Бірінші болып құрмет көрсетіп жүрсің бе?
“Жанашыр болып, бір-біріңді бауырлардай сүйіңдер. Бірінші болып құрмет көрсетіңдер” (РИМ. 12:10 ЖД).
1, 2. а) Римдіктерге жазған хатында Пауыл қандай өсиет айтты? ә) Қандай сұрақтарды қарастырамыз?
ЕЛШІ Пауыл римдіктерге жазған хатында сүйіспеншілік көрсетудің маңыздылығына назар аударды. Ол мәсіхшілерді бір-бірін туған бауырлардай әрі шын жүректен сүюге шақырды (Рим. 12:9, 10а).
2 Өзгені сүю деген оны іштей жақсы көруді ғана білдірмейді. Мұндай сезім іс-әрекеттен көріну керек. Әйтпесе біздің жақсы көретінімізді ешкім байқамайтын болады. Сондықтан Пауыл: “Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер”,— деп қосты (Рим. 12:10ә). Құрмет көрсетуге не жатады? Бауырластарға бірінші болып құрмет көрсету неге маңызды? Мұны қалай істей аламыз?
Құрмет көрсетуге не жатады?
3. Киелі кітап жазылған тілдерде “құрмет” сөзі қандай мағына береді?
3 Жазбаларда жиі “құрмет” деп аударылатын еврей сөзі тікелей мағынада “ауыр” дегенді білдіреді. Иә, құрметке бөленген адам беделді, сөзі салмақты саналады. Аталмыш еврей сөзі “қадірлі” деп те аударылып, адамның жұрт алдында абыройы артқанын білдіреді (Жар. 45:13). Ал грек тілінен “құрметті” деп аударылатын сөз қастерлі, бағалы, қымбат деген ойды береді (Евр. 2:9). Құрмет тұтқан адамымыз біз үшін бағалы да қымбат болады, солай емес пе?!
4, 5. Өзгелерді құрметтеуге не жатады? Мысал келтір.
4 Өзгелерді құрметтеуге не жатады? Мұның іс-әрекеттен көрінетіні анық. Алайда, ең алдымен, құрмет тұтатын адамға қалай қарайтынымызға назар аудару қажет, яғни оны іштей құрметтеген жөн.
5 Расында да, бауырласын жүрегінде құрмет тұтпаған адам оған шынайы құрмет көрсете ала ма? (Жох. 3-х. 9, 10). Мысалы, өсімдік жайқалып өсу үшін оны құнарлы топыраққа отырғызу қажет. Сол сияқты біреуге көрсеткен құрметіміз шынайы әрі тұрақты болу үшін ол жүрегіміздің түбінен шығуы керек. Ал адамға шынайы ықылас танытпаған жағдайда оны ұзағынан құрметтей алмайтынымыз анық (Ел. іс. 5:1—5). Сондықтан Пауыл “сүйіспеншіліктерің шынайы болсын” деген кеңес берді (Рим. 12:9 ЖД; Петірдің 1-хаты 1:22 оқы).
Құдай өзіне ұқсас етіп жаратқандарды құрметте
6, 7. Неге өзгелерді құрметтеу керек?
6 Адамға деген құрмет жүрегімізден бастау алу үшін, мұның Жазбаларда көрсетілген себептерін әрдайым есте ұстағанымыз маңызды. Ендеше құрмет көрсетудің екі себебін қарастырайық.
7 Жер бетіндегі өзге жаратылыстардың ішінде адамдар ғана ‘Құдайға рухани жағынан ұқсас’ етіп жаратылған (Жақ. 3:9). Сондықтан сүйіспеншілік, даналық және әділдік сияқты Құдайға тән қасиеттер біздің бойымызда да бар. Жаратушымыздың бізге тағы не дарытқанына назар аударайық. Забур жыршысы былай деген: “Уа, Жаратқан... Көктен биік мерейіңді өсірдің. Оны [адамды] көктегілерден сәл төмен қойдың. Құрмет, салтанатты оған тәждей сыйладың” (Заб. 8:2, 5, 6; 103:1)a. Құдай адамдарды белгілі бір шамада құрмет пен мәртебеге бөлеген. Сондықтан әлдекімге құрмет көрсеткенде, мұны адам баласына Құдайдың өзі сыйлағанын мойындайтынымызды көрсетеміз. Ендеше барлық адамдар құрметке лайық болса, мәсіхші бауырластарымыз бұған одан бетер лайық емес пе?! (Жох. 3:16; Ғал. 6:10).
Бір отбасын құрайтындар
8, 9. Пауыл бауырластарды құрметтеудің қандай себебін көрсетті?
8 Пауыл өзгені құрмет тұтудың екінші себебін көрсетіп: “Жанашыр болып, бір-біріңді бауырлардай сүйіңдер”,— деген. “Бауырлардай сүю” деп аударылған грек тіркесі бірлік-береке орнаған отбасындағы жылы қарым-қатынасқа нұсқайды. Осы тіркесті қолдану арқылы Пауыл қауымдағылардың арасындағы қарым-қатынастың тату отбасындағыдай берік те сүйіспеншілікке толы болу керектігіне назар аударған (Рим. 12:5). Оның үстіне, Пауылдың бұл сөздерді майланған мәсіхшілерге жазғанын ескерген жөн. Ал Ехоба оларды өзінің балалары ретінде қабыл алған. Иә, Пауылдың заманындағы майланғандар шынымен бір отбасын құраған. Сондықтан олардың бір-бірін құрметтеуіне келелі себеп болған. Біздің күніміздегі майланғандар жайлы да солай деуге болады.
9 Ал “басқа қойлар” ше? (Жох. 10:16). Олар әзірге Құдайдың балалары емес. Десе де дүниежүзілік мәсіхшілер отбасын құрайтындықтан, олар бір сенімдегілерін “бауырлас” деп атай алады (Пет. 1-х. 2:17; 5:9). Осы сөздің мәнін жете түсінгені оларды бір-бірін шын жүректен құрметтеуге талпындырады (Петірдің 1-хаты 3:8 оқы).
Құрмет көрсетудің маңыздылығы
10, 11. Бауырластарды құрметтегеніміз неге маңызды?
10 Бауырластарға құрмет көрсетудің маңызы зор. Бұл бүкіл қауымның ынтымақ-бірлігіне көп септігін тигізеді.
11 Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болып, оның киелі рухына кенелгеніміз біз үшін бірден бір көмек болып табылады (Заб. 35:7; Жох. 14:26). Сондай-ақ бауырласымыз бізді бағалайтынын көрсеткенде де бір марқайып қаламыз (Нақ. с. 25:11). Оның шын жүректен айтқан бір ауыз мақтау сөзі не көрсеткен құрметі бізге қанат бітіріп, өмірге жетелейтін жолда қуанышпен әрі берік сеніммен жүре беруге күш дарытады. Мұны өзің де талай сезінген боларсың.
12. Бауырластардың арасындағы жылулық пен сүйіспеншіліктің артуына қалай үлес қоса аламыз?
12 Ехоба адам баласының құрметке мұқтаж екенін біледі, сондықтан да Сөзі арқылы өзгелерге “бірінші болып құрмет көрсетуге” шақырады (Рим. 12:10; Матай 7:12 оқы). Осы құнды кеңеске құлақ асу арқылы барлығымыз да бауырластардың арасындағы жылулық пен сүйіспеншіліктің артуына үлес қоса аламыз. Сондықтан бір сәтке тоқталып: “Бауырласымды шын жүректен құрметтейтінімді сөзіммен не ісіммен соңғы рет қашан көрсеттім?”— деп ойланып көргеніміз абзал (Рим. 13:8).
Барлығымызға арналған өсиет
13. а) Құрмет көрсетуде кім жетекшілік ету керек? ә) Римдіктерге 1:7-дегі Пауылдың сөздері кімге арналған?
13 Құрмет көрсетуде кім бірінші болып әрекет ету керек? Еврейлерге жазған хатында Пауыл қауым ақсақалдарын “жетекшілер” деп атаған (Евр. 13:17). Иә, ақсақалдар көп істе жетекшілік етеді. Дегенмен олар өзге ақсақалдарды қоса алғанда, барлық бауырластарға құрмет көрсетуде де бірінші болып әрекет еткендері жөн. Мәселен, қауымның рухани қажеттіліктерін қарастыру үшін жиналғанда, ақсақалдар барлығының сөзін мұқият тыңдау арқылы әрі шешім қабылдарда әрқайсының пікірін ескеру арқылы бір-бірін құрметтейтіндерін көрсетеді (Ел. іс. 15:6—15). Алайда Пауылдың римдіктерге жазған хаты тек ақсақалдарға ғана емес, бүкіл қауымға арналғанын ұмытпайық (Рим. 1:7). Олай болса, бірінші болып құрмет көрсету жайлы кеңестің де барлығымызға қатысы бар.
14. а) Құрмет көрсету мен бірінші болып құрмет көрсетудің айырмашылығы қандай? ә) Не жайлы ойланғанымыз дұрыс?
14 Пауыл берген кеңестің басқа бір қырына назар аударайық. Ол Римдегі бауырластарын тек құрмет көрсетуге емес, бірінші болып құрмет көрсетуге талпындырған. Бұлардың арасында қандай айырмашылық бар? Бір мысал қарастырайық. Мұғалім сауаты бар оқушыларға оқуды үйретер ме еді? Әлбетте, жоқ. Олар онсыз да оқи біледі ғой. Мұғалім тек жақсырақ оқуды үйретеді. Оқи білетін оқушылар сияқты, бізге құрмет көрсетуге үйренудің қажеті жоқ: бұлай етуге бізді шынайы мәсіхшілерге тән сүйіспеншілік талпындырады (Жох. 13:35). Алайда бірінші болып құрмет көрсетуде жақсаруымызға болады (Сал. 1-х. 4:9, 10). Бұл өсиеттің барлық мәсіхшілерге берілгенін ұмытпайық. Сен өзің жайлы не айта аласың? Қауымыңдағы бауырластарға бірінші болып құрмет көрсетіп жүрсің бе?
“Жарлы” адамдарды құрметте
15, 16. а) Кімге құрмет көрсетуді ұмытпауымыз керек және неге? ә) Бауырластардың барлығын шынымен құрметтейтінімізді қалай тексеруге болады?
15 Қауымдағыларға құрмет көрсеткенде, кімді шет қалдырмауымыз керек? Құдай Сөзінде: “Жарлыны қамқорлаған — Жаратқанға қарыз бергені, Игі істерінің есесін Жаратқан қайтарып береді”,— делінген (Нақ. с. 19:17). Бірінші болып құрмет көрсеткісі келетін біздер үшін бұл сөздердің қандай мәні бар?
16 Бүгінде көп адам дәрежесі жоғары тұрғандарды құрмет тұтып, ал өзінен төмендерін көзге де ілмейді. Алайда Ехоба бұлай етуден аулақ. Ол: “Мені құрметтегенді Мен де құрметтеймін”,— дейді (Пат. 1-ж. 2:30; Заб. 112:5—7). Иә, ол өзіне қызмет етіп, құрмет көрсететіндерді қадір тұтады. Ехоба “жарлы” адамдарды шеттетпейді (Патшалықтар 1-жазба 2:8 оқы; Шеж. 2-ж. 16:9). Біз Ехобаға еліктеуді қалаймыз. Сондықтан бауырластарды шынымен құрметтейміз бе, жоқ па, соны білу үшін: “Қауымда жауапты не маңызды қызмет атқармайтын бауырластарға қалай қараймын?”— деген сұрақтың үстінен ойланып көргеніміз жөн (Жох. 13:14, 15). Берген жауабымыздан өзгелерді қаншалықты құрметтейтініміз көрінеді (Філіпіліктерге 2:3, 4 оқы).
Уақыт бөлу арқылы құрмет көрсетейік
17. Құрмет көрсетудің бірден-бір жолы қандай және неге олай дейміз?
17 Қауымдағыларға құрмет көрсетудің бірден-бір жолы — оларға уақыт бөлу. Неге бұлай дейміз? Патшалық ісіне көп үлес қосатындықтан, біздің уақытымыз әрдайым тығыз болады. Расында да, мәсіхшілер үшін уақыт аса құнды. Олай болса, бауырластардан тым көп уақыт бөлуді сұрағанымыз ақылдылыққа жатпас еді. Мұны өзгелердің де ескергенін қалайтынымыз шүбәсіз.
18. Бауырластарға уақыт бөлуге дайын екенімізді қалай көрсете аламыз? (18-беттегі суретке назар аудар).
18 Әйтсе де, айналысып жатқан ісімізді доғарып, бауырласымызға уақыт бөлетін болсақ, оны құрметтейтінімізді көрсетеміз. Әсіресе қауым ақсақалдарының осылай еткені маңызды. Бауырласқа көңіл бөлу үшін шаруамызды тоқтата тұрсақ: “Сені бағалайтыным соншалық, айналысып жатқан ісімді қоя тұруға дайынмын”,— дегендей боламыз (Мар. 6:30—34). Ал тыңдауға ықылас танытпасақ, ол өзін маңызсыз сезініп қалуы мүмкін. Әрине, кейде шаруамызды шұғыл атқару керек болып жатады. Десе де, бауырласымызды тыңдауға ықылас білдірмегеніміз не зауқымыздың соқпауы жүрегіміздің түбінде оны қаншалықты қадірлейтінімізді көрсетеді (Қор. 1-х. 10:24).
Бірінші болып құрмет көрсетуге бел бу
19. Бауырластарды құрметтейтінімізді тағы қалай көрсете аламыз?
19 Бауырластарға құрмет көрсетудің басқа да маңызды жолдары бар. Мысалы, оларға уақыт бөлумен қатар, айтқандарына мұқият ден қойғанымыз маңызды. Бұл жағынан Ехобадан үлгі алуымызға болады. “Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, Өзіне жалынғандарға құлақ салады”,— деп жазды забур жыршысы (Заб. 33:16). Бауырластарға, әсіресе бізден көмек сұрап келгендерге, “назар аударып”, “құлақ салатын” болсақ, оларды құрметтейтінімізді көрсетеміз.
20. Құрмет көрсетуге қатысты қандай жайттарды есте ұстағанымыз жөн?
20 Қорытынды ретінде келесі жайттарды атап өтейік. Біз бауырластарға не үшін құрмет көрсетуіміз керектігін есте ұстағымыз келеді. Сондай-ақ көзге түсе бермейтін бауырластарды қоса алғанда, барлығына бірінші болып құрмет көрсетудің мүмкіндіктерін іздейміз. Осылайша бауырластардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бірлігіне үлес қосамыз. Олай болса, өзгелерге құрмет көрсетіп қана қоймай, мұны бірінші болып істеуге бел буалық.
[Сілтеме]
a 8-ші Забур жырындағы сөздердің кемелді адам Иса Мәсіхке нұсқайтын пайғамбарлық мәні бар (Евр. 2:6—9).
Естеріңде ме?
• Құрмет көрсетуге не жатады?
• Бауырластарды құрметтеуге қандай келелі себептер бар?
• Бір-бірімізді құрметтегеніміз неге маңызды?
• Бауырластарды құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз?
[18-беттегі сурет]
Бауырластарға қалай құрмет көрсете аласың?