Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w10 15.9. 25—29 бет.
  • Көсеміміз белсене әрекет етуде

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Көсеміміз белсене әрекет етуде
  • 2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жер бетіндегі құлдарын тазартуда
  • Жер бетіндегі егінді оруда
  • Қауымдарға жетекшілік етуде
  • “Иеміз Иса, келе гөр!”
  • Иса жеңу үшін шықты
  • “Мен осы заманның ақырына дейін әр күні сендермен біргемін”
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Көсемдерің біреу-ақ. Ол — Мәсіх”
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • ‘Шындықты білдіретін киелі рухты’ қабылдадыңдар ма?
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Олар “өмір суының” бұлақтарына жетелеуге лайық
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w10 15.9. 25—29 бет.

Көсеміміз белсене әрекет етуде

“Ол жеңу үшін жеңімпаз ретінде шықты” (АЯН 6:2 сілт.).

1, 2. а) 1914 жылы таққа отырған Мәсіх патша Киелі кітапта қалай суреттелген? ә) Мәсіх таққа отыра салысымен қандай іске кірісті?

ЕХОБА Мәсіхті 1914 жылы уәде етілген Патшалықтың тағына отырғызды. Бұл патша қазір не істеп жатыр? Ол ойға шомып, жердегі қауымдарға анда-санда көз қырын салып қойып, тағында отыр ма? Егер оны осылай елестетсек, онда ойымызды өзгерту керек. Себебі Забур жырлары мен Аян кітабында ол атқа мініп, белсене әрекет етіп жатқан патша ретінде бейнеленген. Ол — ‘жеңу үшін жеңімпаз ретінде шыққан’ немесе ‘жеңіске аттанған’ патша (Аян 6:2 сілт.; Заб. 2:6—9; 44:2—5).

2 Мәсіх патша тағына отыра салысымен “айдаһарға қарсы аттанып”, оны жеңді. Бас періште Михайл ретінде ол қол астындағы періштелерімен бірге Шайтан мен оның нөкерлерін, жын-перілерін, киелі көктен қуып, олардың әрекет ету аясын жермен шектеді (Аян 12:7—9). Кейін Әкесімен бірге Мәсіх “келісімнің хабаршысы” (ЖД) ретінде рухани ғибадатхананы тексеруге келді (Малх. 3:1). Сөйтіп, “Ұлы Бабылдың” бөлігі болып табылатын мәсіхшілер әлемін соттады. Өйткені оның қантөгіске қатысқаны және осы дүниенің саясатына араласып арамдалғаны үшін күнәсі бәрінен де зор еді (Аян 18:2, 3, 24).

Жер бетіндегі құлдарын тазартуда

3, 4. а) Ехобаның “хабаршысы” ретінде Мәсіх қандай іс атқарды? ә) Ғибадатхананы тексерудің нәтижесінде не айқындалды және қауым Басы ретінде Иса кімді қандай іске тағайындады?

3 Ехоба мен оның “хабаршысы” жүргізген тексерудің нәтижесінде рухани ғибадатхананың жердегі ауласында мәсіхшілер әлеміне жатпайтын шынайы мәсіхшілер тобы бар екені анықталды. Бірақ киелі рухпен майланған сол мәсіхшілердің өзін, яғни “Леуінің ұлдарын”, тазарту қажет еді. Бұл жайлы Малахи пайғамбар былай деген: “[Жаратушы Ие] күмісті қорытуға және тазартуға отырады әрі Левийдің [Леуінің] ұлдарын тазартып, шындығы арқылы Жаратушы Иеге құрбандығын берсін деп оларды алтын мен күмісше қайта қорытады” (Малх. 3:3). Бұл рухани Исраилді Ехоба “келісім хабаршысы” Иса Мәсіх арқылы тазартты.

4 Сондай-ақ Мәсіх осы майланған мәсіхшілердің жан-тәнімен еңбек етіп, Ехобаның адал қызметшілеріне рухани ас-су беріп жатқанын көрді. Олар 1879 жылдан бері Құдай Патшалығы туралы Киелі кітаптағы шындықты журналдарда жариялап жатты. Мұндай жайтты Исаның өзі алдын ала айтып кеткен еді. Пайғамбарлыққа сай, ол “ақыр заманда” үй ішіндегілерді тексеруге келгенде, құлдың “ас-суды уақтылы беріп” жатқанын көрмек еді. Сөйтіп, құлды бақытты деп жариялап, “бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ” болған (Мат. 24:3, 45—47). Шынында да, осы сөздер орындалып, Мәсіх қауымның Басы ретінде “адал да ақылды құлды” (ЖД) Патшалығының жердегі мүддесіне қызмет ететіндердің бәрін басқару үшін қолдануда. Ол Басқарушы кеңес арқылы майланған мәсіхшілерден тұратын “үй ішіндегілеріне” және “басқа қойларға” жетекшілік етуде (Жох. 10:16).

Жер бетіндегі егінді оруда

5. Елші Жохан аянда Патшаның қандай іс атқаратынын көрді?

5 Елші Жохан аянда Мәсіх Патшаның 1914 жылы таққа отырғанда басталған “Иеміздің күнінде” (ЖД) атқаратын бір ісін көреді. Ол мұны былай деп баяндады: “Содан соң қарасам, бір нұрлы бұлтты көрдім, оның басына алтын тәж киіп, қолына өткір қол орағын ұстап, адам баласына ұқсайтын Біреу отырды” (Аян 1:10; 14:14). Сондай-ақ Жохан Ехобаның бір періштесінің Орақшыға: “Қол орағыңды пайдаланып, егінді орып ала гөр. Жер бетіндегі егістік пісіп тұр”,— дегенін естиді (Аян 14:15, 16).

6. Иса қандай жайттың орын алуына жол берді?

6 “Егін ору” деген сөздер Исаның бидай мен бидайық туралы астарлы әңгімесін есімізге салады. Сол әңгімеде Иса өзін жақсы бидайдың өнімін алуды ниеттенген тұқым себушіге теңеген. Бидай — ‘Құдай Патшалығының адамдарын’, яғни Патшалықта Исамен бірге болатын майланған шынайы мәсіхшілерді бейнелейді. Алайда дұшпан — Шайтан — түн жамылып келіп, танапқа ‘Әзәзілдің адамдарын’ бейнелейтін бидайықтың тұқымын сеуіп кетеді. Сонда тұқым себуші жұмысшыларына бидайықты отамауды бұйырып, оның бидаймен бірге орақ кезіне дейін, яғни ‘ақыр заманға’ дейін, өсе беруіне жол береді. Уақыты келгенде ол періштелерін жіберіп бидайды бидайықтан бөліп алмақ еді (Мат. 13:24—30, 36—41).

7. Мәсіх ‘жер бетіндегі өнімді жинау’ ісін қалай жүргізуде?

7 Жоханға берілген аянның орындалуына сай, Иса дүниежүзі бойынша жүріп жатқан егін ору ісіне жетекшілік етіп келеді. Иса ‘жер бетіндегі өнімді жинау’ ісін 144 000-нан тұратын “Құдай Патшалығының адамдарының” қалдығын, яғни астарлы әңгімедегі ‘бидайды’, жинаудан бастады. Жалған мәсіхшілер мен шынайы мәсіхшілердің арасындағы айырмашылық Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін айқын көрінді. Бұл айырмашылық жердегі егін ору ісінің екінші бөлігі басталып, басқа қойлардың жиналуына септігін тигізді. Басқа қойлар “Құдай Патшалығының адамдарына” жатпағанымен, осы Патшалықтың азаматтары болып табылады. Олар ‘жер бетіндегі өнімді жинау’ кезінде әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан ‘өте үлкен тобырды’ құрайды. Сонымен қатар олар уәде етілген осы Патшалыққа — Мәсіх пен 144 000 “қасиеттілерден” (ЖД) құралған көктегі үкіметке — мойынсұнады (Аян 7:9, 10; Дан. 7:13, 14, 18).

Қауымдарға жетекшілік етуде

8, 9. а) Мәсіх бүкіл қауымның ғана емес, әрбір мәсіхшінің өмір салтына назар аударатынын қайдан білеміз? ә) 26-беттегі суреттен көрінетіндей, Шайтанның қандай терең құпияларынан аулақ болуымыз керек?

8 Алдыңғы мақаладан Мәсіхтің І ғасырдағы әрбір қауымның рухани күйін бақылап отырғанын білдік. Қазіргі кезде де “көк пен жердің барлық билігі берілген” Көсеміміз Мәсіх дүниежүзіндегі қауымдарға және оның бақылаушыларына жетекшілік етуде (Мат. 28:18; Қол. 1:18). Ехоба ‘оны барлығынан да жоғары қойып’, майланған мәсіхшілер ‘қауымының Басы етті’ (Ефес. 1:22). Сондықтан Ехоба куәгерлерінің 100 000-нан аса қауымында болып жатқандардың ешқайсысы да оның назарынан тыс қалмайды.

9 Иса ежелгі Тиятир қауымына хабар жіберіп: “Бұл — Құдайдың рухани ұлынан хабар. Оның көздері оттай жалындайды... Мен сенің не істегеніңді білемін”,— деді (Аян 2:18, 19). Ол сол қауымның мүшелеріне азғындығы мен жүгенсіз өмір салты үшін былай деп сөгіс айтты: ‘Мен әркімнің жүрегінің түкпір-түкпірін тексеріп, әрқайсыңның істеріңе қарай еселеріңді қайтарамын’ (Аян 2:23). Бұл сөздер Мәсіхтің әр қауымның топ ретіндегі іс-әрекетіне ғана емес, әрбір мүшесінің өмір сүру салтына назар аударатынын дәлелдейді. Иса Тиятир қауымындағы кейбір мәсіхшілерді ‘шайтанның терең құпияларын’ үйренбегендері үшін мақтаған (Аян 2:24). Қазіргі кезде де Иса бауырластарды, үлкен-кішісі болсын, Интернет, қатігез видео ойындары не адамның пайдасыз ой-қиялдары арқылы берілетін ‘шайтанның терең құпияларына’ үңілмегендері үшін мақтайды. Көп мәсіхші өмірлерінің әр саласында Исаның басшылығымен жүруге жан сала ұмтылып, түрлі құрбандықтарға барады. Олардың осындай ынтасын көргенде, Иса қатты қуанады!

10. Мәсіхке бағынышты қауым ақсақалдары қалай бейнеленген және олар қандай құрылымды мойындауы қажет?

10 Мәсіх жердегі қауымдарын тағайындаған ақсақалдар арқылы сүйіспеншілікпен бақылауда (Ефес. 4:8, 11, 12). I ғасырдағы бақылаушылардың бәрі киелі рухпен майланған еді. Аян кітабында олар Исаның оң қолындағы жұлдыздар ретінде бейнеленген (Аян 1:16, 20). Бүгінде қауым ақсақалдарының басым көпшілігі басқа қойларға жатады. Олар тағайындаларда дұға айтылып, киелі рух басшылыққа алынған, сондықтан оларға да Мәсіхтің оң қолындағы, немесе оған бағынышты, бақылаушылар деп қарауға болады (Ел. іс. 20:28). Бірақ олар майланған мәсіхшілерден құралған шағын топ — Басқарушы кеңес арқылы Мәсіх жердегі шәкірттеріне басшылық беретінін әрі жетекшілік ететінін мойындайды (Елшілердің істері 15:6, 28—30 оқы).

“Иеміз Иса, келе гөр!”

11. Неліктен біз Көсеміміздің жуырда келгенін қатты қалаймыз?

11 Елші Жоханға берілген аянда Иса бірнеше рет өзінің жуырда келетінін айтқан (Аян 2:16; 3:11; 22:7, 20). Мұнымен ол Ұлы Бабыл мен Шайтан дүниесінің қалған бөлігін соттау үшін келетініне нұсқағаны сөзсіз (Сал. 2-х. 1:7, 8). Алдын ала айтылған жайттардың орындалуын көргісі келген қарт Жохан: “Аумин! — Иеміз Иса, келе гөр!”— деп дауыстады. Зұлым дүниенің соңында өмір сүріп жатқан біз де Көсеміміз бен Патшамыз Исаның салтанатты билігімен Әкесінің есімі қастерленуі және бүкіл әлемдік билігі ақталуы үшін келгенін қалаймыз.

12. Жойқын желдер жіберілмес бұрын, Мәсіх қандай істі аяқтауы керек?

12 Иса Шайтанның көзге көрінетін ұйымын жою үшін келмес бұрын, рухани Исраилдың, 144 000 майланғанның, жердегі қалдығына түгелімен соңғы таңба қойылу керек. Киелі кітапта осы 144 000-ның бәріне таңба қойылмайынша, Шайтанның дүниесін жоятын төрт желдің жіберілмейтіні анық айтылған (Аян 7:1—4).

13. “Ауыр азаптың” алғашқы бөлігі кезінде Мәсіх өзінің патша ретінде билік басында екенін қалай ашық көрсетеді?

13 Мәсіхтің 1914 жылдан бері патша ретінде билік басында екенін жер тұрғындарының басым көпшілігі байқамаған (Пет. 2-х. 3:3, 4). Алайда жақында ол мұны Шайтан дүниесінің түрлі бөліктеріне Ехобаның сотын жүзеге асыру арқылы ашық көрсетпек. “Күнәнің адамы”, яғни мәсіхшілер әлемінің дінбасылары, жойылғанда, Мәсіхтің “осында болғаны ашық көрінеді” (Салоникалықтарға 2-хат 2:3, 8 ЖД). Бұл Мәсіхтің Ехоба тағайындаған Сот ретінде әрекет етуге кіріскенінің нақты дәлелі болмақ (Тімотеге 2-хаты 4:1 оқы). Ұлы Бабылдың бәрінен де айыпты бөлігінің талқандалуы дүниежүзілік жалған діндер империясының біржола жойылуына ұласады. Опасыз әйелді талан-тараж етуді Ехоба саяси басшылардың жүрегіне салады (Аян 17:15—18). Осылайша “ауыр азаптың” алғашқы бөлігі басталады (Мат. 24:21 сілт.).

14. а) Ауыр азаптың алғашқы бөлігі неліктен қысқартылады? ә) ‘Адам Ұлының қайтып келуінің ғажайып белгісі’ Ехобаның халқы үшін нені білдіреді?

14 Иса осы қиын-қыстау (немесе ауыр-азап) күндерінің “таңдап алған адамдарына”, майланған мәсіхшілердің жердегі қалдығына, бола қысқартылатынын айтқан (Мат. 24:22). Ехоба жалған дінге жасалған шабуылдың майланған мәсіхшілер мен олардың серігіне зиян тигізуіне жол бермейді. Сондай-ақ Иса сол күндердегі алапаттан кейін күн, ай мен жұлдыздарда белгі көрініп, содан соң ‘Адам Ұлының қайтып келуінің ғажайып белгісі аспаннан көрінетінін’ айтқан. Мұны көрген ұлттар “еңіреп жылайды”. Алайда көктегі өмірге үміті бар майланғандар мен олардың жерде өмір сүретін серіктері, керісінше, ‘бастарын көтеріп, жоғары қарайды’, себебі олардың ‘құтқарылулары жақын!’ (Мат. 24:29, 30 сілт.; Лұқа 21:25—28).

15. Мәсіх тағы қандай мақсатпен келеді?

15 ‘Жеңу үшін шықпас’ бұрын, Адам Ұлы тағы бір мақсатпен келеді. Ол былай деп пайғамбарлық еткен: “Құдай тағайындаған Адам Ұлы қасиетті періштелерін ертіп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде Өзінің салтанатты тағына отыратын болады. Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден ажыратқанындай, адамдарды екі топқа бөліп, “қойларды” оң жағына, “серкелерді” сол жағына қояды” (Мат. 25:31—33 сілт.). Бұл Мәсіхтің Сот ретінде “барлық халықтарды” екі топқа бөлу үшін келетіне нұсқайды: “қойлар” — оның рухани бауырластарына (жердегі майланған шынайы мәсіхшілерге) қолдау көрсеткендер, ал “серкелер” — ‘Иеміз Иса Мәсіхтің Ізгі хабарына құлақ аспай’ жүргендер (Сал. 2-х. 1:7, 8). “Әділ адамдарды” бейнелейтін қойлар жер бетінде ‘мәңгі өмірді иемденсе’, “серкелер” ‘мәңгілік азап шегуге кетеді’, яғни жойылады (Мат. 25:34, 40, 41, 45, 46).

Иса жеңу үшін шықты

16. Көсеміміз Мәсіх қалай жеңіске жетеді?

16 Патшалар мен діни қызметкерлерге түгел таңба салынғанда және қойлар анықталып, құтқарылу үшін оң жағына шыққанда, Мәсіх ‘жеңу үшін шығады’ (Аян 5:9, 10; 6:2 сілт.). Құдіретті періштелерден құралған әскердің басы ретінде Иса Шайтанның жердегі бүкіл саяси, әскери және коммерциялық жүйесін жоюға аттанады. Мәсіх әскерінің қатарында қайта тірілген бауырластарының болатыны сөзсіз (Аян 2:26, 27; 19:11—21). Мәсіх Шайтанның зұлым дүниесінің күл талқанын шығарып, толық жеңіске жетеді. Содан кейін Шайтанды жын-перілерімен қоса түпсіз тұңғиыққа тастайды (Аян 20:1—3).

17. Мәсіх мың жыл билігі кезінде басқа қойларды қайда жетелейді және біз не істеуге белді бекем бууымыз керек?

17 Ауыр азаптан аман қалатын басқа қойлардың “өте үлкен тобырына” меңзеп, елші Жохан мынандай пайғамбарлық айтқан: “Тақтың ортасындағы Тоқты олардың бағушысы болып, “өмір суының” бұлақтарына жетелейді” (Аян 7:9, 17). Шынында да, Мәсіх мың жыл билігі кезінде даусына шынымен құлақ асқан басқа қойларға басшылық береді және оларды мәңгі өмірге жетелейді (Жохан 10:16, 26—28 оқы). Ендеше, қазір де, Ехоба уәде еткен жаңа дүниеде де Көсеміміздің соңынан адал еріп жүре берейік!

Қайталау

• Таққа отырғаннан кейін Мәсіх қандай іс атқарды?

• Қауымдарға басшылық беру үшін Мәсіх көзге көрінетін қандай құрылымды қолдануда?

• Мәсіх Көсеміміз жуырда не үшін келеді?

• Мәсіх жаңа дүниеде бізді қайда жетелейді?

[29-беттегі сурет]

Шайтанның зұлым дүниесінің жойылуы Мәсіхтің 1914 жылдан бастап билік басында болғанын ашық көрсетеді

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу