Мінсіздігімізді сақтап жүрейік!
“Мен кінәратсыз таза жүрмін” (ЗАБ. 25:11).
1, 2. Әйүп мінсіздігі туралы қандай сөздер айтқан және осыған қатысты Әйүп кітабының 31-тарауынан не білеміз?
ЕЖЕЛДЕ адамдар заттардың салмағын өлшеу үшін екі жағында ілінген табақшалары бар тең иінді күйенте түріндегі таразыны қолданған. Оның бір табақшасына затты салса, екіншісіне өлшеуіш тастарды қоятын. Құдайдың халқына тура таразы мен өлшеуіш тастарды қолдану керек болған (Нақ. с. 16:11).
2 Құдайды қастерлеген Әйүп Шайтанның қастық іс-әрекеттерінен қатты қасірет шеккенде, былай деген: “[Құдай] Мені шындық таразысына салып өлшесін, сонда Құдай менің бұзылмағанымды көреді” (Әйүп 31:6). Осы орайда Әйүп мінсіздікті сынға салатын бірталай жағдайды атап айтты. Сол сынның барлығынан дерлік ол сүрінбей өтті. Мұны Әйүп кітабының 31-тарауынан білеміз. Әйүптің керемет үлгісі бізді де солай әрекет етуге және забур жыршысы Дәуіт сияқты “Мен кінәратсыз таза жүрмін” деп сенімділікпен айта алуға талпындырсын (Заб. 25:11).
3. Неліктен Құдайға үлкен істе де, кішкене істе де адал болуымыз керек?
3 Әйүп қатты қиналса да, Құдайға адал болып қалды. Кейбіреулер Әйүптің ауыр сынақтан өтіп, мінсіздігін сақтап қалғанын нағыз ерліктің үлгісі дер. Біз дәл Әйүп сияқты сыналып жатқан жоқпыз. Алайда Құдайдың бүкіләлемдік билігін қолдайтынымызды және оның алдында мінсіз екенімізді дәлелдей түсу үшін, үлкен істе де, кішкене істе де оған адал болуымыз керек (Лұқа 16:10 оқы).
Моральдық жағынан мінсіз болу маңызды
4, 5. Мінсіз Әйүп қандай істен аулақ жүрген?
4 Ехобаның алдында мінсіз жүру үшін, Әйүпке ұқсап, моральдық нормаларды берік ұстануымыз керек. Ол өзі жайлы: “Мен көзіммен шарт жасадым, қыз жайында ойламаймын деп. Егер менің жүрегім әйелге елжіресе және мен жақынымның есігі жанында зұлымдық ойласам, Онда менің әйелім басқаға мөлисін, сөйтіп басқалар оны қорласын”,— деген (Әйүп 31:1, 9, 10).
5 Құдай алдында мінсіздік сақтауға бел буған Әйүп өзге әйелдерге құмарта қараудан аулақ еді. Ол үйленген кісі болғандықтан, басы бос әйелдерге қырындамаған және біреудің әйеліне көз салмаған. Иса Таудағы уағызында азғындыққа қарсы қатаң сөздер айтқан. Мінсіздік сақтағысы келетіндер осы сөздерді жадынан шығармау керек (Матай 5:27, 28 оқы).
Қулық-сұмдыққа ешқашан барма
6, 7. а) Әйүптің жағдайынан көретініміздей, Құдай мінсіздігімізді немен өлшейді? ә) Неліктен біз қулық-сұмдыққа бармауымыз керек?
6 Егер мінсіз адамдардың қатарында болғымыз келсе, ешқашан қулық-сұмдық әрекеттерге бармауымыз қажет (Забур 5:6 оқы). Әйүп былай деген: “Егер мен күйбің тірлікпен жүрсем, сөйтіп менің аяғым мекерлікке [яғни қулыққа] асықса, Мені шындық таразысына салып өлшесін, сонда Құдай менің бұзылмағанымды көреді” (Әйүп 31:5, 6). Ехоба барлық адамды “шындық таразысына” салып өлшейді. Әйүптің жағдайындағыдай, ол бағышталған қызметшілерінің мінсіздігін әділдіктің кемелді нормаларымен өлшейді.
7 Егер қулыққа не айлакерлікке бой алдырсақ, Құдай алдында мінсіздік сақтай алмаймыз. Мінсіз адамдар “құпия да ұят қылықтардан аулақ жүріп, ешқандай қулық-сұмдықты” жасамайды (Қор. 2-х. 4:1, 2). Іспен не сөзбен арамдық жасағанымыз үшін бауырласымыз Құдайдан көмек сұрауға мәжбүр болса ше? Онда жағдайымыз қиын болмақ! Өйткені забур жыршысы: “Мүшкіл халімде Иеме сиындым, Ол мінажатыма түрді құлағын”,— деген. Сондай-ақ ол: “Құтқара көрші мені, уа, Жаратқан, Айлалы тіл мен өтірікші ауыздан”,— деп те жалбарынған (Заб. 119:1, 2). Құдай мінсіздігіміздің шынайылығын анықтау үшін “жан дүниемізді сынап”, біздің ішкі ойымыз бен ниетімізді көретінін ұмытпағанымыз жөн (Заб. 7:9, 10).
Адамдармен қарым-қатынасыңда үлгілі бол
8. Әйүп басқаларға қалай қараған?
8 Мінсіздік сақтағымыз келсе, Әйүп сияқты әділ әрі кішіпейіл болғанымыз және басқалардың қамын ойлағанымыз абзал. Ол былай деп айтқан: “Егер мен қызметші мен қызметші әйел құқықтарын, олар менімен дауласқан кезде, елемеген болсам, онда мен, егер Құдай көтерілген болса, не істеген болар едім? Сонда Ол маған қашан көз тастар еді, Оған мен қандай жауап берген болар едім? Мені жатырда жасаған Ол оны да жасамады ма екен және сондай етіп бізді де жасап шықпады ма екен?” (Әйүп 31:13—15).
9. Әйүп қызметшілеріне қалай қараған және біз қалай әрекет етуіміз керек?
9 Әйүптің заманында сот жүргізу ісі күрделі болмаған. Даулы мәселелер қарапайым да тиімді жолдармен қарастырылатын, мұндай сотқа тіпті құлдар да жүгіне алған. Әйүп қызметшілеріне әділдікпен және қайырымдылықпен қараған. Біздің де мінсіздік жолымен жүргіміз келсе, осындай қасиеттер танытуымыз керек, әсіресе мәсіхшілер қауымында ақсақал ретінде қызмет ететін болсақ.
Жомарттыққа асық, ашкөздіктен қашық бол
10, 11. а) Әйүптің жомарт әрі қол ұшын беруге дайын болғанын қайдан білеміз? ә) Әйүп 31:16—25-тегі сөздер Киелі кітаптың басқа қандай ескертулерін есімізге түсіреді?
10 Әйүп өзімшіл, ашкөз емес, қайта жомарт, адамдарға қол ұшын беруге даяр адам болған. Ол былай деген: “Жесірдің көзін мөлитіп пе екенмін? Өз үлесімді мен жалғыз жеппін бе, одан жетім де жеген жоқ па еді?... Егер мен біреудің киімсіз өліп бара жатқанын және жамылғысы жоқ кедейді көрсем,.. қолымды жетімге көтерсем, қақпақ жанынан өзіме көмек келетінін көріп тұрғанда солай етсем, онда менің иығым арқамнан ажырап қалсын, сөйтіп қолым шынтағымнан сынып түссін”. Сондай-ақ Әйүп қазынаға: “Сен — менің үмітімсің”,— десе, мінсіздік сақтамаған болар еді (Әйүп 31:16—25).
11 Әйүптің әсерлі етіп айтқан бұл сөздері шәкірт Жақыптың келесідей өсиетін есімізге салады: “Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік — мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлап, өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау” (Жақ. 1:27). Иса да: “Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды”,— деп ескерткен. Бұдан кейін ол “Құдаймен қатынасында бай болмай”, өліп кеткен бір ашкөз кісі туралы астарлы әңгіме айтып берді (Лұқа 12:15—21). Мінсіз болу үшін біз ашкөздікке немесе тойымсыздыққа берілмеуіміз керек. Ашкөздік пұтқа табынушылықпен пара-пар. Өйткені әлденеге қомағайланған адамның бар көңілі Ехобада болмағандықтан, сол нәрсе адам үшін пұтқа айналады (Қол. 3:5). Мінсіздік пен ашкөздік — үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын қасиеттер.
Шынайы ғибадатты берік ұстан
12, 13. Әйүп пұтқа табынудан аулақ болудың қандай үлгісін көрсетті?
12 Мінсіз адамдар таза ғибадаттан таймайды. Әйүптің таза ғибадатты берік ұстанғанын келесі сөздерінен көреміз: “Күннің жарқырағанына қарап және айдың ұлы шеруіне көз салып, Жүрегімнің құпиясына беріліппін бе мен, ернім қолымды сүйіп көріп пе? Бұл тағы да сотқа тиесілі қылмыс болар еді, өйткені мен онда Бәрінен жоғары Құдайдан бас тартар едім” (Әйүп 31:26—28).
13 Әйүп жансыз нәрселерге табынбаған. Егер ол жүрегінде ай сияқты аспан денелерін дәріптеген болса және “ерні қолын сүйіп”, оларға сезімін жолдау арқылы пұтқа табынушылықтың ым-ишаратын жасаған болса, мұнысы Құдайдан бас тартып, жалған тәңірлерге бас ию болар еді (Заң. қ. 4:15, 19). Құдай алдында мінсіз болу үшін, пұтқа табынушылықтың барлық түрінен аулақ жүрейік (Жоханның 1-хаты 5:21 оқы).
Кекшілдіктен және екіжүзділіктен сақтан
14. Неге Әйүп зұлым ниетті болмаған дей аламыз?
14 Әйүпке зұлым ниет пен қатыгездік жат еді. Ол мұндай мінезді мінсіздіктен жұрдай адамдар танытатынын түсінген. Сондықтан былай деді: “Мен жауларымның қаза тапқанына қуандым ба, сөйтіп оған бақытсыздық жеткенде мен салтанат құрыппын ба? Оның жанын қарғап күнәлі болуға мен аузыма жол бермедім” (Әйүп 31:29, 30).
15. Бізді жек көретін адамның бақытсыздығына қуану неліктен дұрыс емес?
15 Әділ Әйүп ешқашан өзін жек көрген адамның бақытсыздығына қуанбаған. Кейінірек Нақыл сөздерде: “Жығылса жауың қуанба, Сүрінсе ешбір мәз болма! Әйтпесе Тәңір наразы болар, Жауыңа деген қаһарынан қайтар”,— деген ескерту айтылды (Нақ. с. 24:17, 18). Ехоба адамның жүрек түкпірінде не барын көретіндіктен, басқаның қайғысына іштей қуанып жатқанын байқап қояды және мұндай көзқарасты жаратпайды (Нақ. с. 17:5). “Кек алып, жазалау — менің ісім”,— дегеніне сай, Құдай біздің тиісті жазамызды береді (Заң. қ. 32:35 ЖД).
16. Бақуатты тұрмасақ та, қалай қонақжайлылық таныта аламыз?
16 Әйүп қонақжай болған (Әйүп 31:31, 32). Бақуатты тұрмасақ та, біз “қонақжайлылық таныта” аламыз (Рим. 12:13). “Жек көріп берген семіз сиыр етінен гөрі, Жақсы көріп берген көкөніс тағамы игі” екенін есте ұстай отырып, қолда бар азын-аулақ асымызды басқалармен бөліссек болады (Нақ. с. 15:17). Мінсіздік сақтап жүрген бауырластармен тіпті қарапайым дастарқанның басына жиналғанда, жанымыз рақатқа бөленіп, рухани сергіп қалатынымыз рас.
17. Неліктен күнәмізді жасыруға тырыспауымыз керек?
17 Адамдар Әйүптің қонақжайлығына кенеліп, рухани сергіп қалатын болса керек. Демек, Әйүп екіжүзділік дегенді білмеген. Ол І ғасырда қауымға жасырын еніп алған арсыз адамдар сияқты “бас пайдасы үшін мақтанып, өзгелерге жағымпазданбаған” (Яһд. 3, 4, 16). Сондай-ақ жұрт алдында беделін түсіріп алудан қорқып, қателігін немесе “теріс қадамдарын жасырып” көрген емес. Ол Құдайдың өзін тексергенін қалап, күнәсі болса, оны ашық мойындауға дайын еді (Әйүп 31:33—37). Егер біз ауыр күнә жасап қойсақ, абыройымызды айрандай төгіп алудан қорқып, оны бүгіп қалуға тырыспайық. Мінсіздік сақтауға тырысатынымызды қалай көрсетеміз? Кінәмізді мойындау, өкіну, рухани көмек іздеу және келтірген залалдың орнын толығымен толтыру арқылы көрсете аламыз (Нақ. с. 28:13; Жақ. 5:13—15).
Сот алдында мінсіз болу
18, 19. а) Неліктен Әйүп жұмысшыларының ақысын жеген емес деп айта аламыз? ә) Өз жайлы айтқандары жалған болса, Әйүп не нәрсеге дайын болды?
18 Әйүп шыншыл әрі адал болған. Сондықтан өзі жайлы: “Егер маған жерім зарласа, сөйтіп маған оның аңыздары шағымданса; Егер мен оның жемістерін ақысын төлемей жесем, сөйтіп жер өңдеушілердің өмірін ауырлата түссем, онда бидай орнына тікенді шөп, қара бидай орнына арам шөп өсетін болсын”,— деп айта алған (Әйүп 31:38—40). Әйүп ешқашан біреудің жерін тартып алған да, жұмысшының ақысын жеген де емес. Біз оған ұқсап, үлкен-кіші істерде Ехобаның алдында мінсіз болуымыз қажет.
19 Осылай Әйүп үш серігі мен жас Елиуйге қалай өмір сүргенін баяндап берді. Мұнысы өмірбаянын қағазға түсіріп, астына қол қойғандай еді. Ол сондағы жайттардың қайсыбірінің туралығына олардың күмәны болса, дауласуға шақырды. Айтқандарының жалған екені дәлелденген жағдайда сол үшін жазасын алуға дайын еді. Ақыр соңында Әйүп басына түскен жағдайға көніп, Құдайдың сотын күтті. Осымен оның “сөздері аяқталды” (Әйүп 31:35, 40).
Сен мінсіздігіңді сақтай аласың
20, 21. а) Әйүпке мінсіздігін сақтауға не көмектесті? ә) Құдайға деген сүйіспеншілікті қалай дамыта аламыз?
20 Әйүптің мінсіздік сақтай алуының себебі — ол Ехобаны жақсы көрген, Ехоба да оны жақсы көріп, көмектескен. “Маған өмір мен мейірім [“айнымас сүйіспеншілік” ЖД] сыйлаған және Сенің қамқорлығыңды менің рухым сақтаған Сен едің ғой?”— деген ол (Әйүп 10:12). Бұған қоса ол адамдарға да сүйіспеншілік танытқан, өйткені бұдан тартынған адам Құдайды қастерлеуден қалғанмен бірдей екенін түсінген (Әйүп 6:14 ЖД). Мінсіз адам Құдайды да, жақынын да жақсы көреді (Мат. 22:37—40).
21 Құдайға сүйіспеншілік дамыту үшін, бізге Киелі кітапты күнделікті оқу және ол туралы білгендеріміздің үстінен ой жүгірту қажет. Шын жүректен айтқан дұғамызбен Ехобаны мадақтап, барлық жақсылығы үшін ризашылық білдірген жөн (Філіп. 4:6, 7). Сондай-ақ Құдайға ән шырқап, үнемі оның халқымен араласудың игілігін көруіміз керек (Евр. 10:23—25). Қызметке қатысып, құтқарылу жайлы ізгі хабарды жариялау арқылы да Құдайға деген сүйіспеншілігіміз арта түседі (Заб. 95:1—3). Осылайша біз “Құдайға жақын болғаным қандай игі! Паналап Жаратушы Тәңір Иемді, Паш етіп тұрмын Сенің күллі істеріңді”,— деп жырлаған забур жыршысы сияқты мінсіздігімізді сақтай аламыз (Заб. 72:28).
22, 23. Неліктен біздің ісімізді ежелде мінсіздік сақтаған қызметшілердің тапсырмаларымен салыстыруға болады?
22 Ғасырлар бойы Ехоба мінсіздік сақтаған қызметшілеріне түрлі тапсырма беріп отырған. Мысалы, Нұх кеме соққан және “әділдікті уағыздаушы” болған (Пет. 2-х. 2:5). Ешуа Набын исраилдіктерді Уәде етілген жерге алып келген. Ол бұл тапсырманы заң кітабын “күндіз де, түнде де” оқып, соған сай әрекет етудің арқасында орындай алды (Ешуа 1:7, 8). Алғашқы мәсіхшілер шәкірт дайындады және Жазбаларды зерттеу үшін жүйелі түрде кездесіп отырды (Мат. 28:19, 20).
23 Біз әділдікті уағыздаудың, шәкірт дайындауға қатысудың, Жазбалардағы кеңестерді қолданудың және кездесулер мен конгрестерде бауырластармен араласудың арқасында Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдап, мінсіздігімізді сақтай аламыз. Мұндай істер бізге батыл әрі рухани берік болуға және Құдай еркін жақсылап орындауға көмектеседі. Бұл біз үшін тым қиын емес, себебі көктегі Әкеміз бен оның Ұлы бізге қолдау көрсетуде (Заң. қ. 30:11—14; Пат. 3-ж. 8:57). Бұған қоса Әлемнің Әміршісі Ехобаға құрмет көрсетіп, мінсіздік сақтап жүрген дүниежүзіндегі бауырластарымыз да бізге демеу болуда (Пет. 1-х. 2:17).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехобаның моральдық нормаларына қалай қарауымыз керек?
• Әйүптің әсіресе қай қасиеті саған ұнады?
• Әйүп 31:29—37 тармақтардан көретініміздей, Әйүп қандай адам болған?
• Неліктен Құдай алдында мінсіздік сақтай алатынымызға сенімдіміз?
[29-беттегі сурет]
Әйүп Ехобаның алдында мінсіздігін сақтай алды. Бұл біздің де қолымыздан келеді!
[32-беттегі сурет]
Біз мінсіз бола аламыз!