“Көсемдерің біреу-ақ. Ол — Мәсіх”
“Өздеріңді “көсем” деп те ататпаңдар, өйткені Көсемдерің біреу-ақ. Ол — Мәсіх” (МАТ. 23:9, 10 ЖД).
1. Ехоба куәгерлері кімді Көсем деп мойындайды және неге?
МӘСІХШІЛЕР әлемінің түрлі шіркеулерінде Рим папасы, патриарх не митрополит сияқты діни жетекшілер бар. Бірақ Ехоба куәгерлері ешбір адамды көсем етпейді және олар ешқандай адамның ізбасарлары немесе шәкірттері емес. Бұл жайт Ехобаның өз Ұлына қатысты айтқан келесі пайғамбарлығына сай келеді: “Міне, Мен Оны халыққа арналған куәгер, халықтарға көсем және ұстаз етіп ұсынып отырмын” (Ишая 55:4 Тт). Майланған мәсіхшілер мен олардың серігі “басқа қойлардан” тұратын халықаралық қауым Ехобаның өзі тағайындаған Көсемнен басқа ешкімді мойындамайды (Жох. 10:16). Сондай-ақ олар Исаның: “Көсемдерің біреу-ақ. Ол — Мәсіх”,— деген сөзіне қосылады (Мат. 23:10 ЖД).
Исраилдің рухани Төресі
2, 3. Исраилдіктерге қатысты оқиғаларда Құдай Ұлы қандай іс атқарған?
2 Мәсіхшілер қауымының құрылуына дейін көп ғасыр бұрын Ехоба Исраил халқына жетекші етіп бір періштесін жіберген. Сонда ол исраилдіктерді Мысырдан алып шығып, оларға былай деген: “Тыңдаңдар. Мен сендерді жолда қорғап, Өзім дайындаған жерге алып баратын періштені алдарыңнан жіберіп отырмын. Оны ренжітуден сақ болып, айтқандарына құлақ асып, оған қарсы қасарыспа! Ол Менің атымнан әрекет ететіндіктен бас көтерілулеріңді кешірмейді” (Мыс. ш. 23:20, 21). Ехобаның атынан әрекет еткен бұл періште оның тұңғыш Ұлы болған деп есептеу қисынды.
3 Жерге адам болып келмес бұрын Құдайдың Ұлы Михайл деп аталған болу керек. Михайл Даниял кітабында Исраил халқының “төресі” (ЖД) делінген (Дан. 10:21). Шәкірт Яһуда болса Даниялдың күндеріне дейін ұзақ уақыт бұрын Михайлдың Исраилмен байланысты бір оқиғаға қатысқанын жазған. Сол жолы Шайтан Мұсаның мәйітін өз мақсатында, Исраилді пұтқа табынушылыққа итермелеу үшін болса керек, қолданып қалғысы келген. Бірақ оған Михайл кедергі жасады. Мұны Яһуда былай деп баяндайды: “Бас періште Михайл Мұса пайғамбардың мәйіті туралы шайтанмен айтысқанда, оны балағат сөзбен айыптауға дәті бармады. — Жаратқан Ие саған жазаңды тартқызсын!— деп қана қойды” (Яһд. 9). Осы оқиғадан кейін көп ұзамай исраилдіктер Иерихонды қоршауға алған болатын. Сонда “Жаратушы Ие жасағының көсемі” (оның Михайл екені сөзсіз) Ешуаға көрініп, оны Құдай қолдайтынына сендірген (Ешуа 5:13—15 оқыa). Тағы бір жолы Даниял пайғамбарға хабар жеткізу үшін жіберілген періштеге бір күшті жын-пері кедергі жасамақ болады. Сол кезде де Михайл көмекке келеді (Дан. 10:5—7, 12—14).
Көсемнің келуі алдын ала айтылған
4. Мәсіхтің келуіне қатысты қандай пайғамбарлық айтылған?
4 Соңғы айтылған оқиғадан бұрын, Ехоба Жәбірейіл періштені Даниялға “Мәсіх Көсемнің” (ЖД) келуіне қатысты пайғамбарлық хабар жеткізуге жіберген еді (Дан. 9:21—25)b. Уақыты келгенде, яғни б. з. 29 жылының күзінде, Исаны Жақия шомылдыру рәсімінен өткізді. Сонда Исаға киелі рух қонып, ол Майланған, яғни Мәсіх болды (Мат. 3:13—17; Жох. 1:29—34; Ғал. 4:4). Осылайша ол теңдесі жоқ Көсемге айналды.
5. Жердегі қызметі кезінде Иса қалай Көсем ретінде әрекет етті?
5 Иса жердегі қызметі бастала салысымен-ақ өзінің “Мәсіх Көсем” екенін дәлелдеді. Ол санаулы күннің ішінде шәкірттер жинады және алғашқы кереметін жасады (Жох. 1:35—2:11). Елдің о шеті мен бұ шетін аралап, ізгі хабарды жариялағанда, шәкірттері оған еріп жүрді (Лұқа 8:1). Иса оларға ізгі хабарды уағыздауды үйретті және өзі үлгі көрсетіп, уағыздау мен тәлім беру ісінде жетекшілік етті (Лұқа 9:1—6). Бүгінгі мәсіхші ақсақалдар да осы салада Исаның үлгісіне еліктегендері жөн.
6. Мәсіх өзінің Бағушы әрі Көсем екенін қалай дәлелдеді?
6 Иса өзін қамқор бағушыға теңеп, көсем болуының тағы бір қырын көрсетті. Шығыс елдерінде шопан отардың алдында жүреді. “Жер және кітап” деген еңбегінде У.М. Томсон былай деп жазды: “Шопан отардың алдында жол көрсету үшін ғана емес, жолдың қауіпсіз әрі отарға ыңғайлы екенін көру үшін де жүретін... Ол қолындағы таяғымен отарын жасыл жайлауға бағыттайтын және жауларынан қорғайтын”. Иса өзінің шынайы Бағушы әрі Көсем екенін түсіндіріп: “Мен “ізгі Бағушымын”: ізгі Бағушы қойлары үшін жанын қияды. Өз “қойларым” даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді”,— деді (Жох. 10:11, 27). Осы сөздердің растығын дәлелдеп, Иса өз жанын қойлары үшін құрбан етті. Бірақ Ехоба оны “Көсем және Құтқарушы ретінде Өзінің оң жағындағы ең құрметті орынға көтеріп, отырғызды” (Ел. іс. 5:31; Евр. 13:20).
Мәсіхшілер қауымның бақылаушысы
7. Иса мәсіхшілер қауымына басшылықты не арқылы береді?
7 Қайта тірілген Иса көкке кетерінің алдында шәкірттеріне: “Маған көк пен жердің барлық билігі берілген!”— деген (Мат. 28:18). Ехоба Иса арқылы шәкірттеріне шындықта нық тұруға көмектесетін киелі рухын берді (Жох. 15:26). Осы киелі рухты Иса б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында ізбасарларына төкті (Ел. іс. 2:33). Сол кезде мәсіхшілер қауымының негізі қаланды. Жер бетіндегі қауымға көктен бақылауды Ехоба Ұлына тапсырды (Ефестіктерге 1:22; Қолостықтарға 1:13, 18 оқы). Иса мәсіхшілер қауымына басшылығын Ехобаның киелі рухы арқылы жүргізеді және өзіне “бағынышты” періштелердің қызметін қолданады (Пет. 1-х. 3:22).
8. Мәсіх қауымға басшылықты І ғасырда кім арқылы берді, ал қазіргі кезде ше?
8 Сондай-ақ Иса киелі рух арқылы “сый ретінде адамдарды” (ЖД) берген, олардың кейбірі қауымның “рухани бағушысы немесе тәлімгері” еді (Ефес. 4:8, 11). Елші Пауыл мәсіхші бақылаушыларға: “Енді өздеріңе де, Киелі Рух бақыла деп берген барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай... қауымына солай қамқор болыңдар!”— деп жазды (Ел. іс. 20:28). Алғашқы мәсіхшілер қауымының бақылаушыларының бәрі киелі рухпен майланған ер адамдар еді. Иерусалим қауымындағы елшілер мен ақсақалдар басқарушы кеңес ретінде қызмет етті. Мәсіх солар арқылы бүкіл майланған “бауырластарына” басшылық берді (Евр. 2:11; Ел. іс. 16:4, 5). Біздің күнімізде де Мәсіх “бүкіл меншігін”, яғни Патшалықтың жердегі мүддесіне қызмет ететіндердің бәрін, “адал да ақылды құлға” және оның өкілі Басқарушы кеңеске — майланған ер адамдардан тұратын топқа — тапсырды (Мат. 24:45—47). Майланған мәсіхшілер мен олардың серігі — басқа қойлар қазіргі кездегі Басқарушы кеңестің басшылығына мойынсұнудың Көсем Мәсіхтің өзіне мойынсұнумен бара-бар екенін түсінеді.
Мәсіх уағыздау ісін қолға алды
9, 10. Патшалық туралы ізгі хабардың таралуына қатысты Мәсіх қандай нұсқаулар берген?
9 Иса қызметінің басынан-ақ дүниежүзіне уағыз айту мен тәлім беру ісін қолға алды. Ол Патшалық туралы ізгі хабардың жер жүзіне таралу кезегін орнатты. Қызметі кезінде ол елшілеріне нұсқау беріп, былай деген: “Басқа ұлт адамдарының жерлеріне бармай, самариялық қалаларға да кірмеңдер. Қайта, Исраил халқының адасып кеткен қойларға ұқсас адамдарына барыңдар! Аралай жүріп: “Құдай Патшалығының жер бетінде орнайтын кезі таяп қалды!” деп уағыздаңдар” (Мат. 10:5—7). Шәкірттер бұл істі яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандардың арасында құлшына, әсіресе б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамынан бастап, атқаруға кірісті (Ел. іс. 2:4, 5, 10, 11; 5:42; 6:7).
10 Кейінірек Иса киелі рухтың көмегімен Патшалықты уағыздау ісін кеңейтіп, оның самариялықтар мен яһуди еместерге таралуына қам жасады (Ел. іс. 8:5, 6, 14—17; 10:19—22, 44, 45). Ізгі хабарды басқа ұлттар есту үшін Исаның өзі тарстық Саулға қозғау салды. Сол жолы Иса шәкірті Ананиға былай деп нұсқау берген болатын: “Тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар, сол жерде Иуданың үйінен тарстық Саул деген кісіні сұра!.. Ол — Менің атымды басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау үшін таңдап алған қызметшім” (Ел. іс. 9:3—6, 10, 11, 15). Бұл кісі кейін елші Пауыл болды (Тім. 1-х. 2:7).
11. Мәсіх киелі рух арқылы уағыздау ісінің аясын қалай кеңейтті?
11 Патшалықты яһуди еместерге уағыздап, бұл істің аясын кеңейтетін уақыт жеткенде, Пауыл киелі рухтың басшылығымен Кіші Азия мен Еуропаға миссионерлік сапарға аттанды. Мұны Лұқа былай деп баяндайды: “Олар Иемізге сиынып, ораза тұтып отырғанда Киелі Рух: “Мен шақырған іске Барнаба мен Саулды Маған бөлек шығарып беріңдер!”— деді. Сонда бәрі ораза тұтып мінажат етіп, екеуінің үстеріне қолдарын қойып, баталарын берді де, жолға шығарып салды” (Ел. іс. 13:2, 3). Тарстық Саулды басқа халықтарға есімін жариялайтын қызметші етіп Исаның өзі таңдаған болатын. Демек, уағыздау ісіне осындай жаңа серпілісті берген де қауымның Көсемі Мәсіх еді. Иса киелі рухтың көмегімен бұл іске басшылық бергені Пауылдың екінші миссионерлік сапарынан анық көрінді. Елшілердің істері кітабында айтылғандай, “Исаның Рухы”, яғни киелі рух арқылы Иса, қайда баруды ойластырып жатқан Пауыл мен оның серіктестеріне басшылық ретінде аян беріп, Еуропаға бағыттаған (Елшілердің істері 16:6—10 оқы).
Иса қауымның Басшысы
12, 13. Мәсіхтің әр қауымда не болып жатқанын білетіні Аян кітабынан қалай көрінеді?
12 Иса б. з. I ғасырдағы майланған мәсіхшілердің қауымында не болып жатқанын біліп отырған. Әр қауымның рухани күйі де оған мәлім еді. Мұны Аян кітабының 2, 3-тарауларынан анық көреміз. Иса Кіші Азиядағы жеті қауымның атын атады (Аян 1:11). Олай болса, Иса сол кездегі басқа қауымдардың да рухани күйін жақсы білген деп есептеуге толық негіз бар (Аян 2:23 оқы).
13 Иса кейбір қауымдарды шыдамдылығы, қиыншылықтар кезіндегі адалдықтары, айтқанын тура ұстанғандары және жолдан таюшылардан бас тартқандары үшін мақтаған (Аян 2:2, 9, 13, 19; 3:8). Бірақ бірнешеуіне қатаң ескерту де айтқан. Өйткені олардың сүйіспеншілігі суып, қауымдарында пұтқа табынушыларға, азғындық жасайтындарға және жалған ілімді таратушыларға жол беріп қойған еді (Аян 2:4, 14, 15, 20; 3:15, 16). Қатаң сөгіс берсе де, Иса қамқор бақылаушы ретінде былай деді: “Мен сүйетіндерімнің бәрін әшкерелеп, тәртіпке шақырамын. Енді ынталы болып, өкініп, теріс жолдан қайт!” (Аян 3:19). Иса көкте болса да, жердегі шәкірттерінен тұратын қауымдарды киелі рух арқылы жетелейді. Жеті қауымға жолдаған сөзін Иса: “Құлақтары барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын”,— деп аяқтады (Аян 3:22).
14—16. а) Иса Ехобаның жердегі халқының өжет Көсемі екенін қалай дәлелдеді? ә) Исаның “бұл дүниенің ақыр соңына дейін” шәкірттерімен бірге болғаны қандай нәтиже берді? б) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
14 Михайл періштенің (Исаның) Исраилдің өжет Көсемі болғанын білдік. Кейін ол алғашқы шәкірттерінің батыл Көсемі әрі қамқор Бағушысы болған. Ал жерде қызмет еткен кезде Иса уағыз ісінде жетекшілік еткен. Қайта тірілген соң Патшалық туралы ізгі хабардың таралуын мұқият бақылаған.
15 Иса киелі рух арқылы уағыздау ісінің аясын жердің шетіне дейін кеңейтпек еді. Сондықтан көкке кетпес бұрын шәкірттеріне: “Сендер Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар, сөйтіп Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар”,— деген еді (Ел. іс. 1:8; Петірдің 1-хаты 1:12 оқы). Мәсіхтің басшылығымен І ғасырда ғаламат көлемде куәлік берілді (Қол. 1:23).
16 Алайда Иса бұл істің осы заманның ақырында да жалғасын табатынына меңзеген. Ізбасарларына уағыздау мен барлық ұлттардан шәкірт дайындау ісін тапсырғанда, оларға былай деп уәде берді: “Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” (Мат. 28:19, 20). 1914 жылы патшалық билікті қолға алған кезден бастап, Мәсіх шәкірттерімен бұрынғыдан әлдеқайда “бірге” болып, Көсем ретінде белсенді әрекет етуде. Бұл келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтемелер]
a Ешуа 5:13—15: “[Ешуа] Иерихон маңында тұрып қараса, алдында қолына жалаң семсер ұстаған адам тұрғанын көрді. [Ешуа] оған жақындап барып: Сен біздің адамбысың әлде дұшпандарымыздың біреуімісің?— деп сұрады. Ол айтты: жоқ, мен Жаратушы Ие жасағының көсемімін, қазір осында келдім,— деді. [Ешуа] жерге басы жеткенше тағзым етті де: менің әміршім өзінің құлына не айтар екен?— деп сұрады. Жаратушы Ие жасағының көсемі [Ешуға]: аяқ киіміңді шеш, өйткені сен басып тұрған жер қасиетті,— деді. Ешуа солай етті”.
b Көбірек мәлімет алу үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 197—199 беттерін қара.
Қайталау
• Құдай Ұлы Исраилдің Көсемі екенін қандай ісімен дәлелдеді?
• Жердегі қауымына Мәсіх не арқылы басшылық беруде?
• Мәсіх ізгі хабардың таралуында қалай жетекшілік етті?
• Мәсіхтің әрбір қауымның рухани күйін жақсы білетіні неден көрінеді?
[21-беттегі сурет]
“Періштені алдарыңнан жіберіп отырмын”
[23-беттегі сурет]
Мәсіх қазір де отарын “сый ретінде берілген адамдар” арқылы бағуда