Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w10 15.11. 17—19 бет.
  • Ехоба қайғырған жанның зарына құлақ асады

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба қайғырған жанның зарына құлақ асады
  • 2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Уақтылы айтылған сөз”
  • Қауым кездесулерінің көмегі
  • “Үздіксіз Құдайға сиыныңдар”
  • Жаралы жүректерге жұбаныш
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ехоба — қайғы-қасірет шеккен кездегі қорғанымыз
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • “Жұбаныш атаулының” Құдайы Ехобаға сенім артыңдар
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Кез келген қиындықты жеңуге күш аламыз
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w10 15.11. 17—19 бет.

Ехоба қайғырған жанның зарына құлақ асады

ЕЖЕЛГІ Исраилдің дана патшасы Сүлеймен “уақыт пен жағдайдың орайлас келетінін” айтқан (Екк. 9:11). Бәріміз де табан астынан қайғылы жағдайға немесе ауыр сынаққа кезігуіміз мүмкін. Мысалы, отбасымыздың бір мүшесінің ойламаған жерден қайтыс болуы эмоциялық жағынан өте ауыр тиеді. Одан кейінгі апталар, тіпті айлар бойы қайғы жанымызды жегідей жеуі мүмкін. Қайғының кесірінен ұзақ уақыт бойы дұға айтпаған адам өзін Ехобаға дұға етуге лайықсыз сезінетін шығар.

Мұндай кезде қайғылы жан өзгенің жігер бергеніне, сүйіспеншілік танытқанына және көңіл бөлгеніне мұқтаж. Забур жыршысы Дәуіт мынадай жанға жай беретін сөздер жазды: “Сүрініп жатқандарды Жаратқан сүйейді, еңкейіп жүргендерді көтеріп демейді” (Заб. 144:14). Сондай-ақ Киелі кітапта: “Жаратқан Иенің көзі — Өзіне жүрегімен берілгендерді қолдау үшін — күллі жерді шолып тұрады”,— делінген (Шеж. 2-ж. 16:9). Ол “қайғы-қасіретке душар болғандардың жүректерін соқтыру үшін қайғы-қасіретке душар болғандар және момындармен бірге тұрады” (Ишая 57:15 Тт). Қайғы-қасіретке душар болғандарды Ехоба қалай қолдайды және жұбатады?

“Уақтылы айтылған сөз”

Ехоба уақтылы көмегін қауымдағы бауырластар арқылы береді. Мәсіхшілер “жаны күйзелгендерді жұбатуға” шақырылады (Сал. 1-х. 5:14 ЖД). Жанашыр бауырластардың сүйіспеншілікпен көңіл бөлгені қайғы-мұңға батқан адамды нығайтады. Тіпті қысқаша ғана сөйлесіп, жұбатқанның өзі қайғырған адамның рухын көтере алады. Мұндай жылы сөздерді тап осындай қайғылы жағдайды өз басынан өткерген адамнан естуге болады. Я болмаса өмірлік тәжірибесі мол досымыз жігерлендірерлік ойлармен бөлісуі мүмкін. Осылайша бауырластар арқылы Ехоба қайғырған адамның рухын көтереді.

Мәсіхші ақсақал Алекстің жағдайын қарастырып көрейікші. Үйленгеніне көп уақыт өтпей, әйелі жазылмайтын аурудан қайтыс болады. Мұны білген бір жанашыр аралаушы бақылаушы Алекспен жігерлендірерлік ойлармен бөліседі. Оның өзі де кезінде әйелінен айырылған, бірақ қайтадан үйленген екен. Әйелі қайтыс болғанда қандай күйде болғанын айтып береді. Ол өзгелермен қызметке шыққанда және қауым кездесулеріне барғанда, өзін анағұрлым жақсы сезінген. Алайда үйіне келгенде, қатты жалғызсыраған екен. Алекс былай дейді: “Менің кешкен күйім қалыпты нәрсе екенін және өзгелердің де осындай күйде болғанын білгенім жұбаныш берді”. Расында да, “уақтылы айтылған сөз” қиын кезде жанымызға жай береді (Нақ. с. 15:23).

Жұбайынан айырылған біраз адамды білетін тағы бір ақсақал Алекспен жігерлендірерлік ойлармен бөліседі. Бұл бауырлас жанашырлық пен сүйіспеншілік таныта отырып, Ехоба біздің не сезінетінімізді әрі неге мұқтаж екенімізді білетінін айтады. Сондай-ақ ол былай деді: “Айлар, тіпті жылдар өтсе де, өмірлік жардың қажет екенін сезіне берсең, қайтадан неке құруды Ехобаның сүйіспеншілікке толы шарасы деп қарастырсаң болады”. Әрине, жарынан айырылған, бірақ қайтадан неке құрғысы келетін адамдардың бәрінің де мұндай мүмкіндігі бола бермейді. Бауырластың айтқан сөздерінің үстінен ой жүгірткен Алекс: “Бұл Ехобаның шарасы екенін есіңе түсіргенің болашақта үйленсең, өзіңді жарыма немесе Ехобаның орнатқан неке құрылымына адалдық сақтамадым деп кінәламауға көмектеседі” (Қор. 1-х. 7:8, 9, 39).

Көп сынақтар мен ауыртпалықтарға кезіккен забур жыршысы Дәуіт: “Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, өзіне жалынған оларға құлақ салады”,— деп жазды (Заб. 33:16). Ехобаның жалынғандарға жанашыр екендігі және рухани толысқан мәсіхшілердің көрегендік пен парасаттылық таныта отырып айтқан сөздері арқылы уақтылы жауап бере алатыны шүбәсіз. Бұл — бағалы әрі пайдалы шара.

Қауым кездесулерінің көмегі

Қайғыға батқан адам басқалардан бөлектенуге итермелеуі мүмкін жағымсыз ойларға бейім келеді. Алайда Нақыл сөздер 18:1-де мынадай ескерту жазылған: “Саяқ жан қара басын ойлар, даналық атаулыға қарсы шығар”. Алекс былай дейді: “Өмірлік жарыңды жоғалтқанда жағымсыз ойлардың астында қаласың. Кейде өзімнен: “Мен басқаша әрекет етуім керек пе еді? Жарыма көбірек көңіл бөлуім не түсінушілікпен қарауым керек пе еді?”— деп сұрайтынмын. Мен жалғыз қалуды қалаған емеспін. Салтбасты болғым да келген емес. Мұндай ойлардан арылу өте қиын, өйткені сен күннен күнге жалғыз екеніңді есіңе алып тұрасың”.

Қайғырған адам өзіне жақсы жағынан әсер ететін адамдармен араласуға аса мұқтаж. Мұндай ортаны қауым кездесулерінде таба аламыз. Ол жерде біз Құдайдың санамызды жағымды әрі пайдалы ойлармен толтыруына жол береміз.

Қауым кездесулері жағдайымызға байсалды көзқарас танытуға көмектеседі. Киелі кітапқа негізделген ойларды тыңдап, олардың үстінен ой жүгіртудің арқасында біз жеке басымыздың қиыншылықтарын ғана ойламай, назарымызды шын мәнінде маңызды екі мәселеге бұрамыз: Құдайдың бүкіләлемдік билігінің ақталуы және есімінің қастерленуі. Бұған қоса, қауым кездесулерінде тәлім алудың арқасында, басқалар біздің күйімізді және сезімімізді түсінбеген күнде де, Ехоба міндетті түрде түсінетініне деген сенімділігіміз нығая түседі. Ол “жүректің қайғысы көңілді жабырқататынын” біледі (Нақ. с. 15:13). Құдай бізге көмектескісі келеді және әрі қарай да өмір сүруге деген ынта мен күш береді (Заб. 26:14).

Жауларынан қатты қысым көрген кезде Дәуіт патша Құдайға былай деп жалбарынған болатын: “Көңілім жабырқаңқы, рухым түсті, қорқыныштан менің үрейім ұшты” (Заб. 142:4). Қиындықтар адамды тәндік және эмоциялық күшінен айырып, тіпті жүрегіне үрей ұялатады. Ауыр сырқат немесе ұзақ уақытқа созылған қандай да бір тәндік әлсіздік адамның ұнжырғасын түсіруі мүмкін. Біз Ехобаның төзімділік танытуымызға көмектесетініне сенімді бола аламыз (Заб. 40:1—3). Бүгінде Ехоба керемет түрде ешкімді айықтырмайды, десе де қиналған адамға даналық беріп, жағдайына төзуге қажетті көмек береді. Қиындықтардан көз ашпағанда, Дәуіт Ехобаның көмегіне жүгінгенін естеріңде ұстаңдар. Ол былай деп жырлаған: “Ежелгі кереметтеріңнің барлығын еске алып, ойланып-толғанамын, қолыңның істерін ақылға саламын” (Заб. 142:5).

Сезіммен айтылған осы сөздердің киелі рухтың жетелеуімен Құдай Сөзінде жазылғаны Ехоба біздің күйімізді түсінетінін көрсетеді. Бұл оның жан дүниемізден шыққан өтініштерімізді еститініне кепілдік береді. Ехобаның көмегіне жүгінсек, ол бізді қолдайды (Заб. 54:23).

“Үздіксіз Құдайға сиыныңдар”

Жақып 4:8-де: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— делінген. Құдайға жақындаудың бір жолы — дұға ету. Елші Пауыл бізді “үздіксіз Құдайға сиыныңдар” деп шақырады (Сал. 1-х. 5:17). Тіпті не сезінетінімізді дұғада сөзбен айтып жеткізе алмасақ та, “киелі рухтың өзі біз үшін өтініш етіп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді Оған жеткізеді” (Рим. 8:26, 27). Расында да, Ехоба біздің сезімдерімізді түсінеді.

Ехобамен мұндай тығыз қарым-қатынас дамытқан Моника есімді бауырлас былай дейді: “Дұға етудің, Киелі кітапты оқу мен жеке зерттеудің арқасында Ехоба менің жақын досыма айналды. Ол мен үшін тірі тұлға, оның қамқорлығын үнемі сезінемін. Сондай-ақ кейде өз сезімдерімді сөзбен айтып жеткізе алмасам да, оның мені түсінетінін білу маған зор жұбаныш береді. Ол маған игіліктері мен батасын көл-көсір етіп төгетініне сенімдімін”.

Сонымен, бір сенімдегі бауырластардың сүйіспеншілікпен айтқан жұбаныш сөздерін қабылдап, қауым кездесулерінде мейірімділікпен берілген әрі сенімімізді нығайтатын кеңестерді қолданайық. Сондай-ақ Ехобаға дұға етіп, жүрегіміздегіні жайып салайық. Ехобаның уақтылы беріп жатқан осы шаралары біздің қамымызды ойлайтынын көрсетеді. Алекс тәжірибесімен бөлісіп былай дейді: “Егер өз тарапымыздан Ехобаның бізді нығайту үшін қамтамасыз етіп жатқан бар шараларын қолдануға тырысар болсақ, онда кез келген сынаққа төзуге көмектесетін шексіз зор күшке ие боламыз” (Қор. 2-х. 4:7).

[18-беттегі қоршау/сурет]

Қайғырған жандарға жұбаныш

Забур жырлары адамдардың сезімдерін сипаттайтын және Ехобаның қайғырған жандардың үніне құлақ салатынына сендіретін сөздерге толы. Келесі сөздерді қарастырып көрейікші:

“Қатты қиналып Жаратқанға сиындым, жәрдем сұрап Құдайыма жалындым. Киелі орнынан ол құлақ салды, жалынышым оның алдына барды” (Заб. 17:7).

“Жаратушы жүректері шерлі [пенделерге] жақын жүреді және рухы күйрегендерді құтқарады” (Заб. 33:19 Тт).

“Жаралы жүректерді сауықтырар, қайғы-қасіреттерін Ол жұбатар” (Заб. 146:3).

[17-беттегі сурет]

“Уақтылы айтылған сөз” қиын кезде жанымызға жай береді

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу