Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
РЕСЕЙЛІК жалғыз басты анаға есірткі қабылдауын тоқтатып, балаларымен қарым-қатынасын жақсартуына не көмектесті? Жапонияның Киото қаласында үй-күйсіз жүрген ер кісі өз әлсіздіктерімен күресуге күшті қайдан алды? Бақташылықпен күн көріп жүрген австралиялық бір ер адам маскүнемдіктен қалай құтылды? Бұл жайлы сол адамдардың өздері не дейтінін көрейік.
“Жауапкершілігім бар екенін түсіндім”. НЕЛЛИ БАЙМАТОВА
ЖАСЫ: 45
ЕЛІ: РЕСЕЙ
БҰРЫН ЕСІРТКІГЕ ҚҰМАР БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен Солтүстік Оссетияның (қазір Алания) астанасы Владикавказда туып өстім. Отбасым бақуатты тұратын. Таршылық көрмей өмір сүрсем де, өзімді бақытты сезінбедім. Жасым отыз төртте болатын. Екі рет тұрмыс құрып, ажырасқанмын. Он жылдан бері есірткі қабылдағандықтан, екі рет клиникада емделуге тура келген. Екі баланың анасы болсам да, аналық мейірімнен жұрдай едім. Отбасыммен де, достарыммен де қарым-қатынасым жақсы емес-тін.
Анам Ехоба куәгері болды. Жиі оның мен үшін Ехоба Құдайға жылап тұрып дұға ететінін еститінмін. Сонда мен: “Анам бала сияқты әр нәрсеге сене салады! Ехоба маған қалай көмектеседі екен?”— деп ойлайтынмын. Есірткіні тастауға өз бетіммен тырысып та көрдім, бірақ одан түк шықпады. Бір күні қатты қиналдым, өйткені есірткі қабылдамағаныма екі күн болған. Содан үйден шығып кетуді шештім. Екінші қабатта отырғанымды ұмытып, терезеден секіріп кеттім. Сөйтіп, аяқ-қолым сынып, омыртқам зақымданды. Бір айдай төсек тартып жатып қалдым.
Өз-өзіме келгенше, анам маған бір сөз айтып жазғырмастан күтіп қарады. Өйткені ол менің жанымның да, сана-сезімімнің де жаралы екенін түсінетін. Бірде ол төсегімнің жанына бірнеше “Ояныңдар!”a журналын қалдырып кетті. Бірінен кейін бірін оқи бастадым, өте қызықты әрі танымдық журналдар екен. Нәтижесінде Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуді шештім.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Киелі кітап мені жауапкершілік сезінуге үйретті. Бұрын анамның мойнында отырсам, енді өзімді де, бала-шағамды да асырауға міндетті екенімді түсіндім. Көп уақыт бойы қалағанымды істеп өмір сүргендіктен, алғашында үнемі жұмысқа бару керек деген ойдың өзінен шошыдым.
Заңды қайталау 6:5—7-дегі ата-ана баласына Құдай туралы үйрету керек деген кеңестің маған зор көмегі тиді. Балаларыма қандай тәрбие беріп жатқаным үшін Құдай алдында жауапты екенімді ұқтым. Бұл мені олармен уақыт өткізіп, аналық мейірімімді танытуға талпындырды.
Өзі туралы шындықты білуге мүмкіндік бергеніне Ехобаға шын жүректен ризамын. Сондықтан оған өмірімді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттім де, Ехоба куәгері болдым.
МАҒАН ТИГЕН ПАЙДАСЫ: Қызба мінезімді жүгендеуді үйренгеннің арқасында анаммен қарым-қатынасым жақсарды. Сондай-ақ балаларым да маған жақындай түсті.
Құдайға ұнамайтын істерді жеккөруді үйренгендіктен, бұрынғы өмір салтымнан туындаған қиындықтардың көбісінен құтылдым. Қазір адамдарға Ехоба Құдай туралы шындықты білуге көмектесіп жүргендіктен, өзімді бақытты сезінемін.
“Өмірімді аман сақтап қалды деп ойлаймын”. МИНОРУ ТАКЕДА
ЖАСЫ: 54
ЕЛІ: ЖАПОНИЯ
КӨШЕДЕ ӨМІР СҮРДІ
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен Ямагути қаласында туып өстім. Әкем мен әжемнің тәрбиесінде болдым. Анамды ешқашан көрген емеспін. Он тоғыз жасымда әжем қайтыс болып, әкем екеуміз ғана қалдық. Аспазшы болып жұмыс істейтінмін, әкем де осы салада еңбек ететін. Жұмыс уақыттарымыз әртүрлі болғандықтан, күні бойы бір-бірімізді көрмейтінбіз. Күнделікті өмірім ұзақ уақыт жұмыс істеу мен достарыммен ішімдік ішумен ғана өтіп жатты.
Есейе келе мұндай өмірден жалықтым. Ақыр соңында бастығыммен ұрысып тындым, ішкілікке де салынып кеттім. Жиырмадан асқанда үйден кетіп, жер араладым. Ақшам таусылғанда, құмар ойын ойнап күн көріп жүрдім. Кейін бір қызбен танысып, оған үйлендім. Бірақ екі жарым жылдан соң-ақ ажырасып кеттік.
Сөйтіп жүргенде қатты күйзеліп, өз-өзімді билей алмай қалдым. Бұл аздай, қарызға белшемнен баттым. Сондықтан қарыз алған адамдардан қашып, туып өскен қаламда тұрып жатқан әкемнің үйін паналауға тура келді. Бірақ оған да өтірік сөйлегенімнің кесірінен қарым-қатынасымызды бұзып алдым. Тіпті үйден ақша ұрлауға дейін бардым. Сол ақшаны құмар ойындарға жұмсап күн көрдім. Ақырында қалтамда бір тиын қалмаған соң, біраз уақыт вокзалдарда түнеуге тура келді. Кейін Хакатаға жол тарттым, одан Химеге, соңында Киотоға бардым. Екі жылдай көшеде өмір сүрдім.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: 1999 жылы Киотодағы Камогава өзенінің жағасында орналасқан саябақта жүргенімде, қасыма екі әйел келді. Солардың бірі менен: “Киелі кітапты зерттегіңіз келе ме?”— деп сұрады. Ұсыныстарын қабыл алдым. Ехоба куәгерлерінің жергілікті қауымынан келген бір үлкен жастағы кісі менімен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізді, әрі ол маған ондағы принциптерді қолданудың маңыздылығын түсінуге көмектесті. Олар мені жұмыс пен тұратын жер табуға талпындырды. Көңілдерінен шыққым келіп, екі рет жұмыс берушілермен сұхбаттасуға бардым, бірақ алғашында шын ықылас танытқаным жоқ. Кейін дұға ете жүріп, жұмыс табуға бар ықыласыммен кірістім. Нәтижесінде жұмыс табылды.
Дұға маған ауыр сынаққа төтеп беруге де көмектесті. Қарыз берген кісілер ізіме түсіп, мені тауып алды да, қысым көрсетті. Содан, қатты күйзеліп жүрдім. Алайда күнделікті әдетім бойынша Киелі кітапты оқып отырғанда, Ишая 41:10 тармағына көңіл аудардым. Онда Құдайдың өзі адал қызметшілеріне: “Саған қуат беріп көмектесемін”,— деген уәдесі жазылған екен. Бұл уәде мені қатты жігерлендірді. Қолымнан келгенін істеуге барынша тырыстым, ақыр соңында қарызымнан түгел құтылдым. 2000 жылы Ехоба куәгері болу үшін шомылдыру рәсімінен өтуге қойылған талаптарға сай келдім.
МАҒАН ТИГЕН ПАЙДАСЫ: Киелі кітаптан білгендерім әкеммен қарым-қатынасымды түзетуге талпындырды. Ол өткен істерімді кешірді, әрі менің Киелі кітап нормаларымен өмір сүріп жатқаныма қатты қуанды. Киелі кітап принциптері өмірімді аман сақтап қалды деп есептеймін.
Қазір адал еңбек етіп, өз-өзімді қамтамасыз етіп жүрмін (Ефестіктерге 4:28; Салониқалықтарға 2-хат 3:12). Мәсіхшілер қауымынан шынайы достар да таптым (Марқа 10:29, 30). Тәлім беріп жатқаны үшін Ехобаға қатты ризамын.
“Қажетті өзгерістер жасау оңай болған жоқ”. ДЕЙВИД ХАДСОН
ЖАСЫ: 72
ЕЛІ: АВСТРАЛИЯ
ІШІМДІККЕ САЛЫНЫП КЕТКЕН БОЛАТЫН
ӨТКЕН ӨМІРІМ: Мен отбасымыздағы балалардың он біріншісі едім. Әкемнің есімі Вилли, анамдікі Люси. Отбасымыз Квинслендтің солтүстік жағында орналасқан аборигендердің Оурукан дейтін тұрағында өмір сүрді. Оурукан Арчер өзенінің теңізге жақын әрі табиғаты сұлу жерінде орналасқан еді. Ата-анамыз бізді күн көру үшін аң аулауға және балық ұстауға үйретті. Үкімет бізге, аборигендерге, ақша қолдануға тыйым салды және өздері белгілеп берген аумақта ғана тұруымызды талап етті.
Ата-анам бойыма жақсы қасиеттер сіңдіруге тырысты және балалардың бәрін тұрағымыздағы қарттарға құрметпен қарап, қолда барымызбен бөлісуге үйретті. Сондықтан басқа да үлкен кісілерге біз ата-ана, аға-ападай қарайтынбыз.
Жеті жасымда әкем қайтыс болып, біз аборигендердің Мапундағы тұрағына көштік. Ол Оуруканның солтүстігіне қарай 150 шақырым жерде орналасқан еді. Он екі жасымда жылқы мен ірі қара мал бағуды үйрендім. Содан қырықтан асқанға дейін түрлі фермаларда бақташы болып жұмыс істедім. Өмірім бейберекет өтіп жатты. Ішімдікті жиі әрі өте көп ішетіндіктен, басым жиі ауыратын болды және қиыншылықтан көз ашпадым.
Салына ішіп кеткен кезеңнің бірінде, қонақ үйден теңселе шыққаным сол еді, қатты келе жатқан көліктің астына түсіп кеттім. Сөйтіп, екі жыл бойы денсаулығымды түзетіп, ем-дом қабылдауға тура келді. Жұмысым болса жайына қалды.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Емделіп жүргенде бір таныс әйел маған “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын әкеп берді. Алайда сауатым аз болғандықтан оларды дұрыстап оқи алмадым. Бірде, күн аптап ыстық боп тұрғанда, сырттан қарт кісінің шақырған даусын естідім. Оны ішке шақырып, бір кесе салқын су ұсындым. Сексен үш жастағы қарт маған Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер беріп, келесі жолы оның мазмұнын түсіндіріп беру үшін қайта келгісі келетінін айтты. Ақыр соңында Киелі кітапты зерттеу сабағын үнемі өтетін болдым. Келе-келе Құдайға ұнамды болуым үшін өмір салтымды және мінезімді өзгертуім керек екенін түсіне бастадым.
Маған өзгерістер жасау оңай болған жоқ. Алайда анамның берген тәрбиесінің арқасында менімен Киелі кітапты зерттеген қарт кісіні қатты сыйладым және соның көмегімен білген рухани шындықтарды бағаладым. Бірақ өмірімді Ехобаға бағыштаудан тартыншақтап жүрдім. Өйткені Киелі кітапта жазылғанның бәрін біліп алуым керек деп есептейтінмін.
Мұндай көзқарасты жөндеуге жұмыстағы әріптесім көмектесті. Ол Ехоба куәгері еді. Әріптесім маған Қолостықтарға 1:9, 10-дағы “Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды тілеп келеміз” деген сөздерді оқып берді. Бұдан үнемі жаңа нәрселерді біліп отыруым керек екенін және білімнің аздығы алға қадам жасамауға себеп емес екенін ұқтым.
Ехоба куәгерлерімен араласа бастағаным маған қатты әсер етті. Әртүрлі ортадан шықса да, олардың Құдайға бірлікте ғибадат етіп жүргендерін көрдім. Араларындағы ынтымақтың болуы шынайы дінді тапқаныма көзімді жеткізді. Сондықтан 1985 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым.
МАҒАН ТИГЕН ПАЙДАСЫ: Оқу қабілетім жақсарды. Енді өзім де адамдарға Киелі кітап оқуды және зерттеуді үйретуге көп уақыт жұмсаймын. Оның үстіне, бастапқыда маған журнал берген әйел де Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеп, шомылдыру рәсімінен өтті. Қазір ол менің сүйікті жарым. Екеуміз абориген тұрағындағы адамдарға Ехоба Құдай туралы білім беріп жүргенімізге қуаныштымыз.
[Сілтеме]
a Ехоба куәгерлері басып шығарған.
[21-беттегі сөздер]
Әйелім екеуміз абориген тұрағындағы адамдарға Ехоба Құдай туралы білім алуға көмектесуден нағыз қуанышқа бөленудеміз