Ехоба — қайғы-қасірет шеккен кездегі қорғанымыз
“Әділдердің құтқарылуы Тәңірден, қайғы-қасірет шеккен кездерінде Ол қорған болады” (ЗАБУР 36:39).
1, 2. а) Иса шәкірттері үшін не деп дұға айтқан? ә) Құдайдың өз халқына қатысты еркі қандай?
ЕХОБА — құдіретті Құдай. Ол қызметшілерін қалай қорғаймын десе де күші жетеді. Ол тіпті өз халқын осы дүниеден тікелей мағынада бөліп алып, қауіпсіз әрі бейбіт ортада өмір сүруге жағдай жасай алады. Алайда Иса шәкірттері үшін көктегі Әкесіне былай деп дұға айтқан: “Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын” (Жохан 17:15).
2 Ехоба бізді ‘осы дүниеден әкету’ үшін таңдаған жоқ. Керісінше, ол өзінің басқаларға үміт пен жұбаныш беретін хабарын жариялау үшін біздің осы әлемдегі адамдардың ортасында жүргенімізді қалайды (Римдіктерге 10:13—15). Бірақ Исаның айтқан дұғасынан көрініп тұрғандай, осы әлемде жүріп, біз Шайтанның соққыларына ұшыраймыз. Құдайға бойсұнбайтын адамзат пен зұлым күштер көптеген қайғы-қасірет әкеп жатқандықтан, кейде мәсіхшілердің де қайғыратын кездері болады (1 Петір 5:9).
3. Тіпті Ехобаның адал қызметшілерінің өзі неден қашып құтыла алмайды, бірақ біз Құдай Сөзінен қандай жұбаныш табамыз?
3 Осындай сынақтарға түскенде, кейде ұнжырғаның түсуі кәдімгі нәрсе (Нақыл сөздер 24:10). Киелі кітапта адал адамдардың да қасірет шеккені жайлы көптеген мысалдар жазылған. “Әділ адамның қасіреті көп,— деп жазған забур жыршысы,— бірақ олардың бәрінен Тәңір құтқарады” (Забур 33:20). Иә, жағымсыз жағдайларға тіпті әділ адам да тап болып жатады. Забур жыршысы Дәуіт сияқты кейде ‘тым әлсіреп, мұңға батуымыз мүмкін’ (Забур 37:9). Алайда ‘Тәңірдің жаралы жүректерге жақын, еңсесі түскендерді құтқаратыны’ жұбаныш береді (Забур 33:19; 93:19).
4, 5. а) Нақыл сөздер 18:10-ға сәйкес Құдайдан пана табу үшін не істеуіміз керек? ә) Құдайдың көмегін алу үшін қандай қадамдар жасауымыз керек?
4 Исаның дұға етіп сұрағанындай, Ехоба бізді қорғап отыр. Ол біздің ‘қайғы-қасірет шеккен кездеріміздегі қорғанымыз’ (Забур 36:39). Нақыл сөздер кітабында да осыған ұқсас сөздер жазылған: “Тәңірдің есімі — берік қамал: әділетті оған жасырынады да, қауіпсіздікте болады” (Нақыл сөздер 18:10). Бұл жазба орны Ехобаның жаратылыстарына деген әкелік қамқорлығын көрсетеді. Құдай әсіресе бас сауғалап, берік қамалға қарай жүгіргендей, өзін белсенді түрде іздеген адал адамдарды қорғайды.
5 Қиындықтарға кезіккенде Ехобадан қалай пана іздеуімізге болады? Ехобаның көмегін алу үшін маңызды үш қадам жасауымыз керек. Бірінші, көктегі Әкемізге дұға айтуымыз керек. Екінші, оның киелі рухының басшылығы бойынша әрекет етуіміз керек. Үшінші, уайымымызды көтерісе алатын қауымдағы бауырластармен араласып, Ехобаның біз үшін жасаған шарасын пайдалануымыз керек.
Дұғаның күші
6. Шынайы мәсіхшілер дұғаны қалай қарастырады?
6 Кейбір дәрігерлер жан күйзелісі мен уайымға қарсы ем ретінде дұға айтуға кеңес беріп жатады. Тыныш отырып, дұға айтқандай терең ойға батудың пайдасы бар да шығар, табиғаттың кейбір дыбыстары мен арқаны сылап-сипаудың да дәл сондай пайдасы бар деуге болады. Шынайы мәсіхшілер дұғаға жай ғана емнің бір түрі деп қарамайды, олар дұғаның қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Біз дұғаны Жаратушыға құрметпен тіл қату деп қарастырамыз. Дұға — Құдайға берілгендігіміз бен сенім артатындығымыздың дәлелі. Иә, дұға — ғибадат етуіміздің бір бөлігі.
7. Сеніммен дұға айту деген нені білдіреді және мұндай дұғалар қиындықтармен күресуге қалай көмектеседі?
7 Ехобаға дұға айтқанда, бізде оған деген сенім болу керек. Елші Жохан: “Біз оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады деп кәміл сенеміз”,— деп жазған (1 Жохан 5:14). Ехоба, Әлемнің Әміршісі, жалғыз да шынайы әрі құдіретті Құдай бола тұра қызметшілерінің шын жүректен айтқан дұғаларына құлақ асатыны сөзсіз. Сүйіспеншілігі мол Құдайымыздың уайымдарымыз бен қиындықтарымыз жайында айтқанда, дұғаларымызға құлақ асатынын білгеніміздің өзі көңілге жұбаныш береді (Філіпіліктерге 4:6).
8. Неге адал мәсіхшілер дұға айтуға ешқашан да қысылмаулары немесе өздерін лайықсыз сезінбеулері керек?
8 Адал мәсіхшілер ешқашан да Ехобаға дұға айтуға қысылып, өздерін лайықсыз сезінбеулері немесе күмәнданбаулары керек. Рас, өз-өзімізден түңілгенде немесе қиыншылықтар еңсемізді басып тастағанда, дұға айтып Ехобаға жақындауға үнемі зауқымыз соға бермейді. Мұндай жағдайларда Ехобаның ‘азап шеккендеріне жаны ашып мейірім танытатынын’ және ‘еңсесі түскенді жігерлендіретінін’ естен шығармағанымыз жөн (Ишая 49:13; 2 Қорынттықтарға 7:6). Әсіресе жанымыз қиналып, қайғыға батқан кезде көктегі Әкемізге қорғанымыз ретінде сенімділікпен дұға айтуымыз керек.
9. Құдайға дұға айтқанда, сенімнің атқаратын рөлі қандай?
9 Дұға ету мүмкіндігінің толық пайдасын көруіміз үшін шынайы сенім болу керек. Киелі кітапта “оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс” екені айтылған (Еврейлерге 11:6). Бірақ жай ғана Құдайдың “бар екеніне” сенудің өзі жеткіліксіз. Шынайы сенім Құдайдың өзіне бағынғанымыз үшін батасын беретін қабілеті мен қалауының бар екеніне шүбәсіз сенуді білдіреді. “Жаратқанның назары адалдарда, Ол құлақ салады солар сиынғанда” (1 Петір 3:12). Ехобаның өзімізге мейірімділікпен қамқорлық жасайтынын есте сақтайтын болсақ, дұғаларымыз ерекше мағыналы болады.
10. Ехобаның қолдау көрсеткенін қаласақ, дұғаларымыз қандай болу керек?
10 Ехоба шын жүрегімізден айтқан дұғаны тыңдайды. Забур жыршысы: “Уа, Жаратқан шын жүректен Саған сиынамын: құлақ сала гөр жарлықтарыңа бағынамын”,— деп жазған (Забур 118:145). Көп діндердегідей жаттанды айтылатын дұғалардан айырмашылығы біздің дұғаларымыз ойланбастан бір сарынмен қайталай беретін сөздер емес. Ехобаға “шын жүректен” дұға еткенде, сөздеріміз мағыналы болады. Осындай дұғадан соң жеңілдік сезінеміз, себебі ‘барлық уайымымызды Тәңірге’ тапсырамыз. Киелі кітапта уәде етілгендей, Ол бізді демейді (Забур 54:23; 1 Петір 5:6, 7).
Құдайдың рухы — көмекшіміз
11. Құдайдан көмек сұрап дұға айтқанда, Ехоба қалай жауап береді?
11 Ехоба дұғаларымызды тыңдап қана қоймайды, сонымен қатар жауап береді (Забур 64:3). Дәуіт: “Жаным қысылғанда сені шақырамын, себебі сен мені естисің [“маған жауап қатасың”, ЖД]”,— деп жазған (Забур 85:7). Сондықтан Иса шәкірттерін Ехобадан көмек сұрауға жігерлендірді, ‘себебі көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз’ (Лұқа 11:9—13). Иә, Құдайдың әрекет етуші күші оның халқының қамқоршысы немесе қолдаушы ретінде қызмет атқарады (Жохан 14:16, сілтемені қара).
12. Қиындықтар жеңе алмастай болып көрінгенде, Құдайдың рухы қалай көмектеседі?
12 Тіпті сынақтарға кезіксек те, Құдайдың рухы бізге ‘күшімізден артық күш’ сыйлай алады (2 Қорынттықтарға 4:7, ЖД). Көптеген қиындықтарды басынан кешірген елші Пауыл сеніммен: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәріне де төзе аламын”,— деген болатын (Філіпіліктерге 4:13, ЖД). Сол сияқты бүгінде көптеген мәсіхшілер дұға айтқанда, бойларына жаңадан күш біткендерін сезеді. Көбінесе Құдай рухының көмегін алған соң, қиындықтар жеңе алмастай болып көрінбейді. Сондықтан Құдайдың күшіне ие болған біздер елші Пауыл тәрізді: “Жан-жақтан қысым көрудеміз, бірақ тапталған жоқпыз, шарасыз болып қысылудамыз, бірақ үмітімізді үзген жоқпыз. Қуғынға түссек те, Тәңір бізді жалғыз қалдырған жоқ; жығылсақ та, жойылмаймыз”,— деп айта аламыз (2 Қорынттықтарға 4:8, 9).
13, 14. а) Қалай Ехоба жазылған Сөзі арқылы қорғанымыз болды? ә) Киелі кітаптың принциптерін қолданғанның өзіңе қандай көмегі тиді?
13 Сонымен қатар киелі рухтың жетелеуімен Құдай Сөзі біз үшін жазылып, сақталып келді. Қайғы-қасірет шеккен кезімізде, Ехоба өзінің Сөзі арқылы қалайша біздің қорғанымыз болды? Бізге өмірде қолдануға болатын парасаттылық пен естілік беру арқылы (Нақыл сөздер 3:21—24). Киелі кітап ойлау және ‘ақылға салу’ қабілетімізді дамытады (Римдіктерге 12:1, ЖД). Құдай Сөзін жүйелі түрде оқысақ, зерттесек және оны өмірімізде қолдансақ, ‘байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да, жақсы мен жаманды айыра білетін’ боламыз (Еврейлерге 5:14). Қиыншылықтарға кезіккенде Киелі кітап принциптерінің дана шешімдер қабылдауға қалай көмектесетініне өзің де көз жеткізген шығарсың. Киелі кітап мазамызды алған қиындықтардың дұрыс шешімін табуға көмектесетін ақыл мен тиімді кеңес береді (Нақыл сөздер 1:4).
14 Құдай Сөзі сонымен қатар бізді құтқарылуға деген үміт беріп нығайтады (Римдіктерге 15:4). Киелі кітапта зұлымдықтың мәңгілік жалғаса бермейтіні айтылады. Біз көріп жатқан қасіреттің бәрі уақытша (2 Қорынттықтарға 4:16—18). Біздің ‘мәңгілік өмірге деген үмітіміз’ бар. ‘Жалған сөйлемейтін Құдай бізге сол өмірді әуел бастан-ақ уәде еткен’ (Титке 1:2). Егер Ехоба уәде еткен жарқын болашаққа нық сеніммен үміттеніп қуанатын болсақ, қайғы-қасіретке төтеп бере аламыз (Римдіктерге 12:12; 1 Салониқалықтарға 1:3).
Қауым — Құдай сүйіспеншілігінің белгісі
15. Қалай мәсіхшілер біріне-бірі тіреніш бола алады?
15 Қиналған кезде Ехоба сонымен қатар қауымдағы бауырластармен достық қарым-қатынасымыз арқылы көмектеседі. Киелі кітапта: “Жан жолдас барлық уақытта сүйеді және бақытсыздыққа душар болған кезде туған бауырың сияқты жаныңнан табылады”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 17:17). Құдай Сөзі қауымдағылардың бәрін бірін-бірі құрметтеп, жақсы көруге шақырады (Римдіктерге 12:10). “Әркім жеке басының ғана емес, басқалардың да мүдделерін ойлауы керек”,— деп жазған елші Пауыл (1 Қорынттықтарға 10:24). Мұндай ой-қалпы өз басымызбен қайғы болып кетпей, басқаның жағдайын көбірек ойлауға көмектеседі. Басқаларға қол ұшын бергенде, өзіміз де бақыт пен қанағат сезіміне бөленеміз, осының арқасында басымызға түскен ауыртпалық та жеңілдей түседі (Елшілердің істері 20:35).
16. Қалай әрбір мәсіхші басқаларды жігерлендіре алады?
16 Рухани толысқан адамдар басқалардың нығаюына көп әсер ете алады. Бұл үшін олар өздерімен басқалар еркін сөйлесе алатындай ашық болулары керек (2 Қорынттықтарға 6:11—13). Егер әрбір мәсіхші жастарды мақтауға, жаңадан келгендерді нығайтуға және жаны күйзеліп жүргендерді жігерлендіруге уақыт табатын болса, қауымдағылардың барлығы да Құдайдың батасын сезінетін болады (Римдіктерге 15:7). Бауырмалдық күдікшіл болмауға көмектеседі. Біреудің қиындықтарға тап болып жатқанын бірден оның рухани әлсіздігінің белгісі деп қарастырғанымыз дұрыс болмайды. Керісінше, Пауыл мәсіхшілерге “жаны күйзелгендерді жұбатыңдар” деп айтқан (1 Салониқалықтарға 5:14, ЖД). Киелі кітапта тіпті адал мәсіхшілердің де қиналатын кездері болатыны айтылады (Елшілердің істері 14:15).
17. Өзара бауырластығымызды нығайтатын қандай мүмкіндіктеріміз бар?
17 Қауым кездесулерінде бір-бірімізді жігерлендіріп, жұбаныш беретін керемет мүмкіндік бар (Еврейлерге 10:24, 25). Мұндай сүйіспеншілікті бір-бірімізге қауым кездесулерінде ғана білдіріп қоймауымыз керек. Құдайдың халқы кез келген басқа уақытта да пайдалы әңгіме-дүкен құрудың мүмкіндігін іздейді. Ауыр күндер келгенде бір-бірімізге тез арада көмекке келеміз, себебі арамызда достық қарым-қатынас дамыған. Елші Пауыл: “Денеде жікке бөліну болмай, бүкіл мүшелері өзара бірдей қамқорлық көрсетсін... Сондықтан бір мүше ауырса, бәрі бірге ауырады, бір мүше дәріптелсе, соған барлығы да қуанады”,— деп жазған (1 Қорынттықтарға 12:25, 26).
18. Ұнжырғамыз түскен кезде неден аулақ болуымыз керек?
18 Кейде ұнжырғамыздың түскені соншалық, тіпті бауырластармен араласуға зауқымыз соқпауы мүмкін. Мұндай сезіммен күрескеніміз дұрыс, себебі бауырластар бере алатын жұбаныш пен көмектен бас тартуға болмайды. Киелі кітап бізді: “Өзгелерден бөлектенетін адам өз қалауын ғана ойлайды; даналық атаулының бәріне қарсы шығады”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 18:1, ЖД). Бауырластарымыз арқылы Ехоба бізге қамқорлығын көрсетеді. Осы сүйіспеншілікпен жасалған көмекті қабыл алсақ, қиналған кезде жеңілдік сезінетін боламыз.
Дұрыс ой-қалпын сақта
19, 20. Қалай Жазбалар жағымсыз ойлардан аулақ болуға көмектеседі?
19 Адам ұнжырғасы түскенде және жабырқағанда жағымсыз ойға берілгіш болады. Мысалы, бақытсыздыққа ұшырағанда кейбіреулер мұны Ехобаның ризашылығынан айырылғанның белгісі ретінде қабылдап, рухани күйіне күмәндана бастауы мүмкін. Бірақ Ехоба ешкімді де ‘зұлымдықпен’ сынамайтынын естеріңнен шығармаңдар (Жақып 1:13, ЖД). Киелі кітапта: “Ол адам баласын жүрегінің қалауы бойынша жазалап немесе ренжітпейді”,— деп жазылған (Еремияның зары 3:33). Керісінше, қызметшілерінің қиналғаны Ехобаның жанына қатты батады (Ишая 63:8, 9; Зәкәрия 2:8).
20 Ехоба — “қайырымды Құдай Әкеміз, жұбаныш атаулының қайнар көзі” (2 Қорынттықтарға 1:3). Ол қамымызды ойлайды және ‘белгілеген уақыты жеткенде бізді жоғарылатпақ’ (1 Петір 5:6, 7). Құдайдың сүйіспеншілігіне әрқашан сенімді болғанымыз дұрыс ой-қалпын, тіпті қуаныш сақтауымызға көмектеседі. Жақып: “Бауырластарым менің, алуан түрлі қиын-қыстау сынақтарға ұшырағанда, бұл жайтты зор қуанышпен қабылдаңдар”,— деп жазған (Жақып 1:2). Неге? Ол былай деп жауап берді: ‘Сенімді екендіктерің дәлелденгеннен кейін бәйге жүлдесіндей “шынайы өмірдің тәжін” иемденбексіңдер. Мұны Тәңіріміз Өзін сүйгендерге сыйлауға уәде етті’ (Жақып 1:12).
21. Қиыншылықтарға кезіксе де, өзіне адалдық сақтағандарға Құдай қандай кепілдік береді?
21 Исаның ескерткеніндей, дүниеде қысымшылық көреміз (Жохан 16:33). Бірақ Киелі кітапта ‘азап-бейнет те, қудалану мен аштық-жалаңаштық та, қауіп те’ бізді Ехоба мен оның ұлының сүйіспеншілігінен айыра алмайтыны уәде етілген (Римдіктерге 8:35, 39). Көріп жатқан қасіреттердің бәрі де уақытша екенін білгеніміз сондай жұбаныш береді! Ал әзірге, адамзат қасіреті жоқ болатын кез келгенше, сүйіспеншілігі мол Әкеміз Ехоба бізді қорғап жүре бермек. Егер өзінен қорғаныш іздесек, ол “еңсесі түскенге қайғыға батқан кезінде пана болады” (Забур 9:10).
Біз не білдік?
• Зұлым дүниеде өмір сүргендіктен, мәсіхшілер неге дайын болулары керек?
• Қалай шын жүректен дұға айтқанымыз сынақтарға кезіккенде бізді нығайтады?
• Қалайша Құдайдың рухы көмек береді?
• Қалай бір-бірімізге көмектесе аламыз?
[14-беттегі сурет]
Біз Ехобаның қорғанын бас сауғалап берік қамалға жүгіргендей іздеуіміз керек
[16-беттегі суреттер]
Рухани толысқан мәсіхшілер басқаларды мақтап, жігерлендіру үшін әрбір мүмкіндікті пайдаланады