Кездесулердің жігер беретіндей өтуіне үлес қосып жүрсің бе?
“Сендер жиналғанда... бәрі де қауымның жетілуі [“нығаюы” ЖД] үшін пайдалы болсын” (ҚОР. 1-Х. 14:26).
1. Қорынттықтарға 1-хаттың 14-тарауынан көрінетіндей, кездесулердің бірден-бір мақсаты қандай?
“КЕРЕМЕТ жігерленіп қалдық қой!” Қауым кездесуінен кейін өзіңді осылай сезінген кездерің болған ба? Әлбетте, болған! Кездесуде жігерленіп, нығайып қалатынымыз рас әрі бұл солай болу керек те. Өйткені ертедегі мәсіхшілердің заманындағыдай, біздің күнімізде де кездесулерді өткізудің бірден-бір мақсаты жиналғандардың бәрін рухани нығайту болып табылады. Елші Пауыл қорынттықтарға жазған хатында осыған айрықша назар аударды. Мәселен, 14-тарауда ол кездесудің әр бөлігі “қауымды нығайтатындай” өту керектігін қайта-қайта айтып өтті (Қорынттықтарға 1-хат 14:3, 12, 26 оқы)a.
2. а) Кездесулердің рухани нығайтатындай өтуі неге байланысты? ә) Қандай сұрақты қарастырамыз?
2 Кездесулердің рухани нығайтатындай өтуіне, бірінші кезекте, Құдай рухы септігін тигізеді. Сондықтан біз әрбір кездесудің басында Ехобаға шын жүректен дұға етіп, киелі рухы арқылы батасын беруін сұраймыз. Десе де кездесудің рухани сергітіп, жігерлендіретіндей өтуіне барлығымыз да үлес қоса аламыз. Бұл үшін не істеу қажет?
3. Қауым кездесулері қаншалықты маңызды?
3 Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен, кездесулерді жүргізетін бауырластардың қандай жайттарды есте ұстау керектігін қарастырамыз. Сондай-ақ бүкіл қауым жігер алу үшін әрқайсымыз қалай үлес қоса алатынымызды да сөз етеміз. Қауым кездесулері қасиетті саналады, сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарамағанымыз абзал. Шынында да, кездесулерге бару әрі бағдарламаға атсалысу ғибадатымыздың маңызды бөлігі болып табылады (Заб. 25:12; 110:1; Ишая 66:22, 23).
Киелі кітапты зерттеу мақсатымен жиналу
4, 5. “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуінің мақсаты қандай?
4 Барлығымыз да апта сайынғы “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуінің толық пайдасын көргіміз келеді. Осы кездесудің басты мақсатын жете түсіну үшін, “Күзет мұнарасының” мұқабасы мен зерттеуге арналған мақалаларға қандай өзгерістер жасалғанын еске түсірейік.
5 2008 жылдың 15 қаңтарынан бастап зерттеуге арналған “Күзет мұнарасы” өзгеше мұқабамен шығатын болды. Сен мұны байқадың ба? Қолыңдағы журналды қарап көрсең, мұнараның астындағы ашық жатқан Киелі кітапты байқайсың. Бұл “Күзет мұнарасының” Киелі кітапты зерттеуге көмектесу мақсатымен шығарылатынына нұсқайды. Иә, апта сайынғы “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуі Құдай Сөзін түсініп, Нехемияның заманындағыдай мән-мағынасына үңілуге көмектеседі (Нех. 8:8; Ишая 54:13).
6. а) “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуі қалай өтетін болды? ә) “Оқы” деп берілетін тармақтарға қатысты нені есте ұстаған жөн?
6 Біздің зерттейтін негізгі кітабымыз Киелі кітап болғандықтан, “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуіне бір өзгеріс енгізілді. Зерттеуге арналған мақалалардағы кейбір жазба орындарына қатысты “оқы” деген нұсқау берілетін болды. Осы тармақтар оқылғанда, барлығының да өз Киелі кітаптарын ашып, ілесіп отырғандары маңызды (Ел. іс. 17:11). Неліктен? Құдайдың не дейтінін өз көзімізбен көрсек, оның әсері де күшті болары анық (Евр. 4:12). Сондықтан бұл тармақтар дауыстап оқылмас бұрын, өзгелер оларды тауып алу үшін кездесуді жүргізетін бауырластың біраз кідіре тұрғаны дұрыс.
Сенімімізді паш етудің керемет мүмкіндігі
7. “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуінде қандай мүмкіндіктер бар?
7 Тағы бір өзгеріс зерттеуге арналған мақалалардағы абзац сандарының қысқаруымен байланысты. Бұл өзгеріс түсініктеме беруге көбірек уақыт қалу үшін жасалды. Енді көп адамның түсініктеме беруге мүмкіндігі бар. Олар абзацтың сұрағына жауап беру, тармақты түсіндіру, Киелі кітап принциптерінің пайдасын көрсететін қысқаша оқиға айтып беру не суреттерге назар аудару арқылы өз сенімдерін паш ете алады (Забур 21:22; 34:18; 39:10 оқы).
8, 9. “Күзет мұнарасын” зерттеуді жүргізетін бауырластың нені ескергені маңызды?
8 Көп адам түсініктеме бере алу үшін, қысқа да нұсқа сөйлеген дұрыс және жүргізуші бауырластың да айтылғандарға тым көп қоспағаны жақсы. Ендеше кездесу барлығын жігерлендіретіндей өту үшін, жүргізуші қалай байсалдылық таныта алады?
9 Бір мысал қарастырайық. “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуінің жақсы өткізілуін көздің жауын алатын гүл шоғырымен салыстыруға болады. Ол алуан түрлі гүлдерден тұрады: олардың түсі мен пішіні әртүрлі келеді. Сол сияқты зерттеу кездесуінде ұзақтығы мен мазмұнына қарай әртүрлі түсініктемелер айтылады. Ал жүргізетін бауырлас қандай рөл атқарады? Оның ара-тұра айтқан түсініктемелерін гүл шоғырына сән беру үшін қосқан бірер жасыл бұтақшалармен салыстыруға болады. Олар көп болмағанмен, гүлдерге біртұтас көрік беріп, біріктіріп тұрады. Сол сияқты кездесуді жүргізетін бауырластың түсініктемесі де басқалардан үстем болмай, қайта олардың мадақтау сөздерін толықтырып тұруы қажет. Жүргізуші өзгелердің әртүрлі түсініктемелерін бірер сөзімен жалғап отырса, бұл әдемі гүл шоғыры іспеттеніп, бәрінің жанына жай берері сөзсіз.
“Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық”
10. Алғашқы мәсіхшілер кездесулерге қалай қараған?
10 Қорынттықтарға 1-хат 14:26—33 жазылған Пауылдың сөздерінен І ғасырдағы кездесулердің қалай өткенін біле аламыз. Киелі кітапты зерттейтін бір ғалым былай дейді: “Алғашқы мәсіхшілер жайында айрықша атап өтетін бір жайт — олар жиналыстарға келіп, үлес қосуды мәртебе әрі міндет санаған. Ешқайсысының да жай тыңдап кетемін деген ойы болмаған; келгендер алып қана қоймай, беруді де көздеген”. Алғашқы мәсіхшілердің кездесулерді сенімдерін паш етудің мүмкіндігі деп қарастырғаны анық (Рим. 10:10).
11. а) Кездесудің рухани нығайтатындай өтуіне не нәрсе септігін тигізеді және неге? ә) Түсініктемелерімізді қалай жақсарта аламыз? (Сілтемені қара).
11 Кездесуде сенімімізді паш етіп, түсініктеме бергеніміз “қауымды нығайтатынында” сөз жоқ. Қауымға келіп жүргенімізге қанша жыл болса да, бауырластардың берген жауаптарын ден қойып тыңдағанымыз әрдайым жігер береді. Адалдықпен қызмет етіп жүрген қарт бауырластардың шын жүректен берген түсініктемелері бізге қатты әсер етеді. Ал қамқор ақсақалдардың өз байқағандарымен бөліскені бізге қанат бітіретіні шүбәсіз. Балалардың ойындағысын ақтара салғаны Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін паш етіп, жүзімізге күлкі үйіреді. Расында да, түсініктеме беру арқылы барлығымыз да кездесудің рухани “нығайтатындай” өтуіне үлес қоса аламызb.
12. а) Мұса мен Еремияның мысалы не нәрсеге сенімділік береді? ә) Түсініктеме беруге дұға қалай көмектеседі?
12 Алайда жасқаншақ адамдарға түсініктеме беру қиынға соғуы мүмкін. Саған да бұл қиын болып жүрсе, жалғыз емес екеніңді ұмытпа. Тіпті Мұса мен Еремия сияқты Құдайдың адал қызметшілері де көпшіліктің алдында сөйлеуге қысылған (Мыс. ш. 4:10; Ерм. 1:6). Алайда Ехоба сол қызметшілеріне өзін жұрт алдында мадақтауға көмектескен. Ол сені де жалғыз қалдырмайды (Еврейлерге 13:15 оқы). Бұл үшін не істеуің қажет? Ең алдымен, кездесуге жақсылап дайындал. Сосын, қауымға барар алдында, Ехобаға дұға етіп, түсініктеме беруге қажетті батылдық дарытуын сұра (Філіп. 4:6). Бұл өтінішің Ехобаның “еркіне сай” болғандықтан, оның міндетті түрде жауап беретініне сенімді бол (Жох. 1-х. 5:14; Нақ. с. 15:29).
“Нығайтып, жігерлендіріп, жұбататын” кездесулер
13. а) Кездесулер қалай өту керек? ә) Ақсақалдар не жайлы ойлану қажет?
13 Пауыл кездесулердің бірден-бір мақсаты жиналғандарды “нығайтып, жігерлендіріп, жұбату” екенін айтты (Қор. 1-х. 14:3)c. Олай болса, кездесуге келгендер рухани сергіп, жұбаныш алу үшін ақсақалдар не істей алады? Бұған жауап бермес бұрын, Исаның көкке көтерілер алдында қандай кездесу өткізгенін қарастырайық.
14. а) Иса өткізген кездесудің алдында қандай жайттар орын алды? ә) Неге “Исаның қастарына таяу келіп”, тіл қатқаны елшілерінің көңілін орнықтырды?
14 Алдымен, осы кездесуге дейін қандай жайттардың орын алғанына назар аударайық. Иса өлімге кесілер алдында, елшілері оны “тастап, қаша жөнелді” және алдын ала пайғамбарлық етілгендей, “әрқайсысы өз үйіне кетіп” қалды (Мар. 14:50; Жох. 16:32). Кейіннен Иса қайта тірілген соң, еңселері түсіп жүрген елшілерін ерекше кездесуге шақырдыd. Содан, оның “он бір шәкірті Ғалилеяға барып, Иса айтқан тауға көтерілді”. Ал “Иса қастарына таяу келіп”, оларға тіл қатты (Мат. 28:10, 16, 18). Оның бірінші болып әрекет еткені елшілерінің көңілін қалай орнықтырды десеңдерші! Сол кездесуде Иса не жайлы сөз қозғады?
15. а) Иса не жайлы айтты, ал не туралы сөз қозғамады? ә) Бұл кездесу елшілерге қалай әсер етті?
15 Алдымен Иса өзіне “барлық билік берілгенін” айтты. Сосын, шәкірттеріне ‘күллі халықтарға барып, оларды Менің шәкірттерім етіңдер’ деген тапсырма берді. Ал соңында: “Мен әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!”— деп, уәде етті (Мат. 28:18—20). Алайда Исаның нені сөз етпегенін байқадың ба? Ол елшілерін жазғырмады әрі ниеттеріне шек келтіріп, сенімсіздік танытқандарын беттеріне басып айтпады. Қайта, оларға жауапты іс тапсырып, Әкесі екеуінің жақсы көретініне сендірді. Осының барлығы елшілерге қалай әсер етті екен? Олар жұбаныш алып, нығайып, жігерленгені соншалық, сол кездесу өткеннен кейін көп ұзамай-ақ “тәлім беріп”, ізгі хабарды уағыздауды жалғастыра берді (Ел. іс. 5:42).
16. Кездесулерді жүргізуге қатысты Исадан қандай үлгі алуға болады?
16 Бүгінде ақсақалдар Исаға еліктеп, кездесуге келген бауырластарды Ехобаның айнымас сүйіспеншілігіне сендіруге тырысады (Рим. 8:38, 39). Сондықтан олар кездесуді жүргізгенде бауырластардың әлсіздіктеріне емес, жақсы жақтарына көбірек назар аударады. Олар бауырластардың ниетіне күмәнданбайды. Қайта, Ехобаны сүйіп, оған ұнамды болғысы келетіндері үшін мақтайды (Сал. 1-х. 4:1, 9—12). Әрине, кейде бүкіл қауымға кеңес беру керек болады. Алайда түзетуді бірер адам ғана қажет етсе, олармен жеке сөйлескен дұрыс (Ғал. 6:1; Тім. 2-х. 2:24—26). Ақсақалдар қауымға сөйлеген кездері мақтаудың мүмкіндіктерін жібермейді (Ишая 32:2). Осылай еткендерінің арқасында барлығы да бір серпіліп, жаңа күшке ие болғандарын сезеді (Мат. 11:28; Ел. іс. 15:32)
Жылы ұя
17. а) Неге әсіресе біздің күнімізде Патшалық сарайының жылы ұядай болғаны маңызды? ә) Кездесулер жігерлендіретіндей болу үшін жеке әрқайсымыз не істей аламыз? (“Өзіңе әрі өзгелерге жігер алуға көмектесетін он қадам” деген қоршауды қара.)
17 Бүгінде Шайтанның қысымы барған сайын күшеюде, сондықтан кездесулеріміз жанға жай беретін жылы ұядай болу үшін әрқайсымыздың үлес қосқанымыз маңызды (Сал. 1-х. 5:11). Осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі екеуі ауыр жағдайды бастан кешірген бір әйел бауырлас былай дейді: “Патшалық сарайына барғанда, Ехобаның бізді алақанына салып, аялағанын сездік. Бауырластармен өткізген сол мезеттерде бар ауыртпалығымызды Ехобаға артып, жан тыныштығына бөленетінбіз” (Заб. 54:23). Кездесулерге келгендердің барлығы да осылай жұбаныш алып, жігерлене берсін. Ал біз өз тарапымыздан бұған үлес қосуды доғармайық.
[Сілтемелер]
a Алдын ала айтылғандай, І ғасырдағы кездесулерде орын алған кейбір жайттар кейінірек тоқтау керек-тін. Мысалы, бүгінде біз “бөтен тілдерде сөйлеп”, “пайғамбарлық етпейміз” (Қор. 1-х. 13:8 ЖД; 14:5). Десе де Пауылдың қауым кездесулеріне қатысты нұсқаулары бізге көп нәрсені аян етеді.
b Түсініктемелерді қалай жақсартуға болатынын 2003 жылғы “Күзет мұнарасынан” (ор.) қарауға болады (1 қыркүйек 19—22 беттер).
c Бір түсіндірме сөздігіне сай, “жұбату” деп аударылған грек сөзі “[нығайтуға] қарағанда көбірек жылулық танытуды” білдіреді (“Vine’s Expository Dictionary of Old and New Testament Words”).
d Пауыл Исаны “бес жүзден аса” адамның көргені жайлы айтқанда, осы кездесуге нұсқаған болса керек (Қор. 1-х. 15:6).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қауым кездесулері қаншалықты маңызды?
• Берген түсініктемелерің “қауымның нығаюына” қалай септігін тигізеді?
• Иса өткізген кездесуден не үйренуге болады?
[22, 23-беттегі қоршау/сурет]
ӨЗІҢЕ ӘРІ ӨЗГЕЛЕРГЕ ЖІГЕР АЛУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ОН ҚАДАМ
Алдын ала дайындал. Бағдарламаға алдын ала дайындалатын болсаң, кездесулер сен үшін барынша қызықты өтіп, зор әсер қалдырады.
Кездесулерден қалма. Кездесуге барлығының келгені жігер беріп қуантады, сондықтан сенің де жиналыстан қалмағанын өте маңызды.
Кешікпе. Кешікпей келетін болсаң, ғибадатымыздың бір бөлігі болып табылатын ән мен дұғаға қатыса аласың.
Қажетті әдебиеттерді алып бар. Өзіңмен бірге Киелі кітапты және басқа да қажетті әдебиеттеріңді алып баратын болсаң, айтылып жатқандарға ілесіп отырасың және мәнін де жақсырақ ұға аласың.
Алаңдама. Мысалы, ұялы телефоныңа хат келсе, оны кездесуден кейін оқыған дұрыс. Осылайша кездесу уақыты жеке істермен айналысатын кез емес екенін көрсетесің.
Атсалыс. Көпшілігінің түсініктеме беріп, сенімдерін паш еткені барлығын да жігерлендіреді.
Қысқа да нұсқа жауап бер. Сонда мүмкіндігінше көп адамның жауап беруіне септігіңді тигізесің.
Тапсырмаңа жауапкершілікпен қара. Теократиялық қызмет мектебі не қызмет кездесуіндегі тапсырмаларыңа алдын ала жаттығып дайындал және мүмкіндігінше олардан бас тартпауға тырыс.
Қатысушыларды мақта. Тапсырмамен шыққан не жауап берген бауырластарды еңбектері үшін мақта.
Бауырластармен аралас. Кездесуге дейін де, кейін де бауырластармен араласқаның қауымға келгеннен алған қуанышыңа қуаныш қосары сөзсіз.