Оқырман сауалдары
Құдайды танып білуге барлық адамда бірдей мүмкіндік бар ма?
Иса пайғамбардан ең ұлы өсиет қандай деп сұрағанда, ол былай деп жауап берді: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Матай 22:37). Құдайды жақсы көре алу үшін, адамдар алдымен ол жайлы тура білім алуы керек (Жохан 17:3). Осы білімді алуға барлық адамда бірдей мүмкіндік бар ма?
Құдай жайлы білімнің негізгі көзі — Киелі кітап (Тімотеге 2-хат 3:16). Көп адам Киелі кітапқа оңай қол жеткізуге болатын елдерде өмір сүреді. Сондай-ақ Құдай туралы білім алу үшін оларға жиі Киелі кітапты зерттеу сабақтары ұсынылады (Матай 28:19). Кейбіреулердің ата-анасы мәсіхші болғандықтан, Құдай туралы күн сайын білім алуға мүмкіндіктері бар (Заңды қайталау 6:6, 7; Ефестіктерге 6:4).
Алайда басқа адамдар Киелі кітапты зерттеуге онша қолайлы емес жағдайда өмір сүруде. Мысалы, кейбіреулер отбасының шырқы кеткен, балаларына ата-аналық мейірім танытпайтын ортада өсуде (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Мұндай адамдарға Құдайды көктегі қамқор Әке деп қабылдау қиын болуы мүмкін. Көп адамның мектептен білім алып, сауат ашуға жағдайы жоқ, сондықтан Киелі кітапты оқи алмайды. Тағы басқаларының санасын жалған дін ілімдері соқыр қылып қойған немесе олар Киелі кітап ілімдерімен танысуға үзілді-кесілді қарсы отбасында, қоғамда немесе елдерде тұрады (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Сонда осындай жағдайларда өмір сүріп жатқан адамдарда Құдай жайлы білім алып, оған деген сүйіспеншілік дамытуға еш мүмкіндік жоқ па?
Бастарына түскен жағдайлардың кесірінен кейбір адамдарға Құдайды жақсы көру және оған мойынсұну оңай болмайтынын Иса білген (Матай 19:23, 24). Алайда ол адамға кейбір кедергіні жеңу тіпті мүмкін еместей боп көрінгенімен, “Құдайдың қолынан бәрі келетінін” шәкірттерінің есіне салды (Матай 19:25, 26).
Келесі жайтқа да көңіл бөлейікші: Ехоба Құдай өз Сөзі — Киелі кітаптың дүниежүзіне ең көп таралатын кітап болатынына сендірген. Киелі кітапта Құдай мен оның жерге қатысты ниеті жайлы ізгі хабардың “күллі әлемге” уағыздалатыны алдын ала айтылған (Матай 24:14). Бүгінде Ехоба куәгерлері осы ізгі хабарды 230-дан аса елде уағыздауда және шамамен 500 тілде Киелі кітапқа негізделген әдебиет шығаруда. Адам Киелі кітапқа қол жеткізе алмаған күннің өзінде, ол шынайы Құдайды жаратылыстарын бақылау арқылы танып біле алады (Римдіктерге 1:20).
Бұған қоса, Құдай Сөзінде былай делінген: “Жаратушы барлық пейілді сынайды, ойыңда не болса, соның бәрін біледі. Егер оны іздесең, Оны табасың” (Шежірелер 1-жазба 28:9). Демек, Ехоба барлық адамға бірдей мүмкіндік беруді уәде етпесе де, ақжүректі адамдардың бәрінде ол туралы білім алуға мүмкіндік болатынына сендіреді. Тіпті өзі жайлы шындықты білуге еш жағдайы болмай өліп кеткендерді жаңа дүниеде қайта тірілтіп, оларға да мүмкіндік беретінін уәде етті (Елшілердің істері 24:15).