Ехобаның жоғарғы билігі мен Патшалығы
“Ұлылық та, құдіреттілік те, даңқ та, жеңіс те, сұлулық та... патшалық та Сенікі, Жаратушы” (ШЕЖІРЕЛЕР 1-ЖАЗБА 29:11).
1. Неліктен Ехоба бүкіл әлемнің Әміршісі болуға құқылы?
“ЖАРАТҚАН көкте орнатты өз тағын, Оның Патшалығы билейді барлығын” (Забур 102:19). Осы сөздермен забур жыршысы билікке қатысты негізгі шындықты айтты: Ехоба Құдай Жаратушы болғандықтан, бүкіл әлемнің Әміршісі болуға құқылы.
2. Ехобаны қоршаған рухани ортаны Даниял қалай сипаттады?
2 Әдетте әмірші біреудің үстінен билік жүргізеді. О баста Ехоба билігін өзі жаратқан рухани тұлғаларға — алдымен жалғыз Ұлына, кейін көптеген періштелеріне — жүргізді (Қолостықтарға 1:15—17). Ұзақ уақыт өткен соң, Даниял пайғамбарға аян арқылы рухани орта туралы шамалы түсінік берілген болатын. Ол былай деп баяндады: “Мен қатар қойылған тақтарды, оған келіп отырған Көне қартты көрдім... мың мыңдар Оған қызмет етіп, қарақұрым халық Оның алдында тұрды” (Даниял 7:9, 10). Ехоба, “Көне қарт”, миллиардтаған жылдардан бері “қызметшілері” ретінде өзінің еркін орындап жатқан рухани ұлдарынан тұратын ғаламат үлкен әрі ұйымдасқан отбасының Әміршісі болып келеді (Забур 102:20, 21).
3. Ехоба билігінің аясын қалай кеңейтті?
3 Уақыт өте келе Ехоба ұлан-ғайыр әрі күрделі физикалық әлемді, Жерді де, жаратып, өз билігінің аясын кеңейтті (Әйүп 38:4, 7). Жерден қарағанда, аспан денелері тәртіппен әрі дәлдікпен қозғалып, ешқандай басшылықты қажет етпейтіндей көрінеді. Алайда забур жыршысы бұл жайлы былай деген: “Жаратушының есімі мадақталсын, өйткені бәрі де Оның бұйрығымен жасалды; Оларды ғасырлардан ғасырларға жететіндей етіп жарғы берді” (Забур 148:5, 6). Ехоба өз билігін рухани ортадағы және физикалық әлемдегі іс-әрекеттерге бағыт беру, қадағалау және басқару арқылы жүргізіп келеді (Нехемия 9:6).
4. Ехоба адамзаттың үстінен билігін қалай жүргізеді?
4 Алғашқы адам жұбын жаратқан кезден бастап Құдай өз билігін тағы басқа жолмен жүргізетін болды. Ехоба адам баласын мағыналы әрі қанағаттандырарлық өмір сүру үшін қажетті нәрселермен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға билік берді. Сөйтіп олар жердегі басқа жаратылыстарға иелік ететін болды (Жаратылыс 1:26—28; 2:8, 9). Демек, Құдай билігін мейірімділікпен ғана емес, сондай-ақ қол астындағыларын құрметтеп, қадірін арттырып жүргізеді. Адам мен Хауа Ехобаның билігіне мойынсұнғанда, жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүре берер еді (Жаратылыс 2:15—17).
5. Ехобаның билік жүргізуі жайлы не айта аламыз?
5 Осыдан қандай тұжырым жасауға болады? Біріншіден, Ехоба бүкіл жаратылыстарына әрқашан билік етіп келген. Екіншіден, ол билігін мейіріммен әрі қол астындағыларын қадірлеп жүргізеді. Ал үшіншіден, Құдайдың билігіне мойынсұнып, оны қолдау арқылы мәңгілік баталарға ие болуға болады. Олай болса, ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіттің келесі сөздері бізді таңғалдырмайды: “Ұлылық та, құдіреттілік те, даңқ та, жеңіс те, сұлулық та, көк пен жердегінің бәрі де Жаратушы, Сенікі, патшалық та Сенікі, Жаратушы, Билеп-төстеуші ретінде, Сен бәрінен де үстемсің” (Шежірелер 1-жазба 29:11).
Құдай Патшалығы не үшін қажет?
6. Құдайдың билігі мен Патшалығының арасында қандай байланыс бар?
6 Бүкіл әлемнің Әміршісі Ехоба өзінің құдіретті күшін әрқашан көрсететін болса, Құдай Патшалығының не қажеті бар? Басшы әдетте билігін белгі бір орган арқылы жүргізеді. Құдай Патшалығы да Ехобаның жаратылыстарына билік етуінің белгілі бір жолы, яғни билігін жүзеге асыру үшін қолданатын құралы немесе органы болып табылады.
7. Неліктен Ехоба билігін басқа жолмен көрсетуді шешті?
7 Ехоба әр кезде өзінің билігін әртүрлі жолмен жүргізеді. Сондықтан жағдай өзгергендіктен, билігін жаңа жолмен жүргізуді шешті. Құдайдың рухани ұлдарының бірі Шайтан бүлік шығарып, нәтижесінде Адам мен Хауа да Ехобаның билігіне қарсы шыққан болатын. Сол кезде Құдайдың жоғарғы билігі дауға салынды. Қалайша? Хауаға тыйым салынған жемісті жегеннен ‘өлмейсің’ деуімен Шайтан Ехобаны өтірікші немесе сенім артуға тұрмайтын тұлға ретінде көрсетті. Әрі қарай ол Хауаға: “Сендер осы жемісті жеген кезде көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болатындарыңды Ол жақсы біледі”,— деді. Шайтан Адам мен Хауаның Құдайдың бұйрығын елемей, одан тәуелсіз болғаны өздеріне жақсы дегенге меңзеді (Жаратылыс 3:1—6). Осылайша ол Құдайдың билік ету құқына шек келтірген болатын. Осы жағдайда Ехоба қандай шара қолданды?
8, 9. а) Өз мемлекетінде бүлік шығарғандарға басшы әдетте қандай шара қолданады? ә) Едемдегі бүлікке байланысты Ехоба қалай әрекет етуді шешті?
8 Егер өз мемлекетінде біреулер бүлік шығарса, басшысы әдетте қандай шара қолданады? Тарихтан хабары бар адамдар осындай жағдайлардың орын алғанын біледі. Әдетте басшы, тіпті мейірімді болса да, жағдайға атүсті қарамай, бүлікшілерді мемлекеттің жауы деп жариялап, оларға үкім шығарады. Одан кейін біреуді өкіл етіп тағайындап, бүлікшілерді басып, қайтадан тыныштық орнатуы үшін оған билік береді. Сол сияқты Ехоба да бірден іске кірісіп, бүлікшілерге үкім шығаруымен болып жатқан жағдайды толық қадағалап отырғанын көрсетті. Ол Адам мен Хауаны мәңгілік өмірге лайықсыз деп жариялап, Едем бағынан қуып шықты (Жаратылыс 3:16—19, 22—24).
9 Шайтанға үкім шығарғанда, Ехоба өзінің билігін басқа жолмен жүргізетінін, яғни белгілі бір құралы арқылы бүкіл әлемге тыныштық пен тәртіп орнататын көрсетті. Құдай Шайтанға: “Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың”,— деді (Жаратылыс 3:15). Осылайша Ехоба “ұрпаққа” билік беріп, сол арқылы Шайтан мен оның жақтастарын жоятынын және өзінің жоғарғы билігін ақтайтынын мәлім етті (Забур 2:7—9; 109:1, 2).
10. а) ‘Ұрпаққа’ қатысты не анық болды? ә) Алғашқы пайғамбарлықтың орындалуы жайлы Пауыл не деді?
10 Уақыт өте келе бұл ‘ұрпақтың’ Иса Мәсіх және онымен бірге билік ететіндердің тобы екені белгілі болды. Олар бірігіп Құдайдың Мәсіх басқаратын Патшалығын құрады (Даниял 7:13, 14, 27; Матай 19:28; Лұқа 12:32; 22:28—30). Алайда бұл шындықтар бірден ашылмады. Алғашқы пайғамбарлықтың қалай жүзеге асатыны ‘ерте заманнан құпия болып келген’ еді (Римдіктерге 16:25). Ғасырлар бойы адал кісілер осы ‘құпияның’ ашылуын және Ехобаның жоғарғы билігінің ақталуы жайлы алғашқы пайғамбарлықтың орындалуын күтті (Римдіктерге 8:19—21).
“Құпия” бірте-бірте ашылды
11. Ехоба Ыбырайымға нені білдірді?
11 Ехоба өз Патшалығы туралы құпияның қырларын бірте-бірте ашып отырды (Марқа 4:11). Мысалы, ол өзінің құпиясын досы Ыбырайымға ашқан болатын (Жақып 2:23). Ехоба оның үрім-бұтағын ұлы халыққа айналдыруды уәде етті. Кейінірек, әулетінен “патшалар да шығатынын” және ‘ұрпағы арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ бата қонатынын’ білдірді (Жаратылыс 12:2, 3; 17:6; 22:17, 18).
12. Топан судан кейін Шайтанның ұрпағының кім екені қалай белгілі болды?
12 Ыбырайымның заманына дейін кейбір адамдар билеуші ретінде басқаларға үстемдік етуге тырысқан болатын. Мысалы, Нұхтың шөбересі Нымрод туралы Киелі кітапта былай делінген: “Ол жер бетіндегі ең күшті әміршіге айналды. Ол Жаратқан Иенің көзіне түскен [“Ехобаға қарсы тұрған”, ЖД] мықты аңшы болды” (Жаратылыс 10:8, 9). Иә, Нымродтың және өз-өзін билеуші етіп тағайындаған адамдардың Шайтанның қолшоқпары болғаны анық. Осы билеушілер мен олардың жақтастары Шайтан ұрпағының бөлігіне айналды (Жоханның 1-хаты 5:19).
13. Ехоба Жақып арқылы қандай жайттарды ашты?
13 Шайтан адамдарды билеуші етуге тырысқанымен, Ехобаның ниеті жүзеге аса берді. Ол Ыбырайымның немересі Жақып арқылы келесі жайттарды ашты: “Қолынан оның патша таяғын ешкім тартып алмайды, Биліктің белгісі Яһуданың әулетінде берік орнайды, Ал соңында [Шило] келеді, Халықтар Оған мойынсұнатын болады!” (Жаратылыс 49:10, сілтеме). “Шило” деген сөз “шын Иесі” дегенді білдіреді. Демек, бұл пайғамбарлық сөздер ‘халықтарға’, яғни бүкіл адамзатқа билік жүргізуге немесе қолына ‘патша таяғын’ алуға құқылы біреудің келетінін көрсетті. Бұл кім болмақ еді?
“Шило” келгенше
14. Ехоба Дәуітпен қандай келісім жасады?
14 Ехоба Яһуда руынан шыққан патшалардың алғашқысы етіп Есей ұлы Дәуітті таңдадыa (Патшалықтар 1-жазба 16:1—13). Күнә мен қателіктер жасағанына қарамастан, Дәуіт Ехобаға ұнамды болды, себебі ол оның жоғарғы билігін адалдықпен қолдаған болатын. Ехоба Дәуітпен келісім жасап: “Мен артыңнан бір ұлыңды тағайындап, патша етіп нығайтамын”,— деді. Осылайша ол Едемде айтылған пайғамбарлыққа көбірек жарық түсірді. Әйтсе де бұл сөздер Дәуіттің ұлы Сүлейменге ғана емес, одан зор тұлғаға нұсқаған еді. Себебі келісімде: “Оның патшалық тағын мәңгілікке орнатамын”,— делінген болатын. Бұл келісімнен уәде етілген “ұрпақтың” Дәуіттің әулетінен шығатыны анық көрінді (Патшалықтар 2-жазба 7:12, 13).
15. Неге Яһуда патшалығын Құдай Патшалығының үлгісі деп қарастыруға болады?
15 Бас діни қызметкердің май жағу рәсімі арқылы тағайындалған Дәуіттен патшалар әулеті тарады. Сондықтан сол патшалар майланғандар немесе мәсіхтер деп аталды (Патшалықтар 1-жазба 16:13; Патшалықтар 2-жазба 2:4; 5:3; Патшалықтар 3-жазба 1:39). Сондай-ақ олар Ехобаның тағында отырғандар болып әрі Ехобаның Иерусалимдегі патшасы деп есептелген (Шежірелер 2-жазба 9:8). Осы мағынада Яһуда патшалығы Құдай Патшалығының бейнесі болған және Ехобаның билігін білдірген.
16. Яһуда патшаларының билік етуінің нәтижесі қандай болды?
16 Ехобаға мойынсұнған күндердің бәрінде патша мен халық қауіпсіздікте әрі баталарға кенеліп өмір сүрген. Мысалы, Сүлеймен патшаның тұсында бұрын-соңды болмаған тыныштық орнап, ел өркендеген болатын. Бұл Шайтан мен оның істерін жойып, Ехобаның жоғарғы билігін ақтайтын Құдай Патшалығы кезінде орнайтын жағдайдың кішкене ғана көрінісі болған (Патшалықтар 3-жазба 4:20, 25). Өкінішке қарай, Дәуіт әулетінен шыққан патшалардың көбісі Ехобаның талаптарына сай келмей қалды, ал сол патшалардың тұсында халық бұттарға табынды және азғындыққа салынып өмір кешті. Ақыр соңында Ехоба б. з. б. 607 жылы бабылдықтарға патшалықты жоюға жол берді. Ехобаның жоғарғы билігіне шек келтіруге тырысқан Шайтан сол кезде жеңіске жеткендей болды.
17. Дәуіттің патшалығы күйресе де, жоғарғы билік әлі де Ехобаның қолында екені неден көрінді?
17 Алдымен солтүстік Исраил патшалығы, содан кейін Дәуіт әулетінің патшалығы күйреді. Бұл Ехобаның билігі дәрменсіз екенін білдірген жоқ, қайта Шайтанның ықпалының және Құдайдан тәуелсіз болудың салдары қандай болатынын көрсетті (Нақыл сөздер 16:25; Еремия 10:23). Әлі де жоғарғы биліктің иесі екенін көрсету үшін, Ехоба Езекиел пайғамбар арқылы былай деді: “Өңіріңдегі айырым таңбаны ағыт та, басыңдағы шірді ал... Тағыңнан түсіремін, түсіремін, түсіремін, бұл Кімге тиесілі болса, Сол келгенше ол еңсесін көтере алмайды, сөйтіп, Мен соған табыстаймын” (Езекиел 21:26, 27). Бұл сөздер уәде етілген “ұрпақтың”, яғни тақтың “тиесілі” иесінің, болашақта келетініне нұсқаған.
18. Жәбірейіл періште Мәриямға не деді?
18 Б. з. б. 2 жыл. Құдай Жәбірейіл періштені солтүстік Палестинадағы Ғалилея аймағының Назарет қаласында тұратын Мәриям есімді қызға жібереді. Ол оған былай деді: “Енді құрсақ көтеріп, Ұл табасың, Оның атын Иса деп қоясың. Ол өте мәртебелі болып, Құдай Тағаланың рухани Ұлы деп аталады. Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды. Иса Жақыптың үрім-бұтағына мәңгі-бақи Патшалық құратын болады. Оның Патшалығының шегі болмайды” (Лұқа 1:31—33).
19. Қандай маңызды жайттардың орын алатын уақыты жақындап қалған еді?
19 Сонымен ‘құпияның’ ашылатын уақыты жақындады. Уәде етілген “ұрпақтың” негізгі бөлігі болатын Тұлға жуырда пайда болмақ еді (Ғалаттықтарға 4:4; Тімотеге 1-хат 3:16). Шайтан оның өкшесін шағады, ал “ұрпақ” оның басын мыжиды, яғни Шайтан мен оның нөкерлерін залалсыздандырды. Сондай-ақ ол адамдарға Құдай Патшалығы арқылы Шайтанның істерінің талқандалатынын және Ехобаның жоғары билігінің ақталатынын жариялайды (Еврейлерге 2:14; Жоханның 1-хаты 3:8). Иса мұны қалай жүзеге асырады? Ол бізге қандай үлгі қалдырды? Бұл сұрақтардың жауаптарын келесі мақаладан білеміз.
[Сілтемелер]
a Исраилдің ең бірінші патшасы етіп таңдалған Саул Бунямин руынан шыққан еді (Патшалықтар 1-жазба 9:15, 16; 10:1).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неге Ехобаны әлемнің құқылы Әміршісі деуге болады?
• Неліктен Ехоба Патшалық құруды шешті?
• Қалай Ехоба “құпияны” бірте-бірте ашып отырды?
• Дәуіттің патшалығы күйресе де, жоғарғы биліктің әлі де Ехобаның қолында екенін қайдан білеміз?
[5-беттегі сурет]
Ехоба Ыбырайым арқылы қандай шындықты ашты?
[7-беттегі сурет]
Неге Дәуіт патшалығының күйреуі Ехобаның билігі дәрменсіз екенін білдірген жоқ?