “Жаратқан көкте орнатты өз тағын, Оның Патшалығы билейді барлығын”,— деген сөздерді әрқашан есте ұстасақ, Ехобаның жоғарғы дәрежесін қолдауға талпынамыз (Заб. 102:19; Ел. іс. 4:24).
6. Мінсіздік деген не?
6 Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдау үшін, оның алдында мінсіздік сақтауымыз керек. Киелі кітаптағы “мінсіздік” деген сөз моральдық жағынан салауатты әрі бүтін болуды білдіреді. Мінсіз деп кінәратсыз, адал да шыншыл адамды айтады. Осындай адамдардың бірі әулет басы Әйүп еді (Әйүп 1:1).
Көріністің басталуы
7, 8. Шайтан Ехобаның бүкіл әлемді билеуге құқылы екенін қалай дауға салды?
7 Шамамен 6 000 жыл бұрын бір рухани жаратылыс Ехобаның бүкіл әлемді билеуге құқылы екенін дауға салды. Бұл бүлікшінің әрекеті мен сөзінің астарында өзімшілдік жатқан еді. Ол жаратылыстардың өзіне ғибадат еткенін қалады. Сондықтан алғашқы адам жұбы Адам ата мен Хауа ананы ол Құдайдың бүкіләлемдік билігіне сатқындық жасауға итермеледі және жалған сөйледі деген айыппен Ехобаның есіміне кір келтіруге тырысты (Жаратылыс 3:1—5 оқы). Осылайша бүлікші Қас жауға, Шайтанға (Қарсылас), Ібіліске (Жалақор), жыланға (өтірікші), айдаһарға (жалмаушы) айналды (Аян 12:9).
8 Шайтан өзін Құдайға қарсы билеуші ретінде көрсетті. Бұл қарсыласына Әлемнің Әміршісі Ехоба не істесе болар еді? Бүлікшілерді — Шайтанды, Адам мен Хауаны — бірден жоюына болар еді. Бұған, әрине, Құдайдың күші жетіп, мұнысымен ең құдіретті күштің иесі өзі екенін көрсете алатын еді. Сондай-ақ заң бұзушының жазаға кесілетіні жайлы айтқан сөзінің шындық екенін де дәлелдер еді. Бірақ Құдай бұлай әрекет етпеді. Неге?
9. Шайтан не нәрсеге күмән келтірді?
9 Шайтан өтірік айту арқылы Адам мен Хауаны Ехобадан аластатып, осылайша Құдайдың адамзаттан мойынсұнушылық талап етуіне құқылы екенін дауға салды. Бұл аздай, ол алғашқы адам жұбын Құдайға мойынсұнбауға итермелеуімен бүкіл саналы жаратылыстардың адалдығына күмән келтірді. Ехобаның бүкіләлемдік билігіне адал болған Әйүптің оқиғасынан Шайтанның бүкіл адамзатты Құдай жолынан тайдыра аламын деп жар салғаны көрінеді (Әйүп 2:1—5).
10. Құдай бүкіләлемдік билікке құқылы екенін неге бірден дәлелдемеді?
10 Ехоба бүкіләлемдік билікке құқылы екенін бірден дәлелдемей, Шайтанға өз сөзін растауға уақыт берді. Сондықтан адамдар да бүкіләлемдік билікке адал екендерін көрсету мүмкіндігіне ие болды. Ғасырлар өте келе қандай жағдай орын алды? Шайтан күші зор қылмыстық ұйым құрды. Бұл ұйымды да, Шайтанды да Ехоба бәрібір жояды, осылайша бүкіл әлемге билік етуге құқылы екенін қажеттісінен асырып дәлелдейді. Ақыр соңында бұл оқиғаның жақсылықпен бітетінін білгендіктен, Ехоба Едемде бүлік шыққанда-ақ мұны алдын ала пайғамбарлық етіп айтқан еді (Жар. 3:15).
11. Ехобаның бүкіләлемдік билігін құрметтеген көп адам не істеді?
11 Ехобаның бүкіләлемдік билігін құрметтеп әрі оның есімін қастерлеп, сенімдерін білдірген және мінсіздік сақтаған адамдар көп. Олардың ішінде Әбіл, Енох, Нұх, Ыбырайым, Сара, Мұса, Рут, Дәуіт, Иса, оның алғашқы шәкірттері және бүгіндегі миллиондаған адал қызметшілер бар. Құдайдың бүкіләлемдік билігін қолдаған бұл адамдар Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеуде. Сондай-ақ Ібілістің адамзатты Құдайдан аластатамын деп бөсуімен қараламақ болған Ехобаның есімін ақтауда (Нақ. с. 27:11).
Көріністің немен бітері белгілі
12. Құдайдың зұлымдыққа мәңгі төзбейтініне неліктен сенімдіміз?
12 Жақында Ехоба өзінің бүкіләлемдік билікке құқылы екенін дәлелдейтініне сенімдіміз. Өйткені ол зұлымдыққа мәңгілік төзбейді, әрі біз соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды білеміз. Кезінде Ехоба зұлым адамдарды жою үшін Топан су жіберген. Сондай-ақ ол Содом мен Ғомораны, перғауын мен оның әскерін жойған. Сисара мен оның сарбаздары, Сеннахирим мен ассирия жауынгерлері де Ең жоғарғының күшіне қарсы тұра алмаған (Жар. 7:1, 23; 19:24, 25; Мыс. ш. 14:30, 31; Би. 4:15, 16; Пат. 4-ж. 19:35, 36). Олай болса, Ехоба Құдай зұлым адамдардың өз есімін қаралауына және Куәгерлеріне жәбір көрсетуіне мәңгі шыдап отыра бермейтініне сенімдіміз. Оның үстіне, Исаның арамызда билік етіп жатқанының және зұлым дүниенің жойылуы жақын екенінің белгісін көріп жүрміз (Мат. 24:3).
13. Ехобаның жауларымен жойылып кетпес үшін не істеуіміз керек?
13 Ехоба Құдайдың жауларымен бірге құрып кетпес үшін, біз оның бүкіләлемдік билігіне адал екенімізді дәлелдеуіміз керек. Мұны қалай істей аламыз? Қылмыскер Шайтанның билігіне мойынсұнбау және оның нөкерлерінің қоқан-лоқысына берілмеу арқылы (Ишая 52:11; Жох. 17:16; Ел. іс. 5:29). Сонда ғана біз көктегі Әкеміздің бүкіләлемдік билігін қолдай аламыз, әрі ол өз есімін қасиетті еткенде және Әлемнің Әміршісі екенін көрсеткенде, аман қалуға үмітіміз болады.
14. Киелі кітаптың түрлі бөліктері қандай шындықтарды ашады?
14 Адамзатқа және Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қатысты жайттар түгелімен Киелі кітапта жазылған. Оның алғашқы үш тарауынан жаратылыс ісі мен адамның қалай күнәға батқанын, ал соңғы үш тарауынан адамзаттың өмірі қалай қалпына келтірілетінін оқимыз. Солардың арасындағы тарауларда Әлемнің Әміршісі Ехобаның адамзатқа, жерге және бүкіл ғаламға қатысты өз ниетін орындау үшін қандай қадамдар жасағаны жазылған. Жаратылыс кітабында Шайтан мен зұлымдықтың дүниеге қалай енгені баяндалса, Аян кітабының соңында қалай зұлымдық тоқтатылып, Ібілістің жойылатыны және Құдайдың еркі көкте орнағандай, жерде де орнайтыны түсіндіріледі. Киелі кітаптан күнә мен өлімнің қайдан шыққанын және қалай біржолата жоқ болатынын білеміз. Сол кезде жердегі көрініс өзгеріп, мінсіздік сақтағандар шексіз қуанышқа кенеледі және мәңгілік өмірге ие болады.
15. Сахнадағы көріністің аяқталғаны бізге пайдалы болу үшін не істеуіміз керек?
15 Жақында осы дүниенің сахнасындағы көрініс түбегейлі өзгереді. Бүкіләлемдік билікке қатысты ғасырлар бойы жалғасып келген даулы мәселе шешіліп, шымылдық жабылады. Шайтан сахнадан қуылып, ақыр соңында біржолата жойылады, ал Құдайдың еркі үстемдік құрады. Бірақ осы оқиғалардың пайдасын көру үшін, әрі Құдай Сөзінде жазылған баталарға ие болу үшін, біз қазір Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауымыз керек. Бұл мәселеде бейтарап бола алмаймыз. “Ием маған жар” дей алу үшін, Құдайдың жағына шығуымыз қажет (Заб. 117:6, 7).
Біз мінсіздік сақтай аламыз!
16. Адам Құдай алдында мінсіздік сақтай алатынына неліктен сенімді бола аламыз?
16 Біз Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдап, мінсіздік сақтай аламыз. Өйткені елші Пауыл былай деген: “Сендер әлі күнге дейін қатты сыналған жоқсыңдар, еліктірген жағдайлар әдетте адамдардың бастарына түсіп жүргендегідей ғана болып келді. Ал Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді” (Қор. 1-х. 10:13). Бізді күнәға не еліктіруі мүмкін және Құдай одан құтылып шығудың лайықты жолымен қалай қамтамасыз етеді?
17—19. а) Исраилдіктер шөл далада қандай сынаққа беріліп қалды? ә) Ехобаның алдында мінсіздік сақтай алатынымызға неліктен сенімдіміз?
17 Исраилдіктердің шөл далада бастан кешкен оқиғасынан көрінетіндей, кезігетін жағдайлар бізді күнәға “еліктіріп”, Құдай заңын бұзуға итермелеуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 10:6—10 оқы). Ехоба керемет түрде бір ай бойы бөдененің етімен қамтамасыз еткендіктен, исраилдіктер күнәға елікпей, мінсіздік сақтай алар еді. Халық біраз уақыттан бері ет жемесе де, аш емес болатын, өйткені Құдай оларға көктен манна беріп отырған. Бірақ олар “жамандыққа құмар” болды. Сондықтан бөдененің етін жинағанда, ашкөздік танытып, күнә жасады (Ру. сан. 11:19, 20, 31—35).
18 Бұдан бұрынырақ, Құдай Синай тауында Мұсаға Заң беріп жатқанда, исраилдіктер бұқаның мүсінін жасап, оған табынған, әрі тәндік құмарлықтарға берілген еді. Бас-көз болатын Мұса қастарында жоқ болғандықтан, олар өз қалауларына ерік берді (Мыс. ш. 32:1, 6). Уәде етілген жердің табалдырығында тұрған исраилдіктер моабтың әйелдерін құмартқандықтан, азғындық жасайды. Сол жолы күнәлары үшін мыңдаған исраилдікті өлім құшты (Ру. сан. 25:1, 9). Бұған қоса, бұл халық күңкілдейтін болған. Бірде олар Мұсаға наразылық білдіреміз деп, Құдайдың өзіне қарсы сөйледі (Ру. сан. 21:5). Тіпті Қорах, Датан, Абирам мен оның жақтастары әділетсіз жазаланды деп те күңкілдеген. Нәтижесінде Құдай жіберген қырғыннан 14 700 исраилдік қаза тапты (Ру. сан. 16:41, 49).
19 Аталмыш сынақтардың ешқайсысы исраилдіктер төтеп бере алмайтындай қиын емес еді. Олардың күнәға елігіп қалуларына сенімдерінің жоғалғаны, сондай-ақ Ехобаны, оның қамқорлығын және әділ жолдарын ұмытқандары себеп болды. Исраилдіктердің кезіккені әдетте адамдардың бастарына түсіп жүрген сынақтар ғана болатын. Осындай сынақтарға біз қарсы тұруға күш салсақ әрі Құдайдың қорғайтынына сенім артсақ, мінсіздік сақтай алатынымыз сөзсіз. Себебі “Құдай уәдесіне берік” және “төзімімізден артық сыналуға жол бермейді”. Ол жағдайымыздың еркін орындай алмайтындай ушығып кетуіне жол бермейді (Заб. 93:14).
20, 21. Сынақ кезінде Құдай бізді “құтылудың лайықты жолымен” қалай қамтамасыз етеді?
20 Сынақтарға төтеп беру үшін Ехоба бізді нығайту арқылы “құтылудың лайықты жолымен” қамтамасыз етеді. Мысалы, қудалаушылар сенімімізден бас тартқызу мақсатымен бізді ұрып-соғуы мүмкін. Сондай кезде азаптан, тіпті өлімнен құтылу үшін олардың дегеніне көне салғымыз келер. Алайда Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 10:13-тегі сөздерінен сынаққа айналған кез келген жағдайдың уақытша екенін білеміз. Ехоба жағдайымыздың қиындап, адалдық сақтай алмайтындай деңгейге жетуіне жол бермейді. Ол сенімімізді нығайтып, оның алдында мінсіз бола алатындай рухани жағынан күш береді.
21 Ехоба бізге киелі рухымен қолдау көрсетеді. Бұл рух сондай-ақ бізге сынақтарға төтеп беруге көмектесетін Киелі кітаптағы ойларды есімізге салады (Жох. 14:26). Нәтижесінде біз алданып, теріс жолға түсіп кетпейміз. Мысалы, Ехобаның бүкіләлемдік билігі мен адамзаттың мінсіздігіне қатысты екі даудың бір-бірімен байланысты екенін түсінеміз. Осыны түсінген көп қызметші Құдайдың көмегімен өлімге дейін адал болған. Бірақ “құтылудың лайықты жолы” өлім емес, Құдайдың көмегі еді, себебі соның арқасында ғана олар сынақтарға берілмей, соңына дейін төтеп берді. Құдай бізге де осылай көмектесе алады. Құдай біздің игілігіміз үшін адал періштелерін де қолданады. Өйткені олар “мәңгілік құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етуге жіберілетін” рухтар (Евр. 1:14). Келесі мақаладан көретініміздей, мінсіздік сақтағандар ғана Құдайдың бүкіләлемдік билігін мәңгілік қолдау мәртебесіне ие бола алады. Егер Ехобаны Әлемнің Әміршісі ретінде мойындап, оған етене жақын жүрсек, біз де сол адамдардың арасында боламыз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неліктен Ехобаны Әлемнің Әміршісі ретінде мойындауымыз керек?
• Құдай алдында мінсіздік сақтау деген нені білдіреді?
• Ехоба бүкіләлемдік билікке құқылы екенін жақында дәлелдейтінін қайдан білеміз?
• Қорынттықтарға 1-хат 10:13-тегі сөздерді ескерсек, адамның мінсіздік сақтай алатынына неліктен сенімдіміз?
[24-беттегі сурет]
Шайтан Адам ата мен Хауа ананы Ехобаға қарсы сатқындық жасауға итермеледі
[26-беттегі сурет]
Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдау шешіміңде берік бол