Ілтипатпен сөйлеп, өзгелермен жақсы қарым-қатынас сақта
“Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын” (ҚОЛ. 4:6).
1, 2. Бауырластың ілтипатпен сөйлегені қандай жақсы нәтиже берді?
“ҮЙМЕ-ҮЙ уағыздап жүргенімде, бір ер кісі ашу шақыра бастады. Оның ашуланғаны сонша, еріндері көгеріп, қалшылдап кетті,— дейді бір ер бауырлас.— Мен сабыр сақтап, оның көңілін Киелі кітапқа аударғым келіп еді, ол одан бетер ашуына мінді. Бір кезде әйелі, бала-шағасы да маған дауыс көтере бастады. Сонда мен кетуім керек екенін түсіндім. Оларға ізгі ниетпен келгенімді және тыныштықпен кеткім келетінін айттым. Сондай-ақ Ғалаттықтарға 5:22, 23-тегі сүйіспеншілік, тыныштық, ұстамдылық деген қасиеттерге назарларын аудардым да, кетіп қалдым”.
2 “Кейінірек көшенің келесі бетіндегі үйлерді аралап жүргенімде, олардың есік алдында баспалдақта отырғандарын көрдім,— дейді бауырлас.— Бір кезде олар мені жандарына шақырды. Мен қазір не болар екен деп ойладым. Қастарына барғанымда отағасы ыдыстағы салқын судан ішуді ұсынды. Сонан соң ол өзінің дөрекілігі үшін кешірім сұрап, берік сенімім үшін мені мақтады. Сөйтіп біз жақсы қоштастық”.
3. Неліктен өзгелердің әрекетіне ашуланбағанымыз дұрыс?
3 Бүгінгі стреске толы дүниеде ашулы адамдарды кездестірмеу мүмкін емес. Біз ондай адамдарды қызметте де кезіктіруіміз мүмкін. Мұндай жағдайда ‘ілтипат, құрмет танытып сөйлегеніміз’ дұрыс (Пет. 1-х. 3:15). Жоғарыда айтылып кеткен бауырлас үй иесінің ашу шақырып, дөрекі сөйлегені үшін сөз қайтарғанда, ол кісі көзқарасын өзгертуі екіталай еді. Керісінше, ол одан бетер ашуланар ма еді? Бауырласымыздың ұстамдылық танытып, ілтипатпен сөйлегенінің арқасында ол кісі көзқарасын өзгертті.
Ілтипатпен сөйлеуге не көмектеседі?
4. Ілтипатпен сөйлегеніміз неліктен маңызды?
4 Қауымдағылармен, қауымнан тыс адамдармен, тіпті үй ішіндегілермен сөйлессек те, Пауылдың келесі кеңесін ұстанғанымыз маңызды. Ол былай деген: “Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын” (Қол. 4:6). Иә, өзгелермен жақсы қарым-қатынаста болып, тату-тәтті өмір сүру үшін ілтипатпен сөйлеу маңызды.
5. Ашық мінезді болу деген нені білдірмейді? Түсіндір.
5 Ашық мінезді болу дегеніміз не ойлап, не сезінетінімізді, әсіресе ренжіген кезде, бірден айтып салуды білдірмейді. Жазбалардан көретініміздей, ашуды тізгіндей алмау әлсіздіктің белгісі (Нақыл сөздер 25:28; 29:11 оқы). Бір жолы исраилдіктердің бүлік шығарғанының кесірінен замандастарының ішіндегі “мінезі момын адам болған” Мұса ашуға бой алдырып, Құдайды дәріптемеді. Ол өзінің қандай сезімде болғанын ашық айтқанымен, Ехоба оның ісін мақұлдамады. Исраилдіктерді 40 жыл бойы алып жүрген Мұса, оларды Уәде етілген жерге алып кіру мәртебесінен айырылып қалды (Ру. сан. 12:3; 20:10, 12; Заб. 105:32).
6. Байсалдылықпен сөйлеу деген нені білдіреді?
6 Жазбалар ұстамдылықпен, байсалдылықпен және парасаттылықпен сөйлегенді құптайды. “Сөзуар құтыла алмас күнәдан, ақылды өз аузына ие болған” (Нақ. с. 10:19; 17:27). Алайда байсалды болу дегеніміз үндемес болуды білдірмейді. Ол ілтипатпен сөйлеуді және тілді семсердей тілу үшін емес, жан жарасын сауықтыру үшін қолдануды білдіреді (Нақыл сөздер 12:18; 18:21 оқы).
Үндемейтін және сөйлейтін уақыт
7. Не нәрселерден аулақ болуымыз керек және неге?
7 Біз бірге жұмыс істейтін, уағыз қызметінде кездестіретін адамдармен ғана емес, бауырластармен және үй-ішіндегілермен сөйлескенде де ілтипатты да ұстамды болуымыз керек. Салдары жайлы ойланбастан, ашуға бой алдыратын болсақ, өзімізге және өзгелерге рухани, эмоционалдық әрі тәндік жағынан зиян келтіреміз (Нақ. с. 18:6, 7). Кемелсіздігімізден туындайтын жаман сезімдерімізді тізгіндеп отыруымыз қажет. Қаралау, ашу-ыза, бейпіл ауыздық, жек көрушілік жақсылыққа апармайды (Қол. 3:8; Жақ. 1:20). Мұның бәрі Ехобамен және адамдармен қарым-қатынасымызды бұзады. Иса былай деген: “Кімде-кім бауырласына кәрін төксе, соны Құдай соттайды. Бауырласына “Сенен еш пайда жоқ!” деп балағаттайтын әркім Жоғарғы кеңес алдында жауап бермек, ал “Құдайсыз ақымақ!” деп жамандайтындар тозақ отына түседі” (Мат. 5:22).
8. Қай кезде ойымызды ашық айтуымыз керек және қалай?
8 Алайда кей жағдайда біз үндемей қоя салуға болмайды деп шешуіміз мүмкін. Егер бір бауырласымыз жаныңа қатты тиетін сөз айтса, не бір нәрсе жасаса, жүрегіңде жеккөрушіліктің дамуына жол берме (Нақ. с. 19:11). Ал ашуыңа тисе, сезіміңді тізгінде де, мәселені шешуге қажетті қадамдар жаса. Пауыл: “Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар”,— деген (Ефестіктерге 4:26, 27, 31, 32 оқы). Бауырласыңмен ашық, бірақ ілтипатпен сөйлес әрі онымен қарым-қатынасыңды қайта қалыпқа келтіруге тырыс (Леуі. 19:17; Мат. 18:15).
9. Басқаларға тіліміз тиіп кетпеу үшін не істеуіміз керек?
9 Әрине, ыңғайлы уақытты таңдай білуіміз керек. “Үндемей құтылу уақыты мен ойыңдағыны ашып айту мезгілі” бар (Екк. 3:1, 7). Сондай-ақ “әділ жан жауабын ойлап береді, арамза жаман сөзін лақ еткізеді” (Нақ. с. 15:28). Бұл сөздерді ыңғайлы уақытты күтуге қатысты да қолдануға болады. Егер ашуымызды баспай тұрып сөйлесетін болсақ, бұл жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Бірақ араға тым көп уақыт салып барып сөйлескен де даналыққа жатпас еді.
Ілтипаттылық басқалармен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектеседі
10. Басқаларға шын жүректен жақсылық жасау қарым-қатынасты қалай жақсартады?
10 Жылы сөздер өзгелермен жақсы қарым-қатынасты дамытуға және оны сақтап қалуға көмектеседі. Шынында да, басқалармен қарым-қатынасымызды жақсартуға барынша күш салар болсақ, олармен ілтипаттылықпен сөйлесу біз үшін қиынға соқпайды. Басқаларға шын жүректен жақсылық жасау — қол ұшын берудің мүмкіндігін іздеу, сыйлық беру, қонақжайлылық көрсету — олармен емін-еркін араласуға жол ашады. Бұлай еткеннің арқасында адамның “басына жанып тұрған көмірді үйе бересің” де, оның тіпті жүрегі жұмсарып, жақсы қасиеттер танытуы мүмкін. Сөйтіп, мәселені оңай шешуге болады (Рим. 12:20, 21).
11. Жақып Есаудың жүрегін жібіту үшін не істеді және бұнысы қандай нәтиже берді?
11 Рубасы Жақып мұны жақсы түсінген. Бірде ағасы Есау оған қатты ашуланып, оны өлтірмек болады. Сонда Жақып қашып кетеді. Көп жылдан кейін Жақып еліне қайта оралады. Есау төрт жүз адаммен оның алдынан шыққанын білгенде, ол Ехобадан көмек сұрап дұға етеді. Сондай-ақ Есауға сый ретінде көп мал жібереді. Бұл сыйлық ағасының жүрегін жібітсе керек, ол Жақыпты көргенде, жүгіріп келіп, құшақтай алады (Жар. 27:41—44; 32:6, 11, 13—15; 33:4, 10).
Жағымды сөздер айтып өзгелерді жігерлендір
12. Біз неліктен бауырластарымыздың сенімдерін жетілдіретін сөздер айтуымыз керек?
12 Мәсіхшілер адамдарға емес Құдайға қызмет етеді. Сөйткенмен де өзгелердің ықыласына ие болуды қалау — табиғи нәрсе. Біздің жағымды сөздеріміз бауырластарымыздың еңселерін көтереді. Ал сынап-мінеу олардың көңілдерін түсіреді және кейбірінің тіпті Ехобаның ықыласынан айырылып қалғандай сезінуіне түрткі болуы мүмкін. Сондықтан өзгелердің жанын сергітетіндей әрекет етейік және “аузымыздан жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін” (Ефес. 4:29).
13. а) Кеңес бергенде, ә) хат жазғанда ақсақалдар нені есте ұстаулары керек?
13 Әсіресе ақсақалдар Құдай халқына мейірімді болулары керек (Сал. 1-х. 2:7, 8). Өзгелерге кеңес беру қажет болғанда, ақсақалдардың мақсаты — тіпті қарсылық білдіргендерді де, ілтипаттылықпен түзету (Тім. 2-х. 2:24, 25). Сондай-ақ өзге қауымның ақсақалдар кеңесіне немесе филиалға хат жазғанда да, ақсақалдардың ілтипатты болғандары жөн. Матай 7:12-дегі сөздерге сай, олар мейірімді де сыпайы болулары керек.
Отбасында ілтипатпен сөйлеу
14. Пауыл күйеулерге қандай кеңес берді және неге?
14 Біздің сөзіміз, бет-әлпетіміз және ым-ишаратымыз басқаларға қалай әсер ететінін ескере бермейтін шығармыз. Мысалы, кей ер адамдар сөздерінің әйелдеріне қаншалықты әсер ететінін түсіне бермеуі мүмкін. Бір әйел бауырлас былай дейді: “Күйеуім ашу шақырып, даусын көтергенде, бойымды үрей билейді”. Дауысты көтеріп сөйлеу ерлерден гөрі әйелдерге қатты әсер етеді және көп уақыт бойы естерінен кетпейді (Лұқа 2:19). Өзі сүйетін және құрметтегісі келетін адамның дауыс көтергені әйел адамға әсіресе қатты тиеді. Пауыл күйеулерге былай деп кеңес берген: “Күйеулер, әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!” (Қол. 3:19).
15. Күйеуі неліктен әйеліне жылы сөйлеуі керек екенін түсіндір.
15 Үйленгеніне көп жыл болған ер бауырлас неге күйеуі әйеліне ‘тәні нәзік’ екенін ескере отырып, жылы сөйлеуі керек екенін былай деп түсіндіреді: “Өте бағалы, нәзік құтыны тым қысып ұстамайсың ғой. Олай етер болсаң, ол сынып кетуі мүмкін. Тіпті қайтып қалпына келтірген соң да, оның жарылған жерлері бірден көзге түседі. Егер ер кісі әйеліне тым қатты сөйлейтін болса, оның жанын жаралап, бұл олардың қарым-қатынасына сызат түсіреді. Ал оны қайта қалпына келтіру үшін көп уақыт қажет болуы мүмкін” (Петірдің 1-хаты 3:7 оқы).
16. Әйел үйдің берекесін қалай келтіре алады?
16 Ер адамдарға да әйелінің және басқалардың сөздері әсер етеді. Олар оны жігерлендіруі, не ұнжырғасын түсіруі мүмкін. Күйеуі толықтай сенім артатын “ақылды әйел” оның сезімдерін ескереді, өйткені өзі де соны қалайды ғой (Нақ. с. 19:14; 31:11). Негізінде, отбасының бақытты болуында әйелдің рөлі маңызды. “Ақылды әйел үйін өркендетер, ақылсыз әйел үйін өз қолымен күйретер” (Нақ. с. 14:1).
17. а) Балалар ата-аналарына қалай сөйлеу керек? ә) Үлкендер балалармен қалай сөйлесуі керек және неге?
17 Ата-аналар мен балалар да бір-біріне жылы сөйлеуі керек (Мат. 15:4). Баламен ойланып сөйлесетін болсақ, оны ызаландырмаймыз (Қол. 3:21 сілт.; Ефес. 6:4). Тіпті жөнге салу қажет болған күнде де, ата-аналар мен ақсақалдар баланың қадірін түсірмеуі керек. Осылайша одан түк шықпайды деп ойламайтындарын көрсетеді. Сөйтіп бала өзін түкке тұрғысыз сезінбей, түзелуге және Құдаймен қарым-қатынасын сақтауға ықылас білдіреді. Өзіне берілген кеңестің бәрі баланың есінде қалмауы мүмкін, бірақ кеңестің қалай берілгені есінде қалары шүбәсіз.
Шын жүректен шыққан жағымды сөздер
18. Біз жағымсыз ойлар мен сезімді жүрегімізден қалай алып тастай аламыз?
18 Ашуды тізгіндеу дегеніміз жай сырт көзге байсалды көріну емес. Біздің мақсатымыз — тек асау сезімімізді құрсаулау ғана болмау керек. Ішіміз қайнап тұрып, сырттай байсалды көрінуге тырысу біз үшін үлкен ауыртпалық болады. Бұны автокөліктің жылдамдық үдеткіші мен тежегішін қатар басумен салыстыруға болады. Егер олай етер болсақ, көліктің қозғалтқышына зақым келіп, тіпті істен шығып қалуы ықтимал. Сондықтан ашуды іште сақтап, кейінірек ақтара салудан аулақ бол. Ехобаға дұға етіп, жүрегіңнен жағымсыз сезімдерді алып тастауға көмектесуін өтін. Оның рухының ой-санаңды жаңартып, жүрегіңді өз еркін орындай алатындай етіп өзгертуіне жол бер (Римдіктерге 12:2; Ефестіктерге 4:23, 24 оқы).
19. Ашуға бой алдырмау үшін қандай қадамдар жасауымыз керек?
19 Нақты қадамдар жаса. Егер қандай да бір жағымсыз жағдайға кезігіп, ашулана бастағаныңды сезсең, өзіңе келгенше ол жерден кетіп қалғаның дұрыс (Нақ. с. 17:14). Ал сөйлесіп тұрған кісі ашулана бастаса, ілтипаттылықпен сөйлеуге бар күшіңді сал. Есіңде болсын: “Жәбір сөз ашу туғызар, биязы жауап ашуды басар” (Нақ. с. 15:1). Қыршып алатын сөз, тіпті жұмсақ айтылса да, отқа май құйғанмен бірдей (Нақ. с. 26:21). Сол себепті өзіңді ұстай алмайтыныңды сезсең, ‘сөйлеуге шабан, әрі ашулануға баяу болуға’ тырыс. Ехобадан киелі рухы арқылы ілтипатпен сөйлеуге көмектесуін сұра (Жақ. 1:19).
Шын жүректен кешіру
20, 21. Өзгелерді кешіруге не көмектеседі және неге біз кешірімшіл болуымыз керек?
20 Өкінішке қарай, ешқайсымыз да тілімізге толықтай ие бола алмаймыз (Жақ. 3:2). Қанша тырысқандарымен отбасы мүшелері және қымбатты бауырластарымыз кейде жанымызға бататын сөздер айтып қалуы мүмкін. Ондай кезде бірден ренжіп қалмай, олардың неге олай айтқандары туралы ой жүгіртіп көр (Екклесиаст 7:8, 9 оқыa). Мүмкін олар қандай да бір стреске ұшырап, бір нәрседен қорқып жүрген болар, денсаулығы нашарлап немесе бірден көзге көрінбейтін проблемасы бар шығар.
21 Әрине, мұндай жайттар біреудің ашуға бой алдырғанын ақтамайды. Десе де адамдардың сөздері мен әрекеттерінің артында не тұрғанын түсінуге көмектеседі және оларды кешіруге талпындырады. Бәріміз де өзгелерді сөзімізбен не ісімізбен ренжітіп қоямыз және олар бізді кешіреді деп үміттенеміз (Екк. 7:21, 22). Иса айтқандай, Құдай бізді кешірсін десек, біз де өзгелерді кешіруге тиіспіз (Мат. 6:14, 15; 18:21, 22, 35). Олай болса, кешірім сұрауға және кешіре білуге асық болып, отбасында және қауымда “бірліктің кемелді дәнекері” болып табылатын сүйіспеншілікті сақтауымыз керек (Қол. 3:14 ЖД).
22. Өзгелермен жылы сөйлескеніміздің қандай пайдасы бар?
22 Осы зұлым дүниенің ақыры жақындаған сайын, қуаныш пен бірлікті сақтау оңайға түспейді. Алайда Құдай Сөзіндегі тиімді принциптерді ұстанғанымыз тілімізді жамандыққа емес жақсылыққа қолдануға көмектеседі. Сонда бауырластармен және үй ішіндегілермен тату-тәтті өмір сүреміз, ал үлгілі жүріс-тұрысымызбен “бақытты Құдайымыз” Ехоба туралы жақсы куәлік береміз (Тім. 1-х. 1:11 ЖД).
[Сілтеме]
a Екклесиаст 7:8, 9: “Істің бастамасына қарағанда аяқталғаны дұрыс; менменшілге қарағанда төзімді [адам] жақсы келеді. Асығыстық жасап, бойыңды ашу-ызаға алдырма, өйткені ызақорлықтың ұясы есуастардың жүрегінде орналасқан”.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неліктен келіспеушілік жайлы әңгімелесуге қолайлы уақыт таңдау маңызды?
• Неге отбасы мүшелері бір-біріне әрқашан ілтипатпен сөйлеуі керек?
• Ауыр сөздер айтудан қалай аулақ бола аламыз?
• Кешірімшіл болуға бізге не көмектеседі?
[21-беттегі суреттер]
Ашуыңды бас, содан соң сөйлесуге қолайлы уақыт ізде
[23-беттегі сурет]
Ер адам әйеліне әрқашан жылы сөйлеуі керек