Исадан тәлім аламыз
Бақытқа қалай қол жеткізуге болады?
Бақыттың кілті неде?
▪ Иса пайғамбардың атақты уағызында айтқан алғашқы сөздері бақыт туралы болған еді. Ол былай деді: “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты” (Матай 5:3 ЖД). Бұл сөздер нені білдіреді? Рухани мұқтаждықтарымызға не жатады?
Тіршілік ету үшін адамдарға да, жануарларға да ауа мен ас-су қажет. Алайда адам бақытты болу үшін өмірдің мәні неде екенін түсіну керек. Ал жануарларда мұндай қажеттілік жоқ. Бұл қажеттілігімізді Жаратушымыз ғана қанағаттандыра алады. Сондықтан да Иса: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді”,— деген (Матай 4:4). Рухани мұқтаждықтарын мойындайтын адамдар бақытты, өйткені олар “бақытты Құдай” Ехобаға етене жақындай түседі. Ал Ехоба Құдай өз тарапынан бақытты болу үшін қажет нәрсе — үміт сыйлайды (Тімотеге 1-хат 1:11 ЖД).
Қалайша Иса үміт береді?
▪ Иса пайғамбар: “Кішіпейілділер бақытты, олар жерді иемденетін болады!”— деді (Матай 5:5). Науқас адамдарды айықтыруы және өлгендерді қайта тірілтуі арқылы Иса адамзатқа үміт сыйлады. Сондай-ақ үміт беретін хабар айтты. Ол былай деді: “Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан 3:16). Құдайға мойынсұнатын адамдар жер бетінде мәңгі өмір сүре алады. Кішіпейіл адамдардың арасында өмір сүріп жатқаныңыз әрі ешқашан қартаймайтыныңыз жайлы ойлап көріңізші. Міне, сондықтан да Құдай Сөзінде: “Лайым үміттеніп қуаныңдар”,— деп жазылған (Римдіктерге 12:12). Сондай-ақ Иса қазірдің өзінде қалайша бақытты бола алатынымыз жайлы айтқан.
Бақытты өмірдің сыры жайында Иса пайғамбар не деді?
▪ Иса өзгелермен қарым-қатынасқа, некеге, қарапайым болуға және дүние-мүлікке қандай көзқарас таныту керек екеніне қатысты тиімді кеңестер берді (Матай 5:21—32; 6:1—5, 19—34). Исаның бұл кеңестеріне құлақ асқанымыз бақыттың кілтін табуға көмектеседі.
Жомарттық бақыт әкеледі (Елшілердің істері 20:35). Мәселен, Иса былай деген: “Той жасағанда дастарқаныңа жарлы-жақыбайларды, кемтар, ақсақ, соқырларды шақыр! Олар саған есесін қайтара алмайтындықтан бақытты боласың” (Лұқа 14:13, 14). Бақыт — қара бастың қамын ойлаудан емес, өзгелерді бақытты етуден келеді.
Зор бақыт әкелетін іс
▪ Өзгелерге игілік жасағаны адамды бақытты етері сөзсіз, алайда Құдай үшін атқарған іс одан да зор бақыт әкеледі. Мұндай бақыт баласын жақсы көретін ата-ананың бақытынан да асып түседі. Бұл жайтты мына жағдай растайды. Иса көпшіліктің алдында тәлім беріп жатқанда: “Бір әйел халықтың арасынан қатты дауыспен: — Сізді көтерген құрсақ, сізге нәр берген ана бақытты!— деді. Бірақ Иса оған: — Құдай сөзін естіп, оны орындаушылар одан бетер бақытты!”— деді (Лұқа 11:27, 28).
Құдайдың еркін орындағаны Иса пайғамбарды бақыт пен қанағат сезіміне бөледі. Құдайдың еркіне сай, адамдар мәңгілік өмір сүру үміті жайлы естулері керек. Иса пайғамбар осы үміт жайлы айтқаннан кейін, хабарына қызығушылық танытқан адамға: “Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау маған нәр болады”,— деді (Жохан 4:13, 14, 34). Киелі кітаптағы шындықты өзгелермен бөлісіп, Құдайға ұнайтынды істеу арқылы сіз де бақытқа кенеле аласыз.
Көбірек мәлімет алу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 1-тарауын қараңыз.
[16-беттегі сурет]
Шынайы бақыт өмірдің мәнін түсінуден келеді